Қалқаман Сариннің өлең-жырларын күнделікті баспасөз беттерінен бұрын кездестірген емес едім. Кішкене радиоқабылдағышымнан «Жібек сезім» деген әнді естідім. Әуелі пәлендей мән бермеп едім, екінші рет естігенде әбден рахаттанып тыңдадым.
«Жібек сезім» — керемет ән!
Соңғы жылдары қай топыраққа тамыр жайғаны белгісіз, әуеннен жұрдай, сарт-сұрт ритммен онсыз да елеуреген жастарды еліктіретін әнсымақтар көбейіп кетті және оларды ұялмай-қызармай теледидардан, радиодан беріп жатады. Оларға «мынауың ән емес, айқай, сондықтан мұныңды қой» дейтін ешкім жоқ.
Сонымен «Жібек сезімнің» әуеніне тонның ішкі бауындай жарасып тұрған сөзін жазған ақынды таптым.
Қалқаман Сарин Қарауылда туған жас екен. Жастардың Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, жүлделі орынды иеленді. Кейін бір топ өлеңдеріңді біздің «Тұмар» журналымызға әкелсең деп едім, алып келді. Өлеңдерінде мұң тұнып тұр. Өзім де мұңды жаза-жаза шаршағаннан ба, оқырманның жүрегін қуаныш үлпіліне бөлейтін шуағы молдау өлеңдер жазған дұрыс болар еді деп едім, Қалқаман үндей қоймады. Біреу пікір айтты екен деп жалма-жан жазған-сызғандарын қайта қарап, кеңес үкіметінің тұсындағы цензурадан өткізердей әлек-шәлегі шығатындар болады. Ондайлар өзіндік «мені» жоқ, әйтеуір газет-журналға жариялаудың, немесе кітап шығарудың амалын іздейтіндер деп ойлаймын.
Қалқаманның «Арманымның бейнесі» атты кітабының қолжазбасы жас ақынның тұңғыш жинағы екен. Баяғыда тұңғыш кітап деген атпен он бес-жиырма беттен тұратын кітапшаны біз де шығарғанбыз. Ондағы өлеңдер де еліктеу-солықтаудан туған дүниелер болатын. Ал, Қалқаманның бұл қолжазбасы бірнеше жинақ шығарған майталман ақынның кезекті кітабы секілді. «Алланың бары – ақиқат» деген топтамамен басталатын қолжазба бірнеше бөлімнен тұрады. Туған ауылға деген қимастық сезім Отанға деген шынайы махаббатқа ұласады. «Махаббатсыз дүние бос» деп ұлы Абай айтқандай, жас ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері де – кімнің болса да жүрегін шымырлататын нәзік сезімнен туған дүниелер. Мұнда өтірік талықсу, жақсы көрудің жәйі осы шығар деп өліп-өшкен болу атымен жоқ, орынды-орынсыз ақыл айту да кездеспейді, адамзатпен бірге жасайтын поэзия осылай болуы керек.
Жалпы, поэзия – адам жанының көшірмесі. Мен Қалқаман ақынның өлеңдерінен үзіп-жұлып мысал келтіруім ретсіз деп ойлаймын. Ойлы оқырман өзі оқып, өз бағасын берер. Химия қосылмаған баяғының жібегіндей сезімнен өрілген жырлар жүректерге жол табады деген пікірдемін.
Фариза Оңғарсынова