Соғыс жетімі
1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды.
Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:
– Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей,
– Майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.
Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.
Соғыстан қалған жетім.
Бұл да бір кем дүние…
Ауыл иттері
Ахмет Байтұрсынов:
– Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, – деп едi-ау.
Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.
1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.
Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.
Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.
Баукең солақай емес
Тараздағы драма театрының жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.
Бұл өте бір Иманды іс болды.
Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерткіш.
Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр депті.
Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Баукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..
Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш.
Әттең, бір кем дүние.
Тасбақаның көз жасы
Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайымсыз жан иесі бар болса, ол Тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.
Сөйтсем, кинодан көрдім, Тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.
Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқаны туып, құмға көміп кетеді екен.
Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлықта ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.
Адам сондай болғанда, басқа жыртқыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.
Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содар сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.
Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жаратқанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.
Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.
Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.
Оспанханның «ңөңі»
Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Ңөң» болатын.
Содан, енді ойлаймын жарықтық Осекем әулие екен-ау деп.
Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.
Басқаны былай қойғанда, осы замандағы қоғадай көп партиялардың дөкейі «ң» -ға тілі келмейді екен. «Жанағы, жанағы» дейді. Және екі сөзінің бірі «жанағы».
Ерте-ерте большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың «р»-ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық біртүрлі жарасып тұратын.
Енді қазіргі көсемдердің бірі: «Жанағы женістен женіске жете берейік!» – деп соғады.
Бір кем дүние деген осы.
Жамбылдың жолбарысы
Жарықтық Жамбыл – Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:
– Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, – деп еді-ау.
Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.
Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. «Күндіз бар да, түнде жоқ» күн де орнында. «Түнде бар да, күндіз жоқ» ай да баяғыдай.
Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.
Бір кем емес, орасан кем дүние.
Итаяқтың кесірі
Шiлденiң шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келiншектау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты.
Күннiң аптабы қайтып, кешкi салқын түсе Келiншектау анық көрiне бастайды.
Сонда Келiншектау туралы ерте-ерте ертедегi аңыз еске түседi.
Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрi алтын, күмiс, гауһардан екен дейдi.
Ұзыннан ұзақ созылған дәулетжар көштiң алдында келе жатқан қыз әкесi қызынан:
– Қалай қызым, жасауыңа көңiлiң тола ма? – деп сұрапты.
Сонда ұзатылып бара жатқан қыз:
– Ризамын, әке, тек итаяғым алтыннан болмады-ау, – дептi.
Мұндай тойымсыздыққа не айтарын бiлмеген әке байғұс қос қолын терiс қарата жайып жiберiп:
– О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! – деп, қатты қарғапты. Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкiл асыл көш лезде қаратас болып қатыпты да қалыпты.
Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиiптi.
Қарап тұрсаң, мына қазiргi заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзiн кешпеген Жаратқан ие мына қазiргi заманда түйенi түгiмен, кеменi жүгiмен жұтып жатқандарды қалай көрмейдi – ғажап!
Бiрақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар.
Бұл тек бiр кем дүние емес, екi дүниеде де кешiрiлмес мол кем дүние.
Бір тал шаш
Шіркін, қазақтың қара өлеңі! Неге бірақ «қара өлең»? «Қара» деген сөздің әртүрлі мағынасы бар. Мысалы, қара мал – ірі мал, Қаратау – ұлы тау, Қара хан – атақты хан, қара жер, т.б.
Қара өлең де сондай шығар. Ірі шығар.
Сонау соғыс жылдарында азынаған аштықта, күннің шуағы тым сирек кезде, қақаған қыста, анда-санда адамдар бір бас қосқанда, майданға ондап кеткен азаматтардан ілуде біреу жараланып қайтқанда жетім ауылда бір азғантай той-мереке болар еді.
Сол тойда екеу-екеу ән салып, сағынышты әуендер айтатын. Әсіресе есімде қалғаны, көкірегімде өшпестей жатталғаны, әрдайым қырау шалған жүрегімді жылытатыны екі-ақ ауыз мына шумақтар:
Ауылыңнан ары да өттім,
Бері де өттім-оу,
Үкіңді шекеңдегі бермей кеттің-оу.
Сол үкің, көп болғанда,
Жүз теңгелік-оу,
Қалдырдың көңілімді
Мың теңгелік ай…
Қара көз қарай берді дүркін-дүркін-ай,
Көзімді қарықтырды сенің көркің-ай.
Шашыңнан бір-бір талдап сүйер едім-ау,
Қайтейін, жетпейді ғой өмір шіркін-ай…
Қазір бір-бір талдап сүйетін шаш қайда? Ондай сүюдің қадірін білетін бас қайда?
Әттең, бір кем дүние!..
Има Сумак
Сонау жиырмасыншы ғасырдағы алпысыншы жылдардың басы еді. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіндегі әдеби қызметкермін. Бөлім бастығы айтулы әңгімеші, шешен Жекен Жұмақанов.
Жаздың бір айында Алматыға Има Сумак келді. Оның отаны – жердің арғы бетінде жатқан Перу деген ел. Има Сумак – көне «қызыл терілі» кечуа тілінде «Сұлу келді» дегенді білдіреді.
Он жасында керемет әнші атанған осы ғажайып қыз той-томалақта жиналған көпшіліктің арасында келе жатқанда жұрттың бәрі:
– Има Сумак! Има Сумак! – деп аса зор құрметпен қарсы алады екен.
Американы бұдан бес жүз жыл бұрын жаулап алған еуропалық басқыншылардан аман қалған инктер тұқымынан тараған тұяқ.
Оның дауысы әлемде сирек кездесетін ерекше дауыс екен. Яғни ол төрт дауыспен ән сала алады: колоратура, меццо-сопрано, сопрано, тенор.
Ал «Күнге табын» атты кереметті орындағанда Има Сумак көмейінен «бас» дейтін дауыс та шығады-ау деп қалдым.
Алматыда Има Сумакка жолығып, сұхбаттасқан жалғыз мен болды десем, мақтаншақ демеңдер.
Есікті оның күйеуі, продюссер Мойзес Биванко ашты.
– Сіз біздің кечуа-индеецтерге ұқсайды екенсіз, – деді сонда маған ғажайып Има Сумак, – басқа ешкімді қабылдамаймын.
Сөйтіп, Има Сумак концерті туралы «Социалистік Қазақстан» менің айқара қос бет очеркімді басты. Содан кейін Има Сумак туралы хабар зым-зия. Арғы тағдыры, өмірі не болды – ары-бері сұрастырып, іздестіріп, ешқандай дерек таппадым.
Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме… Әлде колонизаторлардан көп қорлық, зорлық-зомбылық көрген өз нәсілінің, қырылған-жойылған өз ұлтының әруақтарына барып қосылды ма…
Бір кем дүние.
Нағыз Төлеген осы еді
Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.
Тақырыбы – «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт – сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.
Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.
Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деп жазыппын.
Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.
Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.
Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.
Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.
Ал мына Төлеген ғасырлардың тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ.
Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.
Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», – деп.
Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.
Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы.
Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотырғыштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.
Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан.
Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін сирек қазына.
Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.
Босқа қоразданба
Айғыр кісінегенмен, байтал буаз болмайды.
Бір кем дүние.
Жалғыз
Атадан алтау тусаң да – бір жалғыздық.
Бұ да кемшілік.
Неге алдайды
Ұлытау орталығына барар жолда, жартаста шамамен:
«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш орнатылады», – деп жазылғалы талай таң атып, талай күн батты. Жылжып жылдар өтті. Жазу өше бастады.
Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой.
Бір кем дүние.
Сорлы
Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.
Өз көлеңкесі болмаса – өлгені.