КЕЛІСӨЗДEP – НЕТВОРКИНГTIҢ ҚАЗАҚИ НҰСҚАСЫ

Кездейсоқ таныстарымыз әр түрлі, олар бір-біріне ұқсамайды, социумда біздікінен бөлек орын алады. Демек, олар бізге қоғамдық күш береді. Және таныстарыңыз қаншалықты көп болса, сіз соншалықты күштісіз. «Әлеуметтік капитал» деген ұғым бар. Адамның байлығы тек банктегі есепшоты емес, қандай және қанша адамды танитындығымен өлшенеді.

Мәселе мынада: неғұрлым көп адамды білген сайын, жаңа идеялар, жаңа мүмкіндіктер көбірек болатыны анық: демек, сен жеңіске жақындай түсесің. Кейт Феррацци «Никогда не ешьте в одиночку и другие правила Нетворкинга» деген бестселлерінде мынаны айтады. «Қарапайым отбасынан шығып, бала кезінде гольф алаңында доп тасып жүргенде түсінгенім, кедейлік деген ақшаның жоқтығы емес, кедейлік деген белгілі бір топтардан, сіздің потенциалыңызды іске асыруға көмектесетін адамдардан шеттетіліп қалу» дейді. Ол ақыл, талант деген ұғымдардың ешқайсысы жақсы коммуникациялық қабілеттерсіз адам жеңісіне септесе алмайды дегенді айтады.

Мысалы, Дарси Резак46 «Связи решают все. Правила позитивного нетворкинга» (Use the Power of Positive Networking to Leap Forward in Work and Life) деген кітабында керек адамдармен қарым-қатынас орнатуды «шмузинг» деп атайды. Жаңа орынға бір адам керек еді дегенде басшылықтағы адам алдымен өзі білетін адамдардың арасынан сәйкес үміткерді іздей бастайды. Содан кейін қарамағындағыларға айтады. Олар да алдымен өздері білетін адамды іздей бастайды. Егер сен өз салаңдағы үздік маман болсаң, міндетті түрде сені еске алады.

Сенімен жұмыс істегісі келеді. Бірақ егер сен өз жұмысын тыңғылықты істейтін, мүмкін шынында да үздік, бірақ ешкіммен араласпайтын, ылғи көлеңкеде жүретін адам болсаң, жолыңның болып кетуі неғайбыл. Ылғи да жаңа адамдарды, жаңа энергияны топтастыра біл. Және ол дұрыс адамдар болуы керек. Адам нені тұтынса, соған айналады. Адам кіммен араласса, соған ұқсап кетеді.

Ылғи да шағымданатын, біреулерді қарғап сілейтін, «жоқ», «жаман» дегеннен басқаны айтпайтын адамдармен аралассаң, өзің де сондайға айналасың. «Бар», «жетеді» десең, болады да, жетеді де. Ол үшін бәрі бар, бәрін жеткізетін, табысты, оптимист адамдармен дос бол. Жаңа мекемеге, егер онда атмосфера дұрыс болмаса, жұмысқа тұрмай-ақ қойған абзал. Сенің ортаны өзгертемін дегенің неғайбыл. Орта сені өзгертеді. Сондықтан көңіл күйі көтеріңкі, жоспарлары айқын, ертеңгі күннен тек жақсылық күтетін, амбициясы жоғары ортада жүр, жұмыс істе, демал. Өзіңе жасай алатын ең үлкен сыйлығың – осы.

Өйткені ортаң саған бейсаналы түрде әсер етеді. Саған қажет емес, уақытыңды өлтіретін, ешқандай позитив бере алмайтын, алға жылжытпайтын орталардан қаш. Ешкімге де өмір бойы шағымын тыңдауға уәде берген жоқсың. Сенің өмірің – тым бағалы.

Коммуникациялық қабілет адамның қызметінің сапасына әсер етеді. Қай салада болсын. Мысалы, «Rumi»-де автоматизация менеджері бар. Ол осы қызметтегі бесінші адам. Бірақ ол өзіне дейінгі төрт адамды қосқандағыдан үш есе көп жобаны іске асырды. Мәселе мынада, бұл менеджердің коммуникациялық мүмкіндіктері өте жоғары. Соның арқасында ол жобаларына ақша бөлдіре алады.

Басшылықты қайсыбір өзгерістердің қажеттігіне сендіре алады. Мұның бәрі ойын жеткізе алатындығынан. Адам табиғатынан коммуникативті жаратылыс. Біз үшін бұл соншалықты қиын дүние емес. Қиынырағы, қарапайым адами қарым-қатынастардан жұмыс орнындағы арақатынастарға дейін, дұрыс коммуникацияның шегін білу. Әсіресе біздің менталитетімізбен.

Коммуникацияны екі категорияға бөлуге болады.

Бірі, жалпы мінездің ашықтығына келеді. Өміріңе жаңа адамдарды қосуға дайын болу. Мұның мәні, «әлсіз байланыстар» деп аталатын таныстар нетворкингі адамның өсуіне көбірек ыкпал ететіні. Екіншісі, өз қызмет салаңдағы, біліміңді, мүмкіндіктеріңді өсіретін «керек» байланыстарды қалыптастыру. Сондай-ақ Internet желісі осы екеуінде де құрал ретінде пайдаланылады.

Егер адамдармен байланыс орнатуда қиындықтарға кездесер болсаң, коммуникациялық қабілетті арттыратын лайфхактар ұсынғым келеді.

Соның алғашқысы – күлімдеп жүру. Күлімдеу мен жымию қандай магнит екенін бәрі біледі, бірақ мән бере бермейді. Рон Гутман47 «The Hidden Power of Smiling» деген дәрісінде күлкінің адамның денсаулығын көтеріп, ұзағырақ жасауына септесетіні туралы сараптамасымен бөліседі. Және күлімдеу мен жымию адамды тартымдырақ, көріктірек қана емес, өзіне сенімдірек және компетенттiрек етіп көрсетеді дейді оның зерттеуі. Табысты адамдар көбінде күлімдеп жүреді. Немесе күлімдеп жүретін адамдар табысты болады. Бұл екеуінің арасында «жұмыртқа ма, тауық па?» деген сияқты ажырағысыз байланыс бар. Өзіңізді басқара алатын ересек адам болсаң, әлеуметтік ортада өзіңе де, өзгеге де жағымды атмосфера қалыптастыруға тырыс. Бұл – адамдардың саған деген ықыласын арттыратын алғашқы шарт.

Екінші, «айсбрекер», «мұзжібіткіштерді» пайдалану. Игорь Манн48 «Номер Один. Как стать лучше в том, что ты делаешь» деген кітабында «Қандай фильмдерді жақсы көресіз?», «Көп саяхаттайсыз ба?» деген сияқты сұрақтар тізімін жасайды. Лифтінің ішінде кездейсоқ кездесіп қалған әріптесіңмен әңгіме өрбітетін сұрақтар.

Бұлар іскерлік Батыс әлемінде орынды болса, қазақтың ауылында «Соғымға не сойғалы жатырсыз?» деген қолайлы сұрақ болуы мүмкін. Ең бастысы, аса жақын емес танысты жақындата түсу үшін пайдаланылатын сұрақтар жадында жүрсін. Және ол контекстіге сай болсын.

Шаруа туралы, өзіңе қызық нәрсе ғана емес, пікірлесіңе қызық тақырыптарда әңгіме өрбіту. Дамыған елдерде адамдар хоббилерін, қызығушылықтарын көбірек әңгімелейді. Бұл – бейтаныстарды таныс қана емес, туыс қылып жіберетін тақырып. Өйткені, өзгенің көзі жанып тұрып әңгімелейтін тақырыбы сені қызықтырса, сен де онымен әңгімелесуге құштар боласың.

Тыңдай білу маңызды. Адам сөйлегенде бөлмей, өз пікіріңді тықпаламай, сынамай, қарсы болмай, адамның ойын ақырына дейін тыңдай білу деген өте маңызды қасиет. Игорь Манн бұл қасиетті дамыту үшін жаттығу жасауды ұсынады. Алдымен, танысыңа, досыңа не әйтеуір жақын адамыңа бес сұрақ қоям деп ескертесің. Шын мәнінде өзің жалғыз сұрақ дайындайсың. Келесі төрт сұрақ туындау үшін оны құлақ қойып тыңдай түсетінің анық.

Жөн-жосықсыз сынамау. Дейл Карнеги49 «Как приобретать друзей и оказывать влияние на людей» (How to Friends and Influence People) деген бестселлерінде өте жақсы ой айтады. Өзгені сынау кемшілігін көрсетудің түбінде көп жағдайда өзін көтермелеу, өз бағасын арттыруға талпыныс жатады. Ал бұл – қарым-қатынастағы ең қауіпті нүкте. Өзіне сенімді адам өзгелердің кемшілігі арқылы өз бағасын көтермейді. Оларға кешіріммен қарайды, байқамауға тырысады. Керісінше, пікірлесінің мерейін асырып, жамандығын жасырып, жақсылығын асыруға тырысады. Сонда ғана өзгенің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленуге болады. Кавасаки: «Уақыт өте келе жай ғана үнсіз қалуды үйрендім. Солай ғана ситуациядан жеңімпаз болып шығасың» – дейді.

Сэндвич техникасын қолдану. Кейде, ситуация шынында да сын айтуды талап ететін шығар. Мұндай жағдайда сэндвич техникасын пайдалануға болады. Алдымен жақсылап тұрып мақтайсың, сосын сыныңды айтасың, қайтадан мақтайсың. Бұл – еврей халқының балаларын тәрбиелегенде пайдаланатын әдісі. Олар ешқашан сынды баланың ішкі бағасын түсіретіндей етіп айтпайды, сондықтан комплекссіз болып өседі. Әрбір ересек адамның ішінде де әрбір бала өмір сүреді. Сондықтан аса қажет болса, сынай отырып мақтауды, мақтап отырып мақтамен бауыздауды үйрен. Адамға естігісі келген нәрсені айтуға машықтан.

Комплиментті кім жақсы көрмейді? Мақтауды бәріміз ұнатамыз, бірақ оны тостқа қалдыр. Комплименттің мақтаудан айырмашылығы, болмашы ғана нәрсеге айтылады. Бірақ тыңдаушының мерейін өсіріп, көңілін көтереді. Келесіде аса жақын араласпайтын танысыңды көргенде ауыз жыбырлатып өте салмай, оның өмірінде не болып жатқанын білуге тырыс. Жеңістері болса, құттықтауды ұмытпа. Жақсы қасиетін көрсең, онысын айт. Бірде табысты бір адамнан: «Сіз осы, адамның бәрін қалайша мақтай бересіз?», – деп сұраса, ол «Неге мақтамасқа? Менің ештеңем кетпейді, ал оның көңілі өсіп қалады», – деген екен.

Брайан Трейси «Достижение максимума. 12 принципов» деген кітабында бір оқиғаны айтады. Бір бизнесмен, апта сайын өмірде жолы түйіскен он адамға жеделхат жіберуді әдетке айналдырыпты. Әр жеделхатта жалғыз ғана сөз екен: «Құттықтаймын!». Жылдар өте келе оны құрметтейтін таныстар шеңбері кеңейе береді. Қартайған шағында, «Осыншама адамның жеңістері туралы қайдан біллініз?» дегенде «Олардың не істеп жатқанын білсем бұйырмасын» деп жауап беріпті. Ол жай ғана, әр адам күн сайын, апта сайын бір кішкентай жеңіске жететінін білетін. Жеделхатты алған адам, автоматты түрде өзінің соны жеңісімен байланыстыратын болған.

Қарап отырсаң, бұл бизнесменнің жұмысы бастан асып жатыр. Отбасы, достары, қызметкерлері бар, бәрінің алдында жауапкершілігі мен міндеттері бар. Соған қарамастан ол алыс таныстарын іздеп, түгендеп отырады. Себебі, жеңістің бір құпиясын біледі. Ол «Әлсіз байланыстардың ықпалы» деп аталады.

«Әлсіз байланыстардың» ықпалы. Тұлғааралық қарым-қатынастарды сипатына қарай (мысалы, жиілігі мен ұзақтығы) «мықты» және «әлсіз» байланыстар деп бөледі. Өте әлсіз байланыстар да бар, ол – бас изесіп өте беретін адамдардың байланысы. «Мықты» байланыс тар – отбасың, ең жақын достарың делік. «Әлсіз» байланыстар университетте бірге оқыған, оқу олимпиадасына бірге қатысқан, дебат клубына бірге барған немесе досыңның туған күнінде танысқан адамдар. Америкалық социолог Марк Гранноверт50 «Сила слабых связей» (The Strength of Weak Ties) деген мақаласында осы әлсіз байланыстарға кеңінен тоқталады.

Жүргізген зерттеуінің негізінде, адамның карьерасына оның «мықты» байланыстарынан гөрі, «әлсіз» байланыстары көбірек ықпал ететінін айтады. Еңбек жолында адамның өрлеуі осы байланыстар арқылы жүреді. Демек сенің бұрынғы әріптесің, танысың жеңісіңе отбасыңнан гөрі көбірек септеседі. Себебі, ең жақын адамдарда бар ақпарат сенде де болатыны сөзсіз. Олар тура сен жүрген орталарда жүреді. Сенімен бірге жұмыс істейді, тура сол тойларға, жиындар мен отырыстарға барады. Олар саған беймәлім не нәрсе білуі мүмкін? Ал «әлсіз» байланыстағы адамдардың әлемі, оларда бар ақпарат саған жаңалық болуы мүмкін. Сондықтан да жұмыс, ақпарат, идея іздеуге келгенде, «әлсіз» байланыстар ылғи да «мықты» байланыстардың алдын орайды.

Гранноверт бір жақсы жаңалық айтады, әлсіз байланыстарды әлеуметтік желі арқылы ұстап тұруға болады, ол аз десең, мұндай байланыстарды әлеуметтік желі арқылы да орната аласың. Өйткені оның негізгі принципі визуализация. Көз алдында көлбеңдеп жүрсең, сені күнде тілдесіп жүргендей жақындық сезеді. Ал ең жақын адамдардыңмен, достарыңмен, туыстарыңмен әлеуметтік желі арқылы байланыс ұстау жеткіліксіз ғой?

Жоғарыда айткан социолог Марк Грановеттер 1974 жылы өзінің «Жұмысқа тұру» (Getting a Job) деген кітабын жазу үшін сауалнама жүргізеді. Нәтиже қандай дейсіз? Сұралғандардың 56 пайызы жұмысты таныстары арқылы тапқан, 18,8 пайызы хабарландыру арқылы, 20 пайызы жұмыс берушілерге тікелей шыққан. Жұмысты таныстар арқылы тапқандардың 16,7 пайызы бұл танысымен жиі» (жақсы дос ретінде) кездесіп тұратынын айтыпты. 55,6 пайызы «ара-тұра» және 28 пайызы өте сирек керісіп тұрады екен. Демек, адамдар көбінде жұмысқа жақын достары емес, қатардағы таныстары арқылы орналасады екен. Ойланып көрсең, бұл заңды да.

Стамбұлда «Starbucks»-тың директоры маған шоколад бизнесін бастайтын кезде көп көмектесті. Ылғи ұшаққа мінгенде жанымда отырған көршіммен сөйлесуге тырысамын. Және шындығына келгенде, сондай таныстықтардың өте үлкен жобалар мен жақын достыққа ұласқан кезі өте көп. Немесе таксиге отырғанда да сондай. Таксистердің бәрі жақсы адамдар болып кездеседі. Саған елдегі жаңалықтарды, халықтың жағдайын, жақсы мейрамханаларды, дұрыс қонақ үйлерді көрсетіп беретін де солар.

«Rumi»-дің – «Rumi» болып тұрғаны, біраз деңгейде палаушыға байланысты болса, сол палаушыны Ташкенттен тауып берген де – таксист. Ең жақсы палаушының шәкірттері бізге жұмысқа келді.

Лондонда таксист, тіпті, Қайрат Нұртасты тыңдайтын болып шықты. Бакуге бірінші рет барғанда Uberдің партнері Анар үш күн бойы жанымызда жүрді. Елдің мәдениеті мен асханасын таныстырды, жаңа мейрамханамызға жақсы мамандар табуға септесті. Саяхаттағанды жақсы көрем, бірақ жүз пайыз жоспарламаймын. Солайша жаңа адамдармен танысып, өзім ойламаған жерлерге баруға уақыт қалдырамын. Өмірдің берерін алуға дайын болсаң ғана аласың. Бұл және өзіңнің ниетіне байланысты. О бастан жақсылық күтсең, жақсылық болады. Құдай бізге біз күткеннен, біз қалағаннан да көп нәрсе дайындап тұрғанын өмірдің өзі көрсетіп жатыр.

Біз көбінде Алланың берген мүмкіндіктерін дұрыс бағаламаймыз. Оның сыйлығының бірі – бізге жіберетін, адамдары болуы мүмкін. Кейбір адамдармен тиісінше қарым-қатынас ұстай алмадық, соның кесірінен, мүкін, қазір қиналып жүрген шығармыз? Құдай бізге өмірімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Адамдар арқылы.

Сол мүмкіндікті жіберіп алмаудың жалғыз жолы – адамдарға зейін қою. Әр кездескен адам біздің өмірлік жолдасымыз болмайды. Бірақ бұл кездескен адамды «бір күндік таныс» деп назарсыз қалдыру керек дегенді білдірмесе керек. Өмір бір кездестірген адаммен жолыңды тағы да түйістіреді. Сол кезде оған көңіл қойғаның қаншалықты дұрыс болғанын түсінесің.

Егер берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалансаң, сенің әр танысың керек адамға айналады. «Алты алақан теориясы» («Теория шести рукопожатий») деген теорияны білетін боларсың. Дүние жүзіндегі әр адам бірімен-бірі таныс болып шығады. Ешқашан мән бермеген әріптесің, танысың, өміріңді өзгертіп жіберетін адаммен таныстыруы мүмкін.

Бұл орайда Билл Клинтонның әдісі назар аударарлық. Оксфордта студент кезінде ол университетті бітіріп жатқан Джефри Стэмпспен танысады. «Джеф, мұнда немен айналысасың?», – деп сұрайды. «Пемброк колледжінде оқимын», «Пемброк» деп жазып қояды. «Қандай мамандықта? Оған дейін не істедің?», – деп сұрақ үстіне сұрақ жаудырады және жауапты жазып қояды.

«Неге оның бәрін жазып жатырсың?», – деп сұраған жаңа танысына болашақ президент: «Арканзастың губернаторы болғалы жүрмін. Сондықтан өзім танысқан адамдар дың бәрі туралы ақпаратты тізіп жүрмін», – деген екен.

Жүйе деген керемет нәрсе. Өміріңнің барлық саласына қатысты болмаса да, кейбір саласына қатысты тізімдер жасап отыру аса маңызды.

Байланыстардың сапасы. Байланыстардың саны көп болғаны жақсы. Бірақ оның сапасы одан гөрі маңызды.

Өкінішке қарай, бізде көп адамдар нетворкингтің күшін дұрыс бағаламайды. Тек жұмыс барысында, өзіне қажет кезде іздей бастайды. Ал Джелаледдин Румиді тыңдасақ, адаммен ол жай ғана адам болған соң да араласу керек.

«Керек кезде ғана іздейді екен» деген ойдағы адам саған жақсылық жасап жарытпайды.

Сьюзан Роан айтады: «Сіздің не білетініңіз маңызды емес, сіздің кімді білетініңіз де маңызды емес. Сізді кімнің білетіні маңызды». Таныс-тамыр деген қазақ ойлап тапкан нәрсе емес. Бүкіл дүние жүзі сол жүйемен жұмыс істейді.

Мүмкін, басқаша атайды. Таныстықтың бекуіне септесетін бірнеше техника бар.

Оның біріншісі, таныстықты бекіту. Сен бір жиында жақсы адаммен таныстың делік. Нөмірлеріңді алмастыңдар, сосын ұмытып кеттіңдер. Келесіде, шаруа барысында сол адамға өтініш айтқың келсе, телефон тұтқасын көтере алмайсың, өйткені танысқаннан кейін жайына қалдырдың. Кейт Феррацци жоғарыдағы кітабында танысқан адамға ертесіне хабарласып, өзің туралы есіне салу жайында айтады. Қандай да бір сұрақ қоюға болады немесе қызықты ақпаратпен бөліс, жай ғана халін сұра. Әйтеуір, өзің туралы ақпараттың оның миында бекуіне әсер еттің.

Екіншіден, нетворкингтің алтын ережесі, таныстарды іздеп тұру. Иә, уақыт жоқ. Бәрінде бәріне уақыт жетпейді. Бірақ табысты адамдардың бір әдеті, ол да Трейсидің кітабында айтылып кеткен, жан-жағындағы адамдарды түгендеп отыру. Таныстардың халін сұрап тұру. Біздің менталитетте, әсіресе, үлкенге сәлем беріп тұру міндеті саналады. Ағалар өздерін іздеп тұратын інілерді жақсы көреді. Бірақ інілер де өзін іздеген ағаларды жаман көрмейтінін ұмытпайық. Үлкенге де, кішіге де өзің хабарласып отыратын адам болсаң, адамдардың жаңалықтарын біліп отырасың және қажет кезде бір-бірімен жалғап, әлеуметтік байланыстардың орталығында боласың.

Өзіңе қандай да бір қызмет, тауар, не ақпарат керек кезде кімге қоңырау шалсам деп те қиналмайсың.

Қандай кеңес бере алам? Күніне бес қоңырау жасауды әдетке айналдыру. Телефонындағы «Контактілер» деген бөлімшені ашта, күніне бес қоңырау жаса. Ешқандай себепсіз, ешқандай есепсіз. Ертесіне тағы да бес қоңырау. Солайша, таныстарыңның шеңберін арттырып қана қоймайсың, оның сапасын да арттырасың. Ал өзгелерге хабарласу, күнделікті шаруаның бөлігіне айналады.

Көп адаммен байланыста болудың артықшылығын әлеуметтану ғылымы да дәлелдеген. Роберд Уолдингердің жиырма миллион рет қаралған «Жақсы өмір сүру үшін не керек?» (What makes a good life? Lessons from the longest study on happiness) деген дәрісі бар. Сонда әлеуметтанушы ғажайып қорытындыға келеді. Бірақ алдымен ол әңгімелейтін зерттеудің өзі туралы.

Америка ғалымдары 75 жыл бойы 724 адамның өмірін бақылаған екен. Бала күндерінен жыл сайын олардың жұмысы, денсаулығы, тұрмысы, отбасы, т.б. жайында ақпар тіркеп отырады. Кедейлеу және ауқаттырақ аудандардан шыққан 724 адамның ішінде бірнеше президент, Нобель сыйлығының иегері, бизнесмен, Голливуд жұлдызы және басқа да түрлі адамдар бар екен. Бұл адамзат тарихындағы ең үлкен және ұзақ әлеуметтік зерттеу десе де орынды. Сонда олардың жасаған қорытындысы, адамды бақытты қылатын ақша емес екен. Атақ та емес екен. Билік те емес екен. Адамды бақытты қылатын – адамдармен қарым-қатынас сапасы. Әлеуметтік өмірі неғұрлым оңды болса, сол адамның денсаулығы мықты келеді және ұзақ жасайды екен. Ал жалғыздықтан жапа шегетін адамдар ауруға да бейім келіп, дүниеден ертерек өтеді екен. Ал, осыдан кейін коммуникацияның қажеттілігін қалай жоққа шығарасың?

Керек байланыстар. Күнделікті кездейсоқ байланыстардан бөлек, бізге өте керек байланыстар болады. Оларды сәтін салар деп, қол қусырып күте беруге болмайды. Өзің іздеп, табуы керек.

Жалпы, бәрін білемін деп санайтын адамдардан қорқақтаймын. Әсіресе бұл пікірім, білімді жеткізуші адамдарға қатысты. Маған дүниеде ешқандай жеңіске жетпеген адамдардын ақылын тындаған ауыр. Бірде-бір компанияны аяғынан тұрғызбаған, бірде-бір жобаны іске асырмаған, бірде-бір жеңіске жетпеген. Әрине, мұндай қатынас теріс болып көрінуі мүмкін. Алайда менің философиям – тұрақты түрде өсу, өзгеру, оқу, үйрену. Бірақ қайдан, кімнен үйренесің? Өзіңнен артық, өзіңнен білімді, өзіңнен гөрі елеулі жеңіске жеткен адамдардан үйрену керек.

Кейт Феррацци51 «Никогда не ешьте и одиночку и другие правила нетворкийга» деген кітабында керек байланыстар мақсатқа жетелейтін ең жақын жол екенін айтады. Яғни, мақсат қойғанда, оған жетуге көмектесетін адамдардың тізімі бірге жүреді. Бірақ бұл, сен іс бастайтын кезде, не жұмыс іздегенде ғана адамдарды іздеуің керек деген сөз емес. Керек адамдарды күн сайын іздейсің.

Бір жылдары бастаған ісімде берске жоктай күйде жүрдім. Жұмыс бар, ақша да бар сияқты. Бірақ бірдене жетіспейді. Қанатымды кеңге жая алмаймын. Бір күні ұйықтап жатсам, әкем оятады. «Тұршы, Қуаныш, теледидарға қарашы, Бауыржан Оспанов сөйлеп жатыр», – дейді. Бұл, «ЖерСу» корпорациясының президенті, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың теледидардан түспей, медиатұлға болып тұрған кезі. «Жастарға, көмектесем, талантты жастармен жұмыс істегім келеді» – деп сұхбат беріп жатыр екен. Әкемнің көмектескісі келгені ғой. Егер сол сәтте Оспановқа шығатын мүмкіндігім болса, міндетті түрде оның алдына барар едім.

Қуаныш Шонбай

Екінші болма

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *