ТӨРТ AНA
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана.
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ — түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН TIJII — мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ — ДӘСТҮРІ — тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана — тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы!
ӘМІР-ТЕМІРДІҢ СОҢҒЫ ӨСИЕТІ
Күш пен ақыл кімде мықты — соның даңқы ең үстем.
Қиып өтіп өзен-көлден,
Қия — шыңнан,
Еңістен.
Сырнайлатып,
Кернейлетіп Әмір — Темір әскері
Мәрмәр қала Самарқанға оралды зор жеңіспен.
Кешке таман тұс — тұсынан сансыз жарық самсаған
Көк Сарайдың аясында шаттық қосты қанша адам.
Аққу мойын әсем әндер қалықтады төбеде
Темірдің бұл жеңісі еді көптен күтіп, аңсаған.
Ой — сезімді айналдырып інжу — тізбек алқаға
Қожа Хафиз шабыттанып жыр оқыды ортада.
Әмір-Темір қанаттана,
Жырға балқып,
Шоқтанып,
Арайланған жанарында шоқтай қызу от жанып:
- Неткен асқақ сұлулық бұл,
Неткен жомарт сезім! — деп
Қайта-қайта басын изеп, қолын соқты шаттанып.
Кенет біреу алға шығып бұрды өзіне жиынды,
Ханға қарап қалбаң қағып, бірнеше рет иілді:
-О, кемеңгер қасиеттім, ұлылардың ұлысы,
Даңқымыздың көшбасшысы, құдіреті, тынысы,
Сізсіз күллі Азияның бітпек емес бір ісі,
Сізден асқан данышпан жоқ,
Егер біреу бар десе
Оның өзі Сіздегі ұлы парасаттың інісі.
Тіпті әлемде Сізбен қатар қоя алмаймыз ешкімді! - Дұрыс!
- Шын сөз!
- Хан жасасын! — деген қоштау естілді.
- Қай кезде де сом алтынның қадірі жоқ қолдағы
- Деп әлгі адам әңгімесін әрі қарай жалғады,
- Шын өнердің мәнін білер,
Сөздің сәнін, дәмін білер,
Талғамыңыз тағы мені таң қалдырды, алыбым,
Сізді барлап өлең сөздің құдіретін таныдым.
Өнегеңіз ғасырлардан ғасырларға көшеді көсемі бар елдің бағы бес елі! - Тоқта!
Доғар!
Сарапталық,
Сен бе, мен бе жетесіз?
Сөзбен арбап, матау жолын меңгеріпсің қатесіз.
Бір күшейсе, өткел бермес тоғышарлық індеті.
Әр адамның тірліктегі зор замани міндеті
— Саһ өнерді ардақ тұту және терең түсіну.
Жан байлығын есепке алмау — босқа көкіп, ісіну,
Халқымыздың ұлы рухын, бедел — парқын түсіру.
Тек қарынға билік берсек мына ғалам не болмақ?
Онда ізгілік өзендері ақпай қалар табандап.
Қашыр озып,
Тұлпарлардың мерейі ақсап,
Шабандап,
Қарға біткен қарқылдасып, қырандарды жамандап,
Биік пенен аласаның шекарасы жоғалмақ.
Тұс-тұсынан мақтау сөздер құлағанмен көшкін боп,
Әлі күнге жағымпазын жазалаған ешкім жоқ.
Диірменің айналған соң жалғандықтың желімен
Басқа арнаға түсіруге міндеттімін сені мен…
Сәл ойланып:
— Кімсің өзің, мақсатың не? — деді хан.
— Әрқашан да орын ашқан
Сізге жүрек төрінен Қорасанның хакімін…
Құттықтауға келіп ем…
— Жалған хакім, жалған таудың даңқы жермен теңесін.
Бар, қайта бер!
Қорасанға енді хакім емессің! - Ұлағатты ұлы ханым, күн келбеттім, кеңісім,
Мұныңыз тым ауыр жаза болмас па екен мен үшін.
Шетке қағу — өзіңізге шын берілген хакімді
Тарылтпай ма сіздегі ұлы жомарттықтың өрісін?
— Міне, міне, сын сағатта санаң қалай бұлтыңдар
Қырдың қызыл түлкісін де алдап кетер тұрқың бар.
Жанарымды тұздай етіп,
Өтпей жүрген қыздай етіп
Көзсіз мақтап, беделімді асырдың — ау таудан да.
Сен жанымнан табылар ма ең бастан бағым ауғанда?
Ондай шақта жалт бұрылып кетеріңе дау бар ма!
Мадақ сөздер төбесінен қарша борап жауғанда,
Елікпейтін басшының тым аз боларын білесің
Сондықтан сен қатерлісің жасырынған жаудан да.
Билік деген — қалың елдің көз қадайтын алаңы.
Мені жиі, жөнсіз мақтау салтқа айналып барады
Кейбір қулар шектен шығып, тіпті теңеу таппауда.
Жалған жыршы, жалған ақын,
Желпи келіп жел қанатын
Бұдан былай ерік берсе әділетсіз мақтауға,
Сол сәтінде — ақ бұйырамын қатал, ауыр жазаға!
Әділетті жаза бар да ғаділетті ел аза ма?
Таразылар уақыт кейін, кім бөркемік, кім мықты,
Тек әділ сын — ел тірегі,
Жалған мақтау өлтіреді,
Әміршінің санасынан сығалаған шындықты.
Ал, бұл жұртқа әкеледі қанша қайғы-қасірет.
Құнсыз етіп мерей көгін,
Жағымпаздың көбейгенін
Ұғу керек туар жаңа қасіреттің басы деп.
Мың намыссыз жағымпаздан құлдық ұра құлаған
Артық маған қасқайып кеп шындықты айтқан бір адам.
Енді шындық менің мына билік құрған өлкемде
Ізгілікпен жұптасады,
Нық басады ертеңге —
Деп әміршіні жігер жүзген жанарында бақ жанып,
Жанған бақпен шығып кетті қалың жұртты қақ жарып.
Содан бері қанша жапты сонау таудың басын қар.
Сан гүлденіп, сан қуарып,
Әмір-Темір даңқын алып
Жұмыр жердің кеудесінен ұшты дүлей ғасырлар.
…Бас қолбасшы Самарқанның бас көшесі бойында
Ескерткіш боп биіктеп тұр, берілгендей пайымға,
Берілгендей уайымға,
Ғасырында есепсіз көп қан төккені жайында,
Бірақ ұлы бір мінезді салт еткені жайында…
Нән бәйтерек әлдене деп сыбырлайды қайыңға…
Ханның соңғы өсиеті,
Сөзге айналған қасиеті
Алты жүз жыл өткеннен соң, кәне, кімнің ойында?
Бір жас жігіт мінбеде тұр.
(Сырт көзге тым ақылды),
Қосатындай көңілменен алыс пенен жақынды
Қалбақтады, жалбақтады,
Арыстан ғып ардақтады,
Данышпан ғып салмақтады,
Ескерткішті орнатуға бұйрық берген хакімді.
…Сәлден кейін хакім оны өз қасына шақырды.
Нақ сол тұста он, қанаттан,
Парасаты самғап аққан,
Өзегінен гүл көктеген,
Темір аса құрметтеген,
Қожа Хафиз өлеңдері жаңғырыға оқылды…
………………………………………………………………………….
Ой салар деп сеніп едім талай жаңа кескінге
Ұлы жырға бірақ назар аудармады ешкім де…
— ? ? ?
Нақ сол тұста он, қанаттан,
Парасаты самғап аққан,
Өзегінен гүл көктеген,
Темір аса құрметтеген,
Қожа Хафиз өлеңдері жаңғырыға оқылды…
………………………………………………………………………….
Ой салар деп сеніп едім талай жаңа кескінге
Ұлы жырға бірақ назар аудармады ешкім де…
— ? ? ?
ЭВЕРЕСТКЕ ШЫҒУ
Қадалған көз таларлық,
Жігер отын жанар ғып,
Эверестке шыққандардың тізімі,
Саусақпенен санарлық.
Махаббат та шың сияқты:
Күн жақындап қасына,
Бұлт қонатын тасына,
Қыран тектес жандар ғана
Шыға алатын басына…
Бәрі бітті.
Құлайды арман дауыл жыққан қайыңша,
Ел күлмей ме ессіз үрей ықпалына бой ұрса?!
Өзін-өзі өлтіруге тиісті еді Транзей
Сол кездегі әміршінің қатал заңы бойынша.
«Мені айналып, өте алмайтын кезеңге тап болдың ба?»
Дегендей — ақ жарқ-жұрқ етіп қанжар жатты алдында.
«Қайсар Рим заңы солай,
Көзіңді енді құрт, батыр» —
Деген сөзді оймен айтып, біраз адам сыртта тұр.
Бөлме дел-сал, жүріп жатыр өмір, өлім таласы,
Ал, қанжарға қол бармайды, бұл азапқа қарашы.
Гүлзар тірлік қимастықпен жымиғанда қиылып,
Ең бастапқы қатқыл ойы бірте-бірте сұйылып,
Дір-дір етіп, дегбірі ұшып қалшылдады бейшара.
Намысына тірек етер ерлік таппай күйініп.
Осы сәтте кіріп келді Аррия,
Ақша қардай аппақ көйлек киініп,
Жанарынан жан тербетер назды сәуле құйылып.
Асқақ ұстап, сұңғақ бойын сымбатты,
Транзейге әйел былай тіл қатты:
Құдай саған еркек деген ат берді,
Дәулет берді,
Атақ берді,
Бақ берді.
Шараң қанша енді соның бәрімен,
Қоштасатын шақ келді.
Кимекпісің қорқақ атын ноқта ғып,
Қалсын десең еркек атың сақталып,
Есінді жи, айнам менің, есінді жи, қамықпа,
Ел мазағын көтеруден өлім ауыр болып па?!
Илан маған, тіпті түк те қиындығы жоқ мұның,
Батыл ұста қанжарыңды, батыл ұста, шоқтығым!
Ездік мінез сынға түспей қойсын қайдан байқала,
Қиындықсыз келген бақыт кетер кезін айта ма?
Бұл ерлігің болсын сенің ең алғашқы, ең соңғы
Кәне, менің қимылымды қайтала!
Аррия ару Транзейге ойлы көзін ойната,
Жүзін гүлдей жайната,
Күле қарап, тұрдыдағы қанжарын,
Жүрегіне сұғып алды бойлата…
Шулы, даулы пікір тастап артында,
Бір-біріне қол созысқан қалпында,
Біраздан соң екі бейне жатты үнсіз…
Кемітпеген тіпті қорқақ күйеуінің нарқын да
Ұлылық бар сол әйелдің даңқында…
Бірақ мақтау қажет те емес алтынға.
АЛТЫН, КҮМІС ЖӘНЕ ҚАЛАЙЫ
Ш. Айтматовқа
Пәстеу соғып сырт көркі мазмұнынан,
Бекер болды-ау, мезгілсіз тозды бір ән.
Мыстан құйдық тұлғасын ұлылардың,
Жер бетінде алтынның аздығынан.
Міне, тағы құлашын жазды бір ән,
Көркі осалдық етпегей мазмұнынан.
Сорпа ішеміз қалайы қасықпенен,
Жер бетінде күмістің аздығынан.
Жасық жайлы жасампаз ойға қалып,
Жарар еді кетпесек майдаланып.
Сары шымшық сан рет той бастады,
Бұлбұлдардың аздығын пайдаланып.
Қалайы өтсе күмістің есімімен,
Үйреніппіз қарауға кешіріммен.
Соның бәрі асылдың аздығынан,
Азға зорлық жасаудың кесірінен.
ЕРКЕКТЕР ЖЫРЬІ
Қалқам,
Мені сыйлайтының шын болса,
Мені жатқа қимайтының шын болса.
Маған өріс тілейтінің,
Маған жеңіс тілейтінің шын болса,
Мен сүрінген, мен қиналған кездерде
Жадап-жүдеп жүргенімді,
Мұңға батқан түндерімді.
Сездірме сен өзгеге.
Және өзің де айта көрме:- Саған ауыр болды, — деп,
- Нала — мұңнан арқаң жауыр болды, — деп.
Өйтіп менің намысымнан аттама,
Жазғыр мейлің,
Табалай бер, көтерем
Мүсіркеушім бола көрме тек қана.
…Біздің тауда қанатына қаңғырған бір оқ тиіп,
Ата қыран ұясында тартып жатты көп күйік.
Кей кездері ызадан жарылардай
Дөңбекшіді ол қорлыққа бағына алмай.
Бала қыран күндікке тауды кезіп.
Жем тасыды ұяға жаны қалмай.
Ата қыран перзентінің қамқорлығын құп алып.
Шүкіршілік етті іштей қуанып.
Ол ойлады: «Ұзақ қайғы бола қоймас бұл аса,
Құлантаза сауығамын, тағы екі-үш ай шыдасам»
Бірақ бір күн бала қыран оған былай тіл қатты:
«Баға жетпес асылымсың, ардағымсың, қымбатты.
Әбден қажып сорладың — ау, жүдедің — ау тым қатты.
Есіме алсам баяғы шат күндеріңді еңселі,
Жаным жылап аяп кетем, аяп кетем мен сені!» - Тоқтат! — деді ата қыран қалш-қалш етіп долданып,
- Бекер жатқан екенмін ғой, ұлым бар деп малданып.
Көкірегін бір алапат ыза буып алды да,
Ұясының аузына әрең жүріп барды да,
Жан шошытар жалтыр құздан құлап өлді табанда.
Қалқам!
Ерлік даңқы қанат жайған мына ұлы заманда
Мүсіркеу сөз есітуден өлім жеңіл маған да!!!
ӘЙЕЛДЕР
Не толқытса соның мұңын тартасың…
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты:- Науқастан ба ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден. - Бәрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен цыгандарды жұмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, - Дедім күліп.
Бірақ қыздың байсалды
Әзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайды қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы — мұз.
Әйел біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Хас сұлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал қызғаныш құрды деп кім айта алады аз қақпан.
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куә анау төбе томпиған
Анау шыңдар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып жылу болмау,
Әйел болып сұлу болмау
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлге шашылмағай шұғылаң.
Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Әйел — еркек намысының қорғаны.
Нағыз сұлу әйел табу —
Бүкіл еркек атаулының арманы.
Нағыз сұлу әйел үшін қажет кезде жан қию,
Бұл — жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе азаматтық семеді.
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық бір әйел бар.
Ол әйел
Менде сондай күш барына сенеді!