ӘЖЕНІҢ ЖЫРЫ
Шанаға жектім шал жорға,
жарқылдайды тағасы.
Жарқылдаған жағасы
мынау кімнің баласы?!
Асқаржанның баласы,
айдай жігіт осы екен,
жақсылармен дос екен,
жамандыққа өш екен!
Көңілі жарқын қош екен,
Асқарбектің қарағы,
Гүлнарының жанары.
Қайдан іздеп табады
мұндай жақсы баланы!
Қазір ұйқтап қалады
әжесінің түлегі.
Тау жығады жігері,
менің күнім өскенде
шал жорға атқа мінеді!
1977
АНАНЫҢ ӘЛДИІ
Мамық төсек салайын,
құшағыма алайын.
Қозым менің ұйқтасын,
арқасынан қағайын!
Бөпем менің қалғиды,
тербетті оны ән-жыры.
Бота, қозы, құлыншақ –
ұйқтап қалды барлығы.
Ай арбамен жетіпті,
Күн ұйқыға кетіпті.
Жұлдыз кіріп кетер деп,
қақпаларын бекітті.
Ормандар да қалғыды,
қорғандар да қалғыды,
сен де ұйқтап қала ғой,
анасының жан нұры!
Күнім ұйқтап қалыпты,
анасы әнге салыпты.
Ол түсінде ғажайып
ертек-елге барыпты.
Алтын алқа тағыпты.
1975
ӘПКЕСІНІҢ ӘНІ
Айым менің қайда екен –
достарымен тойда екен!
Тойда болса, отырсын –
қолына жүзік толтырсын!
Айналдым Ай-баладан,
тауып алдық даладан:
далада бала жата ма —
түсіп қалған шанадан!
Жылама, бөпем, қой, бөпем!
Құнан қойды сой, бөпем.
Құйрығына той, бөпем,
өзің тойған құйрықтан
әжеңе сақтап қой, бөпем!
Осы бала — Күн бала,
өзі аппақ, гүл бала!
Әлдилесе әжесі,
ұйқтай қалар бұл бала!
Әлди, әлди, бөбегім!
Таусылмайтын өлеңім!
Ұйқтасын деп бөбегім,
өлеңімді төгемін!
1977
ӨЗІМ ЖАЙЛЫ
Айбар деген баламын,
жұмсауға да жарадым.
Өзім биыл бестемін,
саусағыммен санадым.
Баласымын атамның,
баласымын апамның.
Көбінесе әжемнің
балапаны атандым.
Күрескенді жығамын,
(рас, бірде құладым…)
Футбол десе, шешініп,
шабуылға шығамын.
Суретті де саламын,
әріп те оқи аламын.
Ойыннан да қалмаймын,
мен осындай баламын!
1972
ЖҰМЫС
Анам мені ертемен
оятады тұр-тұрлап.
Ұйқы тартып желкеден,
мен жатамын қыңқылдап.
Анам менің расында
түсінбесе не етемін:
Әжетайдың қасында
маған жақсы екенін?
Ұйқы деген досыммен
қоштаспасам дұрыс па?
Әкеме еріп сосын мен
кетем күнде «жұмысқа».
1972
Мен бақшаға барамын,
ойнаймын, ән саламын.
Тәрбиеші тәтелер –
Досы барлық баланың.
Достарым көп басқа да,
көңіліміз бақшада.
Бізге тақпақ үйреткен
әйбат тәте, жақсы аға!
Араздықты білмейміз,
тамақты да бір жейміз.
Жаман бала секілді
төбелесіп жүрмейміз.
1971
БАҚША — БІЗДІҢ ҮЙІМІЗ
Бала бақша көрінді,
келіп қалдық, міне, біз.
Бақшамызда көңілді,
ән саламыз, күлеміз.
Жалықпаймыз мұнда түк,
әткеншек те тебеміз.
Тақпақтарды зулатып,
би де билеп береміз.
Апай әнді бастайды,
қосыламыз басқамыз.
Ешкім мұнан қашпайды,
үйіміз ғой — бақшамыз.
1976
ҮЙ ЖАҚСЫ МА, БАҚША МА…
Қызықпын-ау өзім де,
мақтанарым шамалы:
үйге келген кезімде
кеткім келмей қалады.
Жан әжемнің жанында
тіпті рақат секілді:
айтады ұйқтар шағымда
ертегіні не түрлі.
Ал бақшаға бармасам,
тұра алмаймын тағы да.
Мұнда қызық әрқашан,
келем сосын сағына.
Үй жақсы ма, бақша ма –
білмей жүрмін со жағын.
Екеуіне сондықтан
ортақ бала боламын:
Күндіз ойнап бақшада,
үйге келіп қонамын.
1972
ЖІБЕК БАҚШАҒА БАРМАҒАН КҮН
-Көке, тоңып барамын…
-Шыда, қазір жетеміз ғой, қарағым.
-Бүгін үйде қаламын?!
-Бақшасына баруы керек баланың.
… Сыр шертісіп келеді.
Қыстың аппақ желегі
желбіреген басында
дірілдейді терегі.
Аяз деген әзілкеш
қытықтайды денені.
Ертеменен тұрып ап,
қала шылым шегеді.
Машиналар сырғанап,
жолда шаңғы тебеді.
Адам біткен жарысып,
автобусқа мінеді.
Балалары жанында
бұлталаңдап ереді.
Ал қараңыз мынаған:
өтіп жатқан жүз адам
кең көшенің бойында
құлап жатыр бір адам.
«Тұра алмаймын, қарағым…
сынды білем бұғанам…»
Тапты әкесі бір ебін:
сұрамастан «кім едің»,
тастай салып Жібегін,
тоқтатты әрең дегенде
таксилердің біреуін.
Түсінікті ар жағы:
әлгі ағаны салғалы
емханаға барғаны,
телефоны жоқ екен,
үйін де іздеп шарлады.
Көкесінің жанында
Жібек жүрді, қалмады.
Бақшаға да бармады.
Көкесінің жұмыстан
жақсы болды қалғаны!
1984
ТӘРБИЕШІ
Ән салғызып, билетіп,
ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
ойната да біледі.
Қызық-қызық ертектер
біздерге оқып береді.
Жылауық та, тенте
Бастап бізді далаға
серуенге шығады.
Біз шомылсақ, жағада
байқап өзі тұрады.
Кішкентаймыз әлі біз,
үлкендерге сенеміз.
Бұл тәтені бәріміз
сыйлап, жақсы көреміз.
1971
ДОСТАР ӘНІ
Ақ, қарамыз, сарымыз –
тату, доспыз бәріміз.
Достық жайлы ән салып,
шырқатайық, кәне,біз.
Жүзімізге қараңыз –
бал күлкілі баламыз.
Бізге қымбат күншуақ,
бізге қымбат анамыз.
Күннің нұрын сүйеміз,
қырдың гүлін сүйеміз.
Бізді ойнатып тәтелер,
күлдіргенін сүйеміз.
Балдырғанбыз арай жүз,
бал-бұл жанып қараймыз.
Ойыншықтар біздерде
көп болғанын қалаймыз.
Таласпаймыз біз бірақ,
отырмаймыз тұнжырап,
қуысамыз көгалда,
жүгіреміз құлдыра
1972
БӨПЕ
Балалардың бәрінің
бөпесі бар үйінде.
Ал мен болсам әлі күн
жүрмін жалғыз күйімде.
Қыңқылдадым тәтеме,
бөпе сатып ал дедім.
Сосын келіп әкеме
дүкендерге бар дедім.
Бірде ертемен маған кеп,
оятты әжем тартқылап:
«Бөпе әкелді саған!» — деп,
мәз болып жүр шапқылап.
Қайда деп ем анамды,
дүкен жақта жүр деді.
Қарындасың Жанарды
әкеледі, тұр деді.
Шынында, анам бір күні-ақ
дүкенге өзі барыпты.
Қоймағасын қыңқылдап,
бөпе сатып алыпты!
1972
ЖАНАР
Кіп-кішкене Жанарым,
жақын келіп қарадым.
Бұл өзімнің ақ бөпем,
ойнатамын, бағамын.
Құйттай екен басы да,
селдіреген шашы да.
Сөйлеспеді менімен,
келіп едім қасына.
Мен апамнан қалмадым:
«Неге мұны таңдадың?
Ойнамайды менімен,
тым кішкентай алғаның!»
Ана жүзі нұрлы екен:
«Ренжіме, күн көкем:
«Сен де осындай болғансың»,-
дейді маған, шын ба екен?!
1973
АЛҒАШҚЫ САБАҚ
Толдым жеті жасқа мен,
қош айтыстым бақшамен.
Келдім алғаш сабаққа,
келді Нұрлан, Жанат та.
Қоңырау да соғылды,
көп күтіп ек сол үнді.
Әліппені қолға алып,
біз отырдық «оңдалып».
Келді де апай күлімдеп,
түгендеді біріндеп.
Әліппені ашты алып,
біз оқуды бастадық.
1973
АҚ МАМАМ
Еркелесем, күлімдейтін,
ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім!» — дейтін
әлемдегі ақылды адам,
бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе, мен де
батырларша батылданам.
Жамандықтан сақтандырып,
жақсы ісімді мақтан қылып,
ақ мамамды мен әрқашан
жүрсем деймін шаттандырып.
1974
ӘЖЕ
Тентек болсам, ашынып,
жақсы іс қылсам, асырып,
маған сақтап жүреді
тәттіні де жасырып.
Келгенімше бақшадан
күтеді ылғи асығып.
Ұрысады апам, жатса егер
ойыншығым шашылып.
Паналаймын сонда оны
мойынына асылып.
Тосып тәтті дәмдерін,
ол бар жерде бал жедім.
Мен ұйықтарда айтады
ертегісін, әндерін.
Біздің үйде осындай
әжетайым бар менің!
1973
МЕНІҢ АТАМ
Атам менің жақсы адам,
ешкім одан аспаған.
Фашистермен соғысып,
оң аяғы ақсаған.
Көп айтпайды ол өткенін,
қанын қалай төккенін.
Бірақ әжем сақтаған
ордені оның көп керім.
Әзілі оның қалмайды,
әжемді де алдайды.
Үйдегілер күлкіден
аузын жия алмайды.
Әжем де оны сөкпеді,
сөзін де екі етпеді.
Шақырса егер біреулер,
әжемсіз ол кетпеді.
Бір-бірінен екеуі
қызғанады тек мені.
Атам деген мықты адам,
ылғи мені құптаған.
Ауырса да аяғы,
қабағын бір шытпаған.
Сол соғыста мына мен
болсам, жауға шығар ем.
Ақсақ қылған атамды
дұшпандарды қырар ем!
1973
ДАЛА ТОЛЫ АҚ КҮМІС
Ақша қарға малынып,
аппақ тонын жамылып,
сақалы мен мұртына
күміс моншақ тағынып
Аяз ата келеді
балаларды сағынып.
Келіп қалды, қараңыз!
Шашу толы даламыз!
Күміс дала үстінде
жарқ-жұрқ етіп шанамыз,
біз де зулап барамыз.
Бар баланың қонағы,
төрлет, Ата, жоғары.
Енді дала, алақай,
ақ күміске толады.
Жұрттың бәрі атадай
қашан мырза болады?!
1971
ШЫРША
Ақ қырауға малынған
ақша қардай сақалы,
көптен күтіп сағынған
көрдік Аяз Атаны.
Қуансын деп балаша,
безендірдік шыршаны.
Жымыңдайды — тамаша! –
Шыршамыздың мың шамы!
Тақпақтарды жаттадық,
би де үйрендік көрсін деп,
Аяз Ата шаттанып,
бізге риза болсын деп.
1975
БОТА, ТАЙЛАҚ ЖӘНЕ МЕН
Кейде құлап қаласың
тәй-тәй басқан баладай.
Қорада асыр саласың,
Сүтке тойсаң, қомағай!
Тентек болып барасың,
айтқаныма қарамай.
Айтқан тілді алмадың,
ойынға да қанбадың.
Еміп-еміп мамаңды,
майланыпты сандарың.
Қорқып қалып өзіңнен,
жаныңа да бармадым.
