Дар мен даңқ
Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды.
Бас айыптаушы прокурор Вышинский.
СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих.
Атылды:
Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев… тағы басқа аса iрi қайраткерлер.
Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады.
Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар.
Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой.
Бәлкiм, кiнәсiзден «кiнәлi» болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой.
Мiне, бұл бiрегей кем дүние.
Шымшық пен адам
Таңертең балконға бір уыс тары шашып тастап, іш жақтан қарап тұрдым.
Әуелі бір шымшық келіп қонды да, тарыларды абайлап шұқып көрді. Көрді де, шыр-пыр болып шықылықтап, өзінің туыстарын шақыра бастады.
Балкон лезде шымшықтарға толып кетті.
«Өле жегенше, бөле же» деген осы.
Ал айталық, адамдардан әлдекім бір сандық алтын тауып алса, шымшық сияқты өз жақындарын айқайлап шақырып алып, бөлісер ме еді?
Бұл жөнінде марқұм Оралхан Бөкейдің бір әдемі әңгімесі бар еді. … Кәдімгі дуана «Аллауху ах!» деп келе жатып, жолда бір дорба алтын тауып алады. Олжа тапқанын жұртқа жарияламақ болып:
– Уа, жарандар! – деп айқайлайды.
Ұдайы айқайлап жүретін дуананың бұл айқайына ешкім назар аудара қоймайды. Сонда ол ішінен сыбырлап:
– Алтын тауып алдым! – депті.
Күнәдан пәк болды.
Жалған дүниеде мұндай да алдампаздық болады.
Қылмыстан — қылмыс
Елде қылмыстың көбеюіне жоғары-төменді жемқорлар, парақорлар кінәлі. Олар қарапайым адамдардың несібесін озбырлықпен жеп қойғандықтан, адал азаматтар амалсыз түрлі қылмысқа барады.
Бір қылмыс келесі қылмысты тудырады.
Бір кем дүние.
Туысқан қандай
Кісіге бірге туыспау керек. Туысқан соң, сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады. Жол қуған олжаға жолығады (Әйтеке би).
Пенделер бұл ақылды тыңдамайды.
Пәленің бәрі содан.
Ашу мен ақыл
«Ашу бар жерде ақыл тұрмайды», – депті Төле би.
Адамдардың көбі ашушаң. Ақыл қайдан болсын.
Бір кем дүние.
Қылтанақ
Тоқсан тоғыз жастағы Британия Королевасы Елизавета І балық аулағанды ұнатады екен. Бірде тамағына қылтанақ тұрып қалады. Операция алдында Королева айтты дейді:
– Талай балықтың тамағына қармақ салып едім, енді балық менен өшін алды, – депті.
Патша басымен қақалғаны ұят болған екен.
Бұл да бір кем дүние.
Кім қарыздар?
43-ші жылғы қаһарлы қыс. Есік алдындағы күлтөбе. Шымшықтар күлден тамақ іздейді. Күлде қандай тамақ бар?
Шымшықтар аш. Біз де ашпыз.
Күл үстіне қыл тұзақ қоямыз. Тұзаққа түскен шымшықты отқа қақтап жейміз.
Обал. Қазір күнде балконға жем шашып тастаймын. Шымшықтар, баяғымды кешіре гөр деп.
Бірақ сол шымшықтар біз тоқымдай жерге тары еккенде жеп қоятын.
Сонда кімнен кім кешірім сұрау керек?
Бір Алла біледі.
Кәусар жыр
Баяғыда ақын Дулат:
– Кеудеме қайғы толған соң, кәусар жырмен жуынам, – деп жазып еді.
Ал, кәусар жыры жоқтар не істейді?
Бір Алла біледі.
Аз сөйле, көп тыңда
Адамда бір ауыз, екі құлақ бар. Демек, аз сөйлеп, көп тыңда деген белгісі шығар Жаратқанның.
Бір Аллаға аян.
Оқымайтын бастықтар
Таңертең емхананың алдына шығып, аяқ-қолымды ербеңдетіп, зарядка жасап тұр едім, қасыма домалаңдаған кішкентай кемпір келді:
– Дұрыс. Қимылда! – деді.
Танитын сияқтымын. Шырамытамын. Жыға танымадым. Өзі ашық, әңгімешіл екен. Кезінде Совнаркомның орынбасары болғанын сездіртті.
Сонда барып есіме түсе кетті: Зәуре Садуақасқызы Омарова.
– Аяғым ауырады. Жас кезімде сонау Днепрдің суын кештім. Қарағанды шахталарының астына түстім… – деп қолындағы таяғымен сирақтарын түрткілеп қойды.
Сенің “Даттарыңды” Камалға жазған хаттарыңды қалдырмай оқимын. Тұрар Рысқұлов туралы жазған романыңды түгел оқыдым, – деді.
Ал қазіргі бастықтар оқымайды.
Бір кем дүние.
Бүлік неден
Адамның жүрегінен от көрініп тұратын болса…
Жақсы адамдікі жұлдыздай жарқырап тұрса…
Жаман адамдікі күңгірт, қарайып тұрса…
Сонда айыру оңай болар еді.
Жақсыға жақындар едің, жаманға жоламас едің.
Өкініш: ондай белгі жоқ. Тану қиын.
Дүние содан бүлікшіл.
Жалғыздық жаман
Жасың ұлғайған сайын құрбы-құрдас, қатарың кеми бастайды.
Өз қатарың болмаса тойға барма деген.
«1950 жылы мектепті менімен бірге бітіргендерден кімдер бар?» – деп сұрастырсам… көбі жоқ. Сақал-шашы аппақ қудай болып Әбдіуәлі Данаев, төбе шашы түсіп қалған Исатай Үмбетбаев жүр. Махан молда, бозкөз Манап…
Әбдіуәлі күміс медальмен бітірген. Ленинград теміржол институтының түлегі. Көп жыл Жамбыл теміржолының бастығы болды. Қазір де студенттерге сабақ береді.
Соның барына да шүкір.
Мектепті бірге бітірген Қаратай Тұрысов еді. Көп жыл қатар жүрдік.
Соңғы жылдары Парламентте депутат болып, бірге отырдық. Жетпіске толар-толмас дүниеден өтіп кетті.
Тараз шаһарында сол 1950 жылы мектепті бітіргендер суретіне қарап отырып:
– Апырай, мен әлі тірі жүрмін, ә, – деп қоямын. – Мүмкін, Алла менің қиянаттан қырыққа жетпей қайтыс болған әкемнің жасамаған жасын маған қосқан шығар?
Бір Алла өзі біледі.
Дегенмен, жалғыздық жаман.
Бұл да бір кем дүние.
Мәңгілік ешнәрсе жоқ
“Егемен Қазақстан” редакциясы зейнеткер мені шолушы қызметіне алды. Кейбіреулерге күлкі: кешегі бас редактор бүгін сол редакцияның босаға жағында отыр.
Ал, мен ойлаймын: заманында осы газеттің бас редакторлары болған Смағұл Садуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сияқты алыптар басқарған мекеменің босағасында отырсаң да жарасады.
Мәңгілік ешнәрсе жоқ.
Мәңгі тек Құдай ғана. “Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек” (Абай).
Кім ойлайды?
Қазақ республикасындағы қазіргі таңда ең зәру мәселелердің ең біріншісі демография деп мойындаған жөн.
Біз күнбе-күнгі тіршілік қамымен әуреміз. Ол қажет. Бұл бүгінгі күннің қамы.
Ал, ертең не боларына көз салсақ, көңілмен болжасақ жағдай қандай болмақ?
Ұлан-байтақ Қазақстанда небәрі 15 миллион халық тұрады. Оның 8 миллионы қазақтар деп жүрміз.
Халқымыздың өсімі тым төмен. Бала туу мөлшері осылай кете берсе, алдағы 10-20 жылда қазақ саны кеми бермек.
Бір кезде қазақ ауылында әр отбасында 10-12 бала тапқан “Алтын алқалы” аналар көп болды. Олардың тізімі ұдайы баспасөз беттерінде жарияланып тұрды.
Қазір ондай оң тізімдер көрінбей кетіпті.
Ал, дүниеде жері бай, кені бай елге ие өз елінен табылмаса, жат жұрттықтардан табыла кететіні ежелден белгілі.
Сонда демография ашаршылығынан қалай құтыламыз?
Әрине, әр мемлекет өзінің көрпесіне қарай көсіледі.
Халықтың әлеуметтік күн көрісі мәз емес екені бесенеден белгілі. Мемлекеттің тақыр кедейлігінен емес, жемқорлардың тойымсыз жемсауына түсіп кеткендіктен.
Жемқорлық, парақорлық жалпақ тілмен айтқанда, коррупция залалы халық өсіміне, ұлт өсіміне Голощекин ашаршылығынан кем түскен жоқ сияқты.
Рас, мұның бәрі таяудағы өткен шақ. Бірақ әлі түзеле қойған жоқ.
Дегенмен, қанша талапайға түскенмен, экономика біршама түзеле бастады.
Ендеше мемлекет ендігі жерде демографияны да мықтап ойлайтын мезгілі жетті.
Қазір әйелдер зейнетке 58 жаста шығады. Ол қай уақытта бала туып, қай уақытта оны өсіріп, тәрбиелей алады?
Ендеше 4-5 бала тапқан ананы еңбектен босатып, зейнетақысын берекелі етіп төлеу керек. Әр балаға жарытып жәрдемақы беру қажет.
Бұл өте жауапты, тағдыршеш проблеманы Парламент, Президент мықтап қолға алсын.
Әйтпесе, орасан кем дүние осы болады.