Тірліктің алды – ақиқат, арты – жалған,
Болар деп кім ойлаған халқына арман.
Қасында Тұмағамның отырғанда,
Суретке екеуіңді тартып алғам.
Аға аман болсын деген тілекте едік,
Мынау сол тау тұлғадан бір естелік.
Соңында ботадай боп боздап қалған,
Жүрсеке, ініңізді жүр ескеріп.
Ортайып қалды бірден тола бағым,
Тілеймін енді жүрер жол аманын.
Мәз болып қуанушы ем еркелеген,
Қасынан көріп сені сол ағаның.
Ағартқан жыр жолында қара шашын,
Ағаммен әр кімің-ақ санасатын.
Дізесі бүкіл елдің дірілдейтін,
Әзілің сенің ғана жарасатын.
Көрсетіп көңіліңнің қырындысын,
Арнадың жүрекжарды жырыңды шын.
Мінгізіп ақ тұлпарды әйгілеп ең,
Ағаны әспеттеудің бір үлгісін.
Тұмаға – бүгін менің сағым құсым,
Жамылды ол ақыреттің жамылғысын.
Сен маған көрсетіп ең, Жүрсін аға,
Іні боп еркелеудің тағы үлгісін.
Аты өліп, қалғандаймын ерім белде,
Төккен бір түрі ғой бұл шерін кеуде.
Ағам жоқ алдымдағы кеше жүрген,
Қараймын жаутаң-жаутаң көрінгенге.
Жан аға, жүрегімнің жарасын ұқ,
Денемді қариды кеп қара суық.
Кешегі думан қайда, карта қайда,
Отырмын үйге сыймай аласұрып.
Мына күн бұлттанбай тұрса дұрыс,
Жасайсың елің үшін шырқап ірі іс.
Қосады сізбен бізді бір арнада,
Ағама деген ыстық бір сағыныш.
Басында бағы барда пенде семіз,
Ежелден мұң мен қайғы жерлес, егіз.
Ойласақ Тұмағаны сіз екеуміз,
Сағыныш деген белден кездесеміз.
Аға аман болсын деген тілекте едік,
Бұл сурет Тұмағаңнан бір естелік.
Соңында ботадай боп боздап қалған,
Жүрсеке, ініңізді жүр ескеріп.
Ауыт МҰҚИБЕК