Қараөлеңнің қарагері

Дардың алдында да ардың сөзін сөйлеп өткен бұрынғы бура мінез ақындардың өр рухына суарылып, «қара бұлтты жамылып, қара жолдың үстінде, қарасөзден жаңылып, қара өлеңге түскен» тұнық ойлы ақындар қаншама. Солардың бірі және бірегейі алпыс жасқа жаңа толып, алты асқардың биігіне көтеріліп, болашаққа ойлы көз жіберіп, дүбірлі дүниенің көзіне терең үңіліп, қабағын жіті бағып, екіталай күн туса қыпшақтың қайқы қылышын қынаптан суырғалы алабұртып, етек-жеңін жинақы ұстап, өжет өлеңдер жазып, өркештеніп жүретін Жүрсін Ерман.

Ұлытаудың жаратылыс-болмысын, тіршілік-тынысын, қадір-қасиетін, табиғат ерекшелігін, сұлу көрінісін бойына сіңіріп, ұлар мұңын жырлап, Алматыға келген бойда оның алдынан әдеби ортаның алтын есігі айқара ашылып тұрған еді. Базбіреулер секілді көше шаңын суырып көп сандалмады. Емендей еңкеймеген күйі әдеби ортаның ішіне енді де кетті. Сол кезде шалғай ауылдардан Алматыға үміт арқалап жеткен бір топ жастардың балауса өлеңдері «Жас керуен» деген атпен жарық көргелі жатқан. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, сол жинаққа Жүрсіннің жауһар жырлары да енген еді.

Кейін осы кітап қолыма тигенде түгел оқып шығып, ондағы жас ақындардың туындыларын талдап, өз ой-пікірімді білдіріп, мақала жазғаным бар-ды. Сол сын мақаламда Жүрсіннің өлеңдеріне кеңінен тоқталып, оның көркем әлеміне терең бойлап, қазақ әдебиетіне қуатты ақын келе жатыр деп қуанып, қалың қауымға жар салғаным әлі есімде. Мүмкін Абай жаққан сәулені Жүрсіннің көзінен көргенде ағыл-тегіл ақтарылып кеткен шығармын, кім біледі. Алайда бұл оның бағын мен аштым деген сөз емес. Құрсағында жетілген құлын бәрібір тұлпар болмай тұрмайды. Сол секілді Жүрсін де талантын жылдар жаныған сайын қатқыл, қасаң дидактикадан арылып, сұлу сезімге құрылған, бояуы қанық, ойға толы, поэтикалық қуаты күшті өжет өлеңдер жазып, аз уақыттың беделінде көзінен от төгілген, аузынан ақ жалын атқан адуынды ақынға айналып, қалың қауымға кеңінен таныла бастады. Ол бұрын көкірегінде сәулесі бар жұртты іздеп өлең оқып келсе, ендігі мезетте кеудесінде сәулесі бар жұрттың бәрі оның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болды.

Жүрсіннің «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге» сияқты жыр кітаптары оқыған кісіге терең ой салмай, көңіл күйін қозғамай, намысын жанып, сілкіндірмей қоймайды. Оның кітапқа енген көп өлеңдері өзегіне ток жүгіртіп өрген бұзау тіс қамшы секілді өткір. Өйткені ақын асау ойдың ағысында алабұртып, шамырқанып, қайраттанып жыр жазса оны оқыған кісі де шамырқанып, тұла бойы күш-қуатқа толып, бүркітәруақтанып отырады. Ал, қайғы-мұңға құрылған жырды оқығанда көңіліңнің аспанын бұлт торлап, әлдеқайдан ызғар есіп, үлбіреген үмітіңді үсік шалып, суық желдің өтінде қалған жапырақтай қалтырайсың. Ж. Ерманның «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» деген өлеңі, міне, сондай қамкөңілден туған. Оны оқыған бойда кеудеңдегі бозторғай қанатын өрт шарпығандай шырқырап қоя береді. Неге? Себебі, бұл өтпелі кезеңде «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» деген Баласағұнның өсиеті адыра қалып, ақыл-ой кейін ысырылып, ақша үстемдік құрып, ел ішін тоғышарлық жайлаған. Ендеше рухани құндылықтар Аралдың жағаға шығып қалған кемесіндей қаусап, күйремей қайтеді.

Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Өлең өлкесіне өртке тиген дауылдай боп келсе де, бірақ мына арсыз жалған дүниеден опа таппай тағдыры талқыға түсіп, көп теперіш көріп, емен есіктердің табалдырығын тоздырып жүріп әрең алған Қасымның үйін ай-күннің аманында қиратқаны қалай?! Оралдың қарлы боранын майдан даласына алып барып, жауға ойран салған сардар ақынның көзі емес пе еді бұл қара шаңырақ?! Ойлап көрсең, темір қолдар жалғыз үйді ғана қиратып жатыр ма?! Қасымның қара шаңырағын, сол қара шаңырақтың астында өткен ақынның өмірін, жан-дүниесін, арман-мұңын, сезімін, рухын… жаншып, қиратып, молаға айналдырып жатқандай тұла бойың түршігеді. Ендеше жүрегі ізгіліктен жаралған Жүрсін күңіреніп жыр төкпей қайтеді. «Қиратып жатыр Қасымның үйін, қиналып тапқан баспанасы еді» деп күйзелмей қайтеді. «Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды Кеудемді бұзып жатқандай менің!» деп шырқырамай қайтеді.

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,

Қирады, сынды есік-терезесі.

Сәби жырлардың бесігі еді,

Бар екен сонша бесікте несі?

Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген. Сәби жырдың есік-терезесі сынып, бесігі қираған елдің болашағы ешқашанда жарқын болған емес. Ендеше бүгінгі адамдардың сана қумай сағым қуып, бақ қумай байлық қуып адасып, тоғышарлыққа бой ұрғаны сәби жырдың бесігін тербете білмегендіктен туындап жатқан үрдістер. Өйткені жырдың сәулесі жүрегіне түспеген адамның бойында көп жағдайда ізгілік бола бермейді. Ал, ізгілік жоқ жерде шойын кеуде қараулық бас көтеріп, рухани құндылықтардың көзін жоймай тұрмайды.

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

… Біздің үй соның іргесінде еді.

Уа, опасыз жалған-ай! Көзден кеткен соң көңілден де кетеді деген осы. Бүгін Қасымның үйін қиратқан тоғышар күштер ертең соның іргесінде қалқайып тұрған Жүрсіннің қарашаңырағын күйретпесіне кім кепіл. Мына алашапқын, аласапыран заманның осындай сұмдығын көріп, наласын жұтып, ботадай боздағаннан басқа қолыңнан не келеді. Ақырып теңдік сұрасаң азу тісіңді қағып, қолыңа береді. Өйткені көз жасқа суарылып, жапырақ жайып жайқалған қазіргі қоғам сенің мұң-зарыңа аса зәру емес. Сен егіліп, боздаған сайын оның айызы қанып, суық сұр бетіне қан жүгіріп, нұрлана түседі. Мүмкін бұл қоғам ақындарын әдейі зар жылатып ұстайтын шығар. Ақын неғұрлым қамығып-қайғырса, соғұрлым қайраттанып, аузынан ақ жалын атып, өркештеніп өлең жазады емес пе. Сөйтіп, халықтың тілі, заманның үні бола білген ақын жырлары арқылы дүниенің қабағын бағып, өмірдің бағыт-бағдарын біліп отыратын секілді.

Ж.Ерманның «Мүйіз кесу» деген өлеңі:

Таудағы елдің таңсықтау салты білем:

Таңертеңгі маусымның салқынымен

Бұғыларды қораға қамап қойып,

Мүйіздерін кеседі дәл түбінен, –

деп бұғылы ауылдың маусым айындағы мүйіз кесу науқанын суреттеуден басталса да, келесі шумағында адам бойында бұғынып, бұрын байқала қоймаған қатыгездіктің ойда-жоқта атойлап шыға келгенін көріп, сұмдық шошынасың. «Зырқыраған арамен қинағанда Бейшараның кетеді көзі аларып» деген өлең жолдарын оқығанда сенің де көзің аларып, шарасынан шығып кете жаздайды.

Сыздап шыққан бұғының сүйегінен

Беу, қызыл қан!

Соншама киелі ме ең?

Қан шарапқа құныққан қазақтардың

Қан сорғалап тұрады иегінен!

Күнәсі көп жер бетінде өмір кешіп, иегінен қан сорғалаған қазақ шындығын Жүрсін қалай келістіріп айта білген. Қол соқпасқа шара қайсы?. Шеберлік деп, міне, осыны айт. Абай қазақты «бір ұрты – май, бір ұрты – қан» деп сынаса, Жүрсін «қан шарапқа құныққан қазақтың иегінен қан сорғалаған» бүгінгі кескін-келбетін бейнелеп, олардың қандықол қылмысын алдыңа жайып, ашына сөйлейді. Адамдар дерттен айыққалы қан ішпей тұра алмайтын болған ба деп түңіледі. Дүниені қанішер қатыгездік жайлап бара жатқандай сезініп, көкірегін ыза кернейді.

Тағайын деп тұрғам жоқ

жоқты кінә.

Бұл не дәстүр?

Заманның тоқтығы ма?

Мүмкін солай шығар. Заманның тоқтығынан дүниенің өзі еріккеннің ермегіне айналып бара жатқан жоқ па. Құдірет күші жетсе жұмыр жерді де теуіп, әрі-бері домалатып, қуып, допша қағып ойнар еді. Бұл адамдар күннен-күнге азғындап, ұсақталып бара ма, қалай? Бұрынғылар дүниенің бүтіндігін ойлап зыр жүгірсе, қазіргілер құлқынның қамын ойлап жанығатын болған жоқ па, тәйірі. Содан:

… Қуанасың

Қазақтар қағып алар

Қарағайдай мүйізің жоқтығына! –

деп тірі жүргеніңе тәубе айтпасқа шараң қалмайды.

Ұлытаудың баурайында туып, ұлар тілін ұғып, жырын тыңдап өскен Жүрсін қай тақырыпқа қалам тартса да өжет мінез, өршіл қайсарлықтан танған емес. Шашқа түскен өткір ұстарадай жеңіл сырғып, ілгері жылжи береді. Бірақ көпірме көбік сөзге бой алдырмай мағыналы ой айтуға тырысып, терең сезіммен толғайды. Ол елдік пен ерлікті жырласа да, ақиқат пен жалғандықты жырласа да, жақсылық пен жамандықты жырласа да, сардарлық пен сатқындықты жырласа да, қысқасы көзі мен көңіліне сыйған қай құбылысты жырласа да өртеніп, лапылдаған отқа оранып отырып қалам тербейді. Оның қай жыры да қолға ұстаған алау секілді жүзіңді шарпып, қызыл-жалынға бөлеп, жаныңды жадыратып, нұрландырып тұрады.

Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда?

Ұлы қайғың уылжып тұрар бойда.

Ұры тісің секілді у сезімің,

Уын жайып уілдеп тұрар ма ойда…

Арқары ауып, ұлары ұшып, қырынан қыдыр, ойынан ырыс қашып, бүкіл сұлулығын жоғалтып, құлазыған Ұлытаудың қайғы-мұңы, сайып келгенде, Жүрсінді туған ұлттың мұң-қайғысы емес пе. Ендеше ақынның бал сезімі уға айналып, тұла бойын жайлап алса, ол улы желдей уілдеп, көкірегінен запыран ақтарып, шерлі жыр төкпей қайтеді. «Кілең темір құрсанған құрбыларым Киігімен даланың жүр алысып» деп және күйінеді. Күйінбей қайтеді. «Темір құрсанған құрбылары» қараулықпен, жалғандықпен күресудің орнына тірі пендеге залалы жоқ, қайта даланың сұлу көркіне айналған киіктермен алысып, обал-сауапты ұмытып, азғындап жүрсе. Шыбын жаны шырқырап: «Құлағыңа жете ме үні таудың?» деп киік аулап, қызық қуған құрбыларына ой сала сөйлейді. Бірақ бұны ұғатын қуыс кеуде құрбылар бар ма? Сосын ұларын жоқтап қайғырған Ұлытауға мұң шағып әрі қайрат бере сөйлеп:

Ұлытауым, ұлығым,

Ұлтым менің,

Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.

Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,

Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім,

Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің! –

деп күркірейді. Бірақ қайда барсаң да, қайда қарасаң да ұларынан көз жазып, тұнжыраған Ұлытау секілді мына жарық жалғанда бауыры бүтін жұмыр басты пенде жоқ екеніне көзің жетіп, көңіліңді өксік қысып, көкірегің қыжылдап қоя береді. Бір кем дүние деген осы.

Қазағым деп қабырғасы қайысып, далам деп жүрегі тілініп, Ұлытауым – ұлтым деп ұлар тілінде жыр төккен Жүрсін Ерманның жанары ешқашан мұңнан арылған емес. Адам болған соң онда мұң болмай тұрмайды. Мұңы жоқ адамды ешкім кісі санатына қоспайды. Ал, ақынның мұңсыз болуы тіпті мүмкін емес. Мұң оның жарық жалғандағы жалғыз жолсерігі.

Туған жердің топырағында тамыр тартып, тұғырлы елдің рухына суарылып өспеген ақынды қалай үкілеп, қалай баптасаң да онда сардарлық мінез болмайды. Жаны жұмбақ Жұмекен кезінде: «Туған жердің бір бұтағы сынса, Қабырғама қараймын» деп жырлап, сардарлық мінез танытып еді. Осы азаматтық болмыс, осы сардарлық қасиет Жүрсіннің бойынан да айқын көрінді. Туған жердің бір тал шөбін жүрегінің дірілдеген бір талшығы сезінетін ақынның Қарқаралыда жайқалған қалың орман өртенгенде шырқыраған жан дауысы, көл қорыған қызғыш құстай шарқ ұрған үні қай қиырға жетпеді.

Қарағай мен шыршасы қапсырмалы,

Талайларға осы орман бақ сыйлады.

Ақ балтырлы қайыңдар ажал құшып,

Көрден шығып жатқандай ақ сирағы.

Қара орманды қалың өрт жаусатқалы,

Қаусап-қаусап қалғандай тау шатқалы.

Көрсетеді шошайтып аспан жақты,

Қарағайдың күйелеш саусақтары.

Өртенген орманның қайғылы көрінісі өлеңге айналғанда тұнып тұрған тірі суретке айналып жүре берген. Жүрсіннің қиыннан қиыстырып, тірі сөзбен жанды сурет сала білетін шеберлігіне еріксіз тәнті боласың.

Ж.Ерманның өзге тұстастарынан озық бір қасиеті: кеңес дәуірінде қолдау таппай уақыттың суырынды құмына көміліп, үні өшіп, құрдымға кеткен алаштың атамұра өнері – айтысты қайта тірілтіп, туын дара көтеріп, жарыққа – қалың қауымның алдына қастерлеп алып шыққан тектілігінде жатыр. Өзі де желкен көтеріп ағынға қарсы жүзген арқар кеуде арқалы ақындардың бірі еді. Төңірегіне азу тісі шығып, мүйізі қарағайдай боп өсіп келе жатқан жігерлі жастарды жинап, айтыс өнерін қыздырып, бүкіл даланы ұлан-асыр дүбірге бөлеп жіберді. Құрсағында жетілген құлагердің құлындары кісінеп сахнаға шықты. Алып ақ сарайдың ішіне сыймай тулаған асау жыр телегей теңіздей тысқа ақтарылып, қанатын кең жайып, жалпақ елге тарап жатты.

Періште көңіл Жүрсін ақынның кеудесінде қызғаныштың қызыл иті ешқашан кісіге үріп көрген емес. Қайта балағында биті барларды өгіздей өрге тартып, биікке шығарудан танбады. Осы орайда Ғалым ақынның: «…Тобықтыда Құнанбай тумаса егер – Құнанбайдан Абай да тумас еді» деген өлең жолдары еске түседі. Сол сияқты Жүрсін айтыс өнерінің туын дара көтермегенде Мұхаметжан, Шорабек, Аманжол, Айбек, Айнұр, Бекарыс, Балғынбек, Ринат, Жандарбек тәрізді ақберендер аламан бәйгенің алдынан көрініп, туған елге кеңінен танылмас еді. Ол, шынында, айтыс өнерінің бағына туған тұлға. Жүрсін мен айтыстың бір ұғымға, тұтас бір дүниеге айналып кеткелі қашан. Жүрсін десең – айтыстың, айтыс десең – Жүрсіннің еске түсетіні, міне, сондықтан.

Жұрттың бәрі талантты Жүрсіндей бағалап, адамзат баласын Жүрсіндей ардақтап, қадір тұтса ел ішінде дау-дамай да, айтыс-тартыс та тумас еді. Бірақ мына бұрқасынды арсыз дүниеде тақ пен бақ таласы өршіп, Төлегендердің дәурені өтіп, ел ішін Бекежандық жайлаған тұста өмір сүрудің өзі қып-қызыл майданға айналып бара жатқан жоқ па?! Ендеше талантты тірісінде танымай табытқа түскенде табынатын ағайынға Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, арқалы ақын Жүрсін Ерманның азаматтық болмысын, ар-ұятын, ізгі тірлігін тілегеннен басқа не айтайын.

…Қаланың тымырсық ауасы тынысымды тарылтқан соң Көктөбенің басына шығып, төңіректі байырқалап шолып тұрғам. Көз ұшында бір қарайған көрінді. Бұл – қараөлеңнің қарагері Жүрсін Ерман болатын. Абай шыңын бетке алып, болат тұяғынан жыр шаңытып, құйындатып шауып бара жатты. Қызғаныштың қызыл иттері абалап үріп, соңынан қуа жөнеліп еді. Қамау тері алынып, суытылып, бауырынан жараған қарагер қара үзіп, жеткізбей кетті.

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *