Өзіңді жақсы көру мұрат маған
Өзіңді жақсы көру мұрат маған,
Ауадан да қажет-ақ, шуақтардан,
Сенімім ортайса егер саған деген,
Ілгері баса алмай мен құлап қалам.
Сен маған кейи түсші жаның ашып,
Жылатшы бар шындықты бетке басып,
Жалғандық арамызға ұяласа,
Барлық бақ кетті дей бер бізден қашып.
Сен барда мені дауыл шайқамайды,
Алып тұлғаң бұлттан да қалқалайды,
Терезем тең, төрім кең, көңіл — өлең,
Мендегі базар-өмір тарқамайды!
Не істейін мен, өкініштер өрілсе
Не істейін мен, өкініштер өрілсе,
Көздің жасы кінәсізден төгілсе?
Не істейін мен, отырып-ақ жанымда,
Меңіреу дала, шөл секілді көрінсе?
Не істейін мен, жылы сөзді жат көрсе,
Жүрегіңді аһ ұрғызып, қақ бөлсе?
Не істейін мен, қанша жалын берсем де,
Кері қашса лапылдаған от көрсе?
…Парызсың ба мен арқалар өмірде,
Арызсың ба айтылмаған көңілде,
…Жанымның сен тең жартысы шығарсың
Болмайтын еш бөлшектеуге, бөлуге?!
Сезімімді сетінетіп алдым ба
Сезімімді сетінетіп алдым ба
Тіршіліктің күйбеңінің алдында?
Күле алмаймын бұрынғыша аңқылдап,
Көтере алмай қалам назын жардың да.
Өз-өзімді жігерсіз деп жек көрем,
(Жігерлілік жасайтындай текті өлең),
Бытыратып бойымдағы жалынды,
Пенделікке уақытты көп бөлем.
Бәрін тастап безіп кетсем бір жаққа,
Жүгіртсін жұрт мұны мейлі сан-саққа,
«Сезім жалғыз сенде ғана бар ма?» — деп,
Ақыл келіп сыбырлайды құлаққа.
Аяп кетем бүкіл адам баласын,
Көтеретін сана, сезім таласын.
Шырқыраған жаным куә, білемін,
Адамдықтың азабының бағасын.
Бүлдіршін көктем өтіпті
Бүлдіршін көктем өтіпті,
Барады жылжып баяу күн,
Кеудеңде сенің кетіпті
Қуаныш, арман, қаяу-мұң.
Ызғары күздің үдетіп,
Жабырқап жайсаң жан-арай,
Қай жерде қалдың түнетіп,
Қайдасың, жасыл көкорай?!
Тұншығып талай сырларым
Тұншығып талай сырларым,
Арналмай саған жырларым,
Жабулы қалды-ау кеудемде
Айтылар көп-көп мұңдарым.
Басқам жоқ арын ешкімнің,
Алдандым өзім, кеш білдім.
Имандай сеніп кісіге,
Қалайша, жүрек, ескірдің?
Тізгінді бермей сезімге,
Жеңдіріп бәрін төзімге,
Жүріппін сонша жабырқап,
Жайраңдап күлер кезімде.
Өтіп те кетті жастық шақ,
Жанарда қалды жас-моншақ.
Тәуелді етіп, ей, өмір,
Қойдың-ау жасап жасқаншақ.
-2-
Сөздерден қорқып бораған,
Қысылып жолдас-жорадан,
Қыстығып қалған көңілім,
Шығар ма аман додадан?.
Сен маған зейнет пе едің, бейнет пе едің
Сен маған зейнет пе едің, бейнет пе едің,
Әрине, ештеңені күйретпедің,
Түсінбей көп сауалға жүргенімде,
Және де ешнәрсені үйретпедің.
Есімді тандырардай етіп құмар,
Ауадан, ағаштардан құлап жұпар,
Сен келіп жолыққанда сәуле ішінде
Сезімнен тағып едім жасыл тұмар.
Титықтап жеттім әрең ертеңіме,
Сеніппін айтылған көп ертегіге,
Сенімім сүрінбесе босағаңда,
Дайын ем сені «пәк» деп серт етуге.
Тамыздан да сезем салқын күз демін
Тамыздан да сезем салқын күз демін,
Өзің болдың бақытым да, қайғым да…
Әйтеуір, мен сені ғана іздедім
Көк толқынды, көп жұлдызды айдында.
Кейде назбен уыстап ақ жауынды,
Сенің бұйра шаштарыңа моншақ қып
Төгуші едім, аңсап тұрып сәуірді,
Өн бойыңнан көргім келмей жаңсақтық.
Есіңде ме бізді жапқан жасыл бақ,
Мен әрдайым көңілімде сақтаймын.
Сен маған деп, жасырынып гүл ұрлап,
Куә болып сықылық атқан ақ қайың…
Сенің нәзік жапырақтарын жаныңның,
Ерке-самал мінезіммен шулатып,
Алыстасың, сені сондай сағындым,
Жүрмін бе екен жүрегіңді тулатып?!
Шым-шытырман кеудемдегі көктемдер
Шым-шытырман кеудемдегі көктемдер,
Өңменімнен өткен бе әлде өктем жел?
Ызғарыңа жауратып-ақ келесің,
Шуағымды мен әрдайым төккенмен.
Азаматтың адалдығы білінер…
Самал қайда құмарлана сімірер?
Кезеңдер көп, қиялар көп қинайтын,
Сәттер қайда сүйінісіп-күйінер.
Жаным сонша неге құмар сәулеге,
Әппақ нұрдан киген едім сәукеле.
Күтем ылғи сенен нәзік шапағат,
Түсіп жүрем таусылмайтын әуреге.
…Шырылдаймыз, шырқыраймыз тірлікте,
Ұрандатып шақырамыз бірлікке,
Айту оңай көпке уәж, бірақ та,
Бір адамға тірек бола білдік пе?..