ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

«Алла!», — деп жаздым ақ қарға

«Алла!», — деп жаздым ақ қарға,
Тәңірім көзін салсын деп.
Адасып жүрген ант, арға,
Қаһарын төгіп алсын деп.
Жердегі көріп жанжалды,
Көк әлем көңіл бөлсін деп,
Бұйыртып бұла таңдарды,
Өркендеп өңір өнсін деп.
Аспан боп жүрген көкірек,
Аласарып бір көрсін деп,
Тұлымын қиған төңірек,
Өсіріп бұрым өрсін деп.
Сіміріп нұрды тау, өзен,
Мейірге жұртым қансын деп,
Өзіңе, Тәңір, тәу етем,
Шырағы елдің жансын деп…

ӘЙЕЛ МОНОЛОГЫ

Дүрелеген дұшпандарға дес бермей,
Азулының айбатынан сескенбей,
Ар жолымда ақ жауындар жарылқап,
Өтсем деймін еш пендеге кектенбей.
Тартысы көп, айтысы көп өмірде,
Шырылдаумен қанша жүрек сөнуде.
Сыбағамды алмадым деп еселеп,
Кейбіреулер Құдайды да сөгуде.
Бар жақсылық келе бермес бір басқа,
Әр пейілге арналады жыр басқа.
Кезегімен келіп тұрар қайғы, бақ,
Күндеріңе көгереңдеп күл шашпа!
Ұлы күрес жүріп жатыр санада,
Көңілдер де түсіп біраз сабаға.
Қуат берші, қасиетті нұрлы күн,
Адамзаттың ақ тілегі – Анаға!

Жел тербетіп бұтақ пенен шымшықты

Жел тербетіп бұтақ пенен шымшықты,
Шыршалардан шырын шықты, үн шықты.
Менің құштар көкірегім оянбай,
Неге сонша жылдар бойы тұншықты?
Дыбыстарды қағып алып қара күш,
Көк екеуміз тіл қатыспай қаламыз,
Жүрегіме кенет сүңгіп жұлдыздар
Аспанменен жақын болды арамыз.
Бойлап жүзіп кеңістіктің түбіне,
Құлақ аспай жердегінің үніне,
Көргім келмей көп пенденің ылаңын,
Ұшып жүрем саф әлемге күніге.
Ен аспанда еңлік гүлі өспейді,
Бүркітпін деп және ешкім бөспейді,
Ажыратып, әуре болып жатпайсың
Ақ, қараны, көлеңке мен төскейді.
Күміс нұрмен шомыласың шаттанып,
Бар сезімді бір Құдіретке ақтарып,
Еркелейсің, еміреніп, елжіреп,
Қорықпайсың ештеңеден сақтанып.
…Ал, бұл жақта сұмдықтар жүр жұтынып,
Жақсылық жүр жамандықтан ұтылып,
Тұл тұрмысты бөліп алсын бөрілер,
Мен кетейін бар күйбеңнен құтылып…

Жаралама жанымды жарға ұрып

Жаралама жанымды жарға ұрып,
Шаршадым-ау шаршыдай шаттық таппай,
Түнегінде тірліктің күліп жүріп,
Тепкісінен домалап құр қаңбақтай.
Қара дүрсін мінездер сапырысып,
Бір-біріне бой бермей, тізгінделмей,
Көк ормандар көңілде қалар сыңсып,
Хақ Тәңірі көмегін және бермей…
Оралар ма оңтүстік армандарым,
Оқыс қалай өзгердім өзім білмен,
Бұрынғыша қиялға алданбадым,
Тазшалардан тазарды енді іргем…
Сабылдым саумал іздеп сүттей түннен,
Сағаладым сап-сары сартап күзді,
Сынай бердің, о, өмір, арбап үнмен,
Жағалатып қойдың да жартас-құзды.
Өтеді ғой, кетеді кермек кездер,
Жоғалтқанды сенімін салқын ұрып,
Жердің төсін қаптаған сансыз іздер,
Ашылмайтын, бейне бір, жұмбақ-құлып…

Бірде көл боп жүремін, бірде шөл боп

Бірде көл боп жүремін, бірде шөл боп,
Жарқын жазды мұңлы бұлт кейде көлбеп,
Сұқ көздердің қаламын орамында,
Армандаған қияға шықпай өрлеп.
Айта берсін, мейлі жұрт, аңыздарын,
Сезінгендер түсінер жан ызғарын.
Шыңырауға құламай жүрсем егер,
Жүректегі бұла күшке қарыздармын.
Кету деген оңай ғой қолды сермеп,
Іңкәрлікті аяулы таптап, жерлеп,
Қалай қорғап аларсың намысыңды,
Тепкісінде ессіздің қалған еңіреп.
Ойсырату ерлік пе ойсыздарды,
Қорғансыздың жаны тым көп сыздады.
Жарық бермей ешкімге жымыңдаған,
Жыпырлаған қайтейін жұлдыздарды.
Асқақтық бар, білемін, дара тұрған,
(Сондай күйден пәк әлем жаратылған),
Қауышып-ақ аспанмен кетер едім,
Қырықпасаң сен келіп қанатымн

Арманға асқақ жете алмай

Арманға асқақ жете алмай,
Жан-жағым толып мұң-шерге,
Арымнан аттап кете алмай,
Кірем-ау түбі бір көрге.
Жанымның болмай түк емі,
Қорғаным шықпай тұрақты,
Махаббат бермей бір елі,
Тұмарсыз тағдыр жылатты.
Қызғаныш деген қызылкөз,
Ошақты кетті ойрандап,
Қырсық боп түлеп қысыр сөз,
Соңымнан ерді шойнаңдап.
Бекініс жасап шыдамнан,
Шыңдалдым шамам келгенше.
Кім шығар дейсің құмардан
Бұл өмір – ойын ендеше…
Себелеп нұры сананың,
Келіп ед салғым сара жол,
Көп екен, Алла, амалың,
Сына да, өзің пана бол!

Обалды білмеген оңбайды

Обалды білмеген оңбайды,
Өмірдің заңы бар тым қатал,
Күнәсі өзін кеп қорлайды,
Сол кезде сор дәмін мың татар.
Кердеңде, керіліп созыл да,
Кеміріп қалжасын жалғанның,
Бәрібір азғын да, озбыр да,
Әйтеуір, шайнайды бармағын.
Жақсыға сұқтанар сұмпайы,
Жоқ іздеп жұлынған жуандай,
Келсе егер шағудың ыңғайы,
Уытын шашады жыландай.
Күш алып, ісініп-кебініп,
Жалақтап, тепсініп шығады,
Бәрібір пәктіктен жеңіліп,
Сүмпиіп, үрпиіп тұрады.
Аяйды айласыз, ай маңдай,
Қайтадан түседі құрыққа…
Ақылы жоқтан без шайнамдай,
Имансыз – шіріген жұмыртқа!

Азабын беріп өлеңнің

Азабын беріп өлеңнің,
Қызықты менен жасырып,
Тағдырға мынау не дермін,
Айласын қойған асырып.
Аздан-ақ тауып қуаныш,
Жүрер ем күліп, жайраңдап,
Көктен бір жетіп бұла күш,
Жатпаса жанды ойрандап.
Жуас та болып жусар ем,
Толықсып сенің жаныңда,
Қылығыммен-ақ тұсар ем,
Жасалар жайың, бабың да.
Бірақ та бітіп дәрменім,
Жырларым қалып құлыпта,
Тигенмен саған жәрдемім,
Жүрегім батар ұйыққа.
Өмірден өріп өлеңді,
Өзегім талып жүргенде,
Жеткізер көкке төбемді,
Болсайшы, шіркін, бір пенде!..

Міндет етпе, пенде байғұс, ісіңді

Міндет етпе, пенде байғұс, ісіңді,
Күнделікті нәпсің үшін тер төксең,
Күйкі күйбең басып тұрса мысыңды,
Еш қанағат таба алмайсың жер-көктен.
Жүрекке жат қылығымен, сырымен,
Жаныңдағың жүрсе жүйке жұқартып,
Қауыша алмай нұрлы, нулы жырыңмен,
Үркіп ұшып кетті дей бер бір бақыт.
Жаз жайраңдар ұмыттырып ызғарды,
Тек қорқамын: үнім шығып тым өктем,
Кеш кезіккен сыңарыма сындарлы,
Қарамасам болғаны да күдікпен.
Маған да бір шарықтайтын кез келер,
Көшкен қар мен жүрген сеңге қызықтым,
Екпінімен тау мен тасты төңкерер,
Жоғы-ай менде дүлей, тасқын рухтың?!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *