ҰЛЫТАУ, ҰЛАРДЫ ЕМЕС, ҰЛЫҢДЫ ОЙЛА

Қазақта қасиетті жер көп. Олардың атауы құлаққа сіңіп, көңілге орнығып қалғаны сондай – бармасаң да барғандай, көрмесең де көргендей ғажайып күй кешесің. Солардың бірі – Ұлытау. Кешегі ханы қарашасымен табысқан, биі тәмам жұртымен тоғысқан мәйекті мекен. Ұлытаудың тарихы таңға таусылмас, жылға жеткізбес, ғасырға қол ұсындырмас. Елдің ел, жердің жер болып қалуы таразы басына түскен алмағайып заманда Үш жүздің басын үркінші жауға қарсы біріктірер бәтуәлі сөз, баталы байламның кіндігі кесілген киелі қоныс бұл.

Біздің бүгінгі әңгімеміз сол Ұлытаудан түлеп ұшқан ұл – ақын Жүрсін Ерманов, оның жырлары жайында. Ол орта мектептен соң-ақ арман қала – Алматыға аттанды. Артта ақ жаулықты анасы мен ұлылығы ұлысқа жеткен Ұлытау қалып бара жатты. Көңіл толқып, жүрек елжіреді. Артына қарай-қарай беймәлім сапарға аттанып бара жатқан бала ақынның көңіліне:

Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің,

Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.

Ұларыңды ойлама,

Ұлыңды ойла

Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, –

деп басталатын жыр шумақтары елес берген. Етек-жеңін жинап, іргелі өлең еткені – кейін.

Жігіттің жақсы болмағы – алдымен өзінен, сонсоң туған топырағы мен жүрген ортасының шарапатынан. Алланың рақымымен Жүрсін осы екеуінің де мейрім-шафхатын тел емген жігіт. Қазақы қасиеттің құнарына жарыған Ұлытау өз алдына, балаң жігіттің Алматыда топ еткен ортасы да ойлы жасқа өріс бола алар өнеге өлкесі болып шықты. Өлең деп аласұрған өршіл жүрек өзінің орны өзге емес, осы Алматыда екенін бағамдаған. Бұл бір қазақ өлеңіндегі ғажайып жылдар еді. Тұс-тұстан аңыздай шапқан жас тұлпарлар – Жұмекен мен Қадыр, Тұманбай мен Мұқағали бастаған әлеуетті ақындар дәстүрлі қазақ поэзиясын түр мен мазмұн жағынан түкті кілем түгіндей түрленте бастаған.

Сәтін салғанда жас Жүрсін өлеңдегі өз бағытын тез айқындады. Оған себеп – біреулер өзінен өлең іздесе, бұл өлеңнен өзін іздеуге кірісті. Өлеңдегі өзін, өзінің «менін» жер басып жүрген басқа да көптеген «мендермен» кіріктіргенде ғана оқырманға ұғынықты ақын бола алатынына кәміл сенді. Ол үшін ақынмын деп асқақтамай, жарық дүниенің барша азабы мен тозағын тартып жүрген жұмыр басты пенде атаулының қатарында қалуың керек екен. Солардың күлкісімен күлкің қабысып, олардың қайғысымен қайғың табысуы керек екен. Оқырман мен ақын арасындағы шынайы тазалықтың осы сатысына көтерілгенде ғана өлеңдегі «меннің» «гөй-гөйі» басқалардың да «гөй-гөйіне» ұласпақ. Жүрсін ақынның феномені – осы гәпті әу басынан ұғынуында.

Қуанбаймын бұл күні,

Қосылды деп жасқа жас.

Мәңгіліктің мылтығы,

Мені бейғам тастамас.

Азайғандай аптығым,

Басылғандай ыстығым.

Шөлге айналып шаттығым,

Көңіліме түсті мұң.

… Қасіреттің көгенін,

Қайратым жоқ елемес.

Күліп тұрмын дегенім,

Жылағаннан кем емес.

Уыты бар көңілде,

Жазылмайтын жараның.

Неге келдім өмірге,

Неге кетіп барамын.

…Ұзап бара жатқандай,

Келешектің кемесі.

Удың дәмін татқандай,

Уылжимын. О, несі?!

«Дүние жалған», – деп термелейтін өмір мен өлім философиясын өз «менінің» кебімен осынша дәл, осынша айқын, осынша мұңлы суреттеу сол философияның қорғасындай ауыр салмағын мамықтай нәзік жүрегімен сезіне алатын ақынның қолынан ғана келсе керек. Бұл бір ауыз сөзімізді өлеңнің іші (мазмұн) дейік. Ал, сырты (түр) қандай? Ақын ойын оралымды және суытпай жедел жеткізу үшін өлшемі қысқа тармақты әдейі таңдап алған. Себебі, осы ойды он бір буынға салса жырдың сезімге тиер серпінділігі кеміп, етер әсері тармақтың өзіндей ұзақ сонар болып кетер еді.

Хас ақынның жыры қашанда халықпен ортақ. Ақын ауылында Құлжанбай құмы деген жер бар екен. Сол құм бертін келе азып-тозып, кеудесі басылып, жайылып кетіпті. Көзіндейсің бұрынғының,

Сұрар енді сырыңды кім?

Жым-жылас боп жыйылыпсың

Мен де өзгердім

Жырындымын.

Жүрегім бар жырым-жырым.

Дәл осы шумақ кіндік қаным тамған менің Қарасуыма да қарата айтылғандай. Құлжанбай құмы секілді оның да азып-тозып кеткені қашан?! Елі көшкен, еңсесі түскен ауыл өзгергенде қауым өзгермей ме? Бір кездегі жақсысы жырындыға, жақсы ісі сырындыға айналған. Тозған төбенің тозағын ойлаған ақын жүрегі жырым-жырым болғанда, сіздікі де қайбір бүтін дейсіз. Егер «Құлжанбай құмынан» мен секілді басқалар да өз ауылын көріп жатса, ақын үшін бұдан асқан дәлдік, көрегендік бар ма?! Осынау тауды кесіп, көкті тесіп жатқан темір ғасыр заманында аспан асты, жер үстіндегі тұнығы шайқалған барша жаратылыстың қам-қарекетіне алаң болмас пенде баласы кем де кем шығар. Жұрт бір ойласа, ол екі ойлайтын Ақын жүрегінің дүрсіліне құлақ түріп көрейік.

Бұландының жоқ бұланы,

Құландының жоқ құланы.

Бүркіттінің биігінде,

Қалқымайды көк қыраны.

Бұғылының бұғысы жоқ,

Тағылының тағысы жоқ.

Теңіздердің тереңі жоқ,

Өзендердің ағысы жоқ.

Сәуір нөсер төкпегелі,

Таңсық қырдың көктегені.

Құлындардың желісі жоқ,

Қозылардың жоқ көгені.

Атымыздың тұрманы жоқ,

Айтымыздың құрбаны жоқ.

Бәтуә жоқ ісімізде,

Сөзіміздің тұрлауы жоқ.

Бәрі жоқ боп жатқан ұдай,

Берекесіз шақта бұлай.

Иманы жоқ адамдарға

Иланудан сақта, құдай!

Түсінік-түсіндірмеге зәру емес осы өлеңнің астарынан не аңғардыңыз, ағайын. Барша қазақ болып жоқтау айтса көп болмайтын әлгі жоғалтулар туралы өлеңнің түп-түйінін ақынның имансыздыққа әкеліп тіреуі қалай?! Әлде басқа бір тоқтам таппағаны ма? Барлай қарап, бағдарлай сараласақ, олай емес екен. Бірақ бар пәленің басы дәл осы имансыздықта жатқан жоқ па?! Имансызды, жалпы, адам деуге бола ма өзі? Болмаса, имансыздық көбейген сайын Абай айтқан «толық адам» да азая бермес пе? Құлан, бұлан жайына қалып, жоғалтудың көкесі сонда болмас па?! Ойға мырза, сезімге шүлен жыр осындай болса керек-ті.

Жүрсін – философ ақын. Оның ақындық болмысын бедерлеп тұратын – ойға келгенде сонылық, пікірге келгенде тапқырлық, қисынға келгенде мергендік, өлең архитектурасына фигураларды (теңеу, эпитет, метафора, градация, т.б.) қолданудағы шеберлік, әуезділікті арттырудағы (аллитерация, ассонанс) сезімталдық – сол философтығынан тамыр тартып жатыр. Ақындықтың да түрі көп қой. Әйтсе де, ойшыл болғанға не жетсін.

Жүрсіннің ешкіммен енші бөліспес, дара қолтаңбасын айқындайтын ендігі бір өлеңі – оның «Құстың көлеңкесі» атты кітабына енген – «Қасым Аманжоловтың үйін қирату»

Дегені қайда басылды құйын,

Ақылым жетпей, ашиды миым.

Виноградов көшесіндегі,

Қиратып жатыр

Қасымның үйін.

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін,

Ажалдың сездім ақпандай лебін.

Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды,

Кеудемді бұзып жатқандай менің.

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,

Қирады, сынды есік-терезесі.

Сәби жырлардың бесігі еді,

Бар еді сонша бесікте несі?

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Біздің үй соның іргесінде еді.

Айналасы алты-ақ ауыздан тұратын қасіретнама. Көтерген мәселесі осынша өзекті, құрған өрмегі осынша өрнекті, айтар пікірі осынша салмақты, беру тәсілі осынша сіңімді осындай отыз өлеңнің өзі бір ақынның маңдайына олқы дәулет болмас еді-ау деген ойға қаласың.

Жүрсін Ерман – тосын ойдың, қиғаш контрастың, қидаласқан пікірдің ақыны. Оның өлеңдерінің тақырыбы да, сол тақырыпты алып шығар кілті де – өмірдің қарапайым детальдарынан тұрады. Әрине, жыртылып, айырылар жай детальдар емес, жырдың жүгін артуға жарайтын – бірі жаныңды жадыратар, бірі жүйкеңді жұлқа тартар қарапайым пенде баласының басынан өтіп жатқан өмір өрнектері. Ол өрнек – ұсталықпен келер өрнек. Тақырып табиғатын, соған сай тіл құралын таңдап түйсінумен келетін ісі қиын жұмыс. Осыны жіті сезінген ақын «Абайға мұң шағу» атты шоғыр өлеңінде Абай заманынан бері титтей де өзгермеген қазақты ақын атаның өз лексикасымен «айыптайды»;

…Қайдан болсын жыр өзге,

Қазағың сол баяғы.

Біреуі – қырт, бірі – езбе,

Сөзінің жоқ баяны.

…Таусылады амалың,

Ойлап сор мен азабын.

Өзгергенмен заманың,

Өзгерген жоқ қазағың.

Жалпақ орманның қасиетін зерттеу үшін оның қажетті бір ағашын кесетіні сияқты, жайқын көлдің дәмін білу үшін бір тамшысын таңдайға басатыны сияқты, торсық тола қымыздың қызуын сезіну үшін жалғыз ғана шарасын сіміретіні сияқты, Тұманбай мен Қадырдың қандай ақын екенін білу үшін олардың отыз томын қопармай-ақ ортасынан бір томын суырып алуға болатыны сияқты мен де Жүрсін Ерманның шығармашылығы туралы пікірімді оның бұрын-соңды шыққан жинақтарының бәрін ақтарыстырмай-ақ сұрыпталған бірнеше кітабы арқылы білдіруге бейіл болдым. Үшбу пікірімді түюге іші шелді үш кітабы еш олқылық еткен жоқ.

Мәселе көлемде емес, өлеңде екен. Қасымның жалғыз томы бар, қандай қанағат. Ілиястың жалқы томы бар, қандай қанағат! Абайдың «жарты» томы бар, қандай қанағат!!! Егер Абай атаның қарасөздері мен аудармаларын әрі қарай қоя тұрып, «таза өлеңін» түптесек, тоғыз баспа табақтан аспас еді. Бірақ содан кемдік көрдіңіз бе?! Қазған сайын ырысы ие бермейтін кеніш. Жүзген сайын жиегі жеткізбейтін телегей. Өлеңімен жиырма том шығарған замандасым бар. Шығарсын, көп демеймін. Жалғыз том жазған қаламдасым бар. Аз демеймін. Өйткені, жілігі майлы, жарағы сайлы. Әйткенмен, қазан үлкен болған сайын көже сұйық болатынын ескерген жөн. Таңсық үшін емес, тағылым үшін айта кетейін. Осы жолы өзімше бір эксперимент жасадым. «Құстың көлеңкесінің» қолым тиген кез келген жерін кездейсоқ ашып сол бетте тұрған өлеңді оқыдым. Осыны кемінде он-он бес мәрте қайталадым. Сонда барлық жағдайда да қанжығаға қызыл түлкі байладым десем, сізге өтірік, маған шын. Осы жұмысты дайындау барысында да осы тәсілді қолдандым. Қалыптасқан дағды бойынша тұздығы күшті ой орамдарын іздеп ой мен қырға шапқылағаным жоқ. Әрине, «жақсы өлеңді асырайтын» (Қасым) өлең Жүрсінде де бар болар. Бірақ кемел қолдан шыққан орта өлеңнің өзінен келелі кеңес табуға болатынына көзіміз жеткен пақырмыз.

Міне, «антқа» берік әдетпен кітаптың тағы бір жерін ашып қалдым. «Қыстаудағы көктем» екен:

Марғаусып кәрі төбет те,

Шуақпен жүрек жалғайды.

Шаңыраққа жайған көп етке,

Көзінің қырын салмайды.

Иә, алып-жұлып бара жатқан не бар дерсіз. Солай-ақ дейік. Бірақ алыста қалған сонау бір ауылдағы қыстағыңның көрінісі, сол бұйығы қыстауда өмір кешкен балапан кезіңнің бейнесі келмей ме көз алдыңа. Басынан аттап өтсең де мыңқ етпей, алдына ақ түйенің қарнын жарсаң да ашқарақтық танытпай көзін ашып-жұмып қалғып жататын қара төбетіңнің елесі тұрған жоқ па мұнда? Әлде іргесін көң мен сабан көмген шарбақтың түбіне құйылған көктемнің алғашқы алтын шуағын да ұмытқаның ба?

Әр ақын өзінше бір құпиялы әлем десек, Жүрсіннің құпиясы неде деген сұрақ бой көтермек. Біз оның құпиясы жай көзге елеусіз көрінер құбылыстан елеулі ой түйіп, оны оқырманға әсерлі түрде жеткізе алуында дер едік. Мәселен, темекінің тұқылын тастайтын күлсалғыш сөз етуге тұрар нәрсе ме? Ал Чехов содан да әңгіме жасай аламын деген ғой.

Қарасөздің хас шебері Жүсіпбек Аймауытов Чеховтан да асып түскен. Өйткені, Антон Павловичте тым болмаса қолға ұстар күлсалғыш болса, Жүсекең көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын елестен (!) «Елес» атты әңгіме жазғаны белгілі. Газет тапсырмасы бойынша аса шұғыл жазылғанына қарамастан, онысы алтын қасықтай жинақы, жұмыр дүние болып шыққан. Чехов атап көрсеткен «қысқалықтың» шартын Жүрсін де жақсы ұғынған сияқты. Оның етек-жеңі жинақы һәм ойлы өлеңдері шұбалаңқылыққа әсте жол бермейді. Ал техникасының тастай беріктігі ақындық стихиясының мықты екенін көрсетеді. Өлеңде «ойдың сыйымдылығы» деген ұғым бар. Бұл – шумаққа орналасқан ойдың салмағын, қоюлығын айқындауға байланысты шыққан термин. Жүрсін Ерманов табиғатынан ойшыл ақын болғандықтан оның жырлары осы термин талабына сай келіп отырады. Бұдан ақын өлеңдерінің «ыдысы» кең екенін әрі ол шығымы мол ойға шүпілдеп толып тұратынын аңғарамыз.

Жүрсін – нақтылықтың ақыны. Оның туындыларының бойы да, ойы да жаныңа жақын келіп, жанарыңа анық көрініп тұрады. Ол біреулер секілді бұлтпен араласып, бұлдырап жүретін аспанның ақыны емес, табанын төскейге тіреп тұрған Жердің ақыны. Бейнелей айтсақ, табаны топырақтан қуат алатын Антей сияқты. Мен хал-қадерімше Жүрсін ақынның өлеңдерін өзім қандай қызығушылықпен қабылдасам, өзгелер де сондай қызығушылықпен қабылдайтындай етіп түсіндіруге тырысқан-ақ едім. Шықпаған секілді. Қысқа қайырымның қауызына батыр бабаның мол пішілген ұрпағы сыймаған секілді. Көңілде мен жеткізе алмағанды оқырман өзі тауып алар деген үміт қалды.

Жүрсін Ерманнның 2010 жылы жарық көрген «Ырғай» атты кітабында атақты Қасым ақынның монологы іспетті «Жыр – аманат» аты өлең бар екен. Сол монологта Қасым ақын рухы:

Зираттың зыр қаққанмен іргесінде ел,

Жан бар ма мені өзімен біргесің дер?

Талайлар әлі мені күндесім дер.

Ақынның хақын жеген ел оңбайды.

Тірілер, өлеңімнің жүлдесін бер, – деп тебіреніпті.

Иә, ұлы ақын Қасым да, оның ізін басқан інілері де аламан бәйгеде жүлделі болып жатса, қазақ өлеңінің өркені өсіп, абыройы асқақтады деген сол емес пе?!

Абзал БӨКЕН

ақын, халықаралық Алаш

сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *