ЖАҢА ҚАЗАҚТАР
Немесе
рухани байлықсыз да мемлекет құруға
болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат
Жаңа қазақ, шала қазақ жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.
Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,
Жүрегінде сезім емес, қорғасын,
Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.
Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға,
Һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.
Сенде қазір думан дәурен, масат күн,
Өзіңді-өзің бар жауаптан босаттың,
Рухани байлыққа да тас аттың.
Аудандағы жалғыз кітап дүкенін
Сатып алып, сырахана жасаттың.
Тез ашылып саудагерлік дарының,
Таудан, тастан қайтпастай өр арының,
Саудаладың Алматының жарымын.
Ұлағатты ұлы қазақ елінде
Сатылмайтын нәрселер де бар, інім.
Жалғыз саған борыштыдай бар халық,
Топ ішінде ісіп — кеуіп, нарланып,
Кейкиесің қол беруге арланып
Дегенмен біз сені туған ұлттың
Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.
Көз көп қазір сыртымыздан сын айтар
Бәйтеректі мазақтаса құмай тал,
Ерден бұрын ел сенімін мұңайтар.
Бірақ бізге өз ұлтыңды өзгеден
Кем сүйесің деп, қанекей, кім айтар?
Асау даусы әр қиырдан естілген
Ағаң бізбіз ерте есейіп, кеш күлген.
Аман қалған талай қарлы көшкіннен.
Уақыт артқан абырой мен беделі
Сұрап, сатып алынбаған ешкімнен.
Желтоқсанда құрық түсіп арманға,
Жас буынның өзегін өрт шалғанда,
Үнсіздігі айналып зор қорғанға,
Дәл бүгінгі батырлардың көбісі
Столына жасырынып қалғанда,
Найзағайлар жарқ-жұрқ ойнап аспанда,
Ұлтымызға ызғарлы үрей шашқанда,
Қыздарымыз қайсар мінез ашқанда,
Кей еркектер құдай қара басқанда
Ұқсағанда піштірілген қошқарға,
Қонаевтың жақсылығын көргендер
Қонаевты жалғыз тастап қашқанда
Сахаровқа іні болып табысып,
Горбачевпен, Крючковпен қағысып,
Талай залым алпауытпен алысып,
Біз тіккенбіз басымызды бәйгеге
Бар қазақтың ар-намысын ап ұшып.
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары шапқан кезде насырға,
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім қосып мейірімсіздеу ғасырға.
Тамырсыз жан жұрт мұңына саңырау
Деген пікір рас па еді, тәңір — ау?
Неге болдық рухсызға қоңырау?
Қандай қорлық, ағыл-тегіл дәулеттен
Дәулеттінің жан байлығын танымау.
Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде,
Егемен ел болуды аңсап түсінде,
Ұлы арманы запыран боп ішінде,
Сан ғасырлық ұлтымыздың шайқасы
Сендейлерді тайраңдату үшін бе?
Мұндай бақты көрдің бе екен түсінде,
Бүгін жұртты менсінбеген пішінде,
Шыға келдің айналып тас мүсінге.
Біздің қилы күресіміз кешегі
Сені атқа отырғызу үшін бе?
Біздің дәуір нарықтан кеп табылды
Бірақ, нарық жүрмей жатып жаңылды.
Нақ сол тұста сынап қалдың бағыңды.
Қоғам мүлкін заңдастыра жымқырып
Іс бастап ең, байлық сел боп ағылды.
Рухынан артық қойған қарынды
Шын безбүйрек болып шықтың алымды.
Нәтижеде жұрт қалтасы қағылды.
Ал әйтпесе мына үйлер, зауыттар
Қайдан тапқан дәулетіңе алынды?
«Бөлінсе де сана төртке, ми үшке,
Нарық заңы солай, жөнсіз тиіспе!» –
Дейді біреу шығып алып мүйіске.
Сонда қалай, кедейленіп бар халық,
Жүз — ақ адам бай болуға тиіс пе?
Жүз бай шырқап, миллион кедей аһ ұрған,
Пайда тым аз жүз бай еккен дақылдан.
Кім бар жұртты тең баюға шақырған?
Фарабиден «мықты ел кім?» — деп сұраса,
«Қайыршысы жоқ ел,» — депті ақылман.
Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы.
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығың көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп
Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным!
АЙБЕРГЕНОВ ШЫҢЫ
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сидырмаған даңқтың тар төріне
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саф өнерде қызғанышты білмей өткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына симай кеткен, сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар
Ол — ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың…
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең атыңнан түс, жас бала!
ҚАЛДАЯҚОВ ӨЗЕНІ
Бap қазақты тамсандырған,
Таңнан — таңға ән салдырған
Өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші едің.
Зорсығанның көбісі құры сүлде,
Ешкім көзі тірісінде
Ән көгінен дәл өзіндей таба алған жоқ нар сенім,
Қандай ғажап кереметің бар сенің.
Ұлылыққа еліктегіш отсыз, нәрсіз көздер көп
Біреулер жүр саусағының көмегімен сазгер боп,
Ал сен ұлы жүрегіңмен,
Пейіліңмен, тілегіңмен,
Күллі тамыр тірегіңмен
Дарын едің алдына жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған.
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр қазаққа ән арқылы жалғаған.
Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың,
Пенделік пен кенделікті көп көрсең де сынбадың.
Заманында ұшырсаң да әннің небір сұңқарын
Тіпті сазгер қоғамына мүше болмай кеттің — ау
Ерлік шығар сондай сәтте еңкейместен тұрғаның.
Өкпелеме қазағыңа, өкпелеме, іңкәрім.
Жігіттің бір жарқыны едің,
Дәуірдің сом алтыны едің
Едің және арайы.
Бірақ сенен әлдеқайда қымбатқа
Бағаланды қалайы,
Солай көшкен бұл даладан ұлылардың талайы.
Мына шақта, ізгіліктің тауы тозған кезеңде,
Қырандардан қораздар мен тауық озған кезеңде,
Хас тұлпарды топ жабағы
Қалың шаңға жауып озған кезеңде,
Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге.
Енді саған өшпес, өлмес атақ даңқтың кезегі
Келгендігін досың түгіл қастарың да сезеді.
Кеш болса да жадырап ақ, еркелеп ақ еліңе
Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені.