МҰХТАР ШАХАНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

ДОСТЫҚ ӨЛКЕСІНІҢ ЗАҢЫ
Алдымызда қанша сауал тосылды,
Өмір бізді ерте үйірді биіне.
Сәби кезім.
Бірге ойнайтын досымды
Ертіп бардым нағашымның үйіне.
Сәбилік шақ!
Сүттей аппақ кезең бұл,
Аңғал, бейқам балбұлақтай сыңғырлы.
Досым «келіп көремін» деп әжемнің
Аңдаусызда көзәйнегін сындырды.
Енді қайттік, амал-айла азайып,
Құтылуға өткел іздеп тарықтық.
Досым менің ұяң еді ғажайып.
Әжем өте қатал еді, жарықтық.

  • Бала мұнша бола ма екен мазасыз,
    Қане, қайсың көзәйнекті сындырған? –
    деді әжеміз, — қалдырмаймын жазасыз,
    Сындырған кім? Алдыма кеп тұр жылдам!
    Енді қайттік, кім ұсынбақ көмегін?
    Бұл қырсықтан құтқармақ боп досымды:
  • Мен сындырдым, кешіріңіз…. мен едім…-
    Дедім үнсіз төмен салып басымды.
    Бір ерекше дүлей мінез тосып ек,
    Шіркін, адам табиғаты — ай сан қырлы.
    Қанша ашулы болғанымен осы рет
    Әжем мені жазалаусыз қалдырды.
    Лезде қайта көтеріліп еңсеміз,
    Көңіліміздің айдынынан күн күлді.
    Сол сәтте інім сыбыр етті:
    «Сенбеңіз,
    Көзәйнекті қонақ бала сындырды».
    Әжем кенет ашу буып күйгелек
    Ашу буып аң-таң болып қалды да:
  • Жүр бері, — деп құлағымнан сүйрелеп
    Ертіп барды нағашымның алдына.
    «Қой, бәйбіше, дау тудырма бекерге,
    деп нағашым әңгімесін жалғады, —
    Айып па екен, өзін беріп қатерге,
    Ер жігіттің досын қорғап қалғаны.
    Достық деген ізгіліктің алаңы,
    Оған куә ғасырлар мен замандар.
    Отанын да сатып кете алады
    Қиын шақта досын сатқан адамдар!»

  • ТОҚШЫЛЫҚ
    Т. Жұмановқа
    Ол ауылдың қадірмен диқаны еді,
    Кеудесіне кең дала сыйған еді,
    Кең даланың мәрттігін жиған еді.
    Көңілі түскен адамға қажет кезде
    Жалғыз атын ойланбай сыйлар еді.
    Бәкір баба осындай диқан еді,
    Жайсаң жайлау, жаз пейіл бола тұра
    Айтқанынан қайтпайтын қиқар еді.
    Сағынышын самғатып сан хатынан,
    Құлан жүйрік қиялмен таңды атырған.
    Еркетайы бір күні ойда жоқта
    Келін әкеп түсірді Алматыдан.
    «Жалғыз ұлға құдайым сана берді,
    Келін әкеп қуантты тамам елді,
    Енді өлсем де арманым болмайды», — деп,
    Қарт жүрегі елжіреп сала берді.
    Той жасады онан соң дүрілдетіп,
    Тапқанын түгел шашып, гүрілдетіп.
    Әсем ән қарлығаш боп қалықтады
    Аспанның шымылдығын дірілдетіп.
    Сауыққа сақтап бағзы құмар қалпын
    Шарықтатты шал солай шынар даңқын.
    Мынадай той Қасқасу баурайында
    Бұған дейін болмаған шығар,бәлкім.
    Тойдан соң Бәкір қарт көңілі жайланып,
    Үш күнге созылған ғажайып думанды ойға алып
    Қиялы шарықтап сан қырға
    Шуақтап отырды есіктің алдында.
    Тоқшылық керуенін тартқан
    Бейнетқор кеудеден атырған ақ таң
    Етпеуге бола ма уақытты мақтан
    Ұлына риза еді ол, бақытын тапқан…
    Кенет келінінің
    Жолдың жиегінде жатқан
    Нанды теуіп өткенін көріп,
    Қабағы түнеріп түндей,
    Көңілі бұзылып нілдей,
    Дауыстап перзентін шақырды қасына:
    — Ал, ұлым, күн туды басыңа,
    Бірақ сен жасыма.
    Қазақтың мейірбан даласын,
    Кеудеңе тоқыған баласың.
    Әттең — ай, әлі де шаласың!
    Жан адам көрмесін беліңді бүгілген,
    Қалдырмай келінді бүгіннен
    Қай жерден әкелсең,
    Сол жерге апарып саласың.
    Әйтпесе, бітті бар әңгіме,
    Жалғызым, әкеңнен мәңгіге
    Алыстап қаласың.
    Жігіт қанша қиналса да қайғы қажап жүрегін,
    Орындады әкесінің тілегін.
    «Десек — дағы, нанды қорлау жат қылық,
    Шалдың ісі шектен шыққан қаттылық.
    Жас келінге обал болған екен тым», —
    деп гулесіп жатты жұрт.
    Содан бері, міне, қанша жыл өтті.
    Қанша гүлзәр көктем келіп туған жерді түлетті.
    Көкірегінен желкен жайып тәтті үміт
    Қанша жігіт қырға шықты ат мініп.
    Мен ақын боп оралғанда аулыңа
    Қанша қыздар гүл сыйлады шат күліп.
    Әжей тосып сары майын сақтаған,
    Құрбыларым жырларымды жаттаған,
    Туған далам атқа сүйеп қондырып,
    Әкпем мені «жұлдызым» деп мақтаған.
    Соның бәрі Бәкір қарттың баяғы
    Қылығындай әсер еткен жоқ маған.
    Дәуірінің босаң жібін тап басқан
    Әруағыңнан айналайын, ақ бас шал.
    Жылда ауылға барған сайын мен сенің
    Кете алмаймын бейітіңе соқпастан.
    Үндемейсің, қайсар тұлға, ойы алау
    Қайран қартым, құдіретіңе тоям — ау.
    Бәлкім саған жұртқа ой салу үшін де
    Қажет болды өзіңді-өзің аямау.
    Бір кездері ерні кеуіп, сусап өскен көк шыбық
    Бәйтерек боп асқақтады
    Бұл не деген жақсылық.
    Иә, кез келген тоқшылықтың арғы тегі жоқшылық
    Асқан зорлық, бар ма бірақ, барды қадірлемеуден.
    Әттең, кейде бізге соны ойлатпайды тоқшылық!
    Адамзатқа қауіпті жау — асқыну.
    Оның бізден аулы қашық десе де
    Кеше ғана көз алдымда көшеде
    Нанды теуіп өте шықты жас сұлу.
    Тоқшылықтың күйісі ме, міне, бұл?
    Әлденеден тітіркеніп жүрегім
    Мына қызға Бәкір баба сияқты,
    Қайын ата жолыққай деп тіледім.

  • АЛҒАШҚЫ МАХАББАТҚА ХАТ
    I
    Бір үмітке бір үміт жалғадым,
    Көп-ақ екен бергенімнен алғаным.
    Заңғар көкке самғағаным не керек,
    Саған ұшып бармаған соң арманым.
    Әнмен айтып балаңдығын, пәктігін,
    Көктем де өтті зорға басып аптығын.
    Күнде баққа қыдырғаным не керек,
    Сен қасымда болмаған соң, шаттығым.
    ІІ
    Батты қанша күн қызарып,
    Атты қанша таң күліп,
    Кеудемнен сан жұлдыз ағып,
    Тау құлады жаңғырып.
    Сонда да мен сенімімнің беріктігін ән қылып
    Тым айнығыш сезімдерді ар отына жандырып.
    Жүріп келем асыл әнім, жүріп келем паң күліп,
    Өткен күннің бедерлерін өшірсе де сан күдік
    Екі адамның саусағының ыстығы,
    Маңдайымда қалып қойды мәңгілік.
    Қастерлеген бақыт атын, ар атын.
    Сол екі қол болды менің қанатым.
    Біріншісі — анам қолы, әрине,
    Екіншісі — сенің қолың болатын.
    ІІІ
    Сенің қолың кішкене нәзік қана,
    Нәзіктіктен тағдырға озып қара.
    Сенің көңілің мен үшін шалқыған көл,
    Сенің кеудең мен үшін жазық дала,
    Ұғыстырды жылдардың жолы бізді
    Күдік бізден мәңгілік қолын үзді.
    Қарсы алдымда күлімдеп тұрсың, міне,
    Көкірегіңе көп үміт толып ізгі.
    Қайғысы мен шаттығын ерте келген,
    Еркем едің өз әнін шерте келген.
    Орамалын пәктіктің белгісіндей,
    Желбірейді жарысып ерке желмен.
    Арман құсым, сен мені адал түсін,
    Саған теңдес мен қайдан табам мүсін,
    Жылдар бойы көркіне көз байлаған,
    Алғашқы іңкәр махаббат, аманбысың?
    Соқпай кеттің көп болды, жағаға сен,
    Бір жеңілдеп қалушы ем аға десең.
    Қақпаны көп, мылтықты мергені көп,
    Белестерден өттің бе аман-есен?
    Ұзақ жылдар сен маған таптырмадың,
    Тасасынан іздетіп көп тұлғаның.
    Түлкісі көп алдамшы ормандардан,
    Қалайша сен аман-сау өттің, жаным?
    Дәрменсіз ғой, дәрменсіз білек енді,
    Шікәм көңіл көтермес мінегенді.
    Жүрегімнің жазира күнгейінен,
    Сенің бейнең асқақтап түрегелді.
    Өткердің ғой өмірдің көп белесін,
    Құрбың саған қалайша өкпелесін?
    Екі айырып кетсе де жолдар бізді,
    Маған сырттай тілектес боп келесің.
    Лапылдатып жаққанмен отты неше,
    Жылдар бізден қайтеміз көп тілесе.
    Мүмкін емес дедің сен сенімменен,
    Мені біреу арзандап кетті десе.
    Көкейіңде жатса да сұрақ тұнып,
    Қандай жақсы, жақсы ғой тұрақтылық.
    Мені біреу ұсақтап кетті десе,
    Мүмкін емес дедің сен жылап тұрып.
    Аз ба, көп пе шаттығым тереңімде,
    Оны, әрине, жолымнан көремін де.
    Мені ешқашан қимадың жамандыққа,
    Әйтеуір сен қимадың мені өлімге.
    Мүмкін, әлі күшім кем, ісім бала,
    Айқындалып келеді түсім жаңа.
    Саған, күнім, мәңгілік қарыздармын,
    Маған шексіз сенгенің үшін ғана!

  • ЖІГЕРЛЕНДІРУ
    немесе
    өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап
    Сен жыладың, жігітім,
    Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
    Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
    Сен жыладың,
    Сезімің жасып ағып,
    Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып.
    Қырмызы күнім өтті деп.
    Сенгенім сатып кетті деп.
    Сен жыладың:
    Аңғармай қалдым орды деп,
    Қадамым сәтсіз болды деп,
    Бір қатты соққы алдым деп,
    Бақытсыз болып қалдым деп.
    Сен жыладың:
    Мен бірақ, селт етпедім,
    Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
    Білем сені өр көңіл, жомарт едің,
    Енді бүгін… қалай бұл кер кеткенің?
    Жә, жә, жарар,
    Өткен күн оралар ма,
    Қарау керек, бауырым, саған алға.
    Басыңдағы бөрік пе,
    Орамал ма?
    Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
    Көз жасынды көрсетпе жас сәбиге.
    Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
    Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
    Жас нәресте көруге тиісті емес,
    Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
    Әкесінің тым күйреп құлағанын.
    Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
    Екеуінің арасы бір-ақ адым.
    Көз жасынды көрсетпе сұранамын.
    Көтер, кәне, басынды, қалай бұның,
    Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
    Көтер, кәне, басынды,
    Күніңді босқа өткізіп пе едің,
    Тағдырың неге сыр айтты сараң?
    Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
    Бақытсыздық деп, кім айтты саған?
    Кім айтты саған,
    Тұлпарды сүрінбейді деп,
    Асауды мінілмейді деп,
    Ақ көйлекті кірлемейді деп,
    Қара ешкі мүжіген ағаш
    Қайтадан гүлдемейді деп?
    Кім айтты саған
    Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
    Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
    Биікті ардақтайды деп,
    Асылды қорлатпайды деп…
    Тоқырау білмес айбыны
    Адалдық деген әлемнің ұлы байлығы.
    Бетіне жиған ұятты
    Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
    Тірлікте осы баланы
    Өкпелететіңдер бар да,
    Жұбататындар бар.
    Жек көретіндер бар да,
    Ұнататындар бар.
    Арын сатып қорлайтындар бар да,
    Жанын сап қорғайтындар бар.
    Қиналып бекер алаңдадың — ау,
    Ойыңды шығар өріске.
    Өзің — ақ айтшы ғаламда мынау
    Жеңудің бәрі жеңіс пе?
    Жігітке арман жеткізіп пе еді
    Өз сорын өзі жеңбесе.
    Өмірдің барлық сәтсіздіктері
    Бақытсыздық емес, ендеше!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *