ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ӨЛЕҢДЕРІ

ҚАНАТ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Бір балапан құлады
ұясынан домалап.
Ата-анасы жылады
шырыл қағып. Обал-ақ!
Бір қанаты сыныпты,
дәрі жақтым, орадым.
Күш жинады, шынықты
жалғыз қанат қонағым.
Ауырсынып қанатын,
жүгіреді сенделе.
Бар екен-ау қағатын
екі қанат менде де.
Оң қанатым — әкем де,
сол қанатым— анашым.
Бірі түссе қатерге,
мәңгі ұша алмай қаласың.
Қос қанатың болғанда
табар өмір жарасым.
Біреуінсіз ор-жарда
бір мүгедек боласың.
Қарап тұрып шекені
шымшылады сан күдік.
Қанатымның екеуі
сау болса екен мәңгілік!
1988


ПЕРЗЕНТ СӨЗІ
Әкем — менің тәңірім, пайғамбарым,
ұмтылатын биігім, сайран бағым.
Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,
біліп алған, япыр-ау, қайдан бәрін?!
Күшті де жоқ дәл ондай жер бетінде,
сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!
Батыр, дана сол ғана. Асығамын
әкеме ұқсап тезірек ержетуге.
Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,
көріскенде қуаныш шашты денем.
Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,
анашымды әкемше жақсы көрем.
Ол тұрғанда сезінбей қатер демін,
хандардың да қалпағын әпермедім.
Әділ шешім айтатын барлық істе
біздің үйде бас қазы — әкем менің.
Әкем барда, арқам кең, жоқ алаңым,
бәрі орнында: шаруаң, қора, малың.
Төрт жағымыз құбыла. Мен өскенде
қиындау-ау әкемдей бола аларым.
1992


БАЛАНЫҢ ОЙЫ
Әкем біреу, анам да біреу менің.
Мен жығылсам, сүйенер тіреулерім.
Олар барда — мереке.
Көрген емен
қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның!» — деп сөгеді.
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса да аға,
әке — жалғыз, табылмас ақшаға да.
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп
жақсы әкесін бере ме басқа бала?
Әке — білек, саусағы — балалары,
қан тамырмен жалғасқан аралары.
Ана — тамыр бойымен бәріне де
тіршіліктің жылуы таралады.
1991


КИТ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
Ерте, ерте заманда,
жаннат Жер мен Көк күмбез
адамдардан аманда,
жонын тосып самалға,
Айлы, нұрлы ғаламда
жануарлар күн кешкен.
Бәрі өзара тілдескен.
Сол, сол заман, ту заман,
тыныштықта ну ғалам,
балығы тайдай тулаған,
бақасы қойдай шулаған
теңіз бопты бір керім.
Суы мөлдір, күнбе-күн
Аспан келіп шомылып,
кетеді екен жолығып.
Періште қыз Айдана
төсегіне жайлана
жатарында жуынып,
қарайды екен үңіліп
сол теңізге — айнаға.
Ал теңіздің киесі,
тазалықтың иесі –
Кит болыпты деседі.
Бізге жеткен бұл аңыз
шежірелерден кешегі.
Теңіздегі балықтар:
шортан, шоқыр, карп бар –
дауыс бермей, сайламай,
не зорлықпен байламай,
Китті адал қылықты
басшымыз деп ұғыпты.
Оған келіп сырласып,
ақылдасып, мұңдасып,
әлдісі мен әлсізі,
нәрлісі мен нәрсізі
күн кешіпті бір ғажап.
Көп тойынса, бұл да — азап.
Күндердің бір күнінде
балықтағы бас кесер,
тұмсығымен тас тесер
шортан шықты саңқылдап.
Асыр салған жарқылдап
шабақтарды алқымдап
шайнамастан бір жұтар,
сазанды да қылғытар
алабұға сампылдап:
«Жайым жоқ,— деді,— бағынар».
Итбалығы тағы бар
(балық та емес, ит те емес,
әйтеуір бір жануар).
Шортан шықты ортаға:
«Мынау Китің — әй, нашар,
балық емес — майбасар,
өзі және жайбасар.
Ол тұрғанда қорқа ма
ашатұра, майбалық,
көксерке мен қойбалық,
қортпа деген сүмелек
жатыр майдан жүрелеп!
Жейін десең біреуін,
Кит дегенің түнеред:
«Бассыздық па, бұ не?»— деп.
Балық емес Кит деген,
тек өз басын күйттеген.
Шалшық суда биттеген
итбалық та — мықты ожар:
«Балық — мына біз,— дейді,-
және, Шортан, Сіз,— дейді.-
Басқасы ма — тіпті олар
балыққа ұқсап жүзбейді!»
Итті ортада ырылдап,
суға келсе, балықпын деп жымыңдап
күн көретін итбалықтар түйілді,
бір арнаға жиылды,
шортандар да құйылды,
табан біткен тыриып,
су жыландар қыдиып,
бақа, шаян, құрбақасы жиылып,
жамырасты, Кит қалып.
Сөз бастады Итбалық:
«Ал бастайық — жұрт келді!
Бұл теңізде Кит дәуірі бітті енді!»
(Теңіз беті — тым-тырыс,
алаулайды Күншығыс).
«Сонда бізге басшы кім?!»
Майшабақтар шулады.
Итбалықтың қаны кенет тулады,
тулады да сыбыр етті Шортанға:
«Жасағыңды, бол, қамда –
қайсысы анау — бас дымын!
Ал, ағайын!
Басшы қойсақ балықтан,
шықпайсыңдар тамұқтан!
Шортанға да, шабаққа да тартпайтын
Қабан болады басшымыз».
…Қабан деген дәу тұмсық,
келді дағы жарқынсып,
шабақтарды түйрепті.
Екі шортан, бір жайын
әуелі оған малту жағын үйретті.
Байқайын деп бұлардың да аужайын,
жағасуда қорбалаңдап билепті
(көп ұзамай балықтардан күй кетті).
Қабан мен Ит –
әкесі бір, шешелері басқа еді;
итбалықтың майлы болды ас-жемі,
жарының да жұмырланды аш белі.
Балықтардан ес шығып,
бәрі күнде кешкілік
Қабанның көңілін аулады,
дімкестері біржолата аунады,
ауру болды саулары.
Қабан енді балықтарды шақырып,
сөйлейтін болды ақырып.
Зулай берді күн тағы,
Қабанның да күн сайын
көбейе берді бұлтағы.
Итбалыққа ақыл берді бұл тағы:
«Балық деген қылқаны көп ас екен,
мекені тек суда дейсің –
шеттерінен нас екен?!
Жақындатпа жағама,
қырылса да қарама!
Сүйтсең, олар
өздері-ақ
бірін бірі құртады,
қалмайды әлі-ақ
ұрпағы!»
Сөйтіп, суда
сазаны бар, шабақ бар,
қортпа, қызылқанат бар-
шын балықтың барлығы
үйір-үйір қаңғыды.
Есесіне
балық емес, ит емес,
не ақылды Кит емес,
итбалықтар құтырды,
таяп екі мықынды,
жас-кәрісі жұтынды.
Ал Қабаның шалшық судан аспады,
толқын келсе, қашқалы
жақын тұрды нар қамысты сағаға.
Қаңғып жүрген далада
Қабан біткен қоныс теуіп жағада,
дәурен құрды шуласып,
теңіз суын уласып.
Содан теңіз тартылыпты су қашып,
Шортанын да, Шоқырын да мұң басып,
баяғыша өзді-өзі
тістесуге әл бітіп,
су орнына шаң жұтып,
желбезегі желбіреп,
енді ажалым келді деп,
балық біткен жан бергелі жатса да,
мәмлеге келмепті.
Сөйтіп, бәрін жер жепті.
Содан бері талай тауың төбе боп,
талай мұхит шөлдепті.
Теңіз кепті, сең кетті.
Сол кездегі кішкене қыз Айдана
бұл күндері ержетті.
Есейсе де Айдана
әлі күнге іздейді екен айнасын,
көк аспанды айнала.
Ал қабан мен итбалықтар ұрпағы
жүр деседі жұрт әлі,
езулері майлана.
Сол теңіздің орнында –
«Қабанкөл» деп аталатын сай ғана.
1986


КІР-ҚОЖАЛАҚ БАЛАНЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ
(К.Чуковскийден)
Көрпем кетті шығынып,
қарамайды бұрылып,
тұрып қалдым жасқана.
«Қума мені бекер» деп,
құрбақаша секеңдеп,
жастығым да қашады,
бұл не деген масқара?!
Ұмтылып ем май шамға,
көрсеңдер ғой, әй, сонда:
ол да пешке сүңгіді.
Дос қой деп ем бұрынғы—
кітабым да тығылды
төсегімнің астына.
Түсіндірер кім мұны?!
Шөлдеп кетіп, тегі, мен
самаурынға келіп ем,
ұстатпауға бекініп,
ол да кетті секіріп.
Бұл не сонда? Мәні не?
Не боп қалды бәріне?!
Маған, маған обал-ақ,
дөңгелектей домалап,
бәрі менен қашқаны,
от басқандай сасқаны.
Етігім де, шалбар да –
бәрі кетіп қалған ба?!
Қарным ашып барады,
қайда әлгі тамағы?
Нан да маған қарамай,
қашып жатыр жағалай.
Болды мынау маған мұң.
Жан-жағыма қарандым,
бөлмесінен мамамның
қисық аяқ қолжуғыш
шыға келді шойнаңдап,
басын шайқап ойланды-ақ.
Айтты сосын ол маған:
«Кір сасыған оңбаған,
жуынбайтын шошқадай
тұрсың, міне, оқсамай.
Үсті-басың қара май,
бетің сия жағалай.
Мұнша неткен кір едің,
айнып кетті жүрегім.
Қарашы анау қолыңа,
қол дейсің бе соны да?
Төгілгенде таң нұры
жуынады барлығы:
мысықтар да, тышқан да,
өрмекші де, құстар да.
Қоңыздар да біледі,
тап-таза боп жүреді.
Жалғыз сенің кескінің
кір-қожалақ, жексұрын!
Көріп сасық желкеңді,
киімдерің жиіркенді.
Жуынуды білмейсің,
тап-таза боп жүрмейсің.
Қолжуғыштар елінің
бастығымын мына мен.
Меніменен достассаң,
аппақ болып шығар ең.
Дауыстасам болғаны,
солдаттарым жетеді,
қолжуғыштар қорғаны
қаптап сені кетеді.
Сыңғырлайды, шулайды,
бір орында тұрмайды.
Анау кір-кір басыңды,
жабағыдай шашыңды –
бәрін суға малады,
бәрін суға малады,
ақ көбікке салады!»
Сол-ақ екен қарғыды
жөкелердің барлығы,
әйда, мені ысқыла,
әндетеді ысқыра:
«Кір баланы мына біз
аппақ етіп жуамыз!
Қазір, қазір бұл әлі
тап-таза боп шығады!»
Сабын да кеп қасыма,
жармасты ғой басыма!
Төгіп жатыр көбікті
су көрмеген шашыма.
Арқамды ысқан шөткінің
көрдіңдер ме өткірін!
Бұлқынсам да қарамай,
мені тіпті аямай,
арқамды осып барады-ай!
Тістегенде денемді,
шыдамадым мен енді:
қашып шықтым далаға.
Ол да бірақ қала ма –
қуып берді соңымнан,
ұстап алды қолымнан.
Баққа бардым жүгіріп,
о да келеді ілініп.
Бұ не қылған керемет,
қалмай қойды, не керек!
Алдымыздан қос қызын
жетелеген паңданып
қолтырауын дос біздің
шыға келді таңданып.
Қара мына сұмдықты –
қолтырауын тым мықты:
мені қуған жөкені
қарғадайын қылғытты.
Сосын маған ақырды,
бар ашуын шақырды:
«Жоғал тез!— деп жекірді,-
айғыз-айғыз бетіңді
енді көрсем, қылғытып,
қоям сені бір жұтып!»
Үйге қарай зыттым кеп,
енді мен де біттім деп,
қолжуғышқа тығылдым,
айғыздарын мұрынның,
сияларын бетімнің
сабынменен кетірдім.
Аямадым сабынды,
барлық кірім арылды.
Жүр ем сатпақ-сатпақ боп,
шыға келдім аппақ боп.
Сезбей қалдым — шалбарым
жаныма кеп қалғанын.
Самса жетті сосын кеп:
«Жеші мені, досым»,— деп.
Көріп аппақ түрімді,
нан аузыма тығылды.
Кітабым да күлімдеп,
дәптерлер де біріндеп
келіп жатыр жүгіре,
қарап аппақ түріме.
Кітаптарым қуанып,
билеп те жүр бұралып.
Осы кезде жаныма
жетіп келді тағы да
қолжуғыштай батырың,
күліп қояды ақырын,
сүйсінгеннен шаттанып,
сүйді мені бас салып:
«Кір-кір болып жүр едің,
аппақ болдың, балақай!
Енді екеуміз — білемін –
дос боламыз, алақай!»
Хош иісті сабынның
көбігіне малындым.
Тісімді де тазартып,
барлық кірден арылдым.
Тап-таза боп жүргенің
қандай әсем, жақсы-ақ,ә?!
Жуынбасаң күнбе-күн,
ұят, ұят, масқара!
Рақат қой шомылған
айдындарда балықтай.
Моншада да, үйде де
жуынамын жалықпай.
Шомыламын күнде мен,
тамаша екен бұл деген!
Балақайлар, бәрің де
дос болыңдар суменен!
1982


ФУТБОЛ
(Тәжік ақыны Г.Сафиевадан)
Айқай-шу біздің көшеде,
шапқылап жүрген балалар.
Доп қумай бала өсе ме,
қара тер бәрі, қарап ал.
Ұрсады бірі: «Шегінбе!»
«Тепсеңші, ей, енді бұлданбай!»
Бахром қорған шебінде
біреуді іздеп тұрғандай.
Алаңдап тұр ғой, қарашы,
қақпашы біздің Камал ма?
Ә, білдім… жоқ қой, шамасы,
капитан Әзім алаңда.
Тағы да ұйқтап қалдың ба,
қайдасың,Әзім? Сұмдық та!
Жеңілсе елдің алдында,
көрінер қайтіп бұл жұртқа?!
Жинады Камал достарын:
«Алаңды тастап аттама!
Жеңіске үлес қосқаның –
доп салсаң қарсы қақпаға.
Бафо тым қатты соғады,
Бахром, сақ бол — алда сын.
Алдап та кетеді ол әлі,
қорғаусыз алаң қалмасын.
Бұл жолы тағы жеңілсек,
Майра апай бізге күледі.
Болар деп жалқау, еріншек,
мазақтап ылғи жүреді.
Кетіңдер дейді далаға,
ауладан орын бермейді.
Қаламыз сүйтіп табаға,
балалар бізге ермейді.


Алардай мұннан керегін
үлкен де келген, кіші де.
Сиқыр ғой футбол дегенің
бермейді маза кісіге.
Майра апай өзі бастаған
жанкүйер қанша көп еді!
Ұйқысын әлі ашпаған
Әзім де шауып келеді.
Ойын да кетті басталып,
қадалда көздер қырағы.
Бірінен бірі жасқанып,
қорғануменен жүр әлі.
Ауланың кәрі, жасы да
тып-тыныш отыр кереңдей.
Күтеді голды асыға,
содан бір пайда келердей.
Біреулер ыза кернеген
«Соқсаңшы-ей!» дейді кіжініп,
ойнамай біреу терлеген,
өзінен өзі қызынып.
Келеді бір қарт адам да
бойымен ілбіп көшенің.
Жақындап қалды алаңға,
жетелеп жаман есегін.
Арқаға таңып қоржынын,
қолына таяқ алыпты.
«Не болды,— деді ол,— бүгін?»
Бұрылды, көріп халықты.
Кекшиіп есек жүрмеді,
жармасып шөптен бас алмай
(тамақ қой оның білгені,
дүлдүлдік қайда асаудай).
Қария кейіп кетті де,
салып кеп қалды басына.
Шыдамай мынау тепкіге,
ақырды есек ашына.
Балалар бәрі сесті үнге
аңырып қалды соншама:
Елейтін емес ешкім де,
ауызға шыбын қонса да.
Камал да біздің таңданып,
қақпасы қалды бір жақта.
Қарсылас тұрды қамданып,
оқсатып бір гол ұрмаққа.
Сөйткенше болмай, қақпаға
соғылды бір гол. Зу етті.
Бұл не боп кетті, масқара!
Жаралап кетті-ау жүректі!
Ұйқыдан жаңа тұрғандай,
Камал да допқа жармасты.
Қақпашы қылмыс қылғандай,
үнсіздік шумен алмасты.
Әдемі болды-ау мына доп,
Пеленің өзі тепкендей.
Қақпашыда да кінә көп,
өзі тұр қайғы шеккендей.
Шыдай алмады бұл жолы,
Майра апай тұрды орнынан:
— Есептелмейді бұл голы!-
деп еді,
шуға толды маң.
Бафоның келіп достары,
айқайлап шатақ іздеді.
— Керілдеспеңдер босқа әрі,
жеңіске жеткен біз!— деді.
Туларын алып қураған,
қарсылас кетті мақтанып.
Әзімдер тұрды ызадан
жарылуға тек шақ қалып.
Қарт цыган тұрды. Тағы да
айқайлады есек қаттырақ,
Маша апай келіп жанына,
сыбады шалды жақсылап:
«Ауырып өлгір шешектен,
тыным жоқ екен саған да!
Жер құшып қалғыр есекпен
келесің неге алаңға?
Есегің мына бүлдірді,
жоқ енді саған кешірім.
Жеңіліс біздің бұл күнгі –
есектің, сенің кесірің!»
Жарқырап аппақ тістері,
Цыган шал тұрды мұңайып.
Бұл есек қылмыс істеді,
тартуға тиіс шын айып.
— Ендеше, мұны, ағайын,
жояйын барып қазір-ақ.
Тек мен де ойын қарайын
сендермен бірге азырақ.
Футболды керім ұнатам,
жатырқап, мені қумаңдар.
Араңда жүрген бір атаң
болайын мен де, туғандар!
Аяныш тұнып жанарға,
Маша апай оған қарады:
— Келіп тұр,— деді,— алаңға,
қызықты ойын бар әлі.
Есекке енді алданба,
Қызықты ойын әлі бар.
Адал дос бола алғанға
ортадан орын табылар.
Қоймаса есек айқайды,-
деді апай,— көзін жойсаңшы.
Ұқпаған кезде айқайды
құлағын тартып қойсаңшы.
Құлағын қағып қалбақай,
ұққан жоқ сөзді жануар.
— Атың кім, ағай? — деді апай.
— Есімім менің — Данияр.
Ертең де осы алаңда
боларын ойын білді ол да.
Данияр ағай қарауға
келетін болды футболға.
Кешіріп есек айқайын,
достасты бәрі жарасып.
Доп құмар әлгі бар қауым
үйді-үйге кетті тарасып.
Келесі күні қалада
гулесіп халық жүр бәрі:
команда құрған балалар,
футболды аула туралы.
Талайлар оған бармақшы,
ойнайды дейді тағы да.
Анау бір үйдің ауласы
нан дүкенінің жанында.
Жарнама ілген, қараңдар,
болады футбол алаңда.
Біреуі оның балалар-
«Жас тұлпар» атты команда.
Тәртіптің мұнда бәрі бар,
ойынды бұзған кетеді.
Майра апай және Данияр
төреші болмақ екеуі.
Күнәсін жуды кешегі,
есек те асты пайдаға.
Данияр мініп есегін,
хабарлап жүрді айнала:
— Келіңдер футбол қарауға,
шақырып жүрміз бәріңді.
Шығады ертең алаңға
мықтылар біздің кәдімгі.
Ұшады Камал қақпадан
доп келіп қалған кезінде.
Дәл бұлай тіпті қақпаған
Лев Яшиннің өзі де.
Алаңда Әли шапқанда,
өзі де допша домалар.
Жеңіліп қалған шақтарда
мұңайып жүрген жоқ олар.
Доп тисе оған болғаны,
кетеді бәрін сұлатып.
Бахром соққан голдары
пілді де кетер құлатып.
Душанбе жақты бетке алып,
ойынға мынау есті алған
жиналып жатты көп халық
Варзоб пен Рамит, Гиссардан.
1982


СТОЛ АСТЫНДАҒЫ ҒАЖАЙЫПТАР
(Мирослав Валектен, Словакия)
Жақсы көрсе кітапты,
сатып алып беріңдер!
Ол кітапта әкем бар, мамам да бар, сеніңдер.
Бета апай мен Катька да (мен ғой — ұғып ал мұны!),
Дунчо деген итіміз — сол кітапта барлығы.
Бета апай мектепке күнде барып жүреді,
ол ендеше не түрлі әріптерді біледі.
Көктемде де жазады,
жаз бойына жазады, жазудан бір тынбайды,
шаршамайды ғажабы.
Әр әріпке мен үшін сурет те ол салады:
А — дегенің баспалдақ біз бәріміз білетін,
К — дегенің көкқұтан шабындықта жүретін,
С — сиыр ғой, біздерге сүт берсе екен шамалы-ақ,
Дунчо оған әлден-ақ үріп жатыр абалап.
Дунчо үргіш болғанмен, күзете алмас сиырды,
саулығы үшін біреудің жауап беру қиын-ды.
Дунчо екеуміз ойнаймыз, дәмді ас берсе иеміз,
екеуміз де шалжиып ұйқтағанды сүйеміз.
Бірлік санын жазамын,
қаламымды қолға алам.
«С» әрпін де саламын —
жетіп жатыр сол маған.
Мен дегенің кім десең,
Катька деген бір қызбын.
Ал Дунчоны білмесең,
төбетіміз бұл біздің.
Шатырашты көйлегі
мынау мамам, нұрлы ма?!
Маған күле сөйледі,
киіндіріп тұрды да:
— Жаңғақ шаққыш
жоғалды —
сарайды сен аштың ба?
— Жаңғақ шаққыш…
Ол әлгі
жатыр стол астында.
Терезесіз, төбесіз
диірмен деген сол ма еді?!
Тек есігін көресіз,
ұнтақтайды ол нені?
Жерді жапса қыс-торғын,
сонда ойнаймыз жиі біз —
Бөлмедегі столдың
астында ол үйіміз.
Құлағынан бұраңыз —
диірменіңіз зырлайды.
Біз таңданып тұрамыз,
білмейтінбіз бұл жәйді:
сосын…ғажап!
Кісілер
қойғандай-ақ қоралап,
шыға келді ішінен
алтын жаңғақ домалап!
Төрт доңғалақ — аяғы
бар екен-ау! Көріңіз:
алтын күйме баяғы,
Шын айтамын, сеніңіз!
Кете берді (Түс мүлде!)
құйттай аттар жегіліп.
Тоқта, жаңғақ!
Үстіңде
отырған кім керіліп?
Ханым болар бір керім.
Қайда барар? Үйге ме?
Патша ма әлде? Білмедім.
Кім бар алтын күймеде?
Бізге тоқтай тұр, шегін,
алтын жаңғақ, дамылда!
Үстіңдегі кім сенің —
патша менен ханым ба?
Дунчо қарап тұр маған,
Айтшы, жаңғақ, нең кетер?
Саған мініп зырлаған
әлде, әлде…мен бе екем…
Сездіргендей пиғылын
Дунчо маған бас иді,
бұлғаңдатып құйрығын,
сосын жағын қасиды.
Ал мен! Зулап барамын!
Алтын күйме самғатты.
Құз бен ағаш, қамалың
тоқтата алмас жаңғақты!
Зулап алға самғаңдар,
күйме жеккен аттарым!
Күтсін мейлі алдан жар –
тек тұяқты сақтағын!
— Катька! Катька! Жетер, тр-р…
Тұрдым тоқтап, бұл кім деп.
Күлімсіреп әкем тұр:
— Түскі асқа жүргін! — деп.
Қайда кетті жол әлгі,
алтын жаңғақ, аттарым?
Жоқ боп кетті,
жоғалды…
Іздеп-іздеп таппадым.
— Қайдағы жоқ ойынды қайдан тауып қаладың? Көзіңді сүрт, қой енді, тамағыңды іш, қарағым!
Балақайым әп-әсем,
ыстық сорпа, сүт, міне!
— Қоя тұршы, папа, сен, түсінбейсің түкті де!..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *