Айналайындарым менің

Күйеуі өліп, талқансыз қалған әйел ұлы мен қызын жетелеп, қыстың көзі қырауда жолға шыққан. Барар бағыттары алыста жатқан жекжат—жұрағат. Олардың да қандай күйде отырғанынан бейхабар. Әйтеуір, өлмеші үміттің жетегіне ерген пақырлар да. Аяқты басқан сайын ақсақ ойылған сіре қар адымыңды аштыра ма? Түн ортасы ауа әлгі үш мұңлықты аш қасқырлар қуалайды. Сонда әйел қандай шешімге келді десеңізші? Екі баласын көтеріп жүрер дәрмен жоқ. Енді кідірсе үшеуі де опат болғалы тұр. Қайткен күнде де үшеуінің бірі қасқырдың жемтігіне қалып, екеуі таң атқанша қара үзіп кеткені жөн. Ана өзін ұрпағы үшін құрбандыққа шалар еді. Әттең, мына екі балапанының өздіктерінен жөн табар жайы жоқ. ¥лын тастар еді аш қасқырдың аузына, ошақ оты өшіп, шаңырағы құлайды. Жастай сүйіп қосылған жарының «қайткен күнде де осы жалғызды сақта!» — деген ақырғы аманаты тағы бар. Таңдау кімге түсті деп ойлайсыз, бес жасар қызға! Ертеңінен үміт күтіп, екі көзі жәудіреген періште бүлдіршінге! Көзінің ағы мен қарасындай екі қарғасының бірін жыртқышқа байлап берген ананың, ашынған ананың шарасыздықтан туған көзсіз ерлігіне бас имейтін жан табылар ма екен, бұ жалғанда. Қызын шырқыратып қасқыр жеп жатқанда жан дәрменмен қашып, таң ата, барар жерінің де бір қарасын көрген екен. Селдіреп қалған қазағымның бүгінгі ұрпағы әлгіндей жұт пен жаудан аман—есен қалып, еңсесін тіктеген бір—бір жалғыздың нәсілі емес пе? Айналдым, аналардан! Үлкен жүрек, асыл сезім, ұлы махаббат иелерінен!

 

Матайқызы Ділдә Тасмағамбеткеліні

«Айналайындарым менің…»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *