Сонау көктем келген еді баяулап
Сонау көктем келген еді баяулап,
Қызғалдақтар кештеу жалын жамылып,
Айдын көлде аққу жүзіп, ай аунап,
Ару әлем ақ мұнарға малынып…
Төбемізде шарықтайды шағала,
Қытықтайды көкірегімді жалының,
Ұшырастық біз екеуміз жағада,
Әркім аңсап жүріп Алтын балығын.
Жалын атқан жүрегіммен жыр жазып,
Тағдырыма, көктеміме ырзамын,
Шырмауықта қалып қойған шырмалып,
Іздеп келем сол бір әндер ырғағын.
Кей кезде күлкім суалып
Кей кезде күлкім суалып,
Сап болса көңіл-жыршы әні,
Көргенде кетем қуанып
Көгеріп тұрған шыршаны.
Табиғат берген тәбәрік,
Күйіне білу, сүйіне,
Ақ ниеттерден жаңарып
Тұр мынау мамыр дүние!
Борайды қар көңілімді өксітіп
Борайды қар көңілімді өксітіп,
Өткен-кеткен ойларымды көпсітіп,
Отырмын мен кейбір кербез шақтарды
Еске алып, сағыныштан мұң жұтып.
Бір ғажап сәт, манаураған тыныштық,
Жер де, көк те – барлық әлем ып-ыстық,
Шағылысқан сансыз сәуле ішінде
Табиғатпен алғаш рет ұғыстық.
Жап-жасыл боп көктеп тұрған бәйтерек,
Бой түзеген басқасынан ертерек,
Аянышпен қарай бердім мен оған,
Қалса екен деп көктеміне еркелеп.
Сосын сенің құдіретті қолдарың –
Шартарапты шимайлаған жолдарың,
Төніп тұрған апаттардан төбемнен
Өзің келіп, сонда тағы қорғадың.
Келіп жатыр, кетіп жатыр көктемдер,
Көп те шығар бақытына жеткендер…
Қалатыны қандай жақсы жадыңда
Жақсылықтың жасыл дәнін еккендер!
Төрт жолдар
Күйттемей күйбеңін басымның,
Шашу боп жақсыға шашылдым,
Шаншу боп қадалып жаманға,
Бір ысып, бір суып басылдым.
Даламның жұпар иісі аңқып тағы,
Қапырық қала демі алқынтады,
Шіркін-ай, керім кештер, сылқым түндер,
Ауылдың қандай әсем алтын таңы!
Жайлауға кел, дем алып бір қайталық,
Сырымызды көптен жиған айталық,
Жалбыздарға моншақтардан жан бітіп,
Тыңдасын бір бізбен бірге жайқалып…
Ұмтыласың арманға, ұмтыласың,
Ескі-құсқы қайғыдан құтыласың,
Енді жеттім дегенде бақытыңа,
Жаңа бір қасіретке тұтыласың.
Тумысынан тұл дегенге сенбеймін,
Ақ бесікке салып қайта тербеймін,
Пенделерден жұққан саған кеселді,
Адамға тән мейіріммен емдеймін.
Кеткенің бе көлеңкені саялап…
Кеткенің бе көлеңкені саялап…
Ұмытпашы шуақ кешкен күндерді!
Мен жүргенде арман бағын аралап,
Қоңыр күз де келіп, әне, үлгерді…
Жастық-көктем қол бұлғайды алыстан,
Ұшып кетті бұлбұл жасыл бағынан.
Жалғыздықпен сен бар кезде-ақ қауышқам,
Арпалысқа түсіп жүріп алуан.
Амал бар ма тілегіңді бермесе,
Ақ ниетім ұқсас еді ақ таңға,
Мөлдір шақтар өтеді екен лезде,
Енді ғана ләззатынан татқанда.
Бәріне де көндігуге болар-ау,
Ой түбіне жету, сірә, мүмкін бе?
Тағдырыңды қабылдау, не қаламау,
Болса, шіркін, тек өзіңнің еркіңде…
«Жамандық тілеп баршаға
«Жамандық тілеп баршаға
Жүргенді ойлап шаршама», —
Деймін де, жетпей шыдамым,
Қиналып кетем соншама.
«Жабығып жаным жүр», — десем,
Қасымда болып күнде сен,
Қырық бір жамау жүректі
Деп көрдің бе екен емдесем?
Күнге де айтып балағат,
Жаһанға тағып жаманат
Сөйлеген кейбір пақырға,
Айттың ба ақыл-аманат?
Жылытып жанды жақсылық,
Жанарларда бақ тұнып,
Білмесе екен адамзат
Мейірге деген тапшылық!
Көктем
Рахат-ау күн астында көңіл қызып,
Ұмытып бұлтқа батқан күндеріңді…
Өмірдің ағындары сеңді бұзып,
Ақ нөсер жер мен көкті түрлендірді.
Шиқылдап қуаныштан құйттай торғай,
Тіршілік тәттілігін паш етіп бір,
Мен үнсіз отырғанға риза болмай,
Терезе жақтауында секіріп жүр.
Анашым, биыл көктем сенсіз келді,
Наурыздың құттықтаушы ем шуағымен,
Сен барда бүкіл әлем жұпар еді,
Жүруші ем әр күніме қуанумен.
Жалғасып, қабаттасып жатқан дүние…
Бөбегім келеді, әне, тәй-тәй басып,
Жібіген қабақтарға күлкі үйіре,
Ертеңгі болашаққа есік ашып.
Көңілде шуағымыз арылмасын,
Енгенбіз бұл өмірге көктем құшып,
Тәңірім жарылқаудан жаңылмасын,
Әрдайым жүрек тұрсын алып-ұшып.
Жаңбыр, тегі, құйып тұр-ау, құйып тұр
Жаңбыр, тегі, құйып тұр-ау, құйып тұр,
Аспан назы жерге ғана сыйып тұр,
Құштарлығын баса алмаған тамшылар,
Шөпілдетіп жердің бетін сүйіп тұр.
Аңызақтан кеткен еді күйіп қыр,
Қарағаштар қас-қабағын түйіп тұр,
Терезелер жасаураған жанарын
Құрғата алмай, бүкіл тірлік ұйып тұр.
Мен де отырмын шуақ аңсап, ән аулап,
Қою бұлтпен бірге қалқып, манаурап…
Аспан шерін тарқатқысы келгендей,
Нөсерімен жатыр жерді сабаулап.
Өзенімді сағындым
Өзенімді сағындым
Мөп-мөлдір боп ағатын.
Өзіңді де сағындым
Күнде сонда баратын.
Біздің жақтың аспаны,
Өте биік екен-ау.
Сол бір күмбез астында,
Күншілдікпен өткізу,
Шуақ күнді бекер-ау…
Бұлт арылмай бойымнан,
Қашанғы күн өтер-ау.
Мен жеткенше асығып,
Біз тойлайтын тойлардың
Талайы өтіп кетер-ау…
Күту
Баллада
I
Әр дыбысқа елеңдеп,
Жолдардың алыс, шалғайы-ай,
«Әкем атпен келер», — деп
Күткен күннің жалғаны-ай.
«Әкесі тастап кеткен», — деп
Талай бала күлгені-ай,
Үйге келіп етбеттеп,
Үзгенім-ай түймені-ай.
Жолға шығып күн бойы,
Күтіп сәби жүргені-ай,
Болатындай бір тойы,
Кигені-ай көйлек бүрмелі-ай.
«Әкең жатыр мертігіп,
Орта жолда тұра алмай», —
Өтірік айтты-ау желпініп,
Өсекші аға ұялмай.
II
Көкжиекке қадалып,
Жасырып ішкі жарасын,
Тұрғандай жаны қажалып,
Ұстайды анам жағасын.
Тірі жетім екеуміз,
(Бұл тағдырдың ісі ме),
Майжармаға кетеміз,
Қайтамыз түн ішінде.
Жинап анам жыңғылды,
Білдірмей көзін сүрткілеп,
Мен жүремін шұңқырды
Өзіңді іздеп тінткілеп,
Құлап түсіп сүрініп,
Жатқандайсың шыға алмай.
Таппаған соң, күрсініп,
Әрең тұрам жыламай.
Мен мұңайсам, анашым
Қалады боп шерменде,
Сондықтан да көз жасым
Жатыр қатып кеудемде.
III
Әкелер қайтса жұмыстан,
«Папалап» құрбы жүгіріп,
Тұратын едім қуыстан
Қарап, жаным үгіліп.
Жазылмай ешбір емдерге,
Бөлініп бізден тұрағың,
Ілініп қалды-ау шеңгелге
Өзіңе қояр сұрағым.
IV
Күтсем де қанша келмедің,
Алмадың, әке, қолыңа,
Баладан басқа кем бе едім,
Телміртіп сонша жолыңа?!
Қолымнан келер жоқ шама,
Жанбады сенім шырағы,
Аяздар әлі алда ма,
Қалқиған айдың құлағы?
Түнеріп ызғар төнеді,
Көз жасы мұз боп бетінде,
Балдырған арман келеді,
Дірдектеп желдің өтінде
V
Бұрылуға бата алмай,
Сыздап та жиі жүрегің,
Іштегі сырды айта алмай,
Тарта ма, әке, иегің?
Күңгірттеніп үй іші,
Үмітің семіп көңілде,
Аңсатып бір тал гүл иісі,
Жүрсің бе кезіп іңірде?…
Жазғы қырым жаңбыры
Көкірегі шерге толып қалғандай,
Аспан бүгін бір ақысын алғандай,
Төгіп жатыр тамшыларын аямай,
Шуақ күткен жанарыма қарамай…
Ызғар шегіп, ығыр болған көңілді
Жылытар деп жылы Қырым өңірі,
Келіп едім, теңіз аңсап асығып,
Тұра тұршы көз жасыңды жасырып.
Қылықтылық жарасады-ау сұлуға,
Мәннің бәрі екен, тегі, жылуда,
Көрші бөлме күбір-күбір әңгіме,
Найзағайдан әйнектер шақ сынуға…
Есіл кез-ай бұл-бұл ұшқан көзіңнен
Есіл кез-ай бұл-бұл ұшқан көзіңнен,
Қабылдайтын бәрін ыстық сезіммен,
«Қит» еткенге өксіп қалып көңілің,
Секілдісің бар дүниеден безінген.
Жорта ауырып, есіркер деп үлкендер,
Жатушы едік қалпымызда бүркенген,
Енді, міне, шақырмай-ақ, өзі де
Жиі-жиі шаншыңқырап жүр кеудем.
Көп күйбеңнен болып кейде қол үзген,
Кетіп қалу арман еді поезбен…
Базар бітер, біз де бір күн қайтармыз,
Жұрттың бәрі жүріп өткен сол ізбен.
Жатқызбады жұмыр жүрек лүпілдеп,
Көк аспанда көп жұлдыздар шүпірлеп, —
Соңғы кезде кеткендей ме жиілеп
Көрші атайдың жөтелгені күркілдеп?…
Ал әзірге менің бір-ақ бар әурем,
Қоштаспасам екен ғұмыр-алаумен,
Жыл құсының мұңайтады-ау қайтқаны
Туған жерге жаутаң-жаутаң қараумен.
Сәби суреті
Күннің нұры ағаштарға тамып тұр,
Қызым менің салған мына суретте.
Шұғыла шашып сары гүлдер жанып бір,
Жалын құстай ұшып жатыр жер-көкте.
Сәби көңіл таңдағандай еншіге,
Гүлге орап өрнектепті ғаламды.
Ұқсатамын ақ ниетті елшіге
Шапағатты шашу еткен баламды.
Барлық дүние бөленіп тұр жыр-шоққа,
Пәк жүректің шуағынан нәр алған.
Еркелейді еніп әлем құшаққа,
Адамзаттың ықыласынан қаланған.