Бисмиллаһир ирахманир рахим
Жүрсін келді ауылға Жүрсін келді,
Бірге жүріп жазайық құрысын белді.
Сері дәурен қашанғы серік болар,
Сүйретерміз ертең-ақ құр сүлдерді.
Жүрсін келді ауылға сері келді,
Серіге еріп періште, пері келді.
Әлмырзалар қайда жүр әніменен,
Тербеп жүрген Шиелі, Телікөлді.
Жүрсін келді ауылға айтыс келді,
Шығарамыз кімдерді айтысқа енді.
Нартайлардың қайда жүр ізбасары
Асқақтатып тастайтын айтыста елді.
Жүрсін келді Шиеліге салдық құрып,
Деп жүрмеңдер: «Кешірек қалдық біліп».
Алтыбақан, ақ сүйек шақырады,
Жасырынар ішінде барлық қылық…
Жүрсін келді ағайын, өлең келді,
Ағытылсын өлеңдер көгендеулі.
Серіге еріп сергісін сері көңіл,
Серілікпен ұмытып желеулерді…
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