МҰХТАР ШАХАНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

АРЫС ЖАҒАСЫНДА
Әні Ш.Қалдаяқовтікі
Өзіңмен Арыстың
Бойында таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен
Жағада тұрдың сен.
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де
Қайдасың бұл күнде.
Сені іздеп арманым
Сыр бойын шарладым.
Алдыңнан бір бақыт
Тұрғандай тіл қатып.
Толқынға қарап ойлана
Әндеттің жай ғана.
Нұр шашып көзіңнен,
Бір нәзік сезіммен,
Жібектей шашың толқындап
Қалып ең қол бұлғап.
Кете ме осылай,
Әніміз қосылмай.
Аяулы таңым сен едің,
Көрсем деп келемін.
1965 ж.


КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ
Әні Ш.Қалдаяқовтікі
Аңсаған бақытым сияқтанып,
Ай туып келеді қияқтанып.
Жол жаққа қараймын,
Сен жоқсың арайлым.
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
Қайтейін кінәлап бұған сені,
Сағатың алдаған шығар сені.
Hұp ойнап кезінде,
Уәделі кезіңде,
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
Көшеде сырласып, шалқып басып,
Құрбылар барады қолтықтасып.
Тағатым таусылды,
Аңсадым даусыңды,
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
1966 ж.


СЫРДАРИЯ СЕРЕНАДАСЫ
Әні Ә.Бейсеуовтікі
Сезімнің албырт қанатын неге байладық?
Өзіңе бірақ, алғысым да көп арнаған.
Аралдан ұшқан аққуға қарап ойланып,
Сен маған, жаным, хат жаздың Қызылордадан.
Қайырмасы:
Арман тауын асарда,
Көздеріңе жас алма.
Бірімізге біріміз
Тілектеспіз қашан да.
Өмір қатал, қапы қалма
Бақытың кеп шақырғанда
Бұлттанбасын мақсатыңның жанары.
Жаздың көркін жырлағандай
Күзде қайтқан тырналардай
Жылдар ұшып,
Жылдар ұшып барады.
Күріштік түгел жатқанда әнмен жаңғырып,
Балауса талдар бүр жарған кезде көктемде.
Күттің бе мені үміттің белін талдырып,
Оңтүстік жақтан пойыздар жүйткіп өткенде.
Қайтеміз енді тарқатып ойдың бұрымын
Кеудеңнен еркем, сөнбесін оттың жарқылы.
Мен саған мәңгі қарыздар жанның бірімін,
Сыр бойын сүйдім өзіңе сену арқылы.
1972 ж.


ТАСАДА ӨСКЕН ГҮЛ
Әні автордікі
Қараушы едің күлімсіреп
Жүрегімнің төрінен.
Бүгін, міне, бірінші рет
Қоштасамын сенімен.
Қайырмасы:
Неге сені көрдім,
Неге сәлем бердің,
Неге ояттың сезімді.
Неге — неге, құрбым,
Ойға шомып тұрдың,
Еске салып менің мұңды кезімді.
Әнмен жалғап өмірімді
Кетем ертең мен жырақ.
Өзіңе іңкәр көңілімді
Аңғармайсың сен бірақ.
Елге бұрған жарасымын,
Жан сарайы үлгілі.
Сау бол, қазақ даласының
Тасада өскен бір гүлі.
1970 ж.


АҚ БАНТИК
Әні Ш.Қалдаяқовтікі
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл кезде,
Көркіңе көз тастап ойланам.
Қайырмасы:
Нұрлы бейнең таңдай жарқын,
Арманысың қандай жанның,
Шынарым — ай,
Сен мөлдірсің, еркем,
Тау бұлағындай.
Жол жатыр шақырып алдында,
Өмір тұр ұсынып шаттығын.
Білмеймін, бойжетіп қалдың ба,
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін.
Жылдардың еркіне бағындың,
Жылдарға қол создың жан құрбым.
Белгісін балалық шағыңның
Айтшы сен, қай жерде қалдырдың?
1968 ж.


ҚУАНЫШ BAЛЬCI
Әні Ш. Қалдаяқовтікі
Жадырап жанымыз,
Жарасып әніміз,
Болашақ бүгіннен басталғандай.
Нұр құйып көңілге,
Жол сілтеп өмірге,
Арман тұр асқақтап асқар таудай.
Қайырмасы:
Қуаныш көрем көзіңнен
Өзіңмен, жан құрбым,
Қосылды тағдырым.
Қосылған қос өзен секілденіп.
Өзің боп өлеңім,
Шаттыққа бөлендім,
Сәулешім, сенімен танысқалы.
Теңізге телегей,
Жол тартқан кемедей,
Бойдақтық бізден де алыстады.
Достарсыз бұл күнде,
Күн кешу мүмкін бе,
Досымыз көбейсін, келе берсін.
Жайнай бер жасқанбай,
Мөлдіреп аспандай,
Кірлетпе көңіліңнің терезесін.
1968 ж.


ЕЛДІ САҒЫНУ
Әні автордікі
Бабамыздың намысындай
Кеуде керіп дала жатыр.
Асау өзен ағысындай,
Жылдар өтіп бара жатыр.
Қайырмасы:
Талаптанып,
Қанаттанып,
Асқақ арман қуған едім.
Қайда — қайда жүрсемдағы
Сені ойладым туған елім.
Бойға шалқар күй енгендей,
Алып-ұшып бала көңіл.
Асқар тауға сүйенгендей,
Сүйенемін саған елім.
Тауларыңмен теңесемін
Тауға қарап жүріп келем.
Сенің қайсар келешегің
Болсам деген үмітпенен.
1981 ж.


ҒҰМЫРДАРИЯ
Әні автордікі
Қанша адаммен достастым,
Арманымды ән қылып,
Қанша адаммен қоштастым
Жолықпастай мәңгілік.
Қанша жарқын пішінде,
Елестеттім көктемді.
Адалдығым үшін де
Мені біреу жек көрді.
Қайырмасы:
Ғұмырым күреспен өтеді ме,
Үміт пен сенімнің жетегінде.
Өзіңсіз жұбаныш табамын ба,
Ғашықсыз сезімдер заманында?
Әр таңым сені ойлап атқан,
Бірлікті етсін деп мақтан
Туған ел қондырды атқа мені.
Өсек боп маздаған оттан,
Сатқындық көздеген оқтан
Тәңірім сақта мені.
Сан биікке таңдана
Талай күнді батырдым.
Көз алдымнан сонда да
Сен кетпедің, ақылдым.
Біздер сенген заңғардың
Даңқына кім жауықты?
Шын сүйе алмас жандардың
Келешегі қауіпті.
Бірге шырқап әнді де,
Баулып бақыт терегін.
Мен сенімен мәңгіге
Қоштаспасам деп едім!..
Қақты күндер қанатын,
Арман тауы алда тұр.
Бірақ саған баратын,
Жолда қазір құр жатыр.


ТУҒАН КҮН КЕШІНДЕ

Әні автордікі
Тойыңа гүл алып,
Келдім мен қуанып,
Қарсы алдың күлімдеп көктемдей.
Жүзіңе нұр тұнып,
Кетіпсің құлпырып
Бір бақыт сәулесін төккендей.
Қайырмасы:
Сен туған күн мерекеміз,
Ән бастайық, кел, екеуміз.
Ұмытпа, сен құрбым,
Есте қалсын мәңгі бұл күн.
Жасқанба, жасыма,
Отыршы қасыма,
Басталсын бір терең әңгіме.
Қуансын ел ертең,
Қолыңды бер, еркем,
Жалғыздық жойылсын мәңгіге.
Көп жүріп сарылып,
Жетсе де кәрілік,
Қақпаңды ашпа сен уақытсыз.
Жастықтың жарығын,
Жүректің жалынын,
Өшіріп алған жан бақытсыз.
1970 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *