Уызсыз өскен баладай
Уызсыз өскен баладай,
Жүремін жылу аңсаумен,
Өзіңді көріп панадай,
Үздігіп үміт, шаршаумен.
Жүзіңе жайсаң арбалдым,
Көрінді сол қыс шілдедей,
Табиғатыңа таң қалдым,
Жеңетін мені үндемей.
Күрделі жанның түйінін,
Шешермін дедім байыппен,
Көбейіп іште күйігім,
Барады тамыр жайып кең.
Ұқпасаң енді не шара,
Арамыз кетті алшақтап,
Аттатпай «намыс» — шекара,
Жүрміз бе жалған «ар» сақтап?..
Есем кетті есуасқа тағы да
Есем кетті есуасқа тағы да,
Еңіредім, жара түсті жаныма,
Опасыздың көкірегі меңіреу,
Қатыгездік сіңіп кеткен қанына.
Қай таңдардан, қай түндерден жаралдың,
Аппақ сүтін емдің сен де анаңның,
Ойлаушы едім, негізі де болмас деп,
Қастық ойлап жұртқа жүрген арамның.
Әке-шешең бір Аллаға иланған,
Жүздерінде жылылық бар, иман бар,
Ыза-кектен түрің сенің түтіккен,
Сірә, сірә, болмысыңда бір мән бар.
Әлде, алданып арзымайтын арзанға,
Сау басыңды салып қойдың сарсаңға,
Ар-ұятты аластатып өзіңнен,
Ізгілікті шамаң жоқ па аңсарға?
Өмір барын білмейсің-ау өзгеше,
Не істер едің жаның маза бермесе,
Көкірегіңді қағып аппақ сезімдер,
Сен жасайтын қиянатқа көнбесе?
Аяңдайтын тар соқпақтан бұрылмай,
Пенделердің күні қандай біріңғай,
Саңылауы жоқ санасыздан сескенем,
Шырқыратар деп жанымды құлындай.
Жаңғырықты туғызады жаңғырық
Жаңғырықты туғызады жаңғырық,
Табиғаттың заңдары да бар қызық,
Жүрегімнің ащы айқайы секілді,
Маңдайымды тілгілеген сан сызық.
Ойды іліп ала қашты ой-дөнен,
Жалаң ойдан шықпай қойды жақсы өлең,
Сезімімнің кәусарына қандырып,
Торғын нұрдан өшпес өрнектер өрем.
Маған керек жарығы мол жан-шуақ,
Қаламын ғой онсыз жаурап, қалтырап,
Ауыртпашы сен де жауыр жүректі,
Көпшілікпен бірге мені қамшылап.
Асыл сөздер айтсаң егер айшықты,
Дер едім-ау сені өзіме сай шықты.
Қосақталса екі жүрек егіздей,
Ажыратар оны, айтшы, қай мықты?
Әне, бір жан өтті маған қадалып,
Әрбір адам бір-біріне жаңалық.
Сәулесі мол кездесуден тұрады
Жайсаңдардың жан дүниесі жаңарып!
ҚАЛАДАҒЫ ЗАМАНДАСҚА
Жазамын деп қуатты, құнарлы өлең,
Күні бұрын атой сап, қуанып ем,
Енді, міне, отырмын зілдей басым,
Еңсем түсіп, мең-зең боп,мұңайып мен.
Тұрлауы жоқ дүние, тұрағы жоқ,
Беруінен өмірдің сұрауы көп,
Қатарластың қараймын қабағына,
Қуанудан, сеземін жылауы көп.
Сабылумен тіршілік қамыменен,
Сырласуға уақыт жоқ жарыменен,
Зыр жүгіріп ызғыған жұрт ішінде,
Шамасы жоқ ешкімді танып, елер.
Қалай ессін көңілден жұпар самал,
Бір өзінің басында қанша амал,
Үйіне енген сәтте бөбектері,
«Мамалаған» жамырап әнге салар.
Жүзін бүркеп заманның көлеңкесі,
Кезіндегі біреудің сән еркесі,
Жарысқандай жауынмен жүгіреді,
Сөмкесінде тола сүттің бөтелкесі…
Тымырсық тұман көкпеңбек
Тымырсық тұман көкпеңбек,
Асқақтап мүлде кеттің деп,
Көктегі Күнді жазғырды
Айылын жимай, екпіндеп.
Жанары жарық дүниенің,
Жасаурап, қимай сүйгенін,
Тұрды да үнсіз, әкетті
Бұрып ап басын күйменің.
Қалды да тұман тыпыршып,
Ызадан кетті жаны ыршып,
Бүркеді барлық маңайды,
Жарқанат болып жабысып.
Шымшыды көзін гүлдердің,
Өшірмек үнін күлгеннің,
Әсемдік көркін жоям деп,
Оям деп көзін көргеннің.
Кеткендей жердің есесі
Сынаққа түсті некесі,
Көрінді бір кез ұрланып,
Қызарған күннің шекесі.
Аяды мұңлы шөлдерді,
Қимады шерлі шеңберді,
Қиянат қылын қақ жарып,
Ғашық күн көкте еңіреді….
Мына өмірден азды-көпті түйгенім
Мына өмірден азды-көпті түйгенім:
Жұртты аяп, өзім талай күйгенім,
Қарапайым көрінем деп қалбақтап,
Бір басыма сонша мұңды үйгенім.
Кешірімді болып әбден көргенмін,
Өмір үшін азабына көнгенмін,
Тікенектей қадалғанда арзан сөз
Арасында қалғандаймын шеңгелдің.
Шабытымды шашыратып алыппын,
Айтпас жерде жан сырымды ағыттым,
Еміреніп жүрген жанның алдында,
Байқаусызда қадірсіз боп қалыппын.
Әр жүректе құпия бар сыр бүккен,
Жұлдыз-моншақ тамар, кейде, кірпіктен,
Басымдағы бақ-құсымды абайсыз,
Ашықтығым болса керек үркіткен.
Жабырқады жарық көрмей жыр-жетім,
Көбейіпті көп алдында міндетім,
Жетегінде кетпейін деп көңілдің,
Салмақты оймен көмкеремін бір шетін.
Өкінемін кейбір албырт ісіме,
Байсалдылық жиі еніп жүр түсіме,
Соңғы кезде үнсіз әжем бейнесі,
Елестейді сөз айтарда кісіге…
Жылдарым-ай, сіңіп кеткен ғасырға
Жылдарым-ай, сіңіп кеткен ғасырға,
Айналып та кеттіңдер ме жасынға,
Тойланбады туған күнім менің бір,
Өкінішті екен бұл жай, расында.
Паш етпей-ақ қояйын деп өзімді,
Адамзатқа өткізе алмай сөзімді,
Мен жүргенде жетімсіреп, жылдарым
Еш еленбей, көңілсіздеу көз ілді.
Айқара ашып қыркүйектің омырауын,
Шылдыратып кішкене үйдің қоңырауын,
Мен енгенде құшағына ғаламның,
Үш күн бойы тоқтамапты ақ жауын.
Төртінші күн мен күліппін нұр төгіп,
Жақсылыққа бұл қылықты жұрт жорып,
Ат қойыпты Күлжадыра деп маған
Жұтап жүрген жандар мені құт көріп.
Жақсылық боп босағаңды аттап ем,
Арамдықтың арнасынан татпап ем.
Тілеуменен барлығыңа ізгілік,
Жалғызсырап жүрмін дүбір шақта мен.
Жақпай қойдым, жағымсыз ба мінезім,
(Жалғыз Құдай қай пендесін түзесін).
Жұрттың бәрі өзімшіл боп кеткен бе,
Даулап жатыр қысқа күннен үлесін.
Тірлігіңде керек екен құрмет те,
Төбешік боп қалғаннан соң бір шетте
Қажеті жоқ, жек көр, мейлі, жақсы көр,
Сенбеймін мен қисыны жоқ ертекке.
…Еркін жүзер көк шалқарда жарқын Ай,
Елім барда жүрем мен де жарқырай.
Бұл өмірден тапсам деймін жарастық,
Бере көрме не берсең де жартылай.
Бар жақынға қамқор болып жасымнан
Бар жақынға қамқор болып жасымнан,
Кездерім жоқ асыған да тасынған.
Жылу іздеп жүргенімде жаутаңдап,
Табылмады-ау сипайтын жан басымнан.
Бұл өмірде дүние қалар шашылып,
Біреу оны жинап алар жасырып.
Салмай-ақ қой маған қорған алтыннан,
Берші, шын дос күтіп жүрер асығып!
Қанаттас боп ұшар маған құстар бер,
Биіктікке мен жасымнан құштар ем,
Сәт сапарды сыйла маған, Тәңірім,
Қиындықтан қаймықпайтын ұстам бер!
Сыйғыза алмай келем сені жер-көкке
Сыйғыза алмай келем сені жер-көкке,
«Керіммін» деп марқаймашы сен текке.
Мен құшатын ғалам мүлде бір бөлек,
Ұқсайды ол таңғажайып ертекке.
Самғап жүрем сол әлемде жалындап,
От-сезіммен тірі жанды жарылқап,
Жанашырлар шырылдайды аялап,
Тымырсығы тымпияды таңырқап.
Қиялымда сомдап соқтым бейнеңді,
Күтіп жүрдім көк жұлдызды күймеңді,
Қасыңдағы жаннан артық санайсың,
Бір шаттыққа татымас мың күйбеңді.
Ұшқындарым ұшып түсіп кеудеңе,
Маған таныс зер салыпты зердеңе.
Соның өзі аз қуаныш емес қой
Осыншама күрсінемін мен неге?
Болмысыңнан көргім келіп заңғарлық,
Мінезіңнен тапсам деймін архарлық,
Екеуміздің арамызға ешқашан,
Жоламаса екен жаттық, жалғандық.
Сан ірілік тұрса деймін бойыңда,
(Бұл амалдың қиындығын мойында).
Мені үнсіз жеңіп жүрсің, дегенмен,
Ашық айтшы, не бар сенің ойыңда?
Әзіл-шыны араласқан сыр айттым,
Сөйтіп, міне, тағы сені мұңайттым.
Сыйғыза алмай жер мен көкке жүргенде,
Қолды бір-ақ сермеп кетсең, мен қайттім?!
Таулардың тастарына шағыларсың
Таулардың тастарына шағыларсың,
Өктем жел өңменіңнен өтіп талай,
Сол шақта жарқын жанды сағынарсың,
Тұратын ақ таңдардай шашып арай.
Жүргенде жабырқаумен жат пен достан,
Көңілдің көкжиегін кезіп дауыл,
Ұғыспай қосағыңмен Құдай қосқан,
Сыздайды сызат түсіп, шіркін, бауыр.
Күлкі боп қалмайын деп жан-жағыңа,
Жүресің бүк түскен бір асықтайын,
Кикілжің кіріп шабыт шарбағына,
Көңілді көтерткізбей басып дәйім.
Қасыңнан жарқ еткенде сәуле – сезім,
Кеудеңді дүр еткізіп уайым бүрген,
Ұмыт боп күйкі тірлік, әуре кезің,
Самғайсың кеңістікке ұшып нұрмен.
Табиғат уылжып тұр пәк сезімнен,
Шомылып шұғыласына лағыл ардың,
О, өмір қандай қайсар мәрт төзіммен,
Қаншама тасжүректі қабыл алдың.
Жаралған мөлдірліктен, көркемдіктен,
Тазалық әлеміне табынамын.
Менімен кездесуді көптен күткен,
Адал жан, ниетіңді сағынармын.
Көңілімнен күй төгілді еріксіз
Көңілімнен күй төгілді еріксіз,
Жүрген екем күйсіз және серіксіз,
Ен салмаппын ең болмаса біріне,
Шындық, кейде, екен, тіпті, көріксіз.
Көлеңкемен сәуле бірге жарысып,
Күңгірт күндер етегіме жабысып,
Кектенбеуші ем, кемірді ғой намысым,
Бір пендемен күнде келем алысып.
Өлең де жоқ, өнер де жоқ бойымда,
Мен түндердің, түнек менің қойнымда.
Үгітіліп кете жаздап жүремін,
Міндеттерден мініп алған мойныма.
Келер ме екен шарықтайтын шат шағым,
Жаратқаннан көп сұрауға батпадым.
Өлшемменен берілетін дүниеге
Ақыреттік жанымды мен сатпадым.
Ошағымда от сөнбесін мезгілсіз
Ошағымда от сөнбесін мезгілсіз,
Келсін көктем, ретімен келсін күз.
Қастандық па, астамдық па білмедім,
Арамызда сілейіп тұр сеңгір мұз.
«Кесапатын ұл тартпасын әкенің,
Қызына артпа шешесінің қатерін»,-
Дедім-дағы, сақшы болдым өзіме,
Кесірінен қорқып қарғыс, қатенің.
Талпыныс көп талшыбықтай бойымда,
Жарқын сенім тербеледі ойымда,
Мойымадым сондықтанда тағдырға,
Аямай-ақ артса да жүк мойынға.
Іштей өксіп, саған бақыт шын тілеп,
Ошақ отын сөндірмедім үргілеп,
Жүрегіме жара түсіп сан рет,
Орны жатыр, жазыла алмай күлдіреп.
Не айтайын бастауы өзге басқаға,
Өзгертетін өн бойыңды аз шама,
Бет алған соң сын сапарға бірігіп,
Жарты жолда жолдасыңды тастама!
Керек пе еді менің Музам дәл саған
Керек пе еді менің Музам дәл саған,
Жұрт көзінше кербезденген жақсы адам.
Жанайқайым жақын жерден шықса да,
Басуға сен ерінер ең бір қадам.
Екі елдің елшісіндей екеуміз,
Ізет сақтап, түсініспей өтерміз,
Сұрап қойып анда-санда жағдайды,
Жат көңілді көршілердей бөтенбіз.
Талқандалған үміттерді арқалап,
Сабырымды жонып біттім жаңқалап,
Абыройды төкпейін деп айрандай
Керегемді келем даудан қалқалап.
Керуен — жылдар көшіп жатыр арада,
Қалмапты ғой бір керім сәт санада.
Нан секілді көрінеді жүрегім,
Байқаусызда күйіп кеткен табада.
Тәж киген таза шуақтан
Тәж киген таза шуақтан,
Падишах көрдім мен сені,
Қиялмен көңіл жұбатқан,
Жылдарым көшті кешегі.
Үлгі деп тұтып жүргенім,
Үпелек екен үлпілдек,
Сарыла күткен түндерім,
Ұласты таңға біртіндеп.
Санада, бірақ, сыз қалып,
Бар ырыс оны құрғатпай,
Көктемді көшкен қызғанып,
Сезімді жүрмін құндақтай.
Қастерлеп өткен күндерді,
Ызғарым, тегі, жоқ саған,
Көргенде озған күймеңді,
Бірінші болып шаттанам!
Ұлыма
«Не көрсе де, көрсін мейлі, өз басым,
Балалардың сағы ешқашан сынбасын»,
Деп тілеген аналардың, Жаратқан,
Қабыл алшы, көлдей болған көз жасын.
Қызығым да, қуанышым, жеңісім,
Садақа ғой, жарқыным-ау, сен үшін,
Тірі болсам шоқытпаспын қарғаға,
Емін еркін өсер өрен серісің.
Мадақтайын мәртебеңді өсіріп,
Өз төріңде отыршы бір көсіліп,
Ұясында ұлағаттық көрмеген,
Көрсете алмас ешбір жерде кісілік.
Тегіңді айтып саралайын санаңды,
Үлгі тұтып қастерлерсің бабаңды,
Шешер кезде тағдырыңның түйінін,
Байыпты да, пайымды бол, табанды.
Әке атымен өтпегейсің өткелден,
Тұлпар баптап, қайрат бергем, от бергем,
Құнарлыдан құнсыз туды дегенді,
Айтады жұрт ұрпағына жек көрген.
Көлденеңнен біреу шықса қаралап,
Сабыр сақта, ойға салып, саралап,
Ашуыңа қайрақ болсын ақылың,
Кінәсізді жүрме, қалқам, табалап.
Ер есімі есте қалар ерлесе,
Халқы үшін іс тындырып терлесе,
Тізгініңді берік ұстап, қарағым,
Бәйгелерден озып келші, ендеше!
Жар сыры
Саған жақсы жар болуға тырыстым,
Түсінгейсің қиындығын бұл істің,
Азаматым деп аялап өзіңді,
Қасиетін қастерледім Шығыстың.
Сөз келмесін деумен сенің атыңа,
Кермек кезді жүрдім жұрттан жасыра,
Жаутаңдадым, қабағыңа қараумен,
Тән болса да өрлік менің затыма.
Аласардым, сен биік боп жүрсін деп,
Жарқылдадым, сен көбірек күлсін деп,
Бәйек болып мазасыздау туысқа,
Бір сен үшін айтқан жоқпын «кімсің» деп.
Мінезіңнің кесектерін қалаумен,
Әр ісіңді жақсылыққа балаумен,
Сетінеген жерің болса жүремін,
Дос-дұшпанға білдірместен жамаумен.
Жеріп кеттім дүниеқоңыз тірліктен
Жеріп кеттім дүниеқоңыз тірліктен,
Желімденген жасандылық бірлікпен,
Тізбектеліп жетектелген тағдырлар
Байыз таппай, бағын таппай сүрліккен. .
Қызыл көрсе қырындамас жан бар ма?
Ұқсайды ғой адамдар да аңдарға,
Біреуінен қасқыр көрем ашқарақ,
Екіншісі – қорқақ қоян қаңтарда.
Қамығумен ертеңді ойлап жүремін,
Ақ таңдардан жанға медет тіледім,
Армандарын құлы еткен көмейдің
Ортасында қалып әбден жүдедім.
Ғажап сәуле дір еткізді сезімді,
Жақындатып ұмыт қалған кезімді,
Бейнеті көп, зейнеті аз күйбеңнен
Аршып алсам Сені және Өзімді!
Тіршіліктің түнерген бір шағында
Тіршіліктің түнерген бір шағында,
Дос болып та қала алмадың жанымда,
Бәз біреудің күлкісіне алданып,
Өзгердің тез қалайша қас-қағымда.
Мені алып санадың да алпамса,
Оны гүл деп үсіп кетер қар жауса,
Асқақтығым көрінді ме айбаттай,
Сағы сынды-ау көңілімнің балауса.
Жыр толғаған жүрек қалды жаралы,
Алынған соң берік деген қамалы,
Өз басыма лайықты бақ бермей,
Тағдыр мені қайда алып барады?
Көрінгенмен көп алдында жайдары,
Мен бір мұңлық білмей өскен айланы,
Жанарымда мөлтілдейді пәк сенім,
Бәз қалпында бұзылмаған қаймағы.
…Екі жүзді, құбылмалы қу жалған,
Сияқтысың сынақ-сыннан құралған,
Бір түскен соң уысына нәпсінің,
Босатпас ол шыққаныңша құмардан!
Иландым жалған сөзіңе
Иландым жалған сөзіңе,
Кектеніп ешбір көргем жоқ.
Күліп те тұрып көзіңе,
Сыртыңнан өсек тергем жоқ.
Шалғайға өттім жармаспай,
Шала боп бықсып жанбадым.
Жағаға ғашық жартастай,
Аңсаудан сені танбадым.
Өтуді өртті өткелден,
Жазыпты маған Құдайым,
Таппадым тағат көктемнен,
Жұбаныш күзден сұрайын.
…Жараспай күн мен түн бірге,
Керісіп кетті мың жұлдыз,
Көктеуі жанның мүмкін бе,
Жан-жағы болса қалың мұз…
Кесірлердің бәрі келсін бір маған
Кесірлердің бәрі келсін бір маған,
Мен өзімнен ездік тапсам, арланам,
Өршелентпе, күйіп қалып өкінбе,
Себебі, мен от – сезіммін лаулаған.
Жүрегімді күлге талай аунаттың,
Ызғарыңмен жанды бүріп, жаураттың,
Тыныс алып бүгін тұрған тіршілік,
Білесің бе, жапырағындай бау-бақтың.
Үйірмедің, үйретпедің, күйреттің,
Қаншама рет тілімді де күрмелттің,
Бәлкім, тағдыр көрсін деді бәрін де,
Жылдар бойы құр кеудені сүйреппін.
Бір келері сөзсіз еді жарқын жаз,
(Әлі ешкімге айтпаппын да артық наз).
Жүрегімді билеп алып, үйіріп,
Тербеп кетті кенеттен бір шаттық саз…
Шыбын-шіркейден, сұрғылт бұлттан
Шыбын-шіркейден, сұрғылт бұлттан,
Мазам кетті, мең-зеңмін.
Жанымдағы құрғыр құлыптан,
Ауырғанымды сеземін.
Арамыз жақын, аттай алмадық,
Үрке бердік у-шудан,
Аз күндерді біз үнсіз жалмадық,
Түсіп кетті ұнжұрғам.
Күңкіліне де қарамай көптің,
Жүргім келді аспандап…
Көктемім менің күздей боп өттің,
Арманды қойдым астарлап.
Қашанғы күндер осылай өтпек,
Күрсінеді наз — өмір.
Өңменнен өтіп суық жел өкпек,
Қырауланды жаз — өңім…