ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ
Бірінші қылмыс
Ақша қарда
қорғансыз-ақ бол адам!
Зəйтүн өскен жасыл тоғай – дара бақ.
Дара бақты əдемі ару аралап,
Отырды да көлеңкеде
Жеңімен
Сүртті бетін,
Көз жасы еді ол,
Қарама.
І
…Қола дəуір əңгімесі баяғы:
Нағыз былшыл, жоқ басы мен аяғы.
Перс деген құлы болды Шамхаттың –
Ол – храмның жезөкше бір саяғы.
Танаиса даласынан ілкіде
Ызғарлы жел соқты-дағы бір кілең,
Іштөренің храмына лап қойды
Жауынгерлер қолаңсасы мүңкіген.
Тиді əйелге қойға тиген бөрідей,
Дал-дұл болды талшыбықтай біреуін
Ұстап еді,
Екен жаны сірідей.
Қашырамын деп келсе де құтыңды,
Бүтін сақтап қалды ару бүтінді.
Іздемей-ақ өткел тапқан адамға ол
Асыл тас пен алтын беріп құтылды.
ІІ
Парсы қайтті?
Шыдау бұған оңай ма?
Арашаға жүгірмеді алайда.
Дулатқа да көтермеді қылышын,
Ол асықты киелі көк тоғайға.
Одан мұндай əрекетті кім күтті.
Тас түбінен өзіне көр үңгіпті.
Содан кейін
Көне қола қанжарын
Қабырғаның арасына сүңгітті.
Шамхат болса соның бəрін көріпті.
Сүйретіліп жетіпті де
Өлікті –
Сүйіктісін
Жерлепті өзі,
Мықты ғой
Ассирия арулары көрікті!
ІІІ
Ішбақамыз тірі жан жоқ қасында
Сол аруды байқап қалды расында.
Отыр екен дефненің1 түбінде ол,
Гүл жамылған жас қабірдің басында.
«Жанға тиме жанындағы өліктің»
Депті скифтер
Жəне тимей келіпті.
Көрмей оны қалмады хан,
Көрген соң
Кете алмады,
Одан бетер желікті.
ІV
Көз жұмулы,
Иығында тау қайғы,
Желкесінде қою шашы аунайды.
Сол күйінде тəн құдайы,
Яки
Тəңірия Іштөреден аумайды.
Ассирия. Тапа-тал түс. Ойлы аспан.
Бал арасы гүлге қонып жайғасқан.
Скифтердің табанының астында
Үнсіз-түнсіз тоқ қалалар май басқан.
Қырғыннан соң əлем іштей күрсініп,
Дем алғандай қылп етпестен тұр сұлық.
Құмарлықтың арғымағы арындап,
Солқылдайды шеке тамыр – тіршілік.
Гүл құмартқан бал арадай сабылып,
Ұмтылды хан,
Ұмтылды хан қағынып.
Бал араның көлеңкесін сезгеннен
Түнерді де
Қалды əлгі гүл жабылып.
Бал арасы туралы елік сөйлейді
Жел жұлқылап жауқазынның желегін,
Бір қышқылтым жұпар сезіп келемін.
Есі кетіп ұмтылғанда
Теңселді
Астында гүл түк-түк болған дененің.
Тыныштыққа қойны толы бақтардың,
Зыңылдайды жез сауыты көкнəрдің.
Ызыңдайды бал арасы
Нəр берген
Қызғалдақтың көп күнəсін жоқтар кім?!
О, Ішбақа,
Қайнар сезім қазаны.
Оған сенбе,
Араға сен жазалы.
Жаныңды сол шаққан кезде
Баяғы
Уға айналар бал сезімнің азабы.
V
Шамхат шерлі шайқалғандай тұнығы.
Сүймегенмен күйдіреді бұл үміт:
«Мүмкін маған көзі түсер
Сол сəтте
Ғашық болар,
Өліп-өшер,
Соны күт!»
Дарақылық.
Керегі жоқ құмартып.
Бар пəлеміз көрінеді мұнартып.
Байқасын деп тілей көрме,
Қайтесің –
Көргенінен көрмегені көп артық.
VІ
Гүл мен тəнқұмарлықтың көк шыбыны
арасындағы əңгіме
– Ұятсыз бал сұрамайды жасыңды,
Ə дегеннен айналдырар басыңды.
Ал мен гүлмін
Нұр сəуледен жаралған,
Демек күннен алған бүкіл асылды.
Мен шырынмын,
Мендегінің бəрі өзге.
Бал боп əлі құйылмаған кəрезге.
Бал ғажап қой
Қиып түсер қылыштай,
Кейде бірақ ұқсайды ол мерезге.
Иə, гүлмін.
Қауіпті жер бұл ара.
Маған қонған ажал табар шінара.
Батсын шыбын құмарлықтың балына,
Шыбын емес,
Келмек маған ұлы Ара.
Шалғындағы жапырақ пен шөп егіз.
Осыларды тіліменен ала өгіз
Балшарапқа су қосқандай
Қосып жеп,
Гүлге жақын келіп қалды,
Елеңіз.
…Ал шыбынның не дегені беймəлім!
VІІ
– Бір өзіңді, – деді хан бір ойқастап, –
Аяқтарды тіреп қойып қой тасқа,
Көрсек дейміз,
Сыңғырласын жер-төсек
Сияқты бір сынған шыны айқаста.
Елік енді Ассирия бұқасы, яки Іштөре тəңірияның ашынасы туралы айтады
Мен өзіңнен көз ала алмай қалдым да,
Бəрін ұмытып қипақтадым алдыңда.
Мені əкелген құштарлықтың бұқасы,
Неге бізге аунамасқа шалғында?!
Жыр моншағы от құшағын жая ма,
Құмарлықтан бас тарта алман саяда.
Сыңғырлайды ұйқастардың шашбауы,
Бізге неге жолықпасқа маяда.
Құштарлықтың бұқасы ғой
Есіме
Сені салған,
Бақтағы гүл – несібе,
Майлы сүтін аямайды кокостар,
Жолай алар емеспін мен төсіңе.
VІІІ
Шамхат кетті ұятына сүйеніп,
Екі көзі – сырдың екі тиегі:
Жанып тұрған екі үлкен шар,
Кірпіктер –
Соны құшқан қоңыздардай киелі.
Қара жерге тиер-тимес өкшесі!
(Басқалар да солай басып өтсеші!)
Бұлт-бұлт етіп
Бір-екі пұт алтындай
Көздің құртын оятады бөксесі.
Отқа сенген кездерде бір қысталаң,
Бейшара құл,
Есекпен бір қыстаған
Терлегенде
Ыстық суға жуғандай
Бұрымдарды уыстап бір ұстаған.
Жатқан кезде сипап оның сауырын
Өңешіне көз жүгіртіп,
Бауырым,
Қараңғыда көре білген
Арудың
Қуанышты бүлкілдеген бауырын,
Ажал оғы қадалғанда төсіне
Үн шығармай –
Төзім емей осы не?! –
Қайтарғыш ер,
Тойтарғыш қыз –
Тайпасын
Түгелімен түсірген тез есіне
Қаһарман құл,
Білем саған жақпасын:
«Келгенде олар кекжеңдетіп ат басын,
Ару ерді қоздырып бір
Нəпсінің
Айқара ашып тастағанын қақпасын».
Бұл Ішбақа бір саспаған майданда
Ерді аруға,
Моп-момақан қойдан да.
Бір аттаған екі аттайды, əрине,
Тоқта, батыр,
Тоқта, батыр, ойлан да!
Жоқ, болмады.
Үшінші рет аттады.
Төртінші рет,
Бесінші рет…
Қап! Тағы!
Сегізінші қадамын ел айтады
Ең бірінші қадамы деп бақтағы.
Митыңдаған есекке көз салдың ба?
Салған жоқсың,
Салған болсаң, қал мұнда.
Тұрады ылғи арындаған арғымақ
Жалынды ердің жанарының алдында.
Бұйрық беріп арғымаққа тақыммен,
Құйғытқанға не жетеді!!!
Қатынмен…
Бұл өмірде асқан сұмдық жоқ енді
Мына жайтқа куə болған сəтіңнен!
Келеді ол аттай тұсау салынған.
Қорамсағы,
Дулығасы алынған
Өзіне-өзі разы емес,
Қасқырдай
Қошқардан бір тұсақ сұрап жалынған.
Барады ару айы туған оңынан
Жұпар шашып бұрымынан,
Қолынан.
Сүмірейіп келеді еріп батырың
Сайгүліксіз
Жезөкшенің соңынан…
Айыптау
Найзаға шаншып жоғары көтергенде арғы атамыз Кене-Сарының айқайлап айтқаны:
«Ішқозылар, еңселі де иықты,
Мен олардан найза бойы биікпін!
Жүрмеңіздер жауға тұқым қалдырып,
Өз ұрпағың кетер онда қаңғырып!»
Хан қыздарын қызықтаса ол аймалап,
Батыр скиф қаптар еді айнала!
Ол өзі де біраз тірі жүрер-ді,
Қаһарлы да, қайратты да, жігерлі,
Мұндай сөзге елтімеді ол бірақ,
Өлген артық жүргеннен де болбырап!
Шамырқанып, ұстарасын үшкіріп,
Тастады тез өзін өзі піштіріп!
Қалды сақтап ол осылай тайпасын,
Ал сен, ханым, басқа əңгіме айтасың!
Сен дайынсың абыройыңды ашуға,
Тірлік үшін ұрығыңды шашуға!
Екінші қылмыс
Ақша қарда қорғансыз-ақ
бол адам!
І
Сөйтіп Ішқұз тайпасының көсемі
Ер боп шықпай,
Ез боп шықты деседі.
Шамхат бұрын
Пұтханада болыпты
Абыздардың тулағы мен төсегі.
Қиқулатып келгенше ерлер көптеген
Ол Шамхаттың құшағы аз-ау өтпеген.
Қара сақал,
Бурыл сақал,
Ақ сақал –
Бір бура жоқ оған, сірə, шөкпеген.
Енді шулап ер Дулаттың құлағы,
Сыртынан жұрт əбден мазақ қылады.
Дүниенің бар керуені жүк артқан
Шамхаттың кеп ауласына құлады.
Ашық кезде Ассирия аспаны
Дулат өзі ойдан жүдей бастады.
Қолға түскен Эллин мен Чин байлығын
Шамхатқа əкеп үйіп-төгіп тастады.
Қарап тұрсаң,
Бұл байлықта жоқ есеп.
Сол байлыққа Іштөрені бөлесе,
Нағыз сұлу
Құштарлықтың Құдайы
Разы боп қалар еді он есе.
Оған берген сыйлық зая кетпейді.
Кеуде қандай,
Тақым қандай!
Кеппейді!
Қосар болсаң алпыс ару бөксесін
Оның жалғыз бөксесіне жетпейді!
Ішбақаңыз қалай танған есінен?!
Күйінесің оған, ақын, несіне!
Шамхат анау үлестірген байлықты
Алба-жұлба қайыршылар көшіне.
Қарашы сол шашып жатқан затына,
Бəрі лайық асыл тастар атына:
Ыдыс-аяқ,
Айна,
Шамдан,
Иіс су
Бүрке-тұғын қолтығына,
Шатына!
Не маңызды: аса қымбат мүлік пе?
Тобыр ма əлде мəз болған сол бүлікке?
Соның бəрін суреттеп жатам деп,
Əлдекімнің күлкісіне ілікпе!
Одан да сен қаламыңды тасқа шап,
Ақын ойын баяндап бір басқаша:
Аса сирек оқиғалар сен жазған
Ұмытылмайтын болсын əсте ешқашан!
Ұнаған хан ұрпағына келешек
Айтар едім бақытты деп он есе.
Өз сөзімен жеткізсін жұрт басқаға
Менің жырым көкке лайық,
Елесе.
Жат тағдырды
Дүрілдеген кезінде
Түсініп бір,
Сынға түсші өзің де!
Менің əлім келер емес,
Оқырман,
Алып қашқан мынау асау сезімге.
ІІ
Ұлы нəрсе айту үшін
Алдымен
Арамшөпті тазалап ал шалғымен.
Қалайсың сен жазушымен ішмерез?
Оны бүгу –
Шын ұят деп қалдым мен.
Ондайларға еліктеме отырып.
Ішбақаның бар бағасын кетіріп,
Қызыл сөздің киіндіріп ескісін
Алтын үшін
Соғады олар өтірік.
Жетті ғасыр жазуы бар тас артып.
Қосу керек соларды енді жасартып.
Сол жазуды бұзғандардың
Еркекке
Артын тосқан бозбаладан несі артық?!
Тап осындай
Көтен ақын өткен жол.
Ішбақаның ырысын да төккен сол.
Ештеңе емес қол сұққаны байлыққа,
Əсемдіктің түбіне де жеткен сол.
– Оңбаған ит!
… … … … … … …
– Міне, осындай жауызың
Шын ақынға үргізбе, оны, нағыз ұл!
«Шошқа!» дер ем мен оларға баттитып,
Бармайды оған сөз сыйлайтын ауызым.
ІІІ
Хан өзінің түсіп алды соңына.
Ызаменен
Дегендей бір «Соны ма!»
Жоғалтып ап тапты өзін
Базардан
Кірген кезде
Қара халық тобына.
Өзіңді өзің көргің келмеу бір басқа
Қинай берді ол шыбын жанын құр босқа.
Жолықты оған мысырлықтар,
Иудейлер,
Эллиндіктер тұла бойын жүн басқан.
Өзіне-өзі солар болып үңілді.
Жəне олардың жанарына жүгінді.
Ұйқы қалды.
Күлкі қалды жайына,
Істеместі істеп жаннан түңілді.
Ойлар. Ойлар ойнақ салып басында,
Мазаны алды,
Ағартты əбден шашын да.
Ол ойларын əлдиледі,
Ал олар
Шекесіне тас боп ұрды, расында.
Ойлар, солай кеткен əбден тайраңдап
Бірі өксіп,
Бірі сөзге қайран ғап,
Жай күндері көмей жыртып біреуі,
Ал біреуі түнеп жүрді мейрамда.
Бірі тесіп,
Тас төбеден бұрғылап.
Алтын таспен маңдайынан ұрғылап,
Тауып кел деп,
Жіберді ол Дулатты
Даналық деп аталатын бір бұлақ.
ІV
Арем. Базар.
Күн балқытқан қой тасты.
Бір-екі ми
Айқасудай айқасты.
Бірі үндіс А-брахм сидиған
Жас болса да
Ағартпаған жай басты.
Баз кешкенде
Тереңдеп ой өрісі
Əжімденіп кете-тұғын терісі.
Аппақ бордай ағарып ол
Тазарып,
Жоғалатын пенделіктің перісі.
Ойын сүзіп парасаты елекпен,
Ақыл атты қияметтен ол өткен.
Ол толғанса,
Базар үнсіз тынатын,
Ақиқатты сезінгендей кенеттен.
Брахм-А.
Ол иудей болатын.
Базарменен шығарған-ды ол атын.
Ас ішпейтін
Оның қунақ тұлғасы
Құдай жайлы ойдан азық алатын.
Қажытқандай оны ұйқысыз талай түн.
Ол адамға мұңая бір қарайтын.
Өзіне-өзі үңілгенді ұнатпай,
Елсіз шөлге безгеніңді қалайтын.
Қалайтын ол қиындықпен озғанды.
Хайуандармен араласып тозғанды.
Сөйтіп қана азық тауып,
Тер төгіп,
Ұнататын шөлде құдық қазғанды.
Талма түсте төбесінен күн өткен
Пұл етпестің барлығын ол пұл еткен.
Соған қарап
Бүкіл базар тынатын
Ақиқатты сезінгендей кенеттен.
V
Келді Дулат дедектетіп екеуін.
Біліп қойсын ханның қандай екенін.
Мелшиді олар
Құйып берген шараптың
Өзіне де жақындамай екі елі.
Ал қызыл шай кеселерге құюлы.
Бесті қымыз зіркілдетер миыңды.
Неше түрлі жайпақ табақ,
Қыш табақ
Құрма менен баданыңа үюлі.
Əмірші отыр саясында қалқаның,
Төрт бұрышты көлеңкеде жел қағып.
Бейшаралар күн астында тізерлеп
Əлі де тұр,
Көресің бе жалтағын.
– Данышпандар,
Ой кернеген кеудесін,
Жұбатыңдар жердің мендей пендесін.
Таңның қызыл шапағындай
Түнекке
Түсіріңдер парасаттың сəулесін.
Барады өтіп мына тірлік күйігі.
Айтыңдаршы,
Неде өмірдің түйіні?!
Сендерсіңдер – абыздары базардың
Ақыл-ойдың шыққан нағыз биігі.
Бұрын тегін тыңдаушы едім ақынды.
Енді ақшама сатып алам ақылды.
Дастарқанға отырғызып сыйлаймын
Менен кеңес аямайтын жақынды.
Қанатты сөз жарып шыққан қауызды
Самғасын бір аспанында ауыздың.
Қолымдағы мынау алмас халуа
Алақанға бал шырынын тамызды.
Хан сарайда болған кезде той тағы,
Қандай адам асыл өлең айтады.
Сол адамың алтын асап кəдімгі,
Аузы толған алтынменен қайтады.
Ыдыстағы мынау бадам,
Құрманы
Жеміс деме,
Бар басқаша бір мəні.
Қарай-тұғын болсаңыздар дұрыстап,
Нағыз алтын дастарқанда тұрғаны.
Ал палауда,
Адам болса қабылдар,
Алмас та бар,
Інжу де бар,
Лағыл бар.
Ал кəнекей терең ойға қол салып,
Бір алтын сөз,
Бір асыл сөз табыңдар!
VІ
Бұл əңгіме неге барып саяды
Хан көрсетті тақырыбын баяғы.
Қымыз ішіп,
Күңкілдесіп өзара
Күзетшілер суға малды аяғын.
Үндіс кетті ұзақ ойға беріліп.
Түк байқамай,
Күбірлейді еріні.
Бұтына оның илеу салып құмырсқа,
Тұла бойын шөп басқандай көрінді.
Айналасы – куəгері,
Айғағы.
Бірте-бірте əулиеге айналып,
Оның анау олпы-солпы денесі
Көңілінің кіршіксіз бір қаймағы.
Азаптады күзетшіні шетінен
Алдаспанмен ет кескендей етінен.
Қатып қалды қымызы жоқ кеселер
Қарай алмай адамдықтың бетіне.
А-брахм солай терең бойлады.
Өмір атты бір опасыз тойдағы
Ол адамның нəпсісі мен
Өзінің
Қанағатсыз құлқынын да ойлады.
Ол өкінді
Көмейінің күңгірлеп
Айнала алмай қалғанына үңгірге.
Тақуалық тірлігімен
Аузына
Толатындай дəм салмапты ол бір де.
Ауыз қайтсін
Оған түк те бермесе,
Үзім наннан басқа түк те көрмесе.
Сыймайды енді сəбидің де саусағы.
Сəби саусақ,
Алмас түгіл бір кесек.
О аш ауыз, ұя салған өрмекші.
Өрмекшінің өзі аштан өлмекші.
Ал иудей пайғамбардың ауызы
Не салсаң да бəрін жалмап бермекші.
Сол иудей термен жуып маңдайын,
Жалап қойды құрғап кеткен таңдайын.
Осы кезде брахм-А, апыр-ай,
Кешті бастан дейсің ойдың қандайын:
«Құдай əбден сенген қуат-күшіне
Əділетсіз үлкенге де,
Кішіге.
Сығырайған көздің өзі сыйғызар
Дəу үндісті,
Нар түйені ішіне.
Құлақтың да көрген жоқпын тарлығын.
Елдің зарын,
Əміршінің жарлығын,
Су сылдырын,
Жапырақтың сыбдырын,
Шылпылды да –
Сыйғызады барлығын.
О, Жасаған!
Құлақ пенен көзіңді
Өзің ал да,
Тыңдашы бір сөзімді.
Айдаһардың,
Арыстанның аузы емес,
Басқа ауыз бер
Жұтатындай өзіңді!
Сөйтер болсаң,
Шыққан күннің шақшиып
Астында мен тұрмас едім қақшиып.
Шақырмас-ты
Дəммен сауда жасайтын
Саудагерді
Шөлдің селдір ақ шиі.
Қорқыта алмас бала саны
Жан саны.
Скиф,
Үндіс…
Барлығын да қарсы алып
Отырар ем суға малып аяқты,
Мылжыңыңды тыңдап сенің тамсанып.
О, Жасаған!
Қаққан қанат көмейде
Ілінді кеп күрек тіске кенейдей.
Хан құлағын қаншалықты түргенмен,
Үн шықпады,
Бір ауыз сөз демей ме?!
– Дулат, – деді тұғырынан хан тұрып, –
Көзін,
Миын,
Құлақтарын һəм түрік
Тойдыр алтын сыңғырына,
Данышпан –
Бермес асыл –
Жүрген ұры қаңғырып.
Қалың ойға батыңыздар!..
Кемеңгер жайында бар мынандай бір өлеңдер:
Тиімді емес ақындар мен абызға
Сөздер үлкен,
Көмейім тар,
Ауызға
Сыймайды олар,
Керісінше болса егер
Ол, əрине, тиімдірек жауызға!
VІІ
Бір үнсіздік айналасын қоршаған
Қорқытады,
Хан кəдімгі шаршаған.
Ол Дулатты тыңдағысы келмейді,
Басқасы да Дулатпенен бір шама.
Күзетшілер батырындай ертектің
Əн салады,
Дауыстары бір текті:
Сескенбеңдер билігінен дананың,
Сескеніңдер билігінен еркектің.
Соғыс салған тыртықтары таспаша
Əжімнен ер қорықпайды ешқашан.
Бізді əйелдер сүйген жоқ қой
Қыртыссыз
Маңдай үшін.
Сүйді, сірə басқаша.
Көресің бе толқыған шаш,
Жалымды.
Жез дулығам күн нұрына шағылды.
Ажарыма түссе содан көлеңке,
Болат найзам түршіктірер жаныңды.
Əтектердей
Сақал-мұртсыз –
Көсеміз.
Құмарлыққа толы сезім-кесеміз.
Біз тағдырдан,
Ару бізден қашқанмен
Əйелдерде кеткен жоқ-ау есеміз.
Нұр мен түнек шағылысқан
Бұ заман
Біз мығымбыз,
Біз əділміз,
Біз аман.
Даналықтың үнсіздігі ортаға ап,
Қорқытады оны мына ұзақ əн.
VІІІ
Мінген атын желіктіріп ұрғанша…
Қызылбастар көшесінде тұрған шал
Күн көрем деп құдық қазды бағында,
Сол құдықта жатыр екен сыр қанша!
Осы қартқа келді де хан,
Қысқасы,
Былай деді,
Мынау соның нұсқасы:
– О, қызылбас,
Қарт болсаң да
Махаббат
Мəселесін көп білесің,
Ұстасың.
Құпиясын қызықтыру,
Арбаудың
Айтып берші,
Емі бар ма арнаулы.
Жомарттығым сілкіндірер жер бетін,
Бəрін берем,
Білсең молдан қармауды.
…Қызылбастың ұстап жүрген құяңы,
Бас иді де
(Аз ба аурудың зияны?!)
Мелшиді де қалды еңкейген күйінде,
Əлі де тұр
Қимылдамай тұяғы.
Пəс жазушы былай деген бұл жайлы:
Мен түсіндім ақиқатты,
Хал-жайды.
Былай демек болса керек қызылбас
«Шира, ханым,
Ұқпайсың ба аужайды?!
Тек жалынсаң,
Жалбарынсаң ұтасың.
Түсер қолға сонда жартың,
Тұтасың.
Мəнсіз, бірақ əдемі сөз,
Арудың
Қалай-солай сыпырады лыпасын.
Арыстанның ұрғашысын
Бір күні
Түсіреді сондай сөзбен жыр ғылып.
Бір еңкейсең,
Бүкір бола қалмайсың.
… … … … … … … … … …
Отыр екен Дулат қандай сыр бүгіп?!»
Үшінші қылмыс
Өлген соң да өз елі
Қалай өмір сүретінін сезеді
І
«Мойымасын құрыш жаны достардың.
Қылышына қылыш жаны қастардың!
Көлеңкеден жақсы шатыр болмаған.
Ауыздағы қызыл тілім – оңбаған.
О, Тəңірім, жұлып ал да
Құлақ бер!
Ал сотқар тіл –
Керек емес ол маған.
Найзаларға найзалар кеп тоғысты.
Қылыштарға қылыштар кеп болысты.
Арғымақтар билеп берді,
Айқай-шу
Алағызба мейрамында соғыстың.
Түтіндегі қара түннің желегі
Аяғыңа оратыла береді.
Мойымасын құрыш жаны достардың,
Қылышына қылыш жаны қастардың!
Ішбақа хан, қай жақ саған керегі?»
Кеудесінен кері теуіп санасы,
Желкесінен жел итерді таласып.
«Бəрі есімде…» дей береді,
Дегізген
Желкесінен итерген жел шамасы.
«Қандай қорлық ерлік үшін туғанға
Кісен салып,
Құлдыққа оны қуғанда» –
Дауыл өшті,
Əлеміне арудың
Кіре бере
Душар болды ол думанға.
Думен емес, ағат айттым, той да емес.
Көрінбейді қанжарласар онда егес.
Онда қадақ қағыстырмас, яки
Қызыл күрең шарапқа да шөлдемес.
Шаттықта жоқ түсе-тұғын араша.
Кінəлі жоқ,
Мастар да жоқ –
Тамаша!
Тост айтушы көрінбейді,
Жалғыз-ақ
Аппақ болып ару жатыр оңаша.
ІІ
Жатқан ару түкпірінде бөлменің,
Алагеуім.
Байқалмайды келгенің.
Өрмекшінің торын іздеп бір шыбын,
Өзі тілеп жүр өзіне өлгенін.
Сəуле тілі саңылаудан сұғына
Қадалыпты қос балтырдың жығына.
Кез келген жан ойлар еді
Сол тəн деп
Көк аспанға шашып жатқан шұғыла.
Мынау ыстық сүйегіңнен өткендей.
Маңдай тері суығанда,
Кепкенде
Екі көзі
Болды
Нұрға малынған
Ақ жамбыны – аппақ тəнді өпкендей.
Екі өкпесін қолына алып жеткенде
Шыдай алмай іштен шыққан от демге
Сиқыр сөзбен қалың елді көтерген
Былай деді.
…Дей алатын жоқ пенде.
ІІІ
Көзбен емес,
Тəніменен қарар ма!
Айналған ет сүт кернеген анарға.
Аралықты көзімен ер жалайды.
Жалар еңіз,
Ондай жағдай болар ма!
Өзін-өзі тұншықтырып
Қысылды.
Машық керек ұстау үшін құсыңды.
Құлақ шелін үзіп алма аңша ұлып,
Ызыңмен-ақ тындырарсың ісіңді.
Сонда ғана ол тəтті ұйқысын бөлмейді.
Ептеп басып тіптен жақын кел мейлі.
Сонда ғана дірілдеген денесі
Жанарыңды лəззатпен емдейді.
Ол көмейін
Оймен тербеп алдайды.
Тісін қайрап,
Аузын жаба алмайды.
– Ердің ісін маған тапсыр,
О, Шамхат!
Бір еңкейген
Бүкір бола қалмайды.
ІV
Осы сөзден
Басқан тас та еңсені
Оянар-ды,
Оянбаса теңселіп
Кетер еді,
Сөз теріні сыпырды,
Сезді сұлу содан сөздің семсерін.
Зат, символды тұтастырды
Сол тұста
Рух түсте ажырайды болмыстан.
Күн шықпады,
Дəні шықты бадамның
Санасында қалқып шыққан лотостан.
Кітапкердің қаламы өткір қару-ды.
Содан тасқа таңба түсті арынды.
Ұшып кетті көлеңкесі ұйқының,
Із қалдырмай денесіне арудың.
– Су əперші! – деген кезде ес кетті.
Созғандай боп жаңа жонған ескекті,
Көздің жауын ала-тұғын білекпен
Көрсетті ол сусын толы кеспекті.
Сөйтті де ол көтерілді керіле.
Ол ожаумен су əперді періге.
Суға келген ақ маралға
Ішіп-жеп
Арғы беттен қарап тұрды бөрілер.
Ішіп болып,
Сəл қысылып қымтанды,
– Тура айтайын,
Қойып былай бұлтаңды.
Келешегін кешірмейді
Бүгінім
Қалауынша өткізбесе бұл таңды.
Туғаннан-ақ біз сияқты қасқалар
Жылап-сықтап,
Көздерінен жас тамар.
Мен басқаның лəззатына туғанмын,
Не істемекпін
Болмаса сол басқалар?!
Мен бір сəттік,
Сен шексізсің,
Сəндісің.
Шумерлердің кітабындай мəңгісің.
Неге керек сен сияқты алыпқа
Мен сияқты тышқанменен аңдысып?!
Маған ауыр
От сезімнің қарыған
Білімдіге ілтифат та дарыған.
Сауаттыға ғасыр сыйлап əр сөзің,
Надандарды
Айырады барынан.
Кебенекпен бүркеп тұрсың тарыңды.
Көк найзаң бар
Талдыратын қарыңды.
Сенсең егер
Абыройым жабатын
Менің лыпам –
Алақаны арымның.
Сен мықтысың
Арқасында қарудың.
Бүкіл əлем
Егіндей бір орулы:
Табаныңда жатты сенің,
Ендеше
Қызығын көр кез келген бір арудың.
Қаруыңның беті сондай қарқынды.
Тау боп баспа індей шама-шарқымды.
Маған титтей мұрсат берші сүюге
Мезгілінен бұрын өлген марқұмды.
Сенің үшін
Рақаттың төсегі
Болу – арман,
Сорым бірақ бес елі.
Бұза алмаймын
Менің Шамаш Құдайға
Беріп қойған ант-сертімді кешегі!
V
Сен кəрісің, – деді Шамхат, –
Сен осы
Тəңіріңе –
Найзағайға сенесің.
Быт-шыт қылса соның бəрін –
Жөн басқа,
Ұятсыздың қарай гөр сен дəмесін!
Сонда ғана
Жалаңаш төс,
Зат асыл…
Арманыңды аймалап бір жатасың.
Шамашқа сен,
Сенсең егер Шамашқа,
Бəрін берем,
Рақатқа батасың!
Құштарлықтың сыбызғысын
Бармағым
Басып,
Саған Іштар сөзін арнадым.
Əр сəт сайын өліп, қайта тіріліп,
Шамашқа сен –
Осы менің арманым.
Бəрін жеңжің,
Күңді жеңу қиын ба!
Кəне! Кəне!
Құдіретке сиын да…
Тыныштығың қасқырдан да қатерлі.
Кəне! Кəне!
Қандай ой бар миыңда?!
Төбемізде киіздей бұлт көлемді.
Найзағаймен өрнектейді төбемді.
Тəңірінің беті күйіп жатқандай,
Жанып барам,
Қорға мені,
Бол енді!
VІ
«О, Ішбақа,
Ақыл толы шақшаңа
Үңілші бір, – деді Тəңір, –
Соншама.
Құдайыңнан қымбат боп па сол жəлап!
Маған алмай,
Сатып ал да ақшаға!
Мен өзіңді талай-талай сынағам.
Тұрғызғанмын
Кездеріңде құлаған.
Есіңді жи, жауынгерім,
Қор болма.
Бұдан гөрі қымбатырақ сыбағаң!
Күпір болма!
Ұмытпа ұят,
Ар барын.
Атып ұр да бұл жəлапты сарқарын…
– Тəңір, құдай! О, Бауырым, көмектес!
– Шамхат, қаншық,
Өз еркіңмен бер бəрін! –
Зекіргенмен,
Айтқанменен жалынып,
Жатқан сөз жоқ құлағына шалынып, –
Деді тарих, – дін бұзады құштарлық
Тұр Шамаштың шапағына малынып.
Төгілдіріп уəде-серттің жемісін,
Қарайды ол бұтақ болып,
Сен үшін
Кімдер өзі биік қойған
Заттан да
Əлгі заттың белгісінің жеңісін.
Уəделердің белгісі ылғи самсаған.
Сол сенімді серттер талай қаусаған.
Тап осындай берген сұмдық уəдеден
Мен бақытты болдым деген кім саған?
Жек көрудің жұмағы деп – Азабын –
Махаббаттың берсе Шамхат тозағын,
Қай тақуа бұл сұмдықтан сытылып,
Жұқтырмаған масқаралық тозаңын!
VІІ
Ішбақа
Желдің де мен қайырамын қанатын,
Қызылбаспын десе егер жел бір атым.
Талқандаймын тас кітабын Тəңірдің
Ойы болса шын қызылбас болатын.
Қазір маған құдай емес –
Жаңа қайғы.
Тəңір деген – шірік түбір,
Жанбайды.
Керек десең,
Қызылбастың өзін де
Құдай үшін құрбандыққа шалмаймын.
Егер Шамаш
Берсе сені көндіріп,
Соны құдай тұтушының мен бірі.
Бірі оған,
Бірін саған
Тіземді
Бүгемін деп
Айта аламын сендіріп.
Түтіндетіп түрлі шөптің тамырын,
Құрбандыққа бір ақ түйе –
Əмірім.
Босағада қақ жарамын… қарынын,
Ақымақ болсам,
Не істей алмақ Тəңірің?!
Қою сүтке толтырайын тіріңде
Тұрған анау емшегіңді дірілдеп.
– Қарғыс атсын! – деп Тəңірі түкірді
Ақша бұлттың аржағынан гүрілдеп.
VІІІ
Құрбандыққа шалған аппақ түйенің
Аяғымен шұқып мүше,
Сүйегін,
Махаббаттың сарқытымен жымиып,
Кетті Шамхат
Тоғайына киелі.
Өкпе-наздың отын-шөбін арқалап
Ішбақа ерді
Түнеріңкі кəр-қабақ.
Кесірінен бір сайқалдың
Болды есек,
Қыран еді,
Сияқты енді жарғанат.
Малға шөккен қызылбаспен ездігі
Егіз екен,
Шолақ па еді кездігің?!
Ассирия аруына жетеді
Құрма менен сарымсақтың бездігі.
Бақша да бер,
Арық та бер,
Бер есек.
Бас игенің қорлық бірақ он есе.
Ұлтан қылу оған біздің даңқты,
Абыройды,
Керісінше немесе!
Ерлігіне лайық деп ел сеніп
Отырғанда,
Түсірдің сен еңсені.
Қатын сені аямады,
Мен қалай
Аяй алам,
Тарихшыңмын мен сенің!
– Сопы қызды түсінбейді.
Хал мықты –
Нəпсім менің титықтатты шамдықты.
Бүлдіршін боп үйге кірген
Шығарда
Кəрия боп,
Мойындайды шындықты.
Айғырлығым түптеріне жететін.
Тəлтіректеп,
Шатқаяқтап кететін.
Қай кезде де
Қайсысы да осылай
Бауырымнан есеңгіреп өтетін.
Дулат,
Бауыр,
Түздің көкжал өрені
Мысырлықты қойдай айдап келеді.
Жүзін таңдап,
Жүздеп кейін қайырам,
Қайсысы оның бүгін маған керегі?!
Білесің бе?
Айтшы кəне, қайсысы?
Тұратыны талшыбықтай майысып!
Осылай ма?
Дəл солай де!
Қашанда
Керек маған жататыны сайысып,
Тастай қылып бекітіңдер есікті,
Терезені,
Сəуле түсер тесікті!
Күннің көзін бүркеңіздер!
Тезірек!
Ымырт неге?
Іңір неге кешікті?!
Тірі пенде –
Мұның өзі ерге сын –
Аруға еріп кеткенімді көрмесін!
Оған шамам келмегенмен,
Сендерге…
Ашулансам,
Құдай басқа бермесін!