ЦЕМЕНТ
С. Сейтжановқа
Құм мен құмды біріктіріп жалғайтын,
Тас пен тасты біріктіріп қолдайтын
Топтасуға жаны ғашық,
Үгілгеннің бағын ашып
Тек тұтастық мүддесінен самғайтын
Құрылысқа арзан әрі тиімді,
Теңге ететін, қонды ететін тиынды,
Жаңа цемент ойлап таптың, жас ғалым,
Құрмет көргей құмға жазған дастаның.
Азаматтық санамыздан ғылым озса не етерміз?
Аман тұрсақ әлі талай жаңалыққа жетерміз.
Бірақ мынау ұлтымызды жауырыны құрысқан,
Бірлік емес, байлық үшін жұлысқан
Бас басына би болуға тырысқан
Қалай, қайтіп біріктірер екенбіз,
Қалай, қайтіп кіріктірер екенбіз?
Рухсыз бен ұлтсыздың бағы жанған заманда
Басымды ием, дәл осы іске цемент тапқан адамға
ОРАЛУ
(Мойынқұмдағы Қайрат Рысқұлбековтің
ескерткішін ашардағы сөз)
Нақ төрінен мәңгі ит жығыс түсіп жатқан майданның,
Жігеріңмен көктен өтіп,
Ұлт мүддесін шекпен етіп,
Төбең бір сәт көкке жетіп
Өз өлкеңе ескерткіш боп оралдың ба, айдарым!
Жетекке алып саналы арман,
Бүршігіңді жаңа жарған шағыңда,
Денең қалып сонау Семей түрмесінің маңында
Мойынқұмның топырағын қайта бастың кемелдеп,
Ара жігін ерлік пенен ездіктің
Бір-ақ қадам екендігін дәлелдеп.
Қиын сәтте жалау еткен намысын,
Даңқың ассын, қайсар ұлан, жанын қиған ар үшін.
Ноғайбайдың перзенті боп Алматыға кетіп ең,
Бар қазақтың мақтаны боп қайта оралдың, арысым!
«ӨРКЕНИЕТТІҢ АДАСУЫ»
дастанынан үзінділер
жартылар
Елге ағалық еткен қарттан алғыр, құйма құлақты,
Қонақтары сұрапты:
— Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?
— Бір жарым! — деп тіл қатыпты әлгі адам. —
Ал, дәл айтам, үш ұлым бар зерек әрі білімді,
Үшеуі де ғылым қуып, назарға ерте ілінді.
Сол үш ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының сан ғасырлық рухына жалғады.
Екі ұлымның тағдырында бұл өзгеріс болмады.
Рухы, жаны саяздардың ұғу қиын парқын да,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға
Мейлі, Мейлі,
Қос ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң, көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар.
Қазір неге рухсыздық секілді зор батырлық,
Неге нәрсіз қалталыдан зардап шегіп жатыр жұрт
Ең дарынды ұрыларда — ең тойымсыз асқазан,
Әр қазанның тасасында ең азы үш, бес қазан…
Есепсіз сол көп қазандар заңдастырып әр ісін
Қорғамаққа құлшынады аңқау елдің намысын. :
«Қалың жұртты көтерген жөн талғамына Гогольдің
Гогольді елдің деңгейіне төмендетсең — жеңілдің»
Міне, осы жүз жыл бұрын Чехов айтқан сөз әлі
Қанаттыны, құлақтыны іздеп мойын созады.
Ньютон ашқан үшінші заң нені үндейді білдік пе
«Әрбір қимыл — қарсы Қимыл тудырады» тірлікте.
Егер карын байлығынан рухымыз пәс тұрса,
Ұқсас, тектес жебір ойлар бір бағытта асқынса,
Қоғам қалай ұстай алмақ әділ ойдың шылбырын,
Жан байлығы саяз күштер жек көреді бір-бірін.
ЕЛ ТІЛЕГІНІҢ КҮШІ
Тағдырының той — қызығы тарқаған,
Өлкедегі ең бай әрі қарт адам,
Сәуле шашқан досы түгіл қасына,
Шығып алып құзар таудың басына,
Жаратқаннан ұлы демеу сұрады,
Үш күн, үш түн жалбарынып жылады.
-О, тәңірім,
Санам мұңға шайлықты,
Бердің маған бұл маңда жоқ байлықты.
Адам аз ба барлықты даңқ санаған,
Бірақ бақыт таба алмадым мен одан.
Қарттық жеңді,
Көрде тұр бір аяғым,
Осыменен бітпек пе өмір баяным?
Көз жұмарда нені демеу етемін,
Байлығымды кімге сеніп кетемін?
Пейілі мен мерейінен таң атқан,
Бір нәресте сыйла маған, жаратқан?!
Сүмбіле шың болып лезде жап-жарық,
Үн естілді ақша бұлтты қақ жарып:
- Сен перзентсіз өтесің бұл өмірден,
Саған сондай жалқы тағдыр берілген,
Ол шешімім өзгермейді және де!
-О, жаратқан, тәтті арманым өле ме? –
Деп сорлы қарт тұманданып көз алды,
Ұзақ жатты, сосын қайта сөз алды.
— Онда маған мұңға төзер сана бер,
Және үш күндік ғұмыры бар бала бер.
Нәрестемнің иісін жұту мен үшін
Басты арманым, еді қарттық жеңісім… - Мейлі, болсын! — деді Тәңір дауысы
Алтын нұрмен арайланды тау іші.
Неткен жұмбақ ғұмыр еді бұл тәтті,
Тоғыз айда жас тоқалы ұл тапты.
Нәрестесін құшып, иіскеп шал сорлы,
Сәл де болса тағдырынан бал сорды.
Жомарт көңілін шуақты ойға батырып
Той жасады елді түгел шақырып.
Ат мінгізді жігіттерге санатты,
Балалы үйге сауын сиыр таратты.
Мәрттік нұры асқақтатып қиялды,
Жетім-жесір тоғыз қойдан сый алды…
Пейіл барда зейін қалай қалғысын,
Шын жүректен білдірді жұрт алғысын:
— Бойлайтындай ел мен жердің сырына
Ұзақ ғұмыр берсін, алла, ұлыңа!
— Ер мен ездің жігін оңай сезінген,
Құдіретті күш кетпесін сөзіңнен!
— Перзентіңнің мейірім ойнап көзінен,
Жомарттығы асып түссін өзіңнен.
— О, құдайым, пендем десең сен егер,
Мына қартқа құламас бақ бере гөр!
Уәделі үш күн тақау қалды бітуге,
Бейшара шал жаманшылық күтуде.
Төрт күн өтті, он күн өтті… бала аман
Бірақ қауіп өшер емес санадан.
Қырық күн де желіп өтті асыға
Шал қайтадан заңғар таудың басына
Көтеріліп, алғыс айтты тәңірге:
— Мұндай шаттық көрмеп едім өмірде,
О, жаратқан, сенім өлсе — ер жетім.
Өзің үш күн ғұмыр берген перзентім
Әлі тірі. Бір күннен соң бір күннен,
Қатер күтіп, ұйықтай ал май жүрмін мен.
Өр адами тағдырымды ырза ғып,
Еттің маған неге мұнша мырзалық?
— Жоқ, сен өзің мырза екенсің, о пендем,
Адамдығын ту ғып шырқау көтерген. - Деді Тәңір ақша бұлттың ішінен —
Сен және де дарқан жүрек күшімен
Қуантуға тырыстың әр адамды,
Сол пейілің сақтап қалды баланды.
Қатал тірлік қасіретінен арыған,
Сенің жомарт мінезіңді таныған,
Үлкен-кіші түгел айтып ақ тілек,
Жатты өзіңе, балаңа да бақ тілеп.
Адам ылғи бір ізгі істі сағынса,
Игі тілек арнасынан табылса,
Демелсе егер тілек көптің қолымен,
Ескерусіз қалдыра алман оны мен.
Жомарттық бұл мәңгі арымас қайсар күш,
Саған алғыс айтқандарға айт алғыс!!!…
Қарттың кенет шарықтап ой — шынары,
Ашылғандай шаттығының бұлағы,
Бұлттан бөрік киген тауды жаңғыртып
Қуаныштан айқай салып жылады.
БАҚЫТ ГЕОМЕТРИЯСЫ
«БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»
Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.
Талайларға байлық жинау болса дағы бас арман,
Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған.
Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен,
Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген.
Әлде Бақыт билік пен екен қылыш мүдде ұстаған,
Тіпті қайсар қырандары рұқсатсыз ұшпаған,
Жағымпазы сырт көздерді шошындырып сұрқымен,
Бастығының көн етігін шөткелеген мұртымен.
Шын парасат иелері бірақ оған бармаған,
Олар өзін жаудан бұрын жағымпаздан қорғаған.
Иә, биліктің кадамы тоқ, қамалы жоқ алмаған,
Кей қасқалар биліктен де бақыт таппай сорлаған.
«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене
Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме»
Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты
Әбден қажып, шашы ағарған
ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты:- Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің
Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.
Қане менің соңымнан ер…
Мынау үйге қарашы
Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.
Үй иесі — жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,
Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.
Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,
Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.
Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп
Шын жүректен қуана алмау — ең қауіпті қасірет!
Солай, солай… Енді, ақыным, мұнда бұрыл деп мені
Шындық тағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері: - Терезеден қара — деді, жақын тұрып қарадым,
Төрде отырған қос жұбайға түсті кенет жанарым.
Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастарқан
Дастарқанға тек қара нан, қос түйір қант тасталған…
Күйеуі айтты: жалақы алдым, ертең базар баралық
Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық! - Көйлегім бар — деді әйелі (қабағына мұң қонды)
— Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды…
Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,
Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп
Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,
Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.
Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,
Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.
Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті
Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.
«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»
Деп қиялдап, әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,
Қымбаттым — ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой.
Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,
Оған себеп, қанағатсыз адамдардың көптігі… …………………………………………………………………………
О, тәңірім,
Қанағатпен басар болса аптығын,
Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!
ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер…
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сай сені бақыт не сор іздеп табады.
…Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас.
Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.