Баласағұн дауы
Ерте, ерте, ертеде Баласағұн шаһары болғаны рас. Ол Шу өзенінің бойында тұрған екен.
Ал дауласып жүрген қазақ пен қырғыз оқымыстылары.
Қырғыздар айтады: «Баласағұн қаласы біздің жерде», – дейді. Қазақтар: «Жоқ, біздің жерімізде», – дейді.
Шу өзені екеуінің де аумағында жатыр.
Сонда Баласағұн сол Шудың қай тұсында тұрған?
Қырғыздар айтады: «Шудың бойында Тоқмақтың тұсында Бурана деген мұнара тұр. Әне, сол Баласағұн», – дейді.
Оны да көрдік. Мұнара бар екені рас. Бірақ Баласағұн егер де кәдімгідей қала болса, қала тұрмақ, кішігірім ауыл сиятын жер жоқ. Бір жағы – жар, бір жағы – Шу.
Ал профессор Шалакенов айтатын Баласағұн Ақсу дейтін өзеннің Шуға құятын қиылысында құладала жерді алып жатыр. Айналасы ат аптырым қазылған ордың сұлбасы да көрінеді.
Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері жылда жазда осында қазба жұмыстарын жүргізеді. Көне қаланың толып жатқан белгілері табылған.
Бұл жайдың басы қашан ашылады?
Бір кем дүние.
Намыс қайда
«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн» (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.
Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.
Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?
Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.
Міне, бұл нағыз қасірет!
Бір кем дүние.
Ойлан, қазақ
…Түрік ұлтының мінезі асқақ.Түрік халқы еңбекқор.Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.
«Мен – түрікпін! » деген адам қандай бақытты (Ататүрік) .
Ал бізде, қазақтарда қалай? «Мен – қазақпын! » деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ болатын.
Президентіміз Нұрсұлтан мырза: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – деп айтқан.
Бірақ…
Зор кем дүние. Амал қанша?!
Ұмытпа
9 мамыр – Жеңіс күні. Жылда тойланады. Газеттер N-лерін осы Жеңіске арнайды. Өте дұрыс. Ал осы Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Ауыл, қала еңбекшілерінің де үлкен үлесі болды ғой. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды.
Әділетсіз әлем.
Тылсыз Жеңіс келер ме ед? Ұмытшақ заман.
Бұл бір кем дүние. Сол жаман.
Қанатты адам
Соғыс жылдарының бірі. Жазғы шілде еді. Жұмыстан келе сала Айша қатты құлады. Тек үрейлене қорыққан маған қарлыққан дауыспен:
– Аққыз… Аққыз апаңа жет… – деді.
Түсіне қойдым. Біздің үйден кейін екі сайдың ар жағында әскерге кеткен Поштақұлдың үйінде… егер басқа жаққа кетіп қалмаса, Аққыз әпкеміз сол үйде. Есіктен кіре бере:
– Айша… апам, – деп демім жетпей, әйтеуір, ишара беруім сол екен…
Аққыз әпкем көз алдымда лезде жоқ болды. Сірә, терезеден ұшып шығып кетті ме, білмеймін.
Мен үйге қайтып келсем, Айшаны айнала зікір салып жүр екен.
Аққыз әпкеміз мүлде өзгеріп кеткен, нағыз бақсы, баяғы шамандықтан қалған шын сарқыт осы болар. Аққыз дүниеден өткен соң біздің Мыңбұлақта бақсы болған емес. Аққыздың орны ойсырап қалды.
Бір кем дүние.
Бір тамшы жас
О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.
Сен жасыңда дәуiрледiң.
Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.
Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!
Қазанды сол қиратты.
Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.
Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.
Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние – шын кем дүние болар едi.
Пәруана
Тоқсанбай бабадан тараған төртеудің біреуі Жылтыр ата, одан Төлетай, одан Сұлтан деген ағамыз еді ғой.
Шыр бітпеген қу сирақ кедей. 1932 жылғы Голощекиннің ашаршылығында, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран шыққан заманда, ауданнан келген уәкіл, ауылдан шыққан белсенділер үй-үйді тінтіп, бір түйір дән табылса, кәмпескелеп келе жатып, Сұлтан көкеміздің құжырасының тұсынан өтіп бара жатады.
– Бұрылмаймыз ба? – дейді ауданнан келген уәкіл.
– Бұл байғұс битін сығып, қанын жалап отырған қу кедей, – деп ауылсовет бұрылмайды.
Бұларды көрген Сұлтан жертөлесінен шығып:
– Оу, мырзалар, мә, мынаны ала кетіңдер, бір тостаған арпа… ала кетіңдер, – дейді.
– Ой, байғұс-ау, өзің аштан өлесің ғой, – деп жаны ашығансиды ауылсовет.
– «Көппен көрген ұлы той» деген, – депті Сұлтан көкеміз.
Сол Сұлтан қыстың күні жүні шыққан жаман көрпесін жамылып жүруші еді. Басқа киер лыпасы жоқ.
Сөйткен Сұлтанды, бір ауыз орысша білмейтін, әліпті таяқ деп танымайтын, өмірі мылтық ұстап көрмеген тақыр сауатсыз Сұлтанды әскерге алып, Совет өкіметі Ұлы Отан соғысына салды-ау. Сталинград қасапханасына.
Моласы белгісіз, ешкім оған арнап дұға да оқымайды. Еске де алмайды.
Бір кем дүние.
Құмырсқа ғұмыр
Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады.
Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз.
Бай баласы байға ұқсайды,
Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. Жалқаумыз.
Бір кем дүние.
Қылыш пен қалам
Қылыш ел шауып, қазына құрайды.
Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды.
Мұны Жүсіп Баласағұн баяғыда жазып кеткен. Қалам ұстаған міскіндер әлі сондай…
Бір кем дүние.
Жекеше көне ме
Өз пайдаңды ойлама,
Ел пайдасын ойла!
Өз пайдаң соның ішінде.
Бірақ бәрі солай ойламайды ғой.
Бір кем дүние.
Не істеу керек
«Сұлу әйел алған адам өмір бойы қарауыл болып өтеді. Бай әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді», – депті Баласағұн бабамыз.
Бір кем дүние.
Шұғыланың назы
«… Бірақ кейде көңілге ауыр алатын жағдайлар да бар. Кеудесін қуаныш кернеп, алып-ұшып келген қандастарды орыс тілін білмегені үшін кінәлап, кейбір мемлекеттік мекемелерде дұрыстап жауап та бермеген сәттері болып жатады» (Шұғыла, «Астана хабары», 16. 12. 06 ж.).
Кейбір жерлерде шошқа бақтырып қорлайтынын қайтерсің?!
Бір кем дүние.