МҰХТАР ШАХАНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

ЭР МАНАСТЫН ЭЛИНДЕ1

Әні автордікі
Бабам менен бабаң дос болған,
Бул туугандык сан миң жылдап коштолгон.
Атам менен атаң дос болгон,
Коштошордо карегине жаш толгон.
Қайырмасы:
Эч кандай куч алалбаган тартып,
Эч бир байлык алалбаган сатып
Сезимдер бар —
Бул не деген бакыт.
Тагдыр бизди бөлбөй,
Элбиз эгиз төлдөй,
Ким бар жакын сендей, боорум.
Улуу кыргыз жери,
Эр Манастын эли,
Кучагыңа ал мени, боорум.
Казак-кыргыз эки көз болсо,
Ал Ала-Тоо ортодогу муруну,
Кандай тагдыр бизге кез болсо,
Салт кылганбыз дайым бирге турууну.
Кылым кечкен кыйын жолдордо,
Шаттык болуп кайтты бугун азабың.
Манас ырын айткан тоолорго
Сыймык менен карай берет казагың.
Бішкек, 1994 ж.


ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛУ
Әні автордікі
Әкем сенің төсіңде атын тұңғыш ерттеген,
Анам сенің төсіңде тамыр жайып көктеген.
Мен де сенен ең алғаш таптым арман өрісін,
Сенен ұлы ешкім де болмақ емес мен үшін.
Қайырмасы:
Қарлығаш қалмайды ұяда,
Шарықтап кетсек те қияға
Туған жер, өзіңсің ең үлкен анамыз.
Біз сенің алдында
Мәңгіге бала боп қаламыз.
Көктем сайын қырқанды гүл жабады жаңадан,
Мен көз жұмған шақта да сен, туған жер, бол аман.
Саған деген ерекше сағынышы жоқ адам —
Заман үшін, ел үшін қауіпті адам, ол адам.
Төктің маған аямай жүрегіңнің ыстығын,
Жалын болып лаулады өзің жаққан ұшқының.
Сен жасай бер жаңарып, тіренішім — ұстыным,
Саған арқа сүйеген кезде ғана күштімін.
1988 ж.


МАХАББАТТЫҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢЫ
(«Сейхундария » дастанынан)
Әні автордікі
Жол бұралаң, сезім тура, ой тура,
Жол түскен соң болмас және қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.
1974


АЙНАЛАЙЫН
Әні Е.Хасанғалиевтікі
Өзің едің тірегім де,
Жыр боп тұндың жүрегімде.
Мені сендей түсінетін
Кім бар екен бұл өмірде?!
Күн туса да толқымалы,
Толқымалы, шалқымалы.
Сен ешқашан өзгертпедің
Пікіріңді мен туралы.
Әнін әнге жалғасын деп,
Келеді арман алға сүйреп.
Менің кемем өрге жүзсе,
Сен қуандың алғаш рет.
Астына алып қанатыңның,
Нұрын шаштың жан отыңның.
Мен мұңайған кезеңдерде
Қасымда ылғи сен отырдың.
Саған мәңгі борыштармын,
Көңіліме қоныстандың.
Азаматтық ажарыңа
Мақтау айтсам, намыстандың.
Жарқын құшақ жайған, айым,
Сеніміңе сай болайын.
Мен деп соққан жүрегіңнің
Дүрсілінен айналайын.
1979 ж.


ГҮЛДӘУРЕН
Әні автордікі
Асау өмір арнасында,
Шалқып сәби сезімменен.
Он жыл мектеп партасында,
Бірге отырдым өзіңменен.
Қайырмасы:
Сездіруге батпадым да,
Бала махаббатымды,
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды.
Елес беріп келешегің,
Қимасыңа баладың ба.
Қоштасарда неге сенің,
Жас толқыды жанарыңда.
1969 ж.


БИГЕ НЕГЕ ШАҚЬІРМАДЫҢ?
Әні Ә. Телғозиевтікі
Бірінші рет сені тойда көріп ем,
Күлімсіреп маған сәлем беріп ең.
Неге екенін мен өзім де білмеймін,
Орын алдың жүрегімнің төрінен, сәулетай.
Үміт оты тұрды жанып көзіңде,
Берілдің бе бір ұялшақ сезімге.
Биге неге шақырмадың, аяулым,
Өзіңменен тойда болған кезімде, сәулетай.
Тым ұялшақ екенсің ғой сен мүлде,
Тұрдың үнсіз маған жақын келдің де.
Мүмкін сенің мен шығармын арманың,
Олай болса, үмітіңді сөндірме, сәулетай.
1963 ж.


АЛМАТЫДАН АТТАНАРДА
Әні автордікі
Өтті зырлап, заулап балғын күн, өтті жылдар ағылып,
Кеттің, жаным, асау тағдырдың тізгініне бағынып.
Қимасым боп неге қалмадың, неге алмадың ойыңа,
Әйтеуір сен асыл арманым, шақырмадың тойыңа.
Оған жаным, өкпелемеймін, кінәм да жоқ артатын,
Махаббатты жырға бөлеймін, бізді ілгері тартатын.
Арманыңның гүлін аңсаумен, сағынудан шаршама,
Тілектеспін саған, жан сәулем, жолың басқа болса да.
Алматы тұр жайып құшағын, әсем қала бұл қала,
Ертең сенен алыс ұшамын, қарамашы мұңдана.
Сырттай жалғап арман тілегін саулығымды сұраған,
Бұл қалада бар деп білемін, маған сенген бір адам.
1984 ж.


БАҚЫТТЫ БОЛ
Әні Ә.Бейсеуовтікі
Өр көңілім саған қарай сүйреген,
Әнім едің шырқай салған кештерде.
Тұрып-тұрып қайтушы едім үйге мен,
Терезеден сенің шамың өшкенде.
Тіпті тура қарай ал май көзіңе,
Жолыққанда көңіліңнен шықпадым.
Сені баурап кете алмадым өзіме,
Содан болар, сен де мені ұқпадың.
Содан болар, бұрылып бір қарамай,
Кеттің ұшып, арман құсым аңсаған.
Көгершіннен қайырласқан баладай
Бақыт тілеп қала бердім мен саған.
1968 ж.


ҚҰПИЯ АРМАН
Әні автордікі
Ай қарады күліп
Қырқасынан құба белдің.
Кеудеңнен бір үміт,
Оянғандай тұра бердің.
Қайырмасы:
Неге — неге жолықтың маған,арманым,
Тағдырымның асқақ әнін саған арнадым.
Саған арнадым,
Еркем, ардағым.
Қарақат жанарың,
Мұңға батып мөлдірейді.
Жібек орамалың,
Желмен ойнап желбірейді.
Қош бол, іңкәр тұлға,
Ізгі үміттің қадамы өлмес.
Қыран қонған шыңға,
Ылғи бақыт қона бермес.
1975

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *