ЖҮРСІНГЕ

Ақынға жүрек берген сыздамалы,

Ауырған сол жүректен із қалады.

Армысың, Алашының қарашығы,

Аман ба, Алатаудың мұзбалағы?!

Танбайтын таза мінез, қалыпты ойдан

Атыңнан тағы айналдым тауып қойған

Қиясы – Алатаудың мекен болып,

Ұясы – Ұлытауда қалып қойған.

Өртеген өзегіңді өлең шығар,

Негізің болмаса өлең – неден шығар.

Ұлытау – Алатауға аманат қып,

Жүрсінім жүре берсін деген шығар.

Тіріге тілемейтін жаманаттық,

Деніңе тәңір берсін саламаттық.

Кешеулеу өтіп жатқан кешіңізге

Жан аға отырмысың қанағат қып.

Ей, аға, тағаң жерде, бағаң тауда,

Күншілдің таусылды ма оғы атарға.

Айтысың айдалада қатынас жоқ,

Ұқсайтын ұмыт қалған ақ Отауға.

Ұстанып, ұлылығын Ұлытаудың,

Жамылып, асқарлығын Алатаудың.

Лаулатып, шоғын үрлеп, отын жақтың

Аңыраған айдалада сол Отаудың.

Алаөкпе арбалдырып, алдандырып,

Алдымнан сақ-сақ күлер жалған тұрып.

Өрбіген сол отаудан ұл-қызыңды,

Жібердің малдандырып, жандандырып.

Ақыннның бәрі сіздей арындаса,

Жігіттің бәрі сіздей жалындаса.

Кеудеңде – кісіліктің күй сандығы,

Алдында Әдебиеттің арың таза.

Үзіліп, ар-ұятпен, кеңесіміз,

Бітпеді-ау аярлықпен егесіміз.

Жолығып, жатыр ма Аға жолыңызда,

Оралхан жазып кеткен Неге Осы Біз!

О, Аға, жете берші дегеніңе,

Өзіңе,

тілеулеспін өлеңіңе.

Сарыарқа сағынып жүр қошақанын

Қайтадан байлансаңшы көгеніңе!

Алдында Әдебиеттің ұят қарып,

Келесің тазалықпен мияттанып.

Аман-сау Алматыда-ақ жүре берші

Кішкентай Ұлытауың сияқтанып!

Балтабай БАТТАЛҒАЗИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *