АРМАН
(Жарылқасын Нұсқабайұлына)
Ерте, ерте, ертеде
Отырарда,
Біздің іңкәр өлкеде,
Иық бұрмай тек білімнен басқаға
Қатар өсті екі бірдей жас бала.
Қатар жүріп сан өнерге машықты,
Бірге оқыды,
Бірге ойнады асықты.
Екеуіне назар бұрды ел ерек,
Өйткені олар дарынды еді керемет.
«Таңдайымыз өрісті оймен татымақ».
Деп қуана езу тартты атырап.
Ал дарындар медресені тауысты
Он екіге жасы ілікпей жатып-ақ.
Сыбағасын тағдыр дара бөлгендей,
Өсе берді төске шауып, төрге өрлей,
Екеуіне қараған жұрт сүйсінді,
Отырардың болашағын көргендей.
Отырарда жаны жайқын дария,
Ойы безбен бар еді бір қария.
Сол қария бір күні екі шәкіртті,
Құрметпенен өз үйіне шақыртты:
- Балақайлар, балапандар, көк өрім,
Сендерге бір сауал қойсам деп едім,
Туған жан деп өнерімен, өртімен
Екеуіңді сөз етіп жүр ел түгел.
Мен де танып білсем деп ем,
Кімсіңдер?
Қандай арман жетегінде жүрсіңдер,
Қандай бағыт ұстайсыңдар түбінде,
Сонша неге құштарсыңдар білімге?
Қане, Дойыл, сен айтшы?
Дойыл айтты: — Жалғыз арман бар менде,
Шектесетін қулықпен де, армен де.
Жалын шашса өнерімнің өрнегі
Сонау Йемен, Мысыр, Бағдад елдері
Түгел танып жыр ететін таңдана,
Саудагер боп шықсам деймін, жан баба.
Тірлігімде жабырқамай, жасымай,
Ата жолын қусам деймін осылай.
Бой шалдырмай бос мақтан мен өсекке
Өмірімді құрсам деймін есепке.
Ұтыласың, жебемесе желекті ой,
Бұл өнердің табиғаты ерек қой.
Қаншама елмен сауда-саттық жасауға
Соншама елдің тілін білу керек қой
Табу үшін жұрт таппаған айланы,
Көру үшін жұрт көрмеген пайданы,
Шығу үшін жұрт шықпаған белеске,
Жұрттан асқан білім керек емес пе?
Тілін таппасаң кім созбайды қол ұшын,
Өнер қажет, білім қажет сол үшін.
Қарт күрсінді: — Ұлым, желік қуыпсың!
Неге мұнша желтоқсандай суықсың?
Барымызға туған дарын болар деп
Қуанып ем,
Сорымызға туыпсың.
Сор боларсың, одан не мән табарсың,
Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың?
Бірақ Дойыл тұрып алды пандаңа: - Арманымды өзгерте алман, жан баба!
- Ал сен қалай бағыттадың нұрыңды,
Жасырмай айт,
Жасқанбай айт сырыңды –
деп қария Дойылмен бір отырған
Ұяң шәкірт жас Әбуге бұрылды.
Әбу айтты: — Менде де бар бір арман,
Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан.
Ұлы баба, бірақ менің арманым
Парыз бенен махаббаттан құралған.
Шамын жақсам ғылым менен өнердің,
Елімді зор мерекеге бөлермін.
Бұл сапарым азапты да шығар — ау,
Не де болса пешенемнен көрермін.
Мейлі мәңгі жарымайын киімге,
Мейлі түйір нан қалмасын үйімде,
Мейлі ұлының еңбек етіп арымен
Жүргендігін ұғынбасын қалың ел.
Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?!
Өнеріммен тасып толам кемерге.
Мен өзіме риза емеспін, елімнің
Сүйеніші бола алмасам егер де.
Қарт жымиды: — Бәрекелде, жаз жайраң!
Көл болмаса тояттайды қаз қайдан?!
Біреуіңнің арманыңнан шошып ем,
Бірің, міне, еттің лезде мәз-мейрам.
Бірің үшін күрсінумен өтермін,
Бірің үшін сүйсінумен өтермін,
Сөйте-сөйте мен де өмірден кетермін.
Беттеріңнен жарылқасын, тәңірім,
Ал жарайды, батам осы, барыңдар,
Отырарда туған ұлы дарындар!
Әжуасын әжіміне жасырып,
Жылдар ақты,
Жылдар ақты асығып,
Жалын еді-ау арманы айқын, өр көңіл,
Екі досты екі арнаға бөлді өмір.
Дойыл солай өзгертпеді шешімін,
Дәулет оған жылдам ашты есігін.
Өнері асқан саудагердің көп өтпей
Бағдад, Мысыр түгел білді есімін.
«Есепсіздің несібесі озар ма?»
Әйелін де баулыды ол со заңға,
Қонаққа арнап асылатын етті де
Өзі салып беріп жүрді қазанға.
Тек байлыққа деген жұтаң сараңдық
Жіберді оның бар өнерін қараң ғып.
Міне осылай жазық дарын, жас тұлға
Ұшырады әбілетті тозғынға.
Саудагерді өзге түгіл
Өзінің
Ұрпақтары кетті ұмытып аз жылда.
Ал Әбу ше?
Кеңге жайды ол қанатын,
Әбуіміз — әрі талым, әрі ақын,
Әбуіміз — біздің ұлы бабамыз
Әбу — Насыр әл — Фараби болатын.
МӘҢГІ ЛАУЛАП ЖАНУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН БАҚЫТ ТАБУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА.
ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЛАМАТЫ
Атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай ақын 72-ге келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып,жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екікүндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан, арбаға жамбастай жатып, досына жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын… Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған қайран Қорланым — ай!» — деп ағыл-тегіл жылапты.
Бірде Евгений Евтушенконың үйінде шетелдік достармен болған басқосуда мен осы оқиғаны әңгімеледім. Кенет итальян мүсіншісі орнынан тұрды да: «Мұнда сүйгеніне қосыла алмаған Естай ақынның сағынышы мен зары ғана емес, бүкіл бір ұлттың махаббатқа деген мінезі мен ерлігі жатыр екен. Осы Естай мен Қорланды туған халықтың денсаулығы үшін тост көтеруді ұсынамын», — деді.
Сол сәтте төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрды.
Қартаң әйел жұмысыма іздеп келіп, жылады:
«Жалғыз қызым бар еді, айнам,
Тірлігімнің шынары
Еркелеттім,
Өмірімді желкен еттім жолына.
Тек сол гүлдеп толыссын деп,
Тек сол кисін, сол ішсін деп,
Ештеңені аяғам жоқ, бәрін бердім қолына.
Қызым сұлу бой түзеді, ой түзеді жайдары,
Ой түзеді көз жауын ап қызғалдақтай майдағы,
Алды болды құрбысының бірге өскен.
Үмітіме бақ пен қайғы қалай қатар мінгескен?
Бекер,
Бекер жіберіппін еркіне,
Ерте түсіп қалды-ау, сірә, албырт сезім өртіне.
Бақытты едім,
Бақытты едім мен қандай
Қашан қызым жолыққанша ғашықтықтың дертіне.
Күзетшімін бұл күн есік торыған,
Туар айым тумай қалды оңынан.
Үш жыл болды.
Бұйрабас бір әртістің
Сорлы қызым жүгіріп жүр соңынан.
Ал ол иттің
(бұл қорлыққа қарашы?)
Бар әйелі, баласы.
Үйленуге қайдан келсін шамасы.
Қызым соны білмейді ме?
Біледі!
Біле тұра селт етпейді жүрегі.
Небір жайсаң жігіттерді төредей
Мазақ етіп кетпеді ме елемей?!
Бұл не деген көлден табар бақытты,
Шөлден іздеп жаңылысқан шөрегей.
Деп сенсем де: бақыт алда, жол алда,
Адасқандай кейіптемін боранда.
Ал ол үшін бұйрабас сол әртістен
Артық жан жоқ ғаламда.
Тек соны ойлап беріледі арманға,
Тек соны ойлап жылайды үйде қалғанда.
Сосын кайта жымияды:- Менен асқан бақытты
Адам жоқ деп жалғанда.
Дауа бар ма, дауа бар ма талғамға.
Жақын тартып сырласымдай бұрынғы,
Кешір, қалқам, саған аштым сырымды.
Сен ерекше сыйлы жансың қызыма.
Сыйлайтыны — жатқа оқиды жырыңды.
Өзіңе аян, қыз көңілі гүл нәзік,
Жеңе алмаспыз ер мінезбен ұр да жық.
Өтінемін,
Сол бақытсыз сорлыға
Қол ұшын бер, ой саларлық жыр жазып».
Соны айтты да шығып кетті ол қоштасып,
Тұрып қалдым ойым мұңмен астасып.
Көз алдымнан кетпей қойды мұңлы ана,
Көз алдымнан кетпей қойды жас ғашық.
Өлке даңқын артқанымен арқаға,
Әлі күнге түспей келген картаға,
Қыран ғана қалықтайтын көгінде,
Бұлттан биік заңғар аз ба,
Сұрақ, қойған таңдар аз ба,
Жазылмаған заңдар аз ба өмірде?
Күдіс пейіл кедергіден қайтқанымен меселі,
Ғашық жүрек өз тағдырын өзі ғана шешеді.
Жыға алмайды оны жұрттың өсегі.
Бұған дәлел — құдіретті «Қорлан» әні кешегі.
Қасіретті сәт соққанда әбден меңдеп кеселі
Қайран Естай, қимас досын шақырып,
Былай депті деседі: - «Ей, Нұрлыбек, өренім!
Жетпіс екі жасымда
Тұзағына іліндірді мені өлім.
Тулағанмен амал нешік, көнемін.
Тіршілікте аз созбап ең қол ұшын
Өлген соң да қажет боп тұр көмегің.
Дәл өзіңдей қайдан ұқсын қайғымды ел,
Ғашық көңіл мәңгі жасыл айдын көл.
Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,
Ал қалғаны жай күндер.
Көлмен көлдей, таумен таудай теңдесе,
Белдесуге талап қылдым мен неше.
Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға,
Елу бір жыл өмір сүрдім, ендеше.
Қорланды ойлап қиял қостым тағдарға,
Қорланды ойлап шықтым қанша заңғарға.
Сірә, мендей ғашықтықтан бақ тауып,
Сірә, мендей мұңға батқан жан бар ма?
Дүниенің өзге бақыт, шаттығын
Менсінбеген
Менің мұңым тәтті мұң.
Тәтті емей не?
Он сегізге ой салып,
Жиырма бесті таңдандырса қарттығым?!
Әттең, тағдыр қоса алмадым
Сорым ба?
Заман — жылан.
Жатып алды — ау жолымда.
Бірақ менің бақытым да, барым да
Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,
Елу бір жыл сәуле шашты қолымда.
Өр толқынға қарсы жүзген әр кеме
Мен болыппын.
Оһо, қандай мәртебе!
Бұл жүзікке елу бір жыл әйелім
Қызғанышпен қарап келді өртене.
Десе — дағы ел дәстүрі ерге сын,
Қарттарға ескерт,
Қарсыласа көрмесін.
Қорланымның көзі болған жүзікті,
Өтінемін,
Өзіммен бір жерлесін!
Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде
Ғашық болып өлу қандай мәртебе.
Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік,
Жарық беріп жатсын маған көрде де!»
Шаршатпаған арман шіркін, арман ба?
Әне, солай қайсар ақын көз жұмды.
Бұл туралы айтқан кезде Қорланға:
«Егер олай етпесе,
Естай Естай бола ма?!
Естай Естай бола ма?!
Онсыздағы жаны сұлу балаңа
Сұлу өлім сыйлапсың — ау, Жер-ана!» –
Деп жылапты кемпір байғұс еңкілдеп,
Ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп.
Нағыз ғашық қарттығына көнер ме?!
Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,
Әжімді жүзі қуарып, түнеріп,
Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,
Ақпалап, қозып делебесі де,
Бойжетіп қалған немересіне
Естайдың әнін салдырып,
Жанарын шоқтай жандырып,
«Бақыттымын, бақыттымын», — депті де,
Көз жұмыпты мәңгілік.
Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы.
Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады.
Ғашық жыры — тіршіліктің көкейтесті өлеңі.
Ешбір геометриямен
Өлшенбейтін көлемі.
Бұл сезімнің ұшан-теңіз адамзатқа берері.
Ғашық болу келсе кімнің қолынан
Әлем соған сенеді.
Құлай сүю — ерлікпен тең себебі!
Апатай — ау,
Онда неге итереміз ғашықтарды қақпанға?
Көңілінің күні жоқтардан
Табанының бүрі жоқтардан
Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.
Апатай — ау,
Қызым батты күнәға
Деп қамығып жылама,
Жанарыңды қасіретке бұлама.
Мүмкін, жолы сәтсіз шығар…
Бірақ сүю бақыты
Кез келгенге тартылмайтын сыбаға.
Апатай — ау,
Сеніміңді жасытпа,
Қашықтықты жеңе білу — мықтылық,
Нағыз бақыт — жақында емес, шықта.
Кел, ендеше, орнымыздан тік тұрып
Тост айтайық
Қашық, қиын жол таңдаған ғашыққа:
Асланы ашық болсын деп,
Сәулесін алысқа шашып қалсын деп,
Өлім де бөле алмас ғашық болсын деп,
Адамдар оларды соттауға
Асықпасын деп.
ЖЕҢІЛГЕН ЖЕҢІМПАЗ ХАҚЫНДАҒЫ ОТЫРАР ДАСТАНЫ НЕМЕСЕ ШЫҢҒЫСХАННЫҢ ҚАТЕЛІГІ
Олжас Сүлейменовке,
мына жолдардың авторына:
«О, мы не забываем, никогда
Свои тысячелетние обиды.
Великие сжигали города,
Не ведая, что летописец видит.»
«…Науқас меңдеп барады. Мына кішкене үрпек бас перзентімнің aт жалын тартып мінгенін көруді тағдырдың жазбағаны — ай! Атадан бaлaғa ауысып келе жатқан дәстүр бойынша ұлымды тіземе мінгізе отырып, Отырарды қорғау жолында түгелдей опат болған ұлы бабаларының жанқиярлық күресін сан рет әңгімеледім.
«Әлі тым жас қой, түсіне қояр ма екен?» — деп әйелім күдік те білдірді.
Жоқ, түсінуге тиіс. Түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың қашан да ғұмыры келте.
(Әкемнің досына жазған хатынан)
I- Даңқың қайда төске өрлеген?
Екі жүз мың әскерменен
Алты ай бойы кіп-кішкентай
Отырарды ала алмау,
Алты ай бойы
Отырардың осал тұсын таба алмау
Ойы — дауыл,
Сезімі — аспан,
Тек жеңіспен көзін ашқан
Менің алғыр ұрпағымның сүйегіне зор таңба,
Намысыма сызат түсті мына сенің арқаңда, —
Деп Шыңғысхан Шағатайға оқты көзін қадады. - Осы өкініш мені де өртеп барады.
Отырардың бақытына орнаған
Болар, бәлкім,
Алдырмай тұр зор қамал.
Бірақ, әке, жүргенім жоқ аянып,
Қанша үмітім желге ұшты.
Қанша әскерім жер құшты.
Дала жатыр қызыл қанға боялып,
Егер бүкпей баяндасам шындықты
Рухы — өр,
Тәні — бекем
Бұл бір қайсар халық екен,
Тірліктен де артық қойған бірлікті.
Жүрегінде ыза табы қалмағандай бір мысқал: - Шалалаусың, — деп жымиды Шыңғысхан.
Сақталмауы мүмкін емес зердеңде,
Сен тоғызға келгенде,
Ұлу жылы, Үкітайдың тойында,
Оқ өтпейтін алып батыр жайында,
Ертек айтқам оңашалап өзіңе,
Сол ертекті неге алмадың пайымға? - Кешір, әке, балалық па,
Зерсіздік пе,
Шалалық па,
Тек нобайы ғана қапты ойымда.
Ұмытпасам Массагет даласында,
Аңдысқан қас пен достың арасында
Атса садақ дарымайтын,
Мыңмен жеке шайқасса арымайтын,
Шапса қылыш кеспейтін,
Жанарынан мейірімі өшпейтін,
Өтіпті бір өжет батыр нар кісі, —
деп баласы кібіртіктеп тоқтады,
Есімде жоқ, әке, одан арғысы. - Есің кетсе, естіге кіріптарсың,
Ең бастысын ұмытқансың, —
Деп Шыңғысхан ызбарлана тіл қатты,
Әр сөзінде атан түйе қайысардай зіл жатты. —
Жә, ендеше, түсірейін есіңе.
Жомарт, аңқау сайын дала төсінде,
Сан мың әскер жеңбеген өр алыпты
Бір-ақ адам табанына салыпты.
Әлгі алыптың кеудесінде бармақтай
Оқ өтетін осал жері болыпты.
Даңқ кімнің күліп тұрса басыңда,
Сатқындық та бұғып жүрмек қасында,
Айлакер жан соны жазбай таныпты.
Қай кезде де айла кескен нарықты.
Жақын барып үңілместен жауыңа
Шығам деме, ұлым, жеңіс тауына,
Адам аз ба күшке сеніп адасқан?
Жауың мықты.
Бұған, сірә, таласпан.
Әр мықтының осал жері болмай ма?
Болса қайсы Оған бастар жол қайда?
Ал бұл сұрақ бар кез сенің жүру керек басында,
Менің күллі жеңісімнің құпиясы осында!
Көңілінен күрт серпіліп наласы, —
Ұқтым, әке, — деп жымиды баласы.
II
Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,
Алты ай бойғы алапатта жеңілмеген Отырар
Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады.
Ақыл-ойын жалындатқан,
Өнер, ғылым шамын жаққан
Ұлы қала Азияның маңдайына сыймады.
Безбүйрек жау сәбилерді,
Шал-шауқанды,
Кемпірді,
Тіпті жүкті әйелдің де ішін жарып өлтірді.
Құзғын, қарға ғана тынбай шарлап мұңлы аспанды,
Отырардың аянышты зарлы өмірі басталды.
Айдай әлем мойындаған даңқы бар,
Жүз елу мың халқы бар,
Нән қаланың асқақ әні осыменен шектелді…
Үш күннен соң екі адамды
Шыңғысханға ап келді.
Оның бірі — аты аңызға айналған,
Алты ай бойы Отырарды
Құтқарам деп арпалысқан қайраннан,
Жүрек шамы ізгіліксіз жанбайтын,
Аман өткен сан алапат майданнан,
Қанаттыны талаптыға жалғайтын,
Фараби мен Иассауидің жырларын
Таңнан таңға жатқа айтудан талмайтын,
Әрі өзгеше ел басқару мәнері
Отырардың Қайыр атты ханы еді.
Екіншісі — қара мұрты қара түн,
Қара түнде қаққан қара қанатын,
Шағатайға Отырардың қақпасын
Ашып берген Қарашоқы болатын.
Қайран тірлік, бақ пенен сор қырқысқан,
Түлкі сайтан,
Қыран өрге тырмысқан.
Екеуіне алма-кезек көз тастап,
Ұзақ, үнсіз,ойға шомды Шыңғысхан.
Иә, Қайырхан, — деді сосын жай ғана —
Рух ердің өзегі ғой қайда да.
Ең әрісі
Жеңілістің өзін де,
Шешкің келіп тұр өзіңнің пайдаңа.
Жігіттерім рухыңа қармақты
Салмақ болып,
Тәніңді әбден қорлапты.
Батырлықтан бағың бірақ жанған, ә,
Маған қарап күліп тұрсың сонда да.
Олар сенің жеңгенімен тәніңді,
Амал нешік,
Жеңе алмапты жаныңды.
Мысқыл күлкің салды маған қаншама ой,
Шіркін, сендей бес қолбасшым болса ғой,
Қалың қолым ұқсап дүлей тасқынға
Бөлеп дарқан күйге мені
Бүкіл әлем билер еді,
Аяғымның астында.
Ха – ха – ха – ха — ха, ал мына бір сатқынды
Құдай саған қайдан ғана тап қылды.
Қайғылы әрі күлкілі.
Қайран аңқау дара тұлға
Аңғармапсың қанатыңа
Жасырынған түлкіні.
Ерлігіңе осы болсын сыйлығым,
Сатан қидым бұл сатқынның билігін.
Тұр еді еркін езу жимай күлімдеп,
Мына әңгіме лезде құтын қашырды.
Қарашоқы есі шығып, дірілдеп
Шыңғысханның аяғына бас ұрды: - Ұлы ханым,
Әділдік пе мұныңыз?
Өле өлгенше боп өтейін құлыңыз, Отырарды
Мен қол ұшын бермесем,
Оңай жаулап алар ма еді ұлыңыз? - Оған дау жоқ, — деді Шыңғыс түнеріп, —
Сенен асқан бар ма бірақ тірі өлік.
Қастерлінің бәрін жыққан табанға
Азған сен бе
Әлде мына заман ба?
Тым құрыса
Қасиетті бір сезім
Қалу керек емес пе әрбір адамда?
Рас,
Менің нөкерлерім безбүйрек
Зұлымдықты ерлік деп те таниды.
Олар тіпті өкшесімен езгілеп,
Кете алады жазығы жоқ сәбиді.
Одан да ірі хайуандыққа жете алады төзімі,
Бәрін өзім үйреткенмін о баста.
Қаталдық пен аяушылық сезімі,
Жауынгердің жүрегінде түспеу керек таласқа.
Түспеу ләзім қос сезімнің дауына
Мен осыған қатты көңіл бөлемін.
Қаншама иттік етсе де олар жауына
Туған жерін сатпасына сенемін.
Дәмелендің
Шығарар деп төріне.
Жетті көзің, ол үмітің құр елес.
Опасыздық жасадың ба еліңе,
Ертең саған мені сату түк емес.
Шарам нешік,
Тұрмын сені тіпті аяп.
Сорлы Отансыз,
Қарайыпсың қаныңа.
Қашан мені сатарыңды күтпей-ақ
Алдынды орап кеткеніме налыма.
Жақсылығым қайтпады деп арыма.
Сатқындыққа сатқындықпен тіл қату
Ұқсамай ма табиғаттың заңына.
Құлақ түрер кім қалды енді зарыңа?
О дүние сапарына,
Сатқыным,
Сеніп аттан әділдіктің барына! —
Нөкеріне бұрылып: - Кәне, қылыш ұстатыңдар
Қайсар батыр Қайырханның қолына! - Тоқта, Шыңғыс, — деп Қайырхан саңқ етті,
Бұл баланың әкесі бір нар текті
Адам еді елге сыйлы, зиялы,
Адам еді адал, ұшқыр қиялы.
Әкесі үшін перзентіне сеніп ем,
Сатқын болып шықты мына тұяғы.
Оны ойласам от жүрегім қан болар
Сеніміме содан түскен таңба бар.
Мақұл көрсең
Әкесін бұл сатқынның
Осы араға алдырғаның жөн болар.
Келді ме әлде жауынан сыр тартқысы,
Шыңғыс басын изеді оған үн-түнсіз.
Біраздан соң
Қаба сақал қарт кісі,
Екеуіне қарсы қарап тұрды үнсіз.
Қайыр айтты: - Жылан туса жыланнан,
Құлан туса құланнан
Таңданатын түк те жоқ,
Бірақ жылан қалай туды қыраннан?
Қария айтты: - Сыйлы басым қуарды,
Жария етіп жалғанымды.
Менің қыран болғанымды
Заман бүгін өтірікке шығарды.
Әділі сол, көнбе мейлің, көн мейлің,
Әр адымы қиындаған,
Адал өлім бұйырмаған
Менен сорлы жан бар десең, сенбеймін.
Ең негізгі кінә, әрине, өзімде.
Бұл баланы жаңа туған кезінде
Перзент үні тұсаған жан мұратын
Афрасиабтың әр жағында тұратын
Нағашысы бауырына басқан-ды.
Қателігім осы арадан басталды.
Кіндік кескен өлкесінің сорына
Ержеткен соң қайта келді қолыма.
Бөренені жарып шыққан сынадай
Бабалардан бізге жеткен,
Құлақтыны іздеп өткен,
Өсиет бар мынадай:
«Әр нәресте қашан есі кіргенше,
Жер қадірін,
Ер қадірін білгенше,
Алғашқы әнтек қылығына
Өзі ұялып күлгенше,
Көтергенше балаң ойдың желкенін
Қинаса да қиқар соқпақ, қиыс жол,
Өзін туған қасиетті өлкенің
Ауасымен дем алуға тиісті ол!»
Мен осынау борышыма әкелік
Немқұрайды қарадым да,
Кінәлі боп ар алдында
Жібердім зор орны толмас қателік.
Міне, төрім бірігіп тұр көріме,
Көрінетін бетім бар ма еліме?
Мына сатқын перзентіме қосақтап
Өлтіруге міндеттісің мені де!
Азғандықтың соңы бізбен құрысын,
Сабақ болсын ертеңгі атар күн үшін.
Құм мәңгілік бүркей алмас асылды,
Даңқың көктеп өтеді әлі ғасырды.
Ал қимылда,
Қалды уақыт тым қысқа.
Қағу үшін сенін қайсар басынды
Асығып тұр мынау залым Шыңғыс та!
Қайыр айтты: - Иә, қоштасар келді күн
Азбан Шыңғыс ел тарихын қорлады — ау.
Ойлап тұрсаң, енді бәрі арман — ау.
Отырардың жан қиярлық ерлігін
Жыр ететін,
Әттең, ақын қалмады — ау!
Шыңғыс айтты: - Өкінгенмен болмайды,
Ешкімге де берілмейді бас сауға.
Бұйрық еттім түгел қырып тастауға
Отырарда еркек кіндік қалмайды!
Қария айтты: - Қателестің. қалады!
Жұма бұрын
Шеткі Елші қақпадан,
Жүзін жалын қақтаған
Мен құтқарып жібердім бір баланы. - Бәрекелде,
Бұл еңбегің жарады!
Бірақ одан ұрпақ тарап,
Одан ақын туғанша.
Ал ол ақын ата жолын қуғанша,
Кеудесіне сидырғанша даланы,
Айырғанша ақтан бөліп қараны,
Талай өзен тасып өтер,
Бәлкім, талай ғасыр өтер —
деп, Қайырхан жасқа толып жанары
Отырарға қимай, ұзақ қарады.
III
Оян, Қайыр бабатайым, қасиеттім, қымбаттым!
Сан алапат тасырдан соң,
Тасыр дауыл басылған соң,
Жеті жарым ғасырдан соң
Өзіңді іздеп тіл қаттым.
Аман қапты батыр арман,
Отқа оранған Отырардан
Қашып шыққан сол баяғы баладан
Бұл күндері санатты ұрпақ тараған.
Дәуірінің қанатында самғаған
Сол ұрпақтан шыққан ақын мен болам.
Кешіктің деп кінәлама, айбарлым,
Сені ояту үшін қанша ойландым.
Еңіреген ер ең аузы дуалы,
Бізге жетті жүрегіңнің шуағы.
Түп-тамырын сенен алып жатқан ел
Саған ұқсас батырларын туады.
Күллі Азия көз тігетін таңдана
Құм астынан көрінбейді паң қала.
Сол қалаға арнаған бұл жырымды,
Оң қабақпен қабылдай көр, жан баба!