ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

ТАСТАНДЫ БАЛА МОНОЛОГЫ

Жетім көңіл, айтшы, қалай емделер,
Анам қайда қиналғанда дем берер?
Желік қуып, желкілдеген жаз өтіп,
Саған да бір мені іздейтін кез келер…
Құрбан етіп жалған намыс жолына,
Айналдырдың мені жұрттың қорына,
Ең болмаса бір көрінші көзіме,
Жалынамын, алшы мені қолыңа!
Сен де туып нәр алғансың анаңнан,
Мен де өзіңдей қос нүктеден жаралғам,
Ынтығымды бір басайын, келші іздеп,
Кім бар дейсің саған да артық балаңнан.
Қосақталып байланғанбыз, о бастан,
Мен жыласам сенің бағың толастар,
Екеуміз де екі жақта жүргенмен,
Ешбір күш жоқ мені сенен аластар.
Қалай мені бөлектедің өзіңнен,
Оңашада жас төгілер көзіңнен,
Түніменен алабөтен күйге еніп,
Шырқырай ма жүрек, шіркін, бозінген?..
…Жетім көңіл, айтшы, қалай емделер,
Анам қайда қиналғанда дем берер?
Желік қуып, желкілдеген жаз өтіп,
Саған да бір мені іздейтін кез келер…

Мінезсізден, сақтай гөр, мінсіз жүрген

Мінезсізден, сақтай гөр, мінсіз жүрген,
Күліп қойып миықтан, үнсіз жүрген,
Көзің тояр қарасаң пішіміне,
Талай айла, ішіне амал түйген.
Дәурен сүріп дүбірдің дүрмегінде,
Әдемі-ақ сөйлегені, күлгені де,
Көрінеді бәріне тым сыпайы,
Басқаша деп кім ойлар үйде мүлде.
Әйелі мен баласын қамап қойып,
Атандарша ақырып, қырып-жойып,
Шыға келер елеріп «үндемесің»,
Алғаннан соң араққа әбден тойып.
Айтқанменен заржақ боп, өлеңдетіп,
Сөзіңді ол тыңдай ма елең етіп,
Оспадарсыз осындай сиқымызбен,
Алмайық парқымызды төмендетіп.

Тәлім беріп, баптағанмен бағландай

Тәлім беріп, баптағанмен бағландай,
Болмысынан кетпейді асып тар маңдай,
Атам қазақ тегін сұрап, сараптап,
Әр пенденің болашағын шолғандай.
«Қадірлі боп көрмей өткен әкеден,
Топқа кірер бала тумас», ежелден
Белгілі ғой бұл нақылдың астары,
Айтылмаса керек бұлай бекерден.
Сырт пішімі көз тоярдай әдемі,
Жұртқа берер түзу және сәлемі,
Алдаудан да, арбаудан да құр емес,
Қызметінде өсемін деп дәмелі.
Нағыз жігіт осы екен деп қаласың,
Көрген сайын оның сыптай қарасын,
Түсінесің біраз тұз-дәм болған соң,
Қуыс сана, шақша бастың шамасын.
Ебін тауып екі асардың нақ өзі,
Шыныменен соқыр екен бақ көзі,
Ештеңеге басын жатпас қатырып,
Желігумен күндерінің шат көбі.
Қосары жоқ, өзі сенен алмаса,
Есіл-дерті тек олжаны қармаса,
Нәпсісінің құлы болып емпеңдеп,
Жорта берер құмары бір қанғанша.
Айшық сөзі жоқ-ау көңіл тұшытар,
Көре алмайды жақсыларды, іші тар,
Елден естіп-білгендерін желеу ғып,
Отырыста көп жүрегін жылытар.
…Қоғам болдық арзандыққа жаны мәз,
Пайымдайтын парықтының мәнін аз,
Басымызды шұлғи берсек әр кеңке,
Билеп-төстеп айтар бізге әлі уәж.

Болмасам деумен күнәһар

Болмасам деумен күнәһар,
Сабырды сұрап Алладан,
Тұрғандай төніп бір қаһар,
Шығар жол іздеп қарманам.
Өсектің өті жарылып,
Уланып ішім, күйінем,
Адами шеңбер тарылып,
Қоқсыққа батам үйілген!
Қысыр сөз шығып қылтиып,
Инедей шаншып өткенде,
Шарасыз тұрам үрпиіп,
Осындай сәттер көп менде.
Ашуға мініп кейіннен,
Қысылып қалам тұтықтай,
Таптым деп қандай пейілден,
Түнерем жауар бұлттай.
Жәдігөй салып қармағын,
Алдымда жылы сөйлесе,
Аңдамай оның аржағын,
Ақтарам сырды көбінесе.
Көрсем де ойды иіріп,
Икемге келіп мінез де,
Албырттық тағы килігіп,
Иланам сөзге ілезде.
Жіңішке жолдан шыға алмай,
Шабынтып, қалмай шалалық,
Қулығын пенде ұға алмай,
Жетпеді-ау маған саралық…

ТІЛЕК

Ізгіліктен іргемізді жазбасын,
Іңірдегі іңкәр сезім арбасын,
Ойлағанда мені, жаным, әрдайым,
Жүрек-құсың біздің жаққа самғасын.
Тазалыққа тәнті болып талайлар,
Мөлдірліктен іріп түссін ала ойлар,
Ыстық көңіл ықыласын паш етер,
Мен сенемін бұл ғұмырда бір той бар.
Мен сенемін тоғысар деп тілектер,
Ағытылар деп әлі небір тиектер,
Жақсылықтар ұзағынан болсын деп,
Жаратушы, жұртқа адал ниет бер!

АНА КӨҢІЛІ

Күлкі астында жатар, кейде, өксік те,
Қамкөңіл боп, әлде, біздер өстік пе?
Көз жасымды көрмесін деп жан адам,
Төгемін кеп күәгерім – көпшікке.
Аралайды жан түкпірін сағыныш,
Болып барам күннен күнге налығыш,
Күресіп те жүрген жоқпын ешкіммен,
Бойымды бір билеп алған бағыныш.
Аңсауменен жылылықты, шаттықты,
Қауырсындай кеудем әбден аптықты,
Ойлап па едім жанымдағы жақыннан
Көрем-ау деп соншалықты жаттықты.
Салғаныңа, тағдыр, көндім тағы да,
Есесіне қол сұқпашы барыма,
Имансызға ұшыратпа қызымды,
Дақ түсірме ұлдарымның арына.
Не қиындық берсең, мейлі, бер маған,
Құрығың да аз емес қой салмаған,
Бүлдіршінім бүгілмесін бүрісіп,
Менен алшы, өшің болса алмаған!

ӨКПЕЛЕТІП АЛДЫМ БА

Қиял самғап сан қырға,
Тебірендім алдыңда,
Нәр алушы ем күлкіңнен,
Сөндің бір сәт жандың да.
Көнейінші бар сынға,
Бұрынғыдай жарқылда,
Еркелетші жанарың
Толып тағы жан сырға.
Тәкаппарсып қалдым да,
Өкпелетіп алдым ба?
Жүрегімді шаншыттың
Хабарласпай қалдың да…

Айтпасқа да болмас, тегі

Айтпасқа да болмас, тегі,
Мен секілді нәзік жанды,
Мен секілді ғашық жанды,
Еркелетсең болмас па еді?..
Көлеңке де ұзарыпты,
Жазылар деп ескі жара,
Жүргенімде жанып шала,
Көңілімде мұз қалыпты.
Шуағыңды аямашы,
Сыннан әлі өтпедім бе?
Жаныңа нұр сеппедім бе?
Тоңдым енді, аялашы…

Артыма қимай қарадым

Артыма қимай қарадым,
Бұралып жатыр жол анау,
Күрсініп қалған, қарағым,
Өкініш орны тола ма-ау?..
Жанымнан жауып бұршақтар,
Жабырқап жүрген жан едім,
Шамам жоқ енді сыр сақтар,
Сен болдың мұңлы әуенім.
Барады семіп селдір күн,
Сергелдең жылдар жылыстап,
Қанша рет көкке телмірдім,
Берер деп жалғыз уыс бақ.
Алдамшы үміт арбады,
Алмастырды да күн-түнін,
Жүректе шуақ қалмады,
Жеткізбей арман-ынтығым.
Кісінеп қарлы боранда,
Құлыншақ – жаным шырқырап,
Үздігіп көндім оған да,
Жатса да ыза жұлқылап…
Артыма қимай қарадым,
Бұралып жатыр жол анау,
Күрсініп қалған, қарағым,
Өкініш орны тола ма-ау?..

Езіледі жүрегім, езіледі

Езіледі жүрегім, езіледі,
Қандай тағдыр жолымда кезігеді,
Жанымды көп қинап жүр соңғы уақыт,
Бір күні арман-құстың көз ілері.
Күздің де демі жиі сезіледі,
Шынымен оның келер кезі ме еді?
Тұлпарым бәйгеге деп мен баптаған
Ақырғы көшке бір күн жегіледі.
Сен үшін мен баяғы бәз қалпымда,
Теңейсің бірде күнге, бірде алтынға,
Сыйлаған сол бір аппақ шағалаңды,
Жауратып алмасам ед тек салқынға.

Аңсаумен келем әлі Гүлстанды

Аңсаумен келем әлі Гүлстанды,
Жердің де беті тағы бір тысталды,
Құр әуре болмас па екен жазамын деу,
Жүрекке түскен қалың қыртыстарды.
Атқан ба, аяулым-ау, таң тағы да,
Өзіңді көптен жүрмін шын сағына,
Кіршіксіз көңіліңді кірлетпейін,
Кездестің не сорыма, не бағыма.
Тамады жапырақтан шырын, әні,
Обал мен сауап екен өмір мәні.
Ағаш тұр біз өсірген жетімсіреп,
Жасаурап шарасыздан жанарлары.
Қоғалар қалды жылап көлмен бірге,
Айтады олар енді мұңын кімге?
Шынымен кеттік пе біз бөлінісіп,
Алшақтап бір кездегі жақын ірге?
Қия алмай, көңіл боздап, көп қамығып,
Жүрегің жүр ме, қалқам, жүз ауырып,
Япыр-ай, өзі де тым нәзік еді,
Кетсе екен аман-есен тез сауығып?..

Жыр жаздым саған арнап жырақтағы

Жыр жаздым саған арнап жырақтағы,
Атуда замананың құрақ таңы,
Іргесін өмірімнің қалап едім,
Тағдырым, жүрме мені сынап тағы.
Іркіліп қалдым, міне, сөз таба алмай,
Сезімім дедектейді жан сағалай,
Көріп ем көктем күні мұнарланған,
Елес боп қалсаң енді амал қандай?
Тұлғаңнан тұл тұрмыстың түгін көрмей,
Жаныңда шарықтадым биікке өрлей,
Өзіңмен көп күнәһәр таласа алмас,
Арасы болғаннан соң көк пен жердей.
Жапанда жүрген жоқпын жалғызсырап,
Көп ойлап қамықтым деу артығырақ,
Дегенмен, не жетеді жақсы жанның
Көрісіп кеткеніне халің сұрап?!

СЕЗІМ СЫРЫ
Жүрегімнің түбінде,
Бұғып жатқан шаттығым,
Сағың сынып, сүрінбе,
Аңқылдаған пәктігім.
Ынтықтырып шырын шақ,
Ымырт түсті қыратқа…
Жел кеп жеңіл сыбырлап,
«Қалма, — дейді, — ұятқа».
…Қабақ ашпай қамығып,
Жусан кештім кештерде…
Самал сәтті сағынып,
Саған еріп кетсем бе?!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *