ОТЫРАР ҚАМАЛЫ
(«Шыңғысханның пенделік құпиясы » атты драмадан)
Әні автордікі
Отырарым, бабам сенсің бас иетін,
Анам сенсің терең бүккен қасиетін.
Сенің даңқың — менің мәңгі мақтанышым,
Сенің қайғың — менің керең қасіретім.
Қайырмасы:
Ұлы Отырар қамалы,
Қайсар рухың бағалы.
Шыңғысханның соны ойлап
Түнереді қабағы.
Ұлы Отырар қамалы,
Ғұмыр кештің саналы.
Сенің тұлғаң ерліктің
Үлгісі боп қалады.
Отырарым, ана — бейнең жарқын екен,
Қайырхандай перзент тудың нарқы бөтен.
Құл боп өмір өткізгенше бұл тірлікте
Еңкейместен ер боп өлген артық екен.
Нар қалпында ар-намысы төгілмеген,
Алты ай бойы арпалыстың өлімменен.
Азияда саған ұқсас бар ма қала
Шыңғысханнан жеңілсе де жеңілмеген?!
2000 ж.
БАБА TYPKICTAH
Әні автордікі
Түркістаным, бабалардың қалғымайтын көзіндей,
Ардақтысың, қара күшке жеңілмеген сезімдей.
Сені танып білмегеннің даңқы биік жанбаған,
Олар ылғи тамырсыздық сырқатынан сорлаған.
Қайырмасы:
Фарабиден шуақ көрген,
Иассауиге қуат берген,
Күллі түрік әулетіне астана
Асыл қала, Ғасыр қала,
Жаны мәңгі жас қала —
Түркістаным — бабам,
Түркістаным — бабам,
Батанды бер маған.
Талай-талай өр кеудені ай қондырған төсіне,
Жоқтамады, қайсар тарих сақтамады есіне.
Сенің бағың — ғасырынан озып туған ұлдарың,
Сондықтан ғой, қалың елге мақтаныш боп тұрғаның.
Адамдығын аласартқан пенделердің бәрі де,
Жете алмайды сен ұсынған өнегенің мәніне.
Әрқашанда ізгілікке бұрып елдің санасын,
Сен тұра бер нұрландырып қазақтың кең даласын.
2000 ж.
ЖҰБАЙЛАР ЖЫРЫ
Әні автордікі
Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген,
Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.
Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.
Қайырмасы:
Асыл жарым,
Жайнаған жасыл бағым.
Бағаласаң — бақытыңмын,
Сағынсаң — қасыңдамын.
Арманды дара қумаймыз.
Құстың қос қанатындаймыз.
Жүректе от жанып,
Тауларды бетке алып,
Бірге ұшып барамыз болашаққа.
Сен бар жерде керегем кең сияқты,
Кең сияқты, терезем тең сияқты.
Ешкім мені дәл сендей өкпелетіп,
Жұбата да алмаған сен сияқты.
Шаттығымның бастауын сенен көрдім,
Сенен көрсем қалайша төмендермін.
Енді, сәулем, бәрі де әділетсіз,
Бізді бақсыз, бақытсыз дегендердің.
1972 ж.
ӨМІР – ӨЗЕН
Әні Ш.Қалдаяқовтікі
Біз екеуміз бәйшешектей ерте гүлдедік
Қол ұстасып бақыт жырын шертеміз дедік.
Қарсы жүріп үйренсек те қар мен жаңбырға,
Бірақ қарсы тұра алмадық асау тағдырға.
Қайырмасы:
Жылдар
Өмірдің өзенімен,
Ағады кезегімен.
Сенсің көңілі ашық,
Менің ғашық ғасырым.
Ертеде де, кеште,
Тұрасың сен есте,
Мен өшсем де өшпе, асылым.
Алуан гүлдер шуақ шашты бүгін бақшаңда,
Қызғанбаймын, басқа ошақтың отын жақсаң да.
Өмір мынау, бақ пен қайғы күнде жарысқан
Ақ тілекпен қол бұлғайсың әр кез алыстан.
Жалғыз аққу таудан асып қайтып барады,
Сағынышын әнге қосып айтып барады.
Сол ерке құс мұңын жалғап ерте көктемге
Мені есіңе ал, ауылыңнан ұшып өткенде.
1970 ж.
ӘКЕ ТУРАЛЫ ЖЫР
Әні Н. Тілендиевтікі
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем де алыс қанат қағып,
Өзіңдей қамқор адам қайда маған?!
Сүрінсем сынай қарап от жанарың,
Сен мені жақтамадың, ақтамадың.
Әрдайым осы қатал мінезіңнен
Күш алып мақсатыма аттанамын.
Жан әке, шертіп сезім домбырасын,
Кеудемді қуанышқа толтырасың.
Арманның аспанына құлаш ұрсам,
Арқамда асқар тау боп сен тұрасың.
Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын.
1965 ж.
ЖЕЛТОҚСАН ТАҒЫЛЫМЫ
Әні автордікі
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!
Қайырмасы:
Арманыңның атын,
Жігеріңнің отын
Өшіре алмас асау желі уақыттың.
Егер кім қанша
Уайымсыз болса,
Нақ сол адам құнын білмес бақыттың.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
1990 ж.
АРАЛ ҚАСІРЕТІ
Әні автордікі
Кемелер жүздірген шағылтып желкенін айға,
Тау толқын төсіңде тербелген ерке күн қайда?
Қайда сол дәуренің тағдырдан күш-қуат сезген,
Шағала көктемнің дүркіреп ұшты ма көзден?
Қайырмасы:
Сенемін саған,
Тұрғанда аман
Адамдық күші, ой күші.
Аралым менің,
Жанарым менің,
Халқымның ұлы қайғысы.
Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,
Ежелгі мұң-зарың аз ба еді, қазақтың елі?
Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,
Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің.
Аралым, күн туды басыңа дүрбелең — керең,
Кім ұқпақ, шалды, анау өзіңмен бірге өлем деген.
Безбүйрек ғасырың қағады қанатын үнсіз,
Бір жылда екі ұлын жоғалтқан ана тұр тілсіз.
1990 ж.
ҒАШЫҚТАР МҰҢЫ
(«Махаббатты қорғау» дастанынан)
Әні Н .Байкөзовтікі
Ар алдында, адал, ақпыз десек те
Сан сұрақтар алар кейде жағадан.
Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке,
Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам.
Алуан ұғым алуан жаққа тартады,
Сан көңілдің тұйығына малтыдым.
Ғашық болып көрмегендер бар тағы,
Олар бізді қайдан ұқсын, алтыным.
Көзімді алмай маздап жанған оттардан
Саған сенем, саған сенім артамын.
Қорықпаймын түсінігі жоқтардан
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын!