Тарих қашан түзеледі
31 қаңтар. Президент мәдениет орталығында «Байтақ дала» атты конференция өтті. Мырзатай Жолдасбеков кіріспе, Әбіш Кекілбай сөйледі. Ал Өмірбек Байгелди : «Қазақ тарихы 500 жылға сыймайды. Қазақ тарихын Керей мен Жәнібектен бастау обал», – деді. Өмекең Сақ дәуірін меңзеді.
Тарихшы ғалымдар осы уақытқа дейін қазақ тарихын дұрыстап, анықтап жаза алмайды.
Бір кем дүние.
Туған жерің
Тілші менен сұрайды:
– Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.
Мен:
– Наурызкөк, қарлығаш, т. б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой.
Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.
Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,
Үйірінен безінген тұлпар оңбас.
Адасқан қаз
Қатарың сиреген сайын адасқан қаздай боласың.
Нағыз жетімдік, шын жалғыздық осылай келеді.
Зор кем дүние осы. Әйтпесе, Өсер қайда? Жолдасбек қайда? Кеңес қайда? Әуесхан қайда?
Шын шығарма
«Соқыр музыкантты» көп жылдан кейін қайта оқып бітірдім. Көзімнен сараң жас шығып, кірпігіме ілініп қалды.
Жаның жаннатта болсын, жазушы Короленко!
Жазсаң, осылай жаз.
Марқұм Мүсірепхан туралы мен де жаздым. «Жарамазан».
Бірақ менің әңгімемді оқыған адам жүрегі елжіреп, көзінен жас шыға қоя ма?
Мәселе қайда?
Обалы кімге
Жер – адамзаттың анасы. Сол жердің елді асырайтын құнарлы қыртысы қанша? Егер Жер шарын дарбыздың үлкендігіндей десек, сол дарбыздың қабығындағы жұп-жұқа жасыл ніл қанша болса, жер құнарлығы (гумус) да сондай жұқа.
Жазушы Чивилихиннің «Земля в беде» деген очеркін оқысаң, жер құнарының құнын түсінесің. Бірде Чивилихин Таулы Алтайдағы орманшы досының үйіне түнеп шығады. Таңертең далаға шықса, айнала-төңірек қап-қара түнек. Ормандағы ағаштар да қап-қара.
– Бұл не? – деп сұрайды жазушы орманшыдан.
– Земля в беде, – дейді орманшы. – Мынау дауыл көтерген Қазақстан тың жерінің топырағы.
Эрозияға ұшыраған жердің гумусын қалпына келтіру үшін 700 жыл керек.
Әне, жаппай жыртып тастаған қазақ даласының тың «эпопеясы».
Құнарлы қыртысынан айрылған жер – бедеу. Ештеңе шықпай қалады.
Бұл да бір дәуір.
Бір кем дүние.
Кім сақ
Лұқпан Хакімнен сұрапты:
– Сақтықты кімнен үйрендің? – деп.
– Соқырлардан, – депті Лұқпан Хакім.
Мыңбұлақта Мүсірепхан соқырды марқұм Жолдасбек ұдайы құйрығынан түрткілеп ойнаушы еді. Сірә, құрдастар ғой.
Бірақ Жолдасбектің келе жатқанын Мүсірепхан алыстан сезіп қойып, таяғын ыңғайлап тосып тұрады. Жолдасбек жақындай бергенде таяғын дәл тигізіп, жон арқадан періп кеп жібереді.
Жоқаң байғұс қан-қақсап қалады.
Сонда Құдай кімді кем жаратқан? Жоқаңды ма, Мүсірепханды ма?
Жандарын жаннатта қыла гөр, Алла!
Асату
Көне түрiк сұлтандарының салты:
Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады.
Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады.
Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi.
Бiрақ «ералаш» қой.
Бiр кем дүние.
Түйені түгімен
Көне Мысырдың «Марқұмдар кiтабында» мынандай жазулар бар екен:
« – Мен ағын суды бөгемедiм.
– Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын.
– Мен таразыдан жеген жоқпын.
– Мен әлсiздердi жәбiрлемедiм.
–Мен ешкiмнiң көз жасына қалмадым».
Осы өлшеммен келгенде, қазiр бiзде қалай?
Майлы сүйек
Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды.
Кейбір адамдар да сондай.
Озбырлар көбінесе осы әдісті қолданады.
Бір кем дүние.
Қисалаңдай береді
Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.
Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.
Ал адамдар ше?
Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбісі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.
– Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды.
Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.
Бірақ соны ұмыта береді.
Бір кем дүние.
Аздың маңдайы тар
Жолда өзiнен үш есе үлкен тезектi домалатқан көң қоңызын әлдене басып кетiптi. Шымалдар соған жабылып жатыр.
Шымал — құмырсқаның ергежейлiлерi. Мыңы жиналып, қоңыздың үлкендiгiне жетпейдi. Бiрақ мыңы жиналып, әлгi өлiктi жылжытып барады. Қайда апарады? Әлде азық қыла ма? Әлде арулап, көмгiсi келе ме?
Сiрә, азық шығар. Қу тамақ. Ал әлгi қоңыздың өзi де қу құлқынның құрбаны болған.
Дүниенiң кепиетiне қарап тұрсаң, тiршiлiктiң бәрi осындай.
Көпшiлiк азшылықты аямайды. Тiптi, жеңiмпаз Құбылайдың өзiн қытайлар кезiнде лек-лек түмен әскерiмен түп-түгел жұтып жiбердi. Жеңiмпаздардың өзi қытайланып кеттi.
Сонда ақырғы жеңiмпаз кiм?
Бұл қай сипатты дүние?
Дар мен даңқ
Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды.
Бас айыптаушы прокурор Вышинский.
СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих.
Атылды:
Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев… тағы басқа аса iрi қайраткерлер.
Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады.
Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар.
Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой.
Бәлкiм, кiнәсiзден «кiнәлi» болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой.
Мiне, бұл бiрегей кем дүние.