Қандай жаман тайраңдап
тайлақ болып қалғаның!
Аузына келіп қораның,
Мен алақан соғамын.
Тентек тайлақ қарайды
«Кел,— дегендей,— қонағым!»
Былтыр ғана досым ең,
үркіп неге қарадың?
…Айтыңдаршы, осы мен
қашан тайлақ боламын?!
1972
БАЛЫҚ
Бір күні атам ауды алып,
ұстады бір дәу балық.
Жақын келдім қасына,
көрейін деп аударып.
Мініп едім үстіне,
қыңқ етпеді, күшті ме?
Атып ұрды жағаға,
бір бұлқынып түсті де.
Ісіп кетті шекем де,
мінген екем бекерге.
Ашуланды-ау, шамасы,
мекеніме кетем деп.
1971
ТУҒАН ЖЕР
Құрыш болат білекпен
шөл далаға гүл еккен,
қалаларды самсатып,
жапандарды түлеткен
ағаларым көп мұнда.
Кешегі елсіз жатқан маң
аты аңыз боп жатталған,
жер астының байлығын
теңіз қылып ақтарған
апайларым көп мұнда.
Заводтары қаптаған
зәулім үйлі көп қалам!
Жұрт ержүрек жандардың
мекені деп мақтаған
туған жерім бұл менің!
1972
ҚАМАУДАҒЫ АҢДАР
Әкеме еріп қалаға
барып едім бір күні.
Көрдім сонда қамалған
аю, қасқыр, түлкіні.
Арыстан да, барыс та –
темір торда тұр бәрі.
Кете алмайды алысқа,
кезе алмайды жылғаны.
Ұша алмайды қыран да,
ұшуға оған болмайды.
Кеткісі кеп шығанға,
тек қанатын қомдайды.
Маймылға жұрт таң қалды:
нан сұрайды баладан.
Аяп кеттім аңдарды –
қандай жаман қамаған…
1973
МЕН ДЕ СОЛДАТ БОЛАР ЕМ…
Жауынгер боп Асқар ағам
өткен жылы кетіп еді.
Суретінде хатқа салған
шаттық толы көкірегі.
«Барады елден жеке мүлде,
не күтіп тұр жырақта алдан?» –
Әжем Асқар кетерінде
осылай деп жылап қалған.
«Тыныштықта жаман ырым
бастама,— деп ұрысты атам,-
ел қорғауға барады ұлың,
жоқ па одан да дұрыс батаң?!»
Көз алмадық бәріміз де,
киімі де қатқан қандай!
Күлімдеп тұр, әне, бізге
солдатпын деп мақтанғандай.
Атам айтты: «Асқаржаным,
солдат бопсың, жарадың!»— деп.
«Жоқ,— дейді әжем,— басқа арманым
аман жүрсе қарағым»,— деп.
Апам орны басқа, бірақ
қуанды іштей о да керім.
Өссем екен шапшаңырақ,
мен де солдат болар едім…
1973
ҒАРЫШКЕР АҒАЛАР
Көк аспанға қараймын,
жұлдыздарды санаймын.
Осынша көп моншақты
төгіп кеткен қалай кім?
Жарқырайды, лаулайды,
бірақ жерге жаумайды.
Батыр жандар тағатын
жұлдызшадан аумайды.
Таң атып, Күн жеткенде,
таба алмай бірін көктен де,
таң қалам: «Бар жұлдызды
біреу алып кеткен бе?!»
Маған жұмбақ Күн елі,
тұңғиықтың түнегі…
Ал ғарышкер ағалар
соның бәрін біледі.
Шарлап олар Күнді, Айды,
жұлдыз әнін тыңдайды.
Байқоңырдың төсінен
корабльдер зулайды.
1974
КӨКТЕМДЕ
1
Көп сағынған көктем келді,
Нұр орады көк пен жерді.
Бала сағым жүгіреді,
гүлмен ойнап бөктердегі.
Қаз-үйректің таныс әні
ерке өзенмен табысады.
Бір-бірінен күле қашып
ақ толқындар алысады.
Терек, қайың жымыңдасып,
самал желмен тұр ымдасып.
Жапырақтар тербеледі,
бір-бірімен сыбырласып.
Гүл жамылған өлкедегі
бұталар да ән төгеді.
Қырлардағы қызғалдақтай
көктем неткен көркем еді!
2
Біздің шалқар бай даланы,
тау, орманды, сай, жағаны
мені сүйген анашымдай
күн шуағы аймалады.
Ағаш біткен құлпырады,
тау, далада гүл тұнады.
Еркелеген бөбектердей
өзендер де бұлқынады.
Міне, осылай баршалары
көктемені қарсы алады.
Дала жайнап, гүл атады,
құстар сайрап, ән салады.
1975
ҚҰЛАН
Арғымақтай тұлғалы,
шалғын дала — құндағы,
шөлі қысса даланың,
тапқан іздеп жылғаны.
Жерін тастап кетпеген,
шапқанда жел жетпеген.
Ол туралы қазақтың
аңызы бар көптеген.
Кең даласын — тұрағын,
жүзіп ішкен бұлағын
жанын салып қорғаған
жанындағы сыңарын.
Еркін жұтқан күн нұрын,
кең даланың дүлдүлі.
Не қиындық туса да,
тастамаған бір-бірін.
Білесің бе бұл аңды?
— Білемін. Ол — құлан-ды.
1976
ЖЫЛҚЫШЫ БАЛА
Құрық алып қолыма,
қамшы салып торыға,
жылқы айдаймын жайлауда,
шаң ілеспей соңыма.
Ат көрмесем, сағынам,
жүйріктерге табынам,
ұшқан құстай зуласа,
жел еседі жалынан!
Арғымағым, арында,
жеткізбейін сағымға.
Ат жалында ойнаған
менің аталарым да!
Көрші біздің даланы –
қызыл-жасыл алабы,
жүйрік атпен жарысып,
ол да зулап барады.
Елдің көркі — сәйгүлік,
ердің көркі — сәйгүлік.
Жүрген қандай жайлауда
жүйрік қуып, тай мініп!
1974
КӘМШАТ АПАЙ
Батыр қызы халқымның
Кәмшат апай1 — мақтаным.
Мен де соған талпындым,
атын есте сақтадым.
Бөбегіндей аймалап,
сүйген дарқан даланы.
Алтын кірпік, ай қабақ,
ол ауылдың қазағы.
Жұлдыздайын ең көркем
жарқырайды ордені,
«Батыр бол,— деп,— сен де ертең»
шақырғандай ол мені.
Жиындарда сөз алған,
шешендіктен тосылмай.
Ұрпаққа — ісі, өзі — арман,
апаларым осындай!
АРХЕОЛОГ
Мекен еткен бабалар,
мекен еткен аналар
жатыр жердің астында
құмға батқан қалалар.
Археолог ағалар
өткенді оймен шамалар,
сол қаланың бәріне
сапар шегіп аралар.
Мен қызығып қарадым:
баяғының қамалын,
ел қорғаған батырдың
сайманы мен жарағын.
Аталардың шақшасын,
патшалардың ақшасын –
ағаларды мақтайды ел,
соның бәрін тапқасын.
Еңбек еткен бұлданбай,
ер ағалар бұл қандай!
Батыр бабам барлай кеп,
ұрпақтарым қандай деп,
бізге қарап тұрғандай.
Бабаларды тірілткен,
қалаларды тірілткен
археолог ағаға
қарайды жұрт үмітпен!
1976
ЗЕРГЕР
Білесің бе бұл істі –
зергерлікке кім дайын?
Балқытып ап күмісті,
сапырады судайын.
Сиқыршыдай жырдағы:
білезік пен алқаны,
сақинаны, сырғаны
күміс сымнан тартады.
Көрсең, қайран боласың –
мақтанышы ол бір елдің.
Күмістейді тоғасын
таралғы мен жүгеннің.
Тобылғы сап күмсанды
қамшыға бір қарашы.
Кім жасайды бұл сәнді
табылмастай бағасы?!
Демеңіздер: «Бұл қалай
күмісті де илеген?»
Осы өнерді мұрадай
зергерлерден үйренем!
1975