АЛАШТА АТ ОЗДЫРҒАН МӘШҺҮР ЖҮРСІН

«Ұлытауға іні тау» Бұл – Ерманов туралы бас басылым «Егеменге» шыққан мақаланың аты. Мұны сол газеттің бас редакторы жан жолдасымыз Жанболат қойды ма екен, әлде мақала авторы Ұлықбектің аузына түсті ме, яки Жүрсіннің жүйріктерінің бірінен шықты ма, әйтеуір ғажап тақырып! Азаматымыз дәл алпысқа толған күні бүкіл баспасөз жамырап жазды ғой. Осы бір ауыз сөз солардың бәрін жиып-теріп қорытындылап тұрғандай. Ал, енді өз тақырыбыма оралайын. Айтыстың аспандап, Жүрсіннің аты асқақтап тұрған кез. Екеуміз ол тұратын сол кездегі Ленин көшесімен әңгімелесіп жайбарақат келе жатқанбыз.

– Ассалаумағалейкум, Жүке, – деп бір түрі-түсі келіскен егделеу кісі сәлем берді. – Ойпырым-ай, ақсақал-ай, бұрын сәлем беріп бір ұялттыңыз, есіміңізді есіме түсіре алмай екінші рет қысылайын деп тұрмын-ау енді, – деді сасыңқырап қалған Жүрсін.

– Қысылма, қарағым, сен мені білмейсің, ал сені бүгінде исі қазақ баласы қадірлейді. Бүгінде елімізге Тоқтардан кейінгі танымал өзіңсің.

– Апырай, ә, мына кісі мені қыраннан да биік көкке көтерілген Тоқтармен салыстырды-ау, – деп Жүрсін сол жерде қарадай қысылды. Мұны бір деп қойыңыз.

Екінші, «Алашта ат оздырған» дегенге кейбіреу осқыра қарауы мүмкін. Алайда, құдайшылығына келсек, еңістен салсаң төске озған Жүрсіндей жүйрікке оны қимайтын түк те жоқ. Ол бұл теңеуге әбден лайық.

Ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге ілесіп келе жатқан рухани дүниесінің, баға жетпес байлығының, ешбір елде жоқ ерекше өнерінің бірі – айтысты көрнеу ажалдан арашалап, халқымызға қайтарып әперген, жаңғыртқан, жаңартқан, тіпті оны бүкілхалықтық қозғалысқа айналдырған Жүрсін екендігі айдай анық қой. Айтысты ол елімізден де тысқары шығарып, көрші Қырғыз, Өзбек жұртына да апарып айбарақтатты. Оны айтасыз-ау, ер Еділ бабамыздың атының тұяғы тиген Европаны есінен тандырып, Әміре атамыздан кейін аспанын қазақ әнімен жаңғыртып, Парижді де бағындырған Жүрсіннің жүйріктері екендігі есімізде. «Казахское народное творчество вновь покорило Париж» деп орыс басылымдарына дейін жабыла жазып еді-ау сол кезде. Оған жалғыз Франциядағы ғана емес, бүкіл Европадағы қазақ диаспорасы жиналған ғой. Қазыбек Әдікенов деген әнші жігіт «Алтайдай жер қайда-ай» деп қобызбен қосылып зарлатқанда олардың жыламағаны қалмапты. Бұл жігітті кейіннен қазақ өнеріне талай өрендерін қосқан қасиетті Қарқаралы өңірінің азаматы деп естіп, бір көтеріліп қалғанбыз. Жүрсіннің айтысының бір ерекшелігі ол ақындардан басқа да талай өнерпаздың тұсауын кесіп, бағын ашты. Қазыбек бауырымыз сияқты талай талантты танымал етті.

Жалпы, өзі де ер тұлғалы Ермановтың ерлігі бір басына жетерлік. Соның бірі атышулы 86 жылдың ызғарлы лебі бүкіл елді ықтырып тұрғанда Қарағандыға келіп айтыс ұйымдастыруы еді. Онда жұрт ақындардың аузымен шерін бір тарқатып, талай боздақтарының басына бұлт үйіріліп, еңкейіп отырған ел бір серпіліп, рухы қайта көтеріліп, бойын бір тіктеп қалғаны Арқа жұртының есінде. «Ленин десек партия дегеніміз» деп Маяковский айтпақшы, айтыс десек көз алдымызда алдымен Жүрсін тұрады. Қазақтың осы бір дара өнерінің кәтепті қара нарының тері оның жолында бұршақтап төгілді. Ол текке кеткен жоқ. Жүрсін бастаған азаматтардың және Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты ақылман ағаларымыздың арқасында бодандық бұғауында ұлт рухымен қоса жаншылған төл өнеріміз өшіңкіреп, өлеусіреп барып қайта жаңғырған.

Бұл енді бүгінде көптің көкейіне әбден орныққан, көп айтылған белгілі жайт қой. Менің айтайын деп отырғаным, 90-шы жылдары айтыс көп жылғы үзілістен кейін қайта жанданып, халықпен қайта қауышқанда Сәниязбек Найманов деген азамат екеуміз Жүрсіннің қасында болып, қал-қадерімізше қолғабысымызды тигізгеніміз бар. Тіпті, оның шаруасына бүкіл бала-шағамызға дейін жапқанымыз есімізде. Әдетте, ақындар мен көрермен бәрі әбден дайын болғаннан соң барып келе қалады ғой, сонда көрдім, оның айтыс өткізілетін орнын дайындау, жарнама жасау, ақындарды қарсы алып, орналастыру деген сияқты шаруалары шаш етектен көрінеді. Былайғы достық өмірде қанша жыл бірге жүргеніммен мен Жүкеңнің керемет алғырлығы мен сұңғылалығын, ұлағаты мол ұйымдастырушылығын осы жолы көрдім. Елдің маңдайына жазылған нәсібі ғой, Жүкең бұл жолы қатты кірісті. Сірә, айтысты өзі де сағынып қалған болуы керек. Ең алдымен айтысты қайда өткіземіз деген сұрақ бірінші тұрды. Ол бірден республикамыздағы ең үлкен Ленин сарайын таңдады.

– Ойбай-ау, көрерменді қалай толтырамыз? – деп біз шошып кеттік. – Жығылсаң нардан жығыл деген, осы бас сарайымыз талай жыл небір шетелдік жын-шайтанның ойнағы болып бітті ғой, айтыспен аластайық оны, ұлтымыздың ұлы өнері онда өтпегенде қайда өтеді? – деп ол өзіне тән мінезімен зеңбірек атқандай дүрс еткізді.

Халық, қалай дегенмен де, қанша жыл көз жазып қалғандықтан болар, айтысты жатырқап та, тосырқап та қалыпты. Оның үстіне бұрынғы қоғамымыздың астаң-кестеңі шығып, өз бетімізше елдік құрып жатқан аласапыран уақыт. Көп ұзамай күдігіміз расқа шығып, билетіміз өтпей, зал толмайын деді. Радио-телевизиядан жарнама жапырлап беріліп жатыр. Әсіресе, өлгені тіріліп, өшкені жанған айтыс ақындары мен шын жанашырларының қуанышында шек жоқ.

– Залдың 300 мың теңге жылдық ақысын алақаныма әкеліп салмасаңдар, сарайдың есігі ашылмайды, – деп шарт қойды бір күні оның директоры.

Ол кез үшін бұл дегеніңіз сұмдық ақша. Жабыла демеуші іздеудеміз. Қысылтаяң уақыт, ешкімнен ештеңе шығар емес. Сол кезде қаулап шыға бастаған байшыкештерге кірудің өзі бір қиямет. Күзет, оққағар дегенді әбден әуезе қылып алған, одан өтсең көмекші дегені бар, қат-қабат бір қамал. Айтыстың ашылар күні таяп-ақ қалды. Шынымен-ақ сасайық дедік. Осы арада Жүрсіннің сұңғылалығын тағы бір рет көрдім.

– Осы Рымбекке неге бармайсың, нағыз жерлесің, талай өнерпаздар шыққан қазақы жердің тумасы, түсінуге тиіс. Бұл Күләш пен Манарбек, Шашубай сияқты өнердің шашасына шаң жұқтырмас талай дүлдүлдері шыққан Ақтоғай ауданының басшысы болған Рымбек Жүнісов еді. Алматыға келіп базарком болды, жағдайы жақсы екен деп еститінбіз. Өмірден ертерек кеткен досымыз, ақын Дәуітәлі Стамбековтің аузынан «нағашым еді» деп отырғанын сан рет естігем. Ол кісінің алдына барғанымда «жібітейін» деген оймен осы жағын баса айттым. Сол кездегі бас басылым саналатын «Қазақстан коммунисі» журналының іссапарымен Рекең райком болып тұрғанда алдына барған ептеп таныстығымда бар, осылар әсер етті ме, әйтеуір ол кісі жылы қарсы алды. Жүрсін айтысты қайта ашып жатыр, дегенді естігенде қатты елегізіп, айрықша пейіл білдірді. Қойшы әйтеуір, үлкен азаматтық білдіріп, бақандай жүз мың теңгені ұстатып-ақ жібергені ғой. Анығын Жүкеңнің өзі айтар, айтыстың мен білетін алғашқы демеушісі осы Рымбек Жүнісов еді. Ағамыз жақында жетпіске келді деп естідік, реті келіп тұрғанда алғысымызды тағы да бір білдіріп қойсақ артық болмас. Ұзамай ақындарымыз да келе бастады. Шымкентен Әселхан Қалыбекова жетті. Жамбылдан Әзімбек Жанқұлиев пен Шорабек Айдаров, Қостанайдан Әсия Беркенова келді. Торғайдан келген Қонысбай Әбіловті аэропорттан мен тосып алдым. Оның сол кезде «Халық ақыны» атағын алып асқақтап тұрған кезі. Арнайы дайындаған қонақүймізге ертіп келгенімде неге екенін білмеймін, жеке куәлігінің орнына сол атағын айғақтап берген құжатын ұсынғаны. Тіркеуші дегенмен де паспортын сұрағанда Қонаңның:

– Әй, шырағым, мен бұл куәлікпен сендер түгіл Мәскеудің бас қонақүйінің люкс нөмірінде де жатқанмын, – деп қоқиғаны есімде қалыпты. Жалғыз Қонысбай емес, басқа да айтыскерлердің де күндері қайта туып, көңілдері шартарапқа шарықтап, дүр сілкінісіп қалып еді-ау сол кезде. «Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді, ұлыңды да құлдай ғып көгендейді» деп Жүрсіннің өзі айтпақшы, жақсының артына сөз еретіні рас қой. «Айтыстың әділқазылары Жүрсіннің айтқанымен жүреді, ол қай ақынды ұйғарса, бәйгені сол алады» деген қаңқу сөздің басы қылтыя бастаған тұс еді ол. Айтыс басталарда Жүкеңе ақыл салдық.

– Анау КВН-дегі Масляковты көрдің бе, жұрттан да, қазылардан да мүлдем бөлек, сахнада тұрады. Сен де сөйтсең қайтеді. Әрі басқаруыңа да жақсы, әрі қазылар алқасынан да аулақсың, жұрттың жел сөзінен де құтыласың, – дестік. Сөйтіп, ол сол айтыстан бастап өз бетінше бөлек, сахнада отыратын болды. Жұрттың әлгі өсегі де саябырсыды.

«Айтыс үшін сайтанды да алдауға бармын» дейтін ол, кім бергені есімде жоқ, әйтеуір сахнаның төріне айтыстың алғашқы бәйге-машинасын жалтыратып шығарып қойды. Мұның әсері керемет болғаны айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын.

Біреу үшін су кешіп, от оранып,

Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық.

Ат мінгізе алмадым бір адамға,

Бір адамға бергем жоқ пәтер алып!

– деп өзегі өртене жыр жазып жүрген Жүрсін кейіннен осы айтыстың арқасында ақындарға қаншама машина мінгізді, тіпті, олардың кейбіреулерінің пәтер де алуына да көмегі тигенін естіп жүрміз.

– Жеңген ақынның өнеріне риза болып, шапан жауып, ат мінгізу бұрынғы заманда да болған. Халық ақынға деген ризашылығын осы арқылы білдірген. Ақынды риза етіп аттандырған. Айтысқа мәшине тігіп, қомақты қаржы беруді шығарған мен ғана. 1984 жылдан бері 150-ден астам көлік жүлдеге тігіліп, ақындардың алды кемі 14-15 көліктен алды. Соның ішінде үкіметтің берген бір тиыны жоқ. Оның бәрі осы отырған Ерманов деген қазақтың аннан-мыннан құрап-сұрап тапқан ақшасына келген дүние, – дегені бар бірде ағынан жарылып. Ойы арам, іші тар кейбіреулер: «жұртқа осынша көлік әпергенде өзі қаншасын басып қалды екен» деп оның бұл сөзін де сан-саққа жүгіртті. Одан басқа біреу болса алдымен өзін ойлап, жұртқа қалған кәшегін беріп отырар еді. Бірақ ол Жүрсін ғой! Оның дүниеге алданбай, арын адал сақтап жүрген азамат екендігін маңайында жүргендердің бәрі біледі. Ол айтысқа деген адалдығына қай кездеде дақ түсірген емес. Мен білетін Жүрсін он жылдан бері бір-ақ джип мініп жүр. Оның өзін күйеу баласы Дәулет сыйлаған көрінеді.

Былай сырмінезділігіне салып білдірмегенімен, осындай жалалы сөздердің Жүрсіннің жанын талай күйзелткені анық қой. Әйтпесе оның: Даңдайсыған дәлдүріш данасыңдар, Жанып кетсең-жабатын жаласы бар. Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе, Жай табатын жалғыз жер-мола шығар… – деп ел аман, жұрт тиышта күңіренетін несі бар еді. Бір әке он баланы асырайды, ал он баланың бір әкені асырауы екі талай, дейді ғой бір тәмсіл. Сол айтпақшы, жақында Алматыда өткен 60 жылдығында әлгі алды он-ондап көлік мінген ақындардан бір мезіреті болды ма екен деген ой келеді екен осындайда. Әй, қайдам-ау!? Айпақшы әлгі өзім қатысқан алғашқы айтыста бәйге алған ақындардың бәріне жүлде жетпей қалғаны бар. Сонда Жүрсіннің бала-шағасының нәпақасы деп жинаған бар қаражатын әлгі ақындарға жүлде ретінде беріп жібергенін көзіміз көрді. Сондағы Бақытжамалдың шырылдаған даусы әлі құлағымнан кетпейді. Бақытжамал – Жүкеңнің құдай қосқан қосағы. Оны ауыл, ағайын туыстары жасынан еркелетіп Шәмкен деп атап кеткен сияқты. Жүрсін де, біз де солай айтамыз. Енді айтайын деп отырғаным, менің осы қарындасымның айтысқа сіңірген еңбегі үнемі қалыс қалып келеді. Жүрсін – айтыстың атасы болса, Бақытжамал анасы дер едім мен. Өзі де ел аузына іліккен теледиктор болған оның өмір бойы дерлік осы айтыстың оты мен кіріп, күлімен шығып келе жатқанын көпшілік біле бермейді. Мінезі көбіне алақұйындау болып келетін ақындарға талай сапарда ие болып, тамағына дейін мезгілімен ішкізіп, қамқор болып жүрген аяулы жанды ана демегенде не дейсің.

Айтулы айтыскер Оразалы Досбо-сыновтың қазасы талайдың қабырғасын қайыстырды ғой. Оған Жүрсіннің азаланып та, назаланып та шығарған өлеңі де бар. Бірде осы Бақытжамалдың Оразалының қазасы жайлы көзінің жасын бұршақтатып төгіп отырып айтқан әңгімесін тыңдап, біздің де босағанымыз бар.

Бақытжамал мен Жүрсін жиырма жастың маңайында ерте қосылған жандар. Алпысқа келгенше сол алғашқы сезімдерін аялап сақтап келе жатқандары ғажап енді. «Сыңарым» деген әнеу бір тамаша ән бар ғой. Былай деп келетін сөзі де қандай:

Жастықтың қызығын бірге кешкен,

Шығар ма шырайлы күндер естен.

Жылуын сезініп махаббаттың,

Бір асып келеміз мың белестен.

Аяулы жыр әнімсің

Сен менің шынарымсың

Сен менің тағдырыма

Балаған сыңарымсың

Осы әннің сөзін жазған – Жүрсін.

Әдетте әдебиетшілер «типтік образ, мұның ар жағында бүкіл қазақ әйелдерінің бейнесі тұр» десіп жатады ғой. Ал Жүрсіннің осы сөздерді тек қана Шәмкенге арнап жазғаны айдан анық еді. Қарындаштай көп жазған — қысқарамын, Бір күн өмір легінен тыс қалармын, Сен аман бол-тірегі үш ғаламның, Ей, ардақты анасы үш баламның! – дейді одан әрі. Жаныңа балаған жарыңа бұдан артық қандай сөз табылуы мүмкін. Жүкеңнің бұл реттегі аяқ тастасы тіпті ерекше. «Поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес» деп марқұм Асқар Егеубаев досымыз айтпақшы, Жүкең қайраткерлігі мен ақындығын қатар алып келе жатқан азамат екендігі даусыз. Мен ақын да емеспін, әдебиетші де емеспін. Сондықтан, Ермановтың поэзиясын оқырман ретінде ғана бағалай аламын. Жүрсін жалпы бір қараған адамға түсі суық, батыр тұлғалы, жау қабақтау жан. Содан ба, маған оның өлеңдері қара жартастың түбінен қайнап шығып, мөлдіреп ағып жатқан бұлақ сияқты болып көрінеді. Әшейінде мінезі тік, кімге болса да бет қаратпайтын ол, өлең жазғанда өзгеріп сала береді. Барынша сыршыл, жаны ауырмайтын нәрсесі жоқ.

Алматыда отыз жыл өмір сүргенімде онда Қасым ақын тұрған үй бар екенін де білмеппін. Ал Жүрсін оның бұзылғанына дейін көріпті. Жай ғана көрген жоқ, жан күйзелісін айтсаңшы:

Дегені қайда-басылды құйын?

Ақылым жетпей ашиды миым.

Виноградов көшесіндегі,

Қиратып жатыр Қасымның үйін,- деп шырқырайды ақын жаны. Қайдағы бір келімсек Виноградов дегеннің көшесі көсіліп жатыр, ал Қасым ақынымыздың соңғы белгісі тас-талқан болуда. Жаның қалай түршікпейді бұған.

Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,

Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.

Кешке келсе, күтіп оны тұратын,

Жанбаған от, сауылмаған сиыры. — деген жыр жолдарын оқығанда соғыстан кейінгі жоқшылық пен таршылықтың ызғары бойыңды қариды. Бұл Ермановтың «Ертегі» деген өлеңі. Осыны сонау алыстағы Нарынқолда бір әженің немересі жатқа оқып берген ғой.

– Өлеңнің әсері сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үнсіз отырып қалды, – деп еске алатын нарынқолдық Бақыт Жағыпарұлы деген азамат, – Сәлден кейін ғана немересіне көңіл аударған әжесі:

– Мынау әлгі ділебизордағы айтысты жүргізіп отыратын сақалды жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткенімізге қойылған мәңгілік ескерткіш қой, деп күбірлеп бетін сипады.

«Мың ойланып, жүз толғанып» шыққан ақын шығармасының тамаша төлеуі бұл. Жүрсін 60-қа толғалы оның ақындығы мен азаматтығы туралы көп жазылды. Солардың ішінде айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлының мақаласы маған өзгеше болып көрінді. Ақын жанын ақындай түсіну қиын деген рас-ау, сірә.

Серіктің өзі де «еменнің иір біткен бұтағындай» жұрт жүрген жолмен жүрмейтін, жұрт көнген нәрсеге көнбейтін, көнгеніңіз не, өзіңнің әп-сәтте ию-қиюыңды шығаратын алапат азамат. Біздің өмірден ертерек кеткен досымыз Дәуітәлі Стамбековпен барынша дос, барынша сыйлас болды. Найзағайдай шартылдап тұрған екі ақынның қысқа күнде қырық төбелеспей қалай дос болып жүргеніне миым жетпейтін. Қазақ әсіресе, бірін-бірі сырттан жамандағанда алдына жан салмайды ғой. Ал бұл екеуі бірін-бірі мақтағанда сондай, тіпті бірінің талантына бірі табынатын. Ал біздің Жүрсіннің де қай заманның да ноқтасына басы сыймай жүрген жігіт екені бесенеден белгілі. Екі тарпаң, сірә, бірін-бірі таныса керек. Серіктің егіле, елжірей отырып жазған мақаласынан біз соны ұқтық. – Ақын дегеніміз – пенделерден әлдеқайда биік. Періштелерден сәл төмен. Тәңірінің тізесінен келетін тұлға болуға тиіс-ті. Ақындықтың адамзат қауымдастығындағы осынау тарихи миссиясын жан-тәнімен түйсініп, азабына көніп, ғажабына кенелгендердің бірі һәм бірегейі менің осы Жүрсін бауырым, – депті Серік осы мақаласында. Айналайын Ақсұңқарұлының бұл сырлы сөзінен кейін мен сияқты пенденің Жүрсіннің жүрегіне кіріп, жанын қытықтағаным жөнсіз болар. Мен үшін және мен сияқты талайлар үшін ол бір жатқан шешілмес жұмбақ, алынбас қамал. Оның талай жылғы қызметтес серігі Нұртілеу Иманғалиұлы да басы қатып, «Жүрсін сен кімсің?» деп миы ашып өлең жазған. Қысқасы, Жүрсін – бүгінгі қазақ поэзиясының қиясына тігілген «Жұмбақ жалау»!

Ермановтың тағы бір қыры – оның табан астында тауып айтатын айтқыштығы. Жанпейісов деген әнші жігіт баяғы Ғарекең шырқайтын «16 қыз» әніндегі қыз аттарын 27-ге жеткізген ғой. Сонда Жүрсін: «Нұржан шырағым, біз білетін әнде қыздардың саны 16 еді, қалған 11-ін қайдан таптың, әлде оралмандар ма?», – деп жіберген ғой. Жүрсіннің өзінің арғы түп-тұқияны да осал емес. Абылай әскерінің қыпшақ қолын басқарған Тілеу батырдың ұрпағы ол. Менің ол бабам Ақтөбе жерінде жатыр дегенінде, онда жүрген қайдағы қыпшақ деп күлетінбіз. Ақыры Қара қыпшақ Қобыландының өзінің сүйегі Ырғыз жерінен табылды емес пе? Ал қазіргі Астананың бұрынғы аты Ақмола деп жүргеніміз сол Тілеу батырдың ұлы Нияз батырдың бейіті. – Елбасыдан бастап маған аренда ақысын төлеуге тиіссіңдер, менің жерімде отырсыңдар бәрің, – деп бізге талай күжілдеді ғой Жүрсін. Осыдан екі-үш жыл бұрын Америкаға барғаным бар. Вирджиния деген қаласында супермаркетке кіріп, мықшыңдап аяқ киім киіп көріп жатқам. Әлгісі сыймай ұзақ әурелендім. Бір кезде «Экскюзми,сэр» деген сыпайы дауысқа жалт қарасам, таудай-таудай екі ағылшын өткізіп жіберуді өтініп біраз тұрып қалыпты. Шіркіндердің сыпайысы-ай! Осыны елге келгенде Жүрсінге айтсам: «Арғын – аға баласы» деп сыйлаған ғой олар» деп бәрімізді күлдіргені бар.

Тоқсаныншы жылдары мақтап жүрген қоғамымыздың тас-талқаны шығып, мен қызмет істеп жүрген сол кездегі бас басылым «Қазақстан коммунисі» журналының да берекесі кете бастады. Содан оның бас редакторы Камал аға Смайыловтың батасын алып, Қалтай ағамыздың айтуымен алғашқы шетелдік басылым «Заман-Қазақстанның» оңтүстік өңірінің тілшілер қосынының басшысы болып Шымкентке қоныс аударған бір кезім бар. Бір күні Алматыға келіп жүргенімде Жүрсінді кезіктіріп қалдым.

– Әй, сен көрінбейсің ғой, қайда жүрсің? – деді ол.

–Жүке, екеуміз партшколды бітіріп ек, онымыз мынадай болды, енді Шымкентке барып сартшколда оқып жатырмын, – дедім мен әзілдеп. Сонда Жүкеңнің сұқ саусағын безеп тұрып:

– Осы екінші школыңды жақсы оқы, түбі сені сол асырайды, – дегені ғой. Досымның сол ақылын орындаған да сияқтымын, қазір Астанада небір жүйріктердің ортасында қатарымнан қалмай жүріп жатқан жайым бар.

Біз атақты Қазақ университетінің журналистика факультетінде алғаш 53 қыз бен жігіт оқыдық. Солардың ішінен Жүрсін сияқты небір жүйріктер шыққанын мақтан тұтамыз. Ғылым докторларын былай қойғанда, әр түрлі құқық қорғау органдарында қызмет істеген полковниктеріміздің өзі төртеу.

Әлгі докторларымыздың екеуі Тұрсын Жұртбаев пен Намазалы Омашевтар бұл күнде академик. Өзіміз бітірген факультетте көп жыл декан болып,оны көкке көтерген Намазалы біздің елге күйеу. Жұбайы Клара Хамзина Шет ауданынан, әйгілі Жидебай батырдың жұрағаты.

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы да біздің курстасымыз. Мұндай орындарға кейде шіренген шенеуніктер де қойылып жатады ғой. Ал біздің Жанболатымыздың таланты мен адамшылығы өзі отырған орынтағынан әлдеқайда биік. Бірде Жүкеңнің осы бір қаршығадай қара жігітімізге «Жанболат – біздің бәйтерегіміз» деп баға бергені бар. Жүрсін көгендеп қойсаң да көлгірсімейтін азамат қой, оның бұл сөзіне түгелдей қол қойып қосыламыз.

Ал, енді ақындықтың айдынында желкенін желге керіп қойып көсіле жүзіп жүрген Айтовты білмейтін қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Оның кешегі қиссалардың сарынымен суарылған дастандарының өзі бір жатқан көл-көсір дүние. Несіпбек – қазағымыздың қанын ойнатып жүрген айтулы азаматымыздың бірі.

Өмірдің базарында қатар жүріп, қосыла шауып келе жатқан жайымыз бар. Оның ішінде Жүрсіннің атының барлығып, шаң қапқан кезі болған емес. Болмайды да!

Жүрсін ақындығы, қайраткерлігімен қатар, журналистиканың да шыңына шыққан адам. Әсіресе, қазақ телевизиясы мен радиосының майын ішіп, қаймағын қалқыған қас шебер. Жалпы, Жүрсіннің аты біздің курста «тұңғыш» деген сөзбен байланыстырыла айтылады. Ол 25-тен асар аспасында Жезқазған телевизиясының Бас редакторы болды. Яғни, курсымыздан шыққан тұңғыш бас редактор. Қызғалдақ деген қызын ұзатып, бізді бірінші рет құда қылып, құйрық-бауырдың дәмін татқызды. Тұрмыстық тақырыпқа көшсек, Жезқазғаннан келіп, Алматының ортасынан ойып тұрып, тұңғыш рет төрт бөлме үйге қол жеткізген де осы Жүрсін екен. Ал, енді үйлену жағына келсек, ол бұл жерде біріншілікті Несіпбек досымызбен бөлісуге тиіс.

Жүкең бүгінде Астанаға ат басын бұрып тұрған сыңайлы. Оның қайда жүрсе де ел-жұртының бір жүгін арқалап жүретіні анық. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Ерманов Сарыарқаның саңлағы Сәкен Сейфуллин тақырыбына өткізілген мүшәйраның да бас жүлдегері ғой. Сол Сәкен ағамыз оған: «Ей, Жүрсін, жүнжіме, жүрме бос!», – деп сыбырлап тұрғандай болып көрінеді маған үнемі.

Қырық жаста тау мен тасқа басты ұрып,

Елу жаста қолыма алдым таспиық,

Алпыс жаста төрде отырдым қасқиып, – деген екен Түрікпеннің тұлпары Мақтымқұлы. Сол айтпақшы, туған елдің төрінде қасқиып отыра бер, Арқаның ай мүйізді құлжасы!

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының

Мәдениет қайраткері, Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *