АЙСБЕРГ

(Ақын Жүрсін Ерман шығармашылығы хақында)

Қазақ поэзиясының жазылмаған бір заңдылығы бар. Бір шайырлар мол жазылған, кең танылған ғажайып лирикалық жырларымен, көлемді дастандарымен тарихта қалады. Енді бір қаламгерлер қаншама көп кітап жазса да, бірте-бірте халық жадында қалмайды, уақыт өткен сайын ұмытылып кете барады. Ал тағы бір ақындар өзінің әрбір шығармасын он ойланып, жүз толғанып, оқырман таразысына ұсынатын аса талғампаздығынан әдебиеттегі өз орнын ойып тұрып алып, тұғырлы тұлғаға айналады.

Қазақ өлең өлкесіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары нық басып, мығым келген ақын Жүрсін Ерман – аз жазса да, саз жазатын талғампаздығымен танылған қалам иесі. Оның есімін байтақ Қазақ елінің еңбектеген жасынан, еңкейген кәрісіне дейін біледі десек, артық айтқандық емес. Ол қазақтың төл өнері ақындар айтысын жаңғыртып, қайта жандандырған ерен еңбегі арқылы танылды дер біреу. Бұл сөзде де жан бар болғанымен, біз білетін Жүрсін Ерман, ең алдымен, қазақ жазба поэзиясының керуенін алға тартып, көшін ілгері сүйреген тегеуірінді жырларымен, сюжетті балладаларымен, поэмаларымен танылған талантты ақын. Бұл – қаламгердің көпшілік біле бермейтін көп қырының бірі, бірі болғанда да бастысы. Бірақ Жүрсін өз шығармашылығын насихаттауға жоқ адам.

Өзінің баспасөз бетінде берген бір сұхбатында : «…Жыл сайын кірпіштей кітабын шығарып, дорбаларын тасып, өткізе алмай жүрген ағайындарды көріп жүрміз. Алланың нұры жауып, ықыласы түскен шақта жазылса, бір өлең аздық етпейді, он өлең де көптік етпейді. Құдайдың құтты күні, жоспарлы түрде өлең жазатын кісілерді де білеміз. Жазу қылмыс емес шығар. Жазғаныңның бәрін тасқа бастырып жариялата берсең – сол күнә. Жалпы, ақын адам айсберг тәрізденіп, бойын жасыра білгені жарасады… Алпыс-ақ өлеңімен адамзат ойының асқарына айналған Абай ағадан тәлім алсақ, несі айып?! Мен көп жазбайын демеймін, өз сөзіме өзім қойған қарауылым жылдан-жылға қырағыланып, қатайып барады…» – деп ағынан жарылған ақын сөзінен шынайы әдеби шығармаға деген талаптың күштілігі мен ел алдындағы қаламгер жауапкершілігінің айқындығын сезінуге болар.

Әйтпесе Жүрсін Ерман «Құстың көлеңкесі» деген атпен таңдамалы 70 өлеңін жарыққа шығармас еді. Ішкі талғам, нағыз ақынға қойылар жоғары талаптың өзі әрбір қалам ұстаған жанның қадір-қасиетін арттырмаса, кемітпейтіндігіне әдеби процесте мысал жетіп артылады.

Бір сәт шегініс жасайық. Қалың қазақ қауымының жүрегінен орын алған ақын Жүрсін Ерман әдебиетке қалай келді? Ең алдымен, ақынды ақын ететін оның туған жері, өскен ортасы. Алты Алаштың тарихында айрықша орын алатын сыр-шежіреге, аңыз-әңгімеге, қастерлі көне ескерткіштерге аса бай қасиетті Ұлытау өңірінде дүние есігін ашты ол. Арысы грек тарихшысы Геродоттың, орта ғасырлық саяхатшы Плано Карпинидің, берісі орыс, қытай жазбаларында аталатын Ұлытау – бұл. Қаракеңгір өзенінің жағасындағы Дүзен кесенесіне жақын жердегі тас дәуірінен қалған шеберхана, тас ғасырынан, қола дәуірінен қалған елді мекендер, мазарлар мен Беғазы-Дәндібай мәдениеті кесенелері, ежелгі патша әулеттері жерленген обалар, ғұн, түркі, оғыз-қыпшақтар мәдениетінің белгілері, осыдан 3 мың жыл бұрынғы мыс, қалайы, алтын, күміс өңдеген адамдардан қалған жәдігерлер мен Теректі әулие, Зыңғыртас, Арғанаты таулары жартастарындағы петролифтер, Ұлы Жібек жолының «Сарысу» тармағы өткен жол – Ұлытауды тарихтың ашық аспан астындағы айқара ашылған Ұлы Дала Кітабына айналдырғалы қашан. Қазақ қазақ болғалы небір аумалы-төкпелі замандарды бастан кешіргенде, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана, Бату хан, Құтлық Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кетбұғы, Барақ, Көшім, Әбілхайыр, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары сияқты ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлардың өмірлері тікелей Ұлытаумен байланысты болғандығын көзіқарақты жұртымыз жақсы біледі. Сол киелі өлкедегі Байқоңыр ауылында өмірге келген Жүрсін ақын:

«Ұлытауым, ұлығым ұлтым менің,

Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.

Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,

Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім?

Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің»,–

деп киелі өңірді өлеңге қоса келді. Әкеден жастай жетім қалып, ана бауырында өскен Жүрсіннің сөз өнеріне ден қоюына тікелей себепші болып, жолын ашқан екі адамның есімін ол үнемі айтып жүреді. Оның бірі – тіл әдебиеті пәнінің мұғалімі Сапарғали Кентаев та, екіншісі – Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары, немере ағасы Көбейсін Еңсебаев болатын. Еңбек жолын Жезді ауданы газетінен бастайды. Әрі қарай 1968 жылдан Қазақстанның ірі орталығы – Қарағанды қаласында әдеби ғұмырбаяны басталады. Небәрі 17-дегі өрімдей жасты Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы бөлімшесін басқаратын, Алаш зиялысы Жайық Бектұров арнайы шақыртып, облыстық теледидар мен радиодан өлеңдерін оқытады. «Орталық Қазақстан» газетіне тұңғыш жарияланған өлеңдеріне Мақсұт Байсейітов алғысөз жазып, тұсауын кеседі. Бұл да бір белес.

Арман қуып Алматыға келіп, КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Сол кездегі әдебиет әлеміне қадам басуы жайлы ақынның өзі былай дейді: «Үлкен өнерде арқамнан қаққан адамдар бар. Мен жоғары оқу орнына түсіп оқып жүргенде, 19 жасымда алғашқы өлеңдерім жинаққа кірді. Оған себепші болған филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин деген кісі бізге сабақ берді. Сол кісі соңымнан қуып жүріп, өлеңдерімді «Қазақ әдебиетіне» суретіммен бастырып шығарып, кітапқа енгізіп, үлкен өмірге, әдебиетке қадам басуыма үлкен көмек берді». Ол жас ақындардың «Жас керуен» жинағы болатын. Сол «Жас керуеннен» басталған Жүрсін ақынның өлеңдегі жолы бүгінге дейін жалғасып келеді. Алғашқы жыр кітабы «Жанартау» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

«Жеңістің мәртебесін кім тілемес,

Тынбайды, тыншымайды бір күн егес.

Кеудемде күркіреген жанартаудың,

Із-түзсіз жоғалуы мүмкін емес», –

деп зор оптимистік дауыспен келген ақын жырлары қазақ оқырманының жүрегіне ұя сала берді. Уақыт өткен сайын ақынның талғампаз көңілі сонау бір жылдар түкпірінде жазылған балауса жырларға оралғысы келмеуі де мүмкін. Бірақ бәрі де сол бір мөлдір бұлақтай, сүттей таза жүректен туған сол өлеңдерден басталғанын сезінесің. Жүрсіннің сол алғашқы қадамалысындағы «Бидайгүл», «Ұлытау көктемдері», «Тұңғыш», «Зергер», «Ақырғы арман туралы аңыз», «Темірткен гүлі», «Орамал», «Бүлдірген тере барғанда», т.б. өлеңдерінің әрқайсысы туған жер, өскен орта, тарих пен дәстүр, махаббат пен сағыныш иірімдеріне тартып, туа біткен таланттың қаламынан туған шұрайлы шығармалар екендігіне көз жеткізесің.

«Тарихтай сұсы қатты шежіре шал,

Ұлыңды уақыттың тезіне сал.

Елімнің кәдесіне жарамасам,

Сен мені шежіреңнен өшіре сал!», –

елім-жерім деп соққан ақын жүрегі өзі көрген өмір суреттерін жаңа туындыларына өзек ете берді. «Арайлы күн, армысың» (1985 жыл) атты екінші жыр кітабы Қазақстан Жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығына лайық деп саналды. 1990 жылы шыққан «Ұлытауға бардың ба?» атты жаңа кітабы да өлеңсүйер қауымды елең еткізді.

«Бұлантының жоқ бұланы,

Құландының жоқ құланы.

Бүркіттінің биігінде

Қалқымайды көк қыраны»

немесе:

«Ауылдың алсам дерегін,

Кетеді шарлап ой алыс.

Қайқаңдап қоя беремін,

Арқама батып баялыш.

Табына оттың қақталып,

Албырап кешкен шақ қандай.

Жылуың бойда сақталып,

Қыздырып келе жатқандай.

Әкемнің көзі деп біліп,

Шешемнің өзі деп біліп.

Отырмын енді отыңа,

Көзімнің жасын кептіріп», –

(«Баялыш»).

секілді өлеңдері шын мәнінде бұрын қозғалмаған, бұрын айтылмаған жаңа сөз, соны дауыс нәтижесі еді. Оның өзіне ғана тән «Жерұшық», «Байғазы», «Гольфстрим», «Соңғы алма», «Макулатура туралы жыр», «Түс», «Бермуд ұштағанының үстінде» атты лирикалық жырларында тақырыпты өзінше жырлауы, бұрынғы айтылмаған ойды айтуға құштарлықтан туған риясыз сезім, Жүрсін ақынға ғана тән ұлттық бояу көзге ұрады. Осы кітабында-ақ ақын өзінің эпикалық қарым-қабілетін де айқын байқата алды. Әсіресе, жазықсыз жапа шеккен Сәкен Сейфуллин тағдыры туралы жазған «Ақын өлімі» поэмасы соншалықты шынайы, әрі жүрек тебірентерлік иірім, толқындармен тербейтін сәтті шығарма. Жалпы, Сәкен аға туралы неғұрлым кең көлемде жазылған бұл шығарма өз бағасын осы уақытқа дейін толық алмаған екен. Тек 1992 жылы жазған мақаласында кейінгі буын інілерінің қадам алысын қадағалап жүретін үлкен жүректі, кең пейілді Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) ғана былай деп дәл әрі жылы баға беріпті: «Дарынды, ақылды туған бір дарамыз Жүрсін бе деп ойлаймын. Сәкен аға тағдырына арнап жазылған поэмасын қазақ жырының соңғы табыстарына қосамын. Сүйсініп, сүйіп оқыдым бұл дастанды. «Ақын өлімі» оқуға ауыр болғанымен, Жүрсіннің ақындық тағдырын айқындап тұрған дүние. Өзіміз жақсы көрген ауыр тағдырлы Сәкен ағаны тағы бір көргендей, оның ажалына араша бола алмаған халықтың дәрменсіздігінен тағы бір дәріс алғандай болдық». Шын мәнінде бұл поэма бір тыныспен жазылғандықтан болар, бір деммен оқылады. Кешегі 37-нің ойранында опат болған, ел үшін, жер үшін жазықсыз жапа шеккен көп-көп есіл ерлердің типтік бейнесі бар бұл дастанда. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет бейнелері де көз алдыңнан өтіп, жанарға жас іркіледі.

«Жақсылықтан жауыздық не ғып күшті,

Жендет дүлей ашуын танытты ішкі.

Зілдей ауыр жұдырық Сейфуллиннің,

Аппақ күрек тістерін қағып түсті.

Әділеттен әбілет не ғып күшті,

Байлаулы ақын гүрс етіп талып түсті.

Керзі етіктің темірдей тепкісінен,

Сейфуллиннің бір көзі ағып түсті!» –

жүректі солқ еткізетін мұндай шумақтар поэманың тұтас архитектоникасы мен негізгі сюжет тіні арасындағы байланысты берік ұстап тұратын тіреу іспеттес. Оның әділетсіз Ауған соғысы тақырыбына қалам тербеген «Мұң» балладасы да, қазақ-қалмақ қырғынына қатысты «Тақбаланың діңі», сондай-ақ «Махаббаттың алмасы» балладалары ақынның бұл жанрда да еркін қалам тербейтіндігінің дәлелі бола алады. Мұнан кейін де әр жылдары жарық көрген «Құдіретке жүгіну» (2005), «Құстың көлеңкесі» (2008), «Ырғай» (2010) жыр кітаптарында да ақын Жүрсін Ерман үнемі ізденіс үстінде екендігінің, жыл өткен сайын талғам, ұстанымының биіктеген үстіне биіктей түскендігінің куәсі болып жүрміз.

Оған дәлел:

«Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

…Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін,

Ажалдың сездім ақпандай лебін.

Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды,

Кеудемді бұзып жатқандай менің!

…Жүйрігім еді жыр көшімдегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

…Біздің үй соның іргесінде еді».

(«Ақынның үйі»).

немесе:

«Қазағымның қақ жарып кең даласын,

«Терісаққан» аталып енді ағасың.

Бәлкім, барлық өзендер теріс ағып,

Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың».

(«Терісаққан»).

«Жексенбі. Түнгі он екі кезі,

Сәл тінте қарап мені екі көзі.

Таксидің ішінде бір ару отыр,

Бөлек жамалы. Бөлек мінезі.

…Ұмытар лезде азабыңды ішкі

Сұлулық, сенің ғажабың күшті.

Аққу мойынға жараса қалған,

Тарыдай меңге назарым түсті.

Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді,

Бетімді шарпып жалынша лебі.

Елеңдеп әлі күтумен жүрмін,

Телефон шалар деп сағынса мені…».

(«Түнгі такси»).

«Қай жерде, мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң оныңды

Әйелге барып дәлелде!

…Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!» –

(«Әйелге ода»).

секілді ақынның кейінгі жылдары жазған жырлары. Бұл өлеңдер – таптаурын ізден алшақ, ақынның тек өз сүрлеуін табуынан туған, қазақ оқырманын ұзақ жылдар тербейтін, жарығы да жарқын болашаққа, түу алыстарға жететін өміршең сөз. Біз мысалға алған шығармалардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясының антологиясына еркін қосылатын ерекше жырлар.

Жүрсін ақын бір ғана ырғақпен, біркелкі бунақпен жазудан қашады. Әр өлеңін жаңа бір сырлы әуезбен әрлеп, жаңаша нұрлы әуенмен өрнектейді. Бұл – оның өлең техникасын еркін меңгерген, басты ерекшеліктерінің бірі десек, қателеспейміз. Ол сонысымен де, қанша қайыра оқысаң да жалықтырмайды, қайта жан-дүниеңді желпіндіріп, көкірек-көзіңді сілкіндіріп отырады. Ақынның кейінгі жылдары жазған «Ырғай жыры», «Мүйіз кесу», «Дилемма», «Құлжанбай құмының жұртында», «Бас», т.б. көптеген жырлары жоғарыда айтқан ойымызды бекіте түседі. Дау жоқ, Жүрсін Ерман 70-ші жылдары қазақ поэзиясына келген толқынның ішіндегі өз қолтаңбасы, өз стилі қалыптасқан, ешкімге ұқсамайтын өз үні бар, біртуар тегеурінді ақын. Ақын сөзін жазған «Сыңарым», «Ұлыма», «Бақанас менің байтағым», «Ырғай», т.б. әндерді көпшіліктің сүйіп тыңдайтындығын да айта кету ләзім.

Ж.Ерманның жұрт көзінен таса қалып жүрген тағы бір қыры – оның сыншылығы. Сыншы болғанда да қара қылды қақ жарып айтатын әділ сыншылығы. Сонау бір 80-ші жылдары ол жазған әдеби сын мақалалар бірінен соң бірі жарық көргенде, тіпті алдыңғы буын ағаларының өзі, алдымен, тосырқай қарап, сосын шын сын, ақиқат сөздің семсерін сілтегені үшін ерекше сыйлап жүргендігін көзіміз көрген. 1983 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Өлең сөздің обалы» сыни мақаласында: «Жазба сөз бір өңкей әскер легі емес, қой-сиыры аралас шұбаған көш те емес, теңіз толқыны да емес, жайнап тұрған бақша да емес, өмірге түгел ортақ ойсезімді дәлірек те толығырақ бере алатын тіл байлығы. Бұл байлықты қалай болса солай пайдалану болашақ үшін үлкен қиянат», – деген сөз зергері Ғабит Мүсірепов ойын түпқазық етіп алып, талантымен көрінген талай тарлан ақынның тілді қолданудағы селкеуліктерін, өлең техникасын бұзған кемшін тұстарын нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Ол бұл мақаланы әдебиетке шын жанашырлықпен жазды. Кейінгі жылдары мұндай тіліп айтатын, дәлелмен сөйлейтін сынның ауылы алыс қалды. Сондағы тілге тиек болған Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Исраил Сапарбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Несіпбек Айтов, Ұлықбек Есдәулетов сияқты кіл мықтылардың өлеңдері еді. Ал «Түпнұсқа болсын, төреші» («Жұлдыз» журналы, №3, 1987 жыл) атты сын мақаласы сол тұста көркем аудармадағы ең мықты саналып жүрген Қадыр Мырзалиевтің Сергей Есенин мен Олжас Сүлейменов өлеңдерін орысшадан тәржімалаған тұтас кітаптарына сарабдал да салиқалы баға берді. Сыншы Жүрсін Ерманның бұл мақаладағы нақты тұжырымдары мен батыл байламдары, әдеби білімдарлығы мен парасат пайымдары бас шайқатпай қоймайды. Сол кездерде Жүрсін Ерманның мақаласы жарық көрсе, оны зерделеп оқымаған қаламгер сирек болар.

Ж.Ерманның жұрт көзіне көбірек көрініп, көбірек бағаланған қыры – оның журналистік жолы. О баста аудандық, облыстық газет, облыстық теледидардан бастау алған сапары кейін Қазақ телевизиясының, әуелі Жастар хабарлары бас редакциясында, кейін Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында жалғасты. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті», «Қазақстан қанаты» газеттерінің бас редакторы, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болды. Қазақ теледидарының бас редакторы, бас директоры, Қазақ радиосының бас директоры қызметтерін де атқарды.Осы қызметтердің қай-қайсысында болса да ұлтына адал қызмет етті.

Теледидарда істеп жүрген жылдарында «Айтыс», «Халық қазынасы», «Терме», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Мүшайра», «Дидар», «Сахна», «Жылдар. Ойлар», т.б. телехабарлардың тұсауын кесті. Өзі тікелей араласып, әр хабарға кімдерді шақыру керегіне дейін белгілеп беріп отыратын. Осының ішіндегі өзі жүргізген, әлі де тастамай келе жатқан жобасы, ол – «Айтыс» хабары. Жүрсіннің шындыққа ешқандай қиянат жасамайтындығының талай куәсі болдым. Ол алғашқы телеайтыс 1983 жылғы желтоқсан айында түсірілгендігін, телеайтыстың идеясын ұсынып, оны ұйымдастырғандардың бірі – ақын, тележурналист Темірше Сарыбаев, екіншісі – драматург, тележурналист Әділбек Тауасаров екендігін ылғи да айтып жүреді. Айтысқа өзінің 1984 жылдың ақпан айынан бастап араласқанын тәптіштеп көрсетеді. Бұл оның ақиқатқа қиянат жасамайтын азаматтық бейнесін аша түседі.

Ж.Ерман тележүргізуші ретінде төл өнеріміз айтысты биікке алып шықты. Ертедегі классикалық ақындар айтысы бізге ауыз әдебиеті, қолжазбалар, кітаптар арқылы жетті. Ал кеңестік кезеңде болған айтыстардың ең ірісінің бірі – 1943 жылы сұрапыл соғыс жылдарында Қарағандыда өткен айтыс. Оған ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов мұрындық болған. Бұл кейін Алматыда жалғасқан кезде Жамбыл ашып, Нұрпейіс, Шашубай, Кенен, Нартай, Доскей, Маясарлар сөз сайысқа түскенде, ұлы Мұхтар Әуезов ұйымдастыру ісіне ерекше көңіл бөлген. Ал осыдан кейінгі қазақ айтысының жанданып, жаңғырып, түрленіп, бұрынғы дәстүрін сақтай отырып, жаңашылдықты бойына сіңіруіне бір кісі еңбек сіңірсе – ол Жүрсін Ерман екенін айтатын күн туды. Айтыс көрінген алғашқы жылдарда Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуовалар көгілдір экран төрінен орын алды. Олардың ізін Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Есенқұл Жақыпбеков, Қатимолла Бердіғалиев, Шымболат Ділдебаев, Егеухан Мұхамадиқызы, Мұхтар Құралов, Әбдікәрім Манапов, Шолпан Қыдырниязова лайықты жалғастырды, дамытты. Мұнан соң шыққан Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев, Мелс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Қуаныш Мақсұтов, Жадыра Құтжанова, Ақмарал Ілеубаева, Әбілқайыр Сыздықов, Айнұр Тұрсынбаевалардан бастап Оразалы, Балғынбек, Дәулеткерей, Айбек, Карима, Құралай, Сара, Ринат, Рүстем, Серікзаттар түгел өздеріне Жүрсін Ерманды ұстаз санайды. Халық Жүрсінді жүргізуші ретінде ғана көреді, ал оның сыртында қаншама қыруар шаруалар атқарып тер төгетінін көпшілік біле бермейді. Өзінің осыдан 20 жыл бұрынғы сұхбатында ақын былай депті: «Менің жүргізушілігім – айсберг сияқты, айтысқа байланысты атқаратын сан-салалы жұмысымның бір ұшығы ғана. Ақындарды іздеу, табу, таңдап іріктеу, дайындап – баптау мен қонақ үй әзірлеу, қаржы табу, билет іздеудің арасындағы толып жатқан бітпейтін шаруаны былай қойғанда, теледидарға түсіретін творчестволық-техникалық топтарға тікелей басшылық жасау да оңай емес. Оның үстіне түсірілген материалды эфирге әзірлеу үшін теледидар технологиясы процесін де бес саусақтай біліп, күнді түнге ұластырып, қажымай еңбек ету керек. Ал жүргізушілікке келсек, халыққа ең керегі менің шешенсінгенім емес, ең керегі – айтыстың өзі. Сол себепті, көбіне көрермендерге керекті ақпаратты ғана жеткізіп, айтыстың тізгінін ғана ұстап отырғанды жөн көремін». Бұл айтысты ұйымдастырудағы істердің бір парасы ғана. Ал шынтуайтқа келсек, ата-бабамыздың ерекше қасиеті – ақындар айтысын халық жадында қайта жаңғыртуға Жүрсіннің отыз жылға жуық сіңірген жанқиярлық еңбегі өлшеусіз. Оны ел біледі, жұрт таниды. Дала демократиясының жарқын көрінісі – айтысты жаңа биікке алып шыққан ақын Жүрсін Ерман бүгінде алпыстың асқарына шығып, елінің алақанындағы қайраткер қаламгерге айналды.

Ол – М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай өткен мүшәйраның бас жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

Ғалымдардың зерттеуінше, Айсберг (Мұзтау) көлемінің 83-90 пайызы судың астында болады екен де, қалған азғантай бөлігі ғана су бетінде көрініп тұрады екен. Істеген істерінің көбі көрінбей, аз да болса саз мөлшері ғана халық көзіне түсетін Айсберг тұлғалы жандар болады. Ақын Жүрсін Ерман да қазақ жыр-мұхитының Айсбергі болып көрінеді маған.

Бауыржан ЖАҚЫП,

«Қазақ энциклопедиясы»

АҚ президенті, филология

ғылымдарының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *