ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

ТУҒАН ЕЛІМЕ
Естірген жас жанымнан шабыт желін,
Пейіліңнен айналайын даңқты елім.
Сен менің мәпелеген ұстазымсың,
Танытқан сырын өмір — әліппенің.
Сен менің алтын ұям, жыр бесігім,
Жанымда шоқ боп жанып тұр есімің,
Сүтіңді ақтаймын деп келем өсіп,
Ері боп бақытты әмір күресінің.
Бұрқанып бойда тасқын жас жігерім,
Сен үшін қиындыққа бас тігемін.
Сен айтқан құлағыма естіледі үн, —
Деп әр күн «гүл боп жайнап өс, түлегім».
Өсемін, өміріңді жайнатамын,
Жеріңнің жеткіземін айға атағын.
Шын сүйген ұланыңның анты деп біл,
Осы бір өлеңімнің әр қатарын.
ӘМУДАРИЯ ЖАЙЛЫ ӨЛЕҢДЕР
I
Сені, Әму, көрген сайын сел ағысты,
Қияға қиял құсым самғап ұшты.
Көңілімнің көктемінің көгі менің,
Жайқалған өн бойыңның ну қамысы.
Көргенде шағалаңды қалықтаған,
Аспанға арман құсым шарықтаған.
Сылдыры қышқыл сары толқыныңның,
Қалқамның күбіріндей анық маған.
Қайтпайтын қайсарлығы алған беттен,
Мінезің ұқсас еді маған неткен.
Оралып сағынышпен келем тағы,
Еске алып жаз әмірді жағаңда өткен.
Құпия сырларыңа қанбақшымын,
Жырыма жақсы ой тауып алмақшымын.
Арнаңа арманымды жалғап шырын,
Жағанда шам-шырақ боп жанбақшымын.
II
Иірімді толқып аққан ерке Әмуім,
Жанымның дәрісіндей лай суың.
Сағынып алыс жолдан балаң келді,
Мәртебе санап сенен бір қануын.
Жайқалып гүлге оранған жағаларың,
Үйрек пен сұлу даусы шағаланың.
Тартады мені өзіне магниттей,
Менің де кеп тұрады жағалағым.
Жасымда құшағыңда еркеледім,
Өзімен жарыстырды тентек желің.
Десе де өзге адамдар асау Әму,
Келеді сені өзімдей ерке дегім.
Иірімді толқып аққан ерке Әмуім,
Жанымның дәрісіндей лай суың.
Өмірлік дүниені шарласам да,
Қиын ғой сенен артық жер табуым.
III
Шоқысындай Памирдің,
Толқынының өркеші.
Ассалаумағаликум,
Үш халықтың еркесі.
Қойнауың көп балықты,
Қазанкеткен.., Қызкеткен.
Дариясың даңқты,
Басымды ием ізетпен.
Жайнаған жағаң гүлстан,
Басымды саған игенім.
Суынды ішкен туысқан,
Үш халықты сүйгенім.
IV
Өзен ең көзін көрген аталардың,
Арнаңнан арманыма от алармын.
Құй, Әму, жас жаныма керемет күш,
Жағаңда бәлкім ақын атанармын.
Гүлстан атырабыңды аралайын,
Жаныма тасқыныңнан нәр алайын.
Суыңа шашып жырдан уылдырық,
Дарынның мәпелейін қарағайын.
Өзені өзге елдің дегізбейін,
Ерке Әму сұлу Сырмен егіз дейін.
Көкке атып толқынымды дауыл күнгі,
Шалқыған асау Арал теңіз дейін.
Жағаңда жазда гүл боп ырғалайын,
Қысыңда айдыныңда сырғанайын.
Бердақтың сел жырындай сарқыраған,
Көктемгі келбетіңе бір қарайын.
Өзен ең көзін көрген аталардың,
Жырламай сені қалай жата алармын.
Бер маған, Әму ата, қуатыңды,
Жағанда бәлкім ақын атанармын.
СЫРДАРИЯ
I
Таласым жоқ кең пейілсің,
Ел десе елжіреген ер көңілсің.
Айтшы, сен, неге мұнша сабырлысың,
Немесе арнаң толы ақылмысың.
Терең ой сенен қазақ мол алды ма,
Сондықтан аңқылдақ боп жаралды ма.
Сылдырың көңіліңнің күйі ме еді.
Жомарттық сенен алған сыйы ма еді.
Өнеге көп ап сендей қариядан,
Даламда көбейген-ау, дария адам!
IV
Тамаша жандарыңмен Сырдағы елім,
Сан рет ойын-сауық құрған едім.
Келемін бүгін таңда сағынып мен,
Үстінде шайқалатын Құлагердің.
Сүйеді беттен кештің лебі майда,
Шаттықтан кетті міне сергіп бой да,
Алдымда Сырың жатыр сылаң қағып,
Келбеті секілденіп сұлу айна.
Әнеки көрдің ГЭС-тің мұнарасын,
Жайнатқан миллион шаммен кең даласын.
Қуана оң мен солға жалтаң қағам,
Сыпырған қыран құстай томағасын.
Жайқалған бидай басы жерге тиіп,
Толқиды жібек жолмен тербетіліл,
Сол бидай теңізіне жүзіп келем,
Шомылып қоңыр қаздай көлге тұнық.
Сыр елі, топырағыңды құша келем,
Кеудемнен дария боп тасады өлең.
Өзіңмен қол ұстасып өлі талай
Болашақ белдерінен аса берем.


Мақтаарал, тарихыңды білем сенің,
Анамның ақ сүтімен денем шөлін.
Дүниеге мен келіп қандырғанда
Еміпсің сен де алғаш Сыр емшегін.
Қойнынан сай-сала мен көк төбенің,
Еліңе ақтарыпсың мақта кенін.
Сондықтан Мақтаарал деп атың қапты,
Жайылған кең әлемге даңқ көлемің.
Болғанмен түйдей құрдас меніменен,
Теңмін деп мақтана алман сеніменен.
Отанның алдындағы борышыңды,
Ақтадың сен, не бердім еліме мен?!
Жасық деп күдер үзбе бірақ менен,
Құлағын талабымның бұрап келем.
Селдетіп жас кеудемнің әр шыңынан,
Халқыма ағызармын бұлақ өлең.
СЫР БОЙЫНДА
Сыр шерткен талай ақын Сыр бойынан,
Табылып көп тақырып қыр-ойынан.
Қандырған сусынымды Сырдың суы,
Кетпейді ертелі-кеш бір ойымнан.
Құлпырған қырларының қызғалдағы,
Өмірдей елестейтін бізге алдағы.
Ырғалған гүлдерінің жапырағы,
Секілді үлбіреген қыз бармағы.
Сол қырда әлі есімде ойнағаным,
Алысып асау желмен бойда жалын.
Жүгіре беруші едім алға ұмтылып,
Ашқандай Сырдың сұлу қоймаларын.
Сыр бойы жаюшы еді құшақ маған,
Сан рет толқындарын құшақтағам.
Аралап аңға толы ормандарын,
Жерім жоқ қақпан құрып, құс атпаған.
Өткізген өңірінде жас бала күн,
Қызық ед өміріндей астананың.
Жүрсем де Сырдан қашық сол күндерді
Жадымнан жалғыз рет тастамадым.
ҚОҢЫРАТҚА
Жанымды жақсы үмітке шомдыратын,
Аймағым, кіндік кескен Қоңыратым.
Атынды айтқан сайын жас кеудемде,
Шабыттың дабылы бар қағылатын.
Сүйемін жарқын жанды қауымыңды.
Сүйемін қойныңдағы ауылымды.
Қалайша ұмытпақпын мен дегенде
Балам деп елжіреген бауырымды.
Қиялмен шолып алыс сан қияңды,
Сен десем көңілім әр кез шалқи алды.
Сүйемін сені сондай, қандай сүйсем,
Түлеткен тұғырымда партиямды.
Жерің жоқ мәпелеуден қажып көрген,
Таусылмас жаныма өзің азық берген.
Суына мәдениеттің қандырам деп,
Ғылымның шыңырауын қазып келем.
Көбейтем оқып барып қатарыңды,
Ат салам шығаруға атағыңды.
Сүйгенім сені сүйсем, дүниенің
Жартысын алып жатқан Отанымды.
ТУҒАН ЕЛГЕ
Сүйем мен туған елім әрқашаннан,
Өлкені, өзен, тауды сен жасаған.
Сүйемін шыңнан құйған бұлағыңды,
Далаңа қазып ағып арна салған.
Өзімен ала келген жаздарымды,
Сүйемін қаңқылдаған қаздарыңды.
Ыстық қой шыңылдаған жартасың да,
Көтерген айқайласам наздарымды.
Аунасам ауырлығым білінбеген,
Сұлу ғой гүлді далаң күлімдеген.
Көркем ғой кісінеген көп орманың,
Ораған көк шәлісін бастарына.
Әсем ғой гүлді далаң күлімдеген,
Мөлдірі жас жүректей дірілдеген.
Қиялдың алып ұшқан асқарына,
Көркем ғой ақша бұлтты аспаның да.
Қойнымнан қазынамды төгем деген,
Қозыдай жатыр тауың көгендеген.
Сүймес ем сонда да мен бүл аймақты,
Егер де сен болмасаң мекендеген.
Ы. АЛТЫНСАРИН
Қайғырдың өз еліңнің арман, мұңын,
Сондықтан мәжбүр етіп сенің мұның.
Халқыңның келешегін ойлатуға,
Алып келді білуге оның сырын.
Халықтың бақыты үшін басты қару,
Деп ойладың «алдымен білім алу».
Ғылыммен иелесек дүниені,
Қазақта болады деп сонда даму.
Даласында қазақтың бірінші рет,
Оқыттың жас ұрпақты ашып мектеп.
Бар күшіңді аямай елің үшін,
Болдың сен бүкіл ғылым нұрын төкпек.
Бұныңа жол берді ме сұм патшалық!
Қазақтағы тұсау боп қараңғылық.
Сонда да бұзып сондай бөгеттерді,
Шығардың коп жастарды адам қылып.
Мақсатың орындалды, қайғырма сен,
Тілегің өмір бойы арман еткен.
Бүгінгі қуанышты өмір тарихында
Жазулы атың алтын әріппенен.
СӘКЕНГЕ
Айналған қымбатына қалың жұрттың,
Жырыңнан жақсы ойлардың балын жұттым.
Таңдаулы «Тар жол тайғақ кешуіңнен»,
Еліңе шын берілген жаныңды ұқтым.
Кеш туып көрмесем де келбетіңді,
Байқадым өлеңіңнен ер бетіңді.
Отырмын шежіре етіп, оқып бүгін,
Аянбай халыққа еткен қызметіңді.
Танытып тың ырғақтың құдіретін,
Ақынға қазы бопсың жүгінетін.
Жаныңды жайып жазып «Көкшетауда»,
Салыпсың сұлу далаң суретін.
Сан сырлы «Советстан» дастанында,
Жыр таудың өрмелепсің асқарына.
Сен бүгін жарқырайсың шолпан болып,
Кең шалқар поэзиям аспанында.
Мол мұраң мақтанышқа жарады елге,
Сырлассың кәрімен де, баламен де.
Күн санап қасиетің арта түсіп,
Атағың жатыр тарап бар әлемге.
ҚАСЫМҒА
Қолыма ұстағанда алғаш кітап,
Жалынды өлеңіңді оқып едім.
Баурап ең көңілді сол кезден-ақ,
Жанымды жылытып бір отты лебің.
Жылынып жалыныңа лапылдаған,
Сол кезден үзбей оқып әлі келем.
Оқимын да мен жырын аңқылдаған.
Сырласам ақ көңілді жаныменен.
Өтті ақын дүниеден, бірақ оның,
Жатталып көкіректе жыры қапты.
Сұм тағдыр суытқанмен от-жүрегін,
Жалыны өлеңінің суымапты.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ
Заманның кемерінен асып аққан,
Лепіріп сен бір өзен тасып аққан.
Шақырған бостандыққа зор дауысың,
Кезінде тауды жарып, тас уатқан.
Бетінен сүзіп жырдың балқаймағын,
Халқыңның тойындырдың барша аймағын.
Ер жетіп со л қаймақтан татып мен де,
Өзіңді бар ақынға «хан» сайладым.
Қолданып сөздің не бір «пайғамбарын»,
Жасадың жырдың «Тарғын», «Ер Қамбарын»,
Аямай теуіп күшті, нәлді өкшеңмен,
Қираттың ескіліктің қорғандарын.
Құрдас боп таудың шың, құз асқарына,
Жырың жүр қалқып Отан аспанында.
Тұлғаңа бас иеді, адам түгіл,
Кристалл Алатаудың тастары да.
О, ақын, алып едің биік неткен!
Мақтасам қай сөзім де сыйып кеткен.
Жырың ғой жас жанымды тебіренткен,
Жырың ғой жас жанымды тебіренткен!
ШОҚАН УӘЛИХАНОВҚА
Ғалым Шоқан
Біздің жақтан
Ғалымы түңғыш қазақтың.
Өмірдің арман
От боп жанған
Қайғысын тарттың азаптың.
Шынжыр балақ,
Халықты қанап
Шықтың жүрген ортадан.
Болғанмен олай,
Оларға жолай
Баспадың жақын бір қадам.
Түсіндің бірден
Сені өсірген
Әкең Шыңғыс мүддесін.
Елін билетпек,
Күйін күйлетпек,
Алмақ езу жүлдесін.
Терең бойладың,
Ой ойладың,
Бермек боп білім еліңе.
Қолдамады ешкім,
Жалғыз күрестің,
Ауырлық түсті беліңе.
Тарихшы, этнограф,
Саяхатшы, географ,
Бәрі де сен бола алдың.
Тұңғыш мәдениетші
Және әдебиетші
Тарихта боп қалдың.
Мақтанады елің сенімен
Үміт күткен елінен.
МҰXТAPҒA
Оқысам тарау «Абайдан»,
Хабардар болам талайдан.
Тілімнің өңі бұзылса,
Сияқты қарар шар айнам.
Ұлы Абай сүйген пәк жанды,
Ойласам сұлу Тоғжанды.
Жас жанымда алаулап
Махаббаттан от жанды.
Күндер сап заңды себепті,
Оқыдым «Еңлік—Кебекті».
Адамдық жолда өлсе де,
Жауыздар «обал» демепті.
Оқып ап ауыр күйге ендім,
(Оралмас сол бір күйген күн).
Адам боп өмір сүруді,
Күрестерінен үйрендім.
Көп жылдар өтіп кетсе де,
Еңбектен ерін кепсе де.
Шығардың аға оларды
Зор күшпен асқар текшеге.
Өзінің сүйген халқы үшін,
Арнаған бойда бар күшін.
Аяулы сендей ағаға,
Айтады әр жан алғысын.
АҚПЕЙІЛ ЖАН
Әбділда Тәжібаевқа
Бала боп дүниеге жаралғалы,
Ақпейіл көріп келем адамдарды.
Авторын сүйгендіктен жүрмін қазір,
Қолтыққа қысып ұйықтап «Аралдарды».
Суындай мөлдір екен көк бұлақтың,
Мен одан сөнбес жалын, отты таптым.
Мейірін авторының көрмегенде,
Санар ма ем бірі ғой деп көп кітаптың.
Білмеймін неге сонша ол жақын маған,
Бейне бір тума алтындай жарқылдаған.
Тұрғандай көрінеді қолыма алсам,
Авторы күле қарап аңқылдаған.
Құрмет құс қолға еңбексіз қонған емес,
Түсінем, іске асты іспен арман елес.
Көп бүгін сенің біздей жеткіншегің,
Әрине, «Жалғыз ағаш орман емес».
Атың бар дейтін елің: «Ақын аға»,
Жоқ ешбір қартаюға қақың, аға.
Қатардың жүр алдыңғы сапын ала,
Шығар сан «Майраларды» сахнаға.
АЛТЫН ҰЯМА
Ұямдай әр бұрышың, қалтарысың,
Анамдай институтам — ар-намысым.
Сіміріп таңғы ауадай біліміңді,
Өмірдің көрмей өстім қаңтар-қысын.
Келсе де сан тығылып сөз алқымға,
Мен сенің мейіріміңді жаза алдым ба?
Тек қана өзен болып жатады ағып,
Таусылмас мол білімің көз алдымда.
Келгенде он жетінің бозбаласы ем,
Мінеки, өтті талай жылдар әсем.
Жетілдім азамат боп кемелденген,
Еттің бе жақсылықты азғана сен.
Біліммен жетеледің өрге мені,
Қияға тұрдым құлаш сермегелі.
Жаныма өзің құйған ыстық лептен
Кеудемде бесік — өлең тербеледі.
ҰCТAЗҒA
I
Мектепке алғашында ерке келдім,
Төбелес, сотқарлықты ерте келдім.
Қай жерде ұрыс-қағыс шу-шу болса,
Бір нәрсе беретіндей ентеледім.
Сол жерден іздегендер тапты мені,
Қонбады ақыл сөздің ешбір емі.
Көрсем де талайлардан қатты соққы,
Дедім мен: «Батырлықтың» осы жөні.
Мұнымды көп өтпей-ақ біліп қалып,
Қыстың көп тергеудің астына алып.
Кішкентай төбелескіш тентек қолым,
Сол күннен қалды амалсыз құлыпталып.
Ермегім болды енді кітап қана,
Қызығып оқи бердім құмарлана.
Ертеңгі болашақтың зор күмбезі,
Көріне берді маған мұнарлана.
Тоқтамай солай қарай жүре бердім,
Батпақты жол қиынын жүре көрдім.
Ақыры жеттім сол бір мұнараға,
Өрмелеп биігіне міне бердім.
Маршалым бүл жорықта өзің болдың,
Мендегі сотқарлыққа төзім бердің.
Кешегі со л бір тентек шәкіртіңнің,
Мінеки, адам болған кезін көрдің.
Шәкіртің көрмек болып келді бүгін,
Баяғы есіне алды тентек күнін,
Айтпақшы білім берген ұстазына,
Борышты өмір бақи екендігін.
II
Ойыныңның ойпатында өрледі өлең,
Білімнің сүтін ішіп көгеріп ем.
Қош-сау бол, ақпейілді ұстаз әке,
Аралдай асып жатқан кемерінен.
Түлеттің, жас қырандай қалықтаған!
Қияға қанатымды қағып барам.
Өлкеме өнегеңді алып барам,
Жанына жас ұрпақтың жағып бағам.
Ықылас Атырауынан маған деген,
Өзіңнен таптым әр кез табам деп ем.
Ақ өркеш Алатаудай асқар ұстаз,
Махаббат Сырдария саған деген.
ІІІ
Онжылдық сыбағасын асағасын,
Аттап ем институт босағасын.
Келеді әлі шырқап ұша басым,
Туған ел мәпелеуде жас ағашын.
Томынан ленинизм-қалың бақтың,
Жаныма мәңгі өшпейтін жалын таптым.
Өттім сан күрес-жылдар үтірінен,
Кеп қалды нүкте қояр жақындап күн.
Кеп қалды жолдама алар күн өмірге,
Ойнайды қуаныш от іреңімде,
Жыры бар зор сенімнің жүрегімде,
Қайраттың тасқыны бар білегімде.
Өзгертіп, гүлге бөлеп, дала тынды,
Аламын болашақтан алатынды.
Старты бітірудің берілген сәт,
Қағуға тұрмын дайын қанатымды.
ЖЕҢЕШЕМЕ
I
Сүйкімді арай нұрдай атар таңғы,
Аяулы жан жеңешем адал жанды.
Қиялшыл жастығыма мұрат көрем,
Мен сенен «төре жігіт» аталғанды.
Болып бір бейне құрдас жанашырым,
Ұқтың сен арманыңның бар асылын.
Жігіттік құпиямды шерттім талай,
Ағытып жүрегімнің дара сырын.
Реніш-қуанышқа ортақтасып,
Қасымда жүресің сен алшақ басып.
Жадырап жаның шалқып күлсең әр кез
Кетеді көңіл-өзенім толқып тасып.
Көрсеттің кейде ойымның келтелігін,
Көбіне өтті өзіңе еркелігім.
Құлшынтып шабытыма қанат бердің,
Маздатып үмітімнің жел көрігін.
Жақтыртпас сөзінде жоқ қысқа зілің,
Кетпейді көкейімнен күшті әзілің.
Ізгілік қорғасынын құйған ойға,
Бірісің сен де менің ұстазымның.
Сөз болып отырғанда ай шынары,
Басқа ойды ақын біткен қойсын әрі.
Қабыл ал сәлемімді, аяулы ата,
Өзбектің өлеңінің Байшұбары!
Сипатын жырларыңның шекерлеген,
Санаға жырмен айтсам жетер ме екен.
Қоқанның жібегіндей сұлу жүрек,
Сенің пәк көкірегіңде мекендеген.
Өртетіп өмір үшін өзегіңді,
Сүйдің сен өзбегіңді — өз еліңді.
Перделі Ферғананың бақшаларын,
Зер жаға Зеравшандай өзеніңді.
Сүйдің де Тянь-Шаньның бұлақтарын,
Марғұлан гүлін көріп сыр ақтардың.
Шахмардан самалындай заулап жүріп,
Өткенін сезбей қапты күн аптабын.
Қайғысын арылтуға түнек күннің,
Бас тігіп, белді буып, білек түрдім.
Жаңа өмір сағаты үшін жар салғанда,
Қайыршы қалың елді тірек білдің.
АЛАТАУҒА
I
Жайлаған баурайыңды бала атаулың,
Сүйетін шығар сені Алатауым.
Қойныңда өспесем де, өр шыңыңа,
Келемін орнатып мен ән отауын.
Рас, мен көргенім жоқ сені бұрын,
Қарсы алшы құшақ жайып мені бүгін.
Ынтық бір махаббатпен аймалайын,
Көгілдір көк тасыңның өрі-қырын.
Тыңдайын сырларыңды қойып зейін,
Аяулы ақ сүт берген анам дейін.
Ізетпен туған елім сүйсе сені,
Мен сүймей қалай ғана қалам кейін.
Демессің, әрине, сен мұнымды ерсі,
Мінеки, құшақ жайдым келші, келші,
Елжірей елім сүйген асқарыңнан
Менің де жүрегіме орын берші.
II
Алатау бұршы маған мойыныңды,
Анам боп ашшы ыстық қойыныңды.
Құшақтап жартасыңды ант етейін,
Төгем деп мұхит етіп мейірімді.
Анам дейін, Алатау,
Панам дейін, Алатау.
Жұрт сүйгенде мен қалай
Қалам кейін, Алатау.
Әнімді аспаныңа қалқытайын,
Көңілімді дариядай шалқытайын.
Табылған сөз маржанын өзіңе арнап,
Әніммен көк тасыңды балқытайын.
Анам дейін, Алатау,
Панам дейін, Алатау.
Жұрт сүйгенде мен қалай
Қалам кейін, Алатау.
Ауаңа көндіктіріп, жас тәнімді,
Оқиын ғажайып сыр, дастаныңды.
Көгіңе жұлдызың боп атылайын,
Шарлайын қыраның боп аспаныңды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *