ТҮРКІСТАН ДӘПТЕРІНЕН
Сан қырдан бізді асырған,
Ырсылдап поезд тоқтады.
Көз алдым менің қазір дәл
Тербелген қала оттары.
Көз алдым менің гүл қызыл,
Көз тіккен үйлер биіктен.
Аспанның бүкіл жұлдызын,
Көтеріп тұрған иықпен.
Сыңсыған тұрба бұл ара,
Сырық боп көкке асылған.
Мұнартып жатқан мұнара,
Сыр тартқан сансыз ғасырдан.
Көз алдым менің қаһарлы
Ескерткіш өскен аландар.
Жырлайды мынау шәһарды,
Шыңылдап лирик бағандар.
Жан досым, тағы алға жүр,
Жырыма менің жалға жыр.
Қуаныш қаптап барады,
Кеудемде менің дәл қазір.
Кетті той бойда от қаптап,
Айтшы сен, айтшы, досым-ау.
Бабалар басқан соқпақ па,
Мен басқан соқпақ осынау?
Келмеген екем бекерге,
Кетпепті босқа тілек шын.
Егер де атамекенге
Тұрсам мен табан тіреп шын.
Қарадым саған мың тұстан,
Отымен ақын көзінің.
Аяулым менің, Түркістан,
Арбасып жатқан сезімім.
Жер бар ма саған тең келер,
Көліңе бақыт жазғандай.
Алдымнан шықты жеңгелер,
Алыстан қайтқан қаздардай.
Алдымнан талай шықты ағам,
Арманға жолды нұсқаған.
Кеудесі заңғар таулардың,
Кеуделеріне ұқсаған.
Төсінде тулап анары,
Тоқтатты қыздар жол бермей.
Жаутаңдап тұрған жанары
Жаудырап жатқан көлдердей.
Ақ шашты бабам Шуақты
Көзін тұр менен алмастан,
Маңқиған шындар сияқты,
Мәңгілік басын қар басқан.
Қыран боп ұштым қасқиып,
Бәрінен тауып тоятты.
Бәрі де мені мас қылып,
Бәрі де мені оятты.
Үзілмей керуен-керуен боп,
Кеудеме менің кіре бер.
Күле кел, туған жүрек ел,
Жүректен жыр боп түрегел!
Бір кезде қанды соғыстан,
Қаралы болған Түркістан.
Садақтан самсап оқ ұшқан,
Жаралы болған Түркістан.
Миы аққан жердің қуырылған,
Танабы болған Түркістан.
Тұяқтан шаңның суырылған,
Алаңы болған Түркістан.
Сен үшін бабам жұлқысқан,
Сен үшін бабам алысқан.
Аяулым менің Түркістан,
Алқынып жеткен алыстан.
Кешегі сағым Түркістан,
Сарқылып қала жаздаған…
Көгінен құстың бұлты ұшқан,
Көл болдың салған қаздар ән.
Сен тартқан салмақ көп білсем,
Жүк бар ма сенің жүгіндей.
Әйтеуір келіп жеттің сен.
Бүгінге белің бүгілмей.
Жасампаз от aп жаныңнан,
Жарқылдап кетіл барамын.
Жосылған сенің жоныңнан
Бір соқпақ болсам жарадым.