Топқа да түсіп, тартысқа,
Отқа да түсіп әр тұста
Ағармай, сақал, самайың,
Ағызып жеттің алпысқа!
Басылмай балаң аптығың,
татып ең дәмін тәттінің.
Аузыңа жұртты қаратып,
алысқа тарап жатты үнің.
Желіп бір жүріп жер көрдің,
жеті жұрт тілін меңгердің.
Ағаның жақсы інісі,
тынысы болып – дем бердің!
Көзіне түсіп – Алаштың,
көкжиектерден әрі астың.
Іні біткеннің ағасы, –
жағасы болып жарастың.
«Айтысым» дедің, алыстың,
қасарыстың да қарыстың.
Сайқалдармен де санасып,
сайтандармен де табыстың.
Айтыса жүріп ат мінсең,
ағайын көңілін таптың сен.
Қайқы да қылыш бола алдың
қара бір қылды қақ тілсең.
Теперіштің де, тепкінің,
тезінде өтеді көп күнің.
Ашына жүріп,
ақыры
алаштан асып кетті үнің!
Тайды деп жолдан, жетектен,
Ағайын да бар кекеткен, –
Артады бірі ауыр жүк,
Тартады бірі етектен.
Ермедің елдің сөзіне,
бермедің билік езіне.
Қасқая қарап келесің, –
сенесің жалғыз өзіңе.
Күміс те көмей ақынсың,
Кім саған тізе батырсын.
Тең өскен тұтастарыңның
алдында келе жатырсың!…,
деп,
бір тоқтап алып:
… Алланың барын ескеріп,
Анау да мынау деспелік.
Жар болсын деумен Жасаған,
Жақсының
жолын кеспедік!…,
деп бітіріп едім бұл сөзді.
Сәкен ИМАНАСОВ