ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

ЖАҚСЫЛАРҒА

Дауа бар ма ымырасыз тағдырға,
Шыныменен қимасың боп қалдым ба?
Сен қарайсың мөлт-мөлт етіп жанарың,
Менің жаным тірелгендей алқымға.
Бар-ау небір таңқаларлық сән тұлға,
Әдемілік шыдамсыз ба салқынға?
Сыйлап тұрып қазынасын табиғат,
Аямастан салады екен сан сынға.
Өріміңді өктемдікке қидырып,
Қанатыңды ұшпай жатып күйдіріп,
Жүрерсің-ау жона-жона жолыңды,
Келсап-кезге арманыңды түйдіріп.
Орны толмай орғып өткен оқ сәттің,
Құрбан көңіл! Жомарттықты жоқтаттың,
Мен астамдық жасап кетсем кей кезде
Тәубеме сап, толастатып, тоқтаттың.
Болғым келіп көрінгенмен тым қатты,
Өршіл қиял желіктіріп, құлатты,
Қиянатым білместіктен жасаған
Өзімді әбден еңкілдетіп жылатты.
Ұмытшақтық парызымды ұрлатты,
Жандар кетті жүрегіме қымбатты.
Өкпелерін айтып маған о жақтан,
Жан-жарамды қайта-қайта сыздатты.
Арымды аршып ағаттықтар астынан,
Айрылғым жоқ енді қайтып жақсыдан.
Жүрсе екен деп әрдайым сен жанымда
Жиі-жиі апама пал аштырам…

Үзіп тастап бар шылбырды тұсаған

Үзіп тастап бар шылбырды тұсаған,
Арыламын мен бір күні құсадан,
Көңілімді қырсық мұңнан тазартып,
Сенімімнен қайтадан мен күш алам.
Мен көтерген жүкке әркім шыдамас,
Көп пендені тағдыр бұлай сынамас.
Биік жардың шетіменен жүргендей,
Үрейменен үміт кейде аралас.
Аяғымды қия бассам құрыдым,
Артымда тұр жәутеңдеген құлыным.
Сондықтан да бес тағдырды арқалап,
Сақтап келем иманымның тұнығын.
Ешбір жанның қорлығына көнбеспін,
Намысымды өлмей қолдан бермеспін…
Бірақ, бірақ … күрмеулі өмір тым қысқа,
Бар дұшпанмен келді бүгін елдескім…

Жылдардың көбі кетіп, азы қалды
Өмірдің көбі кетіп,
азы қалды….
(Ә. Бейсеуовтың әнінен)
Жылдардың көбі кетіп, азы қалды,
Сондықтан өмір маған базыналы,
Жанымды тебірентсе жарқын сәттер,
Жүрегім ауруынан жазылады.
Кей-кейде көңіл, шіркін, тарылады,
Тірлігім шықпай қойып мағыналы,
Ондайда тығырыққа тірелгендей,
Алдымнан бар қақпалар жабылады.
Соңғы көш түзегендей сәнін тағы,
Өзі де тым өзгеше салиқалы,
Ырғауында астарлы өктемдік бар,
Қайтарып алатындай қарымтаны.
Менің де жоғалтқаным табылады,
Жан-дүнием барлық мұңнан арылады.
Сол кезде есіне алып мені бір жан,
Ынтығып, өліп-өшіп сағынады…

ЖАМБЫЛ РУХЫНА

Жамбыл ата!
Арыстандай айбатты жүзіңізден сескенем,
Шамандықтың лебі бар жырлар тыңдап өскен ем,
Бірақ Сіздей жоталы, арынды ақын көргем жоқ,
Сол дәуірде айтыспен өзіңізге дес берер.
Домбырасын қазақтың даралатқан, Жәкем-ай,
Суырып салма өнерін бағалатқан, Жәкем-ай.
Адамзаттың рухын қазақ болып көтеріп,
Дала жырын әлемге саралатқан, Жәкем-ай!
Жүзге келген жандар бар, көргенін де айта алмас,
Ең болмаса өмірден алғанын бір қайтармас,
Сол өзіңіз иілтіп иіндерін талдыртқан
Жырды селдей ағылтқан, айтыңызшы, қай Парнас?
Жолбарысың жаныңда, жоламаған жамандық,
Алла өзі жаратқан әр ұлыны дара ғып,
Дүркіретіп тойыңды, әруағыңа бас идік,
Жырың, Жәкем, ұрпаққа мәңгі болсын тәбәрік!

Алмасып жазың қысымен

Алмасып жазың қысымен,
Жүргіздің аяқ ұшымен,
Сәуір сәт сыйлап қуаныш,
Қысыр күн басты мысымен.
Тұрғанмен кейде құлшынып,
Болмашы жерден шу шығып,
Жақындап қалған арманға
Жете алмай үнсіз күрсініп.
Жүремін ылғи өрт құшып,
Дәрменсіздіктен дерт ішіп.
Ашу мен ақыл арбасып
Жеңе алмай бірі, тең түсіп.
Қайырым күтіп құр алдан,
Өте алмай сынақ, сындардан,
Дауасы жоқ, дауы көп
Мезі болғам кей жылдардан.
Кезім жоқ өткен алаңсыз,
Жақсылық болмас жамансыз,
Ақ боз ат күндер арындап,
Еткем жоқ тірлік жарамсыз.
Елімді сүйдім елжіреп,
Жетімге жүрдім боп тірек,
Көрсете білдім пасыққа
Лайықты жерде көкірек.
Даңдайсытпадым даңғойды,
Аластап келдім ала ойды,
Халқыма тілеп амандық,
Болса екен дедім абыройлы.
Іздемей қызық түндерден,
Сыр бермей сыртқа бір көрген,
Жанымды қояр жер таппай,
Санамды мүжіп үлгергем.
Кемсеңдеп кеткен күндерім,
Қиянатты аз көрмедім,
Жаманнан талай жеңіліп,
Амалсыз, қанша еңіредім.
…Жарық күн! Сенсің сүйгенім,
Маңыздым менің, күрделім,
Жатсам да ертең жұмақта,
Өзіңе тартар бүйрегім…

Мардымсыз мұңға мұқалып

Мардымсыз мұңға мұқалып,
Көбейіп ұлттың күмәні,
Жүйкесі жұрттың жұқарып,
Күрсініп батты күн, әні.
Не заман өтті боркемік,
Үгіткен ұлан-үмітті,
Зомбыдан сүйреп зор ерлік,
Тілекті қанша тірілтті.
Құланға қамшы салдырмай,
Егіле сүйіп ел-жерді,
Қайғыға – қасқыр алдырмай,
Қорғаған айтсай ерлерді.
Көгерер әлі көсеге,
Көңілдер шалқып, шарықтар,
Талайды көрер пешене,
Бәрін де өмір анықтар…
Аялай алған ұлдарын,
Халықтың бағы жанар-ау.
«Қарға» — деп, бірақ, сұңқарын,
Жүрмесе атып жарар-ау…

Тағдырды жеңем дедің бе

Сіңілім Сәрсенкүлдің
рухына
Тағдырды жеңем дедің бе,
Айқасқа түстің өліммен,
Иланып жалған сенімге,
Беріп ең орын төріңнен.
Өрімдей еді өмірің,
Дертіңе шипа болмадым.
Өлместей маған көріндің,
Артымнан ерген боздағым.
Жылылық аңсап келуші ең,
Еркелеп, кейде еркінсіп,
Алмаушы едің, беруші ең,
Дерт болып кірді бір қырсық.
Жетімдік жеген жігерді,
Көңілшек етті жасыңнан,
Аспаны өмір түнерді,
Аз болды кезі ашылған.
Риза бол, жаным, аяулы,
Қимайды сені жақындар,
Сүруге өмір баянды,
Хақың бар еді, хақың бар.
Артыңда қалды Құралай,
Жаутаңдап жасқа булығып.
Тарқамай қалған құмар-ай,
Ұлың жүр аңсап, үгіліп…
Қолдап та, қорғап демерсің,
Анасыз көңіл жарым ғой,
Түске де жиі енерсің,
Өлген соң адам сағым ғой.
Көрмеген өзің көктемдер,
Бұйырсын енді ұрпаққа.
Бір күні тосып өктем жер,
Бізді де алар құндаққа…

АРУАНА ДҮНИЕ

Шымылдық әппақ, әппақ қар,
Шағылысқандай сезіммен…
Арыңды мәңгі сақтап қал,
Кең пейіл дүние – бозінген.
Қия алмай сені жан жатыр,
Жәудіреп жұлдыз – жанары,
Дедің бе: «дәйім аңсағыр»,
Бергенде баста батаны.
Аршын бел арман аңсатты,
Жарқылы отты жасындай.
Адуын жандар шаршатты,
Ашуы қайтпай, басылмай.
Азсынып жазды жүргенде,
Күндердің көбі бұлт болды.
Шер төгіп аспан шерменде,
Көкірегіме мұң толды.
Көзімді ашып көргенім,
Ынтықтырдың-ау ылажсыз,
Білсем де барын өлшемің
Кейпіңді көріп тұрақсыз…
Бәрібір саған құмармын,
Аруана – дүние, ақ шабыт,
Қойнына түнек құлармын,
Қолыңнан бір күн аттанып…

ЖАБАЙЫ ЖЫЛҚЫ

Айдарың еркін құстың қанатындай,
Қимылың бұла күштің қайратындай,
Көзіңде сары алқап, сайын дала,
Екпінің батырлардың айбатындай.
Бетіңнен ешбір адам қайтармаған,
Дүлей мен дүрмектерден тайсалмаған.
Әкетші ілестіріп шабысыңа,
Өзіңдей, бәлкім, мен де қайсарланам.
Сағыммен бұлдырайсың мұнарланып,
Мен тұрмын қуатыңа құмарланып,
Тағысы кең даланың, білмейсің ғой,
Жігер де қалатынын жұмарланып…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *