Қыпшақтың қайқы Қылышы немесе Жүрсін Ерман жайлы аз сөз

Біздің қазақ атасын айтып мақтанып қоймаса бойына ас батпайды. Бірақ мақтануға тұрарлық бабаң болса, оны ауызға алғанның еш сөкеттігі жоқ шығар. Тек сол қасиетті қанның жұрнағы бойыңнан табылып тұрса кәне! Жүрсін көкемнің аузынан: – Арғы атам әйгілі қара қыпшақ Қобыланды, – дегенді әредік естіп қаламыз һәм жырларынан кездестіреміз. Болса болар. Түр-сипаты шынайы батырға келіңкірейді. Сірә, қазір суреттерін көріп жүрген бұрынғы шалдардың бәрі сақалды болғасын ба, ежелгі ақындар мен батырлар да Жүкең сияқты жарасымды сақал қойған шығар деп топшылаймын.Өткір жүзінде билетпейтін қылыштай қиып түсер мінезін адам түсініп болмайды. Ашуға мінсе арыстандай айбатты, алшаң басып келе жатқанда алыстан қарасаң Алатау болмағанмен төбе көшіп келе жатқандай, әзіл айтса тілінің ұшын кесіп итке тастасаң жемейтіндей «улы», сал-серілігі бір басына жетіп артылатын, сахнаға шықса елді үйіріп әкететін шешен, алпысты алқымдаса да өмір сүрудің бар амалын меңгеріп, уақыт, заман көшінен қалмай келе жатқан Жүрсін Ерманның қазақ өлеңіне сіңірген еңбегін әркім әрқалай айта жатар. Ал, айтыс ақындары үшін осы бір «пысық» шалдың (шал деуге ауыз бармаса да көз көріп, көңіл сеніп отыр) орыны ерекше екенін астын сызып атап өткім келеді. Бақытжамал апамыздың (зайыбы) ғана аздап билігі жүретін осы адуынды ағамыздың басында «бәленбай еврей қызмет жасап отырған шығар» деп таңқаламын. Әйтпесе сан салада қажырлы еңбек ете жүріп, қазақ халқының ақсүйек өнері – айтысты 26 жыл бойы өгіздей өрге сүйреп келе жатқан адамның ендігі есебінен жаңылып, «алжып» кететін кезі келді ғой. Осыншама жыл «перісі» мен «серісі» бар, «сауы» мен «жындысы» бар өнер адамдарымен алысып, арпалысып жүр. Қазақ деген халықтың кінәз көңілінен шықсам деп алғыс пен қарғысты қатар арқалап келе жатқан қайраткердің қайсарлығы еріксіз таңдай қақтырады.

Ертеректе бір өлеңінде:

Тағдыр деген қағазы туалеттің,

Жыртылмайтын жерінен жыртылады, –

деп жазыпты. Алланың адамға берген асыл сыйын неге соншама мансұқ етіп, құнсыз нәрсеге теңеді деп басында қабылдай қоймағанмен, ойлана келе, өмірдің шорт сынуы да, өткінші екені де шындық болғасын іштей келісесің.

Жүкеңнің аз жазуын сөз құдіреті мен өлең деген сиқырлы да киелі нәрсеге аса бір жауапкершілікпен қарайтыны деп түсінгеніміз абзал шығар.

Әйтпесе біраз қалталы азаматтардың тілін тауып айтысқа демеуші қылып жүргенде өзінің де жеке шаруасын тас түйін қылып, том-том кітаптарын шығарып алуға мүмкіндігі бар емес пе?

…Тағайын деп тұрғам жоқ

Жоқты кінә

Бұл не дәстүр?

Заманның тоқтығы ма?

…Қуанасың

Қазақтар қағып алар

Қарағайдай мүйізің жоқтығына! – («Мүйіз кесу» деген өлеңінен)

деп өмірге адам болып келгеніне бір тәубе десе:

Алшы түспей асығым

Ашқаннан соң қарыным,

Арбакеш боп тасыдым

Алматының жарымын…

…Тек көңілім кірленбе,

Білем әзір бағамды.

Жұрт сөз тасып жүргенде,

Мен тасыдым Адамды! («Алматыдағы арбакеш» деген өлеңінен) –

деген жыр жолдарынан маңдайы тасқа соғылған сәттерінде де мойымай, жасымай ақындықтың азапты жолына әбден көндіккен жанкештінің бейнесін көреміз. Сөйте келе арбакеш болған қиын күндері де, қайта өрмелеп бастық болған шағы да, айтыс үшін «сайтанмен де, сайқалмен де» арбасқан кездері де көзінен бұл-бұл ұшып жанында өлеңнен басқа сырласы қалмаған уақытта былайша күңірене түседі:

Дос дейтін дос та қалмады,

Санама түсті салмағы.

Шын досты ажал жалмады,

Алдамшылары алдады.

Құлағанымды күтіп жүр,

Қараңдап қасымда қалғаны.

Оң жаққа мені салғалы,

Үш жерден буып-таңғалы.

Сүйегіме түсіп сол күні,

Тонымды талап алғалы!

Асан атамыз Жерұйық іздеп қайғы оранса, Жүрсін ағамыз адал дос іздеп көңілі құлазиды. Сырт пішініне қарап тұрсаң олай деуіне негіз жоқ сияқты, әлгінде айтқанымыздай өмір сүрудің бар амалын меңгерген, материалдық жағдайы біраз ақыннан көш ілгері адамның «жылай» беруіне болмайтын шығар деп ойлайсың. Бірақ біреудің ішінде не жатқанын қайдан білейік. Дүниедегі бар құбылысты жүрегімен қабылдайтын ақын адамның сырты күліп жүргенімен, іші жылап жататыны заңды құбылыс қой. Әр айтыскерді өз баласындай қамқорлап, қанаттыға қақтырмай жүретін осы бір кейде қатал, кейде жұмсақ, кейде жомарт, кейде сараң, бірде көл, бірде шөл ағамызды айтысқа бола туған шығар деп қаламын. Қуатты қолымен құшақтап тұрып «бұл бала менің шәкіртім, жындылау» деп қояды кейде.

Менің «жынды» ұстазым, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман алпысқа толады жақында…

«Деуші еді бізді жас ақын» атты әдемі өлеңінде сарытап болған сағыныш бар.

…Жан көрінбей көзіңе,

Ой ойлайсың не түрлі.

Қыздың бәрі өзіңе,

Құмартатын секілді.

Өртесе өлең өзекті,

Өзіңдікі – бұл ғалам.

Өлеңің бар газетті,

Оқитындай күллі адам.

Таң қалмасқа таң қалдық,

Көз сүзбеске көз сүздік.

Бұл не деген аңғалдық,

Бұл не деген ессіздік!

…Биік ұстап еңсені

Тасымасқа тасатын,

Сағындым-ау мен сені,

Жайраңдаған жас ақын! –

деп балаң күнін аңсайды, қызық адам…

Болды, енді жасара алмайды ғой, алға тарта берсін, ағамыз кемпірін танымай қалғанша ғұмыр кешсе екен!

Бауыржан ХАЛИОЛЛА.

Батыс Қазақстан облысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *