«Абайдан қалған қалам аман болсын!»

Жүрсін ЕРМАН,

ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, республикалық кітап музейінің директоры

– Ұлылық пен ұланғайыр ақпараттарды тоғыстырған Қаламның құдіреті ұрпақты тәрбиелеудің, тектілікке баулудың құралына айналғалы қашан. Сол қалам иесінің бірі өзіңіз Қаламның құдіреті туралы қандай ой қозғар едіңіз?

– Осы жазу-сызудың қамымен жүрген соң, Қалам – біздің тағдырымыздың қыл шылбыры, күрмеп байланған қазығымыз ғой. Сол қазықты айнала береміз, айнала береміз…

Ыбырайдың музейінде кетпен тұр,

Қаламсап тұр музейінде Мұхтардың! – деген екенмін бір өлеңімде. Ұлы Мұхтар Әуезовтың мұрасының қадірлісі – Қалам болса, бізге не жорық?! Қазақтың қалам ұстағанының бәрі төредей көретін Қасым ақын:

Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың

Дүниені алдыңа алып хат жаздың, – деп, шалқып еді бір кезде.

Біз мектеп қабырғасында жүргенде қазіргідей өздігінен сиясы тамып тұратын автоқалам жоқ, қаруымыз – сиясауыт (дәуіт) пен қаламұш еді. Қаламұштың өзін қылбел, құмырсқа бел деп жіктеп, әрқайсысын өзінше құрметтеуші едік-ау!..

Орыстар «Қаламмен жазғанды балталап өшіре алмайсың» десе, ұлы шындыққа жүгінгені шығар. Әттең, біздің халықтың құрықты қаламмен айырбастау үрдісі тым ұзаққа созылды ма, көп қазынамыз құрдымға кетіп қалды. Есесіне, жан серігіміз болған домбыра көп сөзімізді көмейіне құйып, жадына сақтап, Қалам дәуіріне аманаттап әкеліп берді. Әлемнің еш халқында жоқ эпостарымыз үшін біз дәл осы шешен домбыраға қарыздармыз. Адамдар ойының асыл қазыналарын сығып айтатын терме-толғауларымыз да мәңгілік ғұмыры үшін домбыраға борышты. Жұрттың жылтырағы болса, таңдайымызды қағып, жалбақтап қалатын қазақы болмысымызды өзгертіп, өз асылымызды ардақтауға бет бұрсақ, біз алдымен осы терме-толғауларымызды төбемізге көтеруіміз керек. Бұлар – теңдесі жоқ тамаша өнердің перзенті. Феномен деуге тұрарлық туындылар. Тұрмағамабет Ізтілеуұлының кез келген термесі әлемдік поэзияның қорына қосуға лайық деп білемін. Ал оның ар жақ-бер жағындағы Сыр сүлейлерінің қай-қайсысы болса да Қаламның құдіретін сарқа пайдаланған шын шайырлар еді.

Қалам – өлең жазуға ғана лайық құрал еді. Онымен жазбайтынымыз жоқ. Қазір Қаламның қасиеті кеміген заман болып тұр. Кезінде жазудың бейнетін бастан кешірмеген шалапұттар зейнетке шығып алған соң ғана Қаламның құдіретіне жүгінетін дерт қоғамды жайлап алды. Осындай жолдан қосылған жолбикелер маған жиі жолығатын болды. Айтары жоқ болғанымен, айтағы көп осындай жазғыштардың дүмбілез дүниелері қазір көктемгі қызыл судай ел ішін жайлап алды. Қалам иелерінің құнын түсірген осындай кітапсымақтар талғамды да бұзып барады. Оған тоқтау айтар кім бар?..

Жақында бәріміз басымызды шұлғитын ең үздік аға ақындарымыздың бірі қартайғанда жорға шыққан кәрібоздың бір жуан елі жинағына алғысөз жазғанын көріп, жағамды ұстадым. Басқанікі-басқа, дәл осы классик ақыннан мұндай мағынасыз мінез көрген соң, дауысыңды шығарып, айқайлағың келеді. Қаламның қасиеті қайда қалды, ағайын-ау?!

Сап-сау қол, сап-сау аяқпен

Тұғырға біз де алаңдар!

Атадан қалған таяқ пен

Абайдан қалған Қалам бар! – деп жазамыз да, жалт бұрылатынымыз қалай?

– Өзіңіз ашына сөз етіп отырған Қалам құдіретінің ұлттық идеологиямызды қалыптастыруда қаншалықты орны бар?

– Қазіргі кезең – қазақ тағдырындағы ең бір күрделі, әрі қызықты кезең. Тұңғыш рет тәуелсіз ел болып, кем-кетігімізді, бар-жоғымызды түгендеп жатырмыз. Ұлт болып ұйып, бағытымызды белгілеу үстіндеміз. Әр қазақ өзінің қоғамдағы қажеттілігін сезініп, ең бастысы – өз отбасының, өз әулетінің қаншалықты маңызы бар екенін сезіне бастады. Көзге көрінбесе де, ұлттың түгенделу үрдісі қауырт жүріп жатыр. Ұлттық сана оянып, тегімізді іздеу, әдет-салт, ғұрып-дәстүрді санасына сіңіру үрдісі ең бір нәтижелі кезеңіне қадам басты.

Қаламның күні туды. Баспасөздің тәуелсіздігі біртін-біртін қалыптасып келеді. Дәл осы кезде Қаламның құдіретін сарқа пайдаланып қалуымыз керек. Сөз еркіндігі берілді екен деп, ауа жайылудың жолы жоқ. Қисықты қисық деп, қыңырды қыңыр деп айтқанның, жазғанның шамға тиер несі бар? Руға, жүзге бөлудің әбден асқынған шағында ұлттың басын біріктірер шараларды атқарар тұсымыз – осы.

– Өлеңді қағазға Қаламмен түсіресіз бе, әлде жаһанданудың жаңа техникасы компьютерге арқа сүйейсіз бе? Қайсысы қолайлы!?

– Мен ешнәрсені де компьютермен жазбаймын. Айналамдағы бүкіл құжат айналымы электронды пошта арқылы атқарылып жатса да, шығармашылық үдеріске бөтен дыбыстар, сыртыл-сартылдар барынша бөгет. Өлең әрине, құдіретті Қаламмен жазылады.

– Аға, өзіңіз ақын ретінде «Ақын дегеніміз кім?» деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе?

«Шаршадым білем, жантая кеткім келеді!

Құрысын бүйткен құныңды жеген өлеңі!

Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,

Аузымнан шықса, адыра қала береді» деген Мұқағалидың дегеніне айтар дауыңыз бар ма? Немесе:

Өлмей-ақ жүр ғой өлең жазбаған адамдар,

Өлеңсіз мен де өмірді бірдеңке етермін» деп Мұқағалиша қарапайым тіршілікті аңсайтын кездеріңіз бар ма?

– Поэзия туралы әңгіме айту үшін пікір иесінің пиғылы таза болу керек. Тіпті, осы төңіректе сөз қозғар алдында дәретіңізді алып, тіліңізді кәлимаға келтіріп алсаңыз да артық емес. Өйткені, атамыздан мирас қалған мұраның ең асылы да, ардақтысы – өлең сөз. Ол жөнінде ғайбат айтуға болмайды. Жаңылысуға болмайды. Былтыр сөз өнерінің Мемлекеттік сыйлықтан шеттетілгені – киелі өнердің алдындағы қылмыс болды. Қатты айтудан қорқудың керегі жоқ. Әр нәрсені өзінің атымен атау керек. «Сөреден шыққан» 24 қаламгердің мәреге жетіп жығылған екеуі де – ақындарымыз еді. Жалпы, қазақтың қазіргі поэзиясы – шеберлігі әбден шыңдалған, ойымен ғаламды қаусыра алатын құдіретті өнер. Өлеңсіз өмір – сұрқай өмір.

Өлмей-ақ жүр ғой өлең жазбаған адамдар,

Өлеңсіз мен де өмірді бірдеңе етермін, – деп жазса, ол – бір сәттік көңіл – күй ғана. Өлеңді жазу ғана емес, оған жанасудың өзі кісіні тазартады. Пиғылын түзетеді. Рухани ләззаттан артық ләззат болуы мүмкін емес. Соның қайнар көзі – өлең.

Өлең – адамның жоспарлауына көнбейтін, тылсым, ғайып дүние. Шабытсыз өлең жазыла берсе, нөпірдің астында қалар едік. Мен былтыр «Құстың көлеңкесі» деген атпен таңдаулы 70 өлеңнен тұратын жинағымды әдебиет көшіне қостым. Жетпістің өзі көп пе деймін. Жарқылдаған жеті өлең де бір ақынға аздық етпейді. Егер қазақ поэзиясында басты кемшілік болса, ол көп жазу дерті. Текті нәрсенің аз болуы – табиғат заңы. Көп күшіктеген хайуанда да қасиет болмайды. Бірақ сол аз нәрсені тани білу үшін де талап керек.

– «Жүкең, қазақтың төл өнері айтысты жекешелендіріп алмақшы» деген қауесеттің астарында нендей сыр бар немесе қандай уәжге сүйеніп айтылды екен? Шындықты тек өзіңіздің сөзіңізбен оқырманға жеткізсек…

– Айтыс туралы аз айтып жүрген жоқпыз. Арда өнерді ардақтауға қосқан аз-кем үлесімді марапат үшін жасаған жоқпын. Халық нәтижесін көрді. Өнер өрге басты. Олжа – осы. Айтыс ешкімнің жекешелеп алуына зәру емес. Менің де ондай пиғылым болған емес. Жақсы ақындардың, талантты айтыскерлердің бәрі – Менікі, Сенікі, Халықтікі. Олардың әрқайсысына құрметім, ықыласым, сыйым әзір. Көре алмаған көп дұшпанның қыбы қанатын болса, мен айтыс өнерімен айналысқанды доғарғанмын. Қаңқу сөзден де, дау-дамайдан да қажыдым. Шаршадым. Мені аяқтан шалып, аңдып жүргендер осы жұмысты мойындарына алсын. Үлкен жұмыс болған соң кем-кетігіміз болмай қалмаған шығар. Сендерге бердім батамды демекші, менімен алысып жүргендер игі істі әрі қарай дамытып әкетсе, мен ризамын.

– Өмірлік қосағыңыз да шығармашылық адамы. Құпия болмаса, Қалам иелерінің бір шаңырақтың астында жұптасып ғұмыр кешулерінің сыры неде екенін білуге бола ма?

– Менің жұбайым Бақытжамал Ерманова – 25 жыл бойы диктор ретінде экранда отырған танымал тұлға ғана емес, аса тәрбиелі, көргенді әйел. Үш баламның анасы, он шақты немеремнің әжесі. Ең бастысы, ер қадірін білетін, қамқор жан. Біз 42 жыл бірге тұрып келеміз. Шыны-аяқ сылдырламады десек, өтірік болар еді. Мен ондай шақта осы қызға іңкәр болған жас күндерімді есіме түсірсем, ашуым тарқап, табысқанша асығамын. Оның толып жатқан «замечаниелерінің» барлығы өз басыма деген қамқор-құрметтің нәтижесі екенін ұққан сайын оның қадірін біле түсемін. Кезінде енем Зейнегүл: «Менің қызымның сен дегенде жаны жоқ! Неткен бақытты жігітсің!» – дегені бар еді. Бақытжамалдың ұлы әжесі – Ханымбике деген кісі Түркістан пантеонына жерленген, аты жазылмаған, әулие, ел анасы болған кісі. Сол кісінің жақсы қасиеттері осы ұрпағына қонғаны ғой. Әйтпесе, мен секілді басасау, мінезі қиын, сөзі өктем адаммен тіл табысып, отандасу оңай деймісің, шырағым?!

– Ақындық көзқарасыңызбен әйелдің әйелдігінің кілті неде дер едіңіз?

– Әйелдің әйелдігінің кілті – мінезінде ғана емес. Әйелдің құпиясы өмір бойы таусылмауы керек. Үйде жүрмін ғой деп, ашылып-шашылатын, салдыр-салақтығын көрсететін әйел – сүйкімсіз. Әйел – Ханым деңгейінен түспеу керек. Әйелдің өліп-өшіп сүйгені жоғалса, құны кетеді. Сыртқа қарап мөңіреу сонда басталатын шығар…

– Бала тәрбиесінің тамыры қайдан бастау алады? Өз тәжірибеңізден айтсаңыз…

– Балаларымызды тәрбиелеу бір сәт те толастамау керек. Әсіресе, ұлттық қаны қою болсын десеңіз, шәй үстінде де, әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, баланы баулып отыру керек. Жасынан өз халқының дәстүр-салтына үйір болған бала бөгдеге мойын бұрмайды. Жаңа Зеландияда оқып жатқан немерем Айдана мен Айсана демалыстарына келгенде домбыраларын арқалап кетті. Канадада оқып жатқан немерем Дастаннан: «Қашан елге қайтасың?» – деп сұрасам: «Құдай қаласа…»,– деп сөз бастағанда, біздің қалай қуанғанымызды көрсең ғой!

Лондонда Колчестор университетінде оқып жүрген үлкен немерем Дидар: «Биыл әжемнен көргенім бойынша наурыз көжені өзім пісіріп, пакистандық достарымды қонақ еттім», – деп айтқанда, мен осы балалардың атасы екеніме тәубе еттім.

– Ауылдың саф ауасын, жалаңаяқ жүгірген қара топырағын, қазақи адамдарын, бір сөзбен айтқанда туған жерді сағынғанда аңсауыңызды қалай басасыз?

– Мен өз ауылым туралы үнемі жазып жүрмін. «Екі тізгін, бір шылбыр» деген кітабымда бірнеше очеркі өз аулыма арналған. Ұлытау ауданының Қарақұм елдімекеніндегі шағын ауылыма былтыр өз қаржыммен мешіт салдырып бердім. Жылына бір бармасам, тарығып жүремін. Бір шаруа тындырсам, осыны менің ауылым естіді ме екен, солар риза болды ма екен деп, ойлап жүремін.

– Бүгінгі Жүрсін Ерман есімінің асқақтауына, яғни осы биікке жеткізген кімдер немесе қандай өсу баспалдақтары дер едіңіз?

– Жүрсін Ерманды осы азды-көпті биігіне шығарған отбасының қолдауы, Алланың ризашылығы. Басқа ешкім де емес!

– Жүрсін аға, «Қазақстан» ұлттық телерадиосының бас директорлығы қызметінде санаулы ай ғана отырдыңыз. Оның өзіндік себептерін белгілі бір басылымға берген жауабыңыздан оқырмандар қанық. Өкініштісі, сіздің жоспарлап, дайындыққа кіріскен біраз жобаларыңыз жүзеге аспай қалды…

– Менің бүкіл саналы өмірім 1971 жылдан бері Қазақстан телерадиосының шаңырағының астында өтіп келеді. Бірде босағасына шығып қалам, бірде төріне көтерілем. Радионы көркейтем деп қатты қажырмен кірісіп едім, көкейін ақша тескен қулар жұмыс істетпеді. Бірақ өзіме сенген адамдарды далада қалдыру – дағдымда жоқ.Ең бастысы қызмет емес, Абайдан қалған Қалам аман болсын!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қызжібек БӘКІР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *