КӨКТЕМ ӘУЕНДЕРІ
Төбеде найзағай жарылып,
Аспанға салды кеп сойқанды.
Қыстағы қаймағы алынып,
Өзеннің күбісі шайқалды.
Шағала шаттана ән бастап,
Көлге кеп үдетті қиқуды.
Кеудесін көтерді тау да асқақ,
Бүршігі үлбіреп гүл тұрды.
КҮЗДЕ
Сыңсиды жел қобызын бұрап тартып,
Қалмады қырға біткен қияқтан түк.
Телміріп тас төбеден ай төнеді,
Аспанда алтын қазан сияқтанып.
ҚЫС
Аяздан тұрған жан жоқ өзін біліп,
Сақтапты тау ғана тек төзімділік.
Шебер қыс көлді ұқсатып бір ғалымға,
Көзіне іліп кетіпті көзілдірік…
Сүйгеніммен жүректің мол отымен
Ықыласымды теуіп тастап кетіп ең.
Содан сол-ақ ішкі реніш жеңді ме,
Не де болса көрмеуге серт етіл ем.
Емес еді дүние қайғы, үй қайғы,
Бірақ та өзің түсінбедің, күй-жайды.
Амалым не ауызға да алмас ем
Естен ешбір кетпейтінің қинайды…
Көңілім жақын қыл өтпейтін арада,
Болғаныммен, қазір дос деп санама.
Қиналғанда, іс түскенде басыңа,
Жалтармасам жанашыр деп шамала.
Жалт бұрылсам бетіме де қарама,
Асықпа, дос, мені асықпай бағала.
Өткізіп гастролін бір апталық,
Дауыл тұр көңілінен күй ақтарып.
Даламда белуардан ақ қар жатыр,
Халқымның ақ пейілі сияқтанып.
Ырғалса бірге өзімен ырғалады,
Қыз талдың күміс мұздан сырғалары.
Ағы бар ақша бұлттан көк көз аспан,
Шолады кірпік қақпай, қыр, даланы..
ЖҰЛДЫЗДАР
Құттықтап жатыр достарым,
Жатырмын сүйіп мен де оны.
Тілекке тілек қосқан үн,
Барады кернеп кеудені.
Не деген мынау тасқын ән,
Не деген мынау ен дәулет,
Жерімнен ұшқан қос қыран
Барады Жерді белдеулеп.
Жұлдыз боп ұшқан жұлдыздар,
Жұлдызға қолды жалғатты.
Әрбірі планета боп,
Көтерді жерден салмақты.
Келісті жырлар келді күн,
Құдіреті күшті Отаным.
Ұланы болдым мен бүгін,
Ұласқан үш планетаның.
Тағы ұшты шаттық көңілден,
Дүрсілдеп жүрек тұр қатты.
Қос жұлдыз тағы көгімнен,
Дүниеге бүгін тіл қатты.
Жұлдыз боп ұшқан жандардың,
Бөлекше құяр нұры бар.
Бұдан соң атқан таңдардың,
Ерекше болар түрі бар.
Әлемнің барлық жұлдызы,
Қалса да енді сөніп-ақ.
Жасаймыз түннен күндізді,
Өзіміз жұлдыз болып ап.