ӨЗ ӨНЕРІМІЗДІ ӨЗІМІЗ ТҰНШЫҚТЫРДЫҚ

Жүрсін ЕРМАН,

Айтысты ұйымдастырушы

– «…Менен дәрмен кетті енді.

Кешір мені!

Сенсіз алға жылжиды көш ілгері.

Бар қазақтың аузына құм құйғаны –

Айтыс, сенің үніңді өшіргені», – деп аяқталатын «Айтыспен қоштасу» атты өлеңіңізді оқыдым. Аға, шынымен-ақ айтыспен қоштастыңыз ба?

Дастан, Алматы

– Айтыстың тоқтатылғанына бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде оның жабылуына жол бермеуге тырысып, әбден сергелдеңге түстім. Айтыстың эфирден көрсетіліп келе жатқанына 25 жыл толуына орай Түркияға барып, айтыс өткізу туралы жоспармен 2008 жылдың желтоқсан айында Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсеновпен бірге Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауына бардым. Ол кісі де айтысты қолдаған демеушіміздің бірі еді. Өзі де бізді шақыртқалы отыр екен. Сол жерде бізге Елбасының айтысты тоқтатуға тапсырма бергенін жеткізді. Бұдан кейін біз не істей аламыз? Әрдайым ақындардан ұлт арасын бүлдіріп, халықты төңкеріске үндейтін сөз айтпауды талап етеміз. Шабыттанып, арқаланып алған сәттерінде олар қоғамдағы келеңсіз жайттарды да айтып салады ғой. Ақиқатты айта алмаса, несі айтыс? Мысалы, бір ақын: «Кешегі алтын киген сақ бабаның ұрпағы едік. Бүгін неге біз секонд-хэндтен еуропалықтардың қалдық киімдерін киюіміз керек?» – дегенді айтты. Бұл – биліктегілердің шамына тиетін емес, жұрттың намысын қайрайтын сөз ғой. Осы секілді әңгімелердің астарын дұрыс түсінбегендер мемлекет басшысына оны мың құбылтып жеткізіп, ақыры айтысты жаптырды. Небір ғажайып талантты ақындар шығып келе жатыр еді. Өз өнерімізді өзіміз тұншықтырдық.

– Сонда айтыс енді мүлде өткізілмей ме?

– Жылына екі рет өткізілуі керек еді. Бірақ білмеймін… Айтыс – менің жеке басымның шаруасы емес. Маңдайыма айтыс өнерін көтеруді, оның бейнетін де кешуді, қызығын да көруді бұйырыпты. Бірақ мен шаршадым. Айтысқа қарсы жұмыс істейтіндермен алысудан, еріккен қазақтың дау-дамайынан шаршадым. 1992 жылы біраз уақытқа телевизиядағы қызметтен кетіп, бес жыл бойы айтыстың жұмысымен айналысқан жоқпын. Сонда ешкім ештеңе істеген жоқ қой! Мені сынап жүргендер мықты болса, сол кезде неге қолға алмапты?! Біраз үзілістен кейін «Хабар» агенттігімен келісімшарт жасасып, 1997 жылы айтысты қайта жаңғырттық. Оны өткізу үшін демеуші іздедім. Содан бері айтыста сан түрлі маркалы 150-ден астам машинаны елге тараттық. Оны үкімет берген жоқ. Әркімнің тілін тауып, көңіліне қарап жүріп таптым. Сонда да сынаушылар көп. Осы біздің халықтың көре алмайтыны жаман. «Жүлдені анау емес, мынау алу керек еді» деп те жатты. Мүмкін, расында да уақытында кейбір таланттарды тани алмаған шығармыз. Бірақбарынша әділ болуға тырыстық. Жүлделерді бөлуге менің ғана ықпалым жүрмейді, қазылар алқасындағы білікті мамандар талқылап, бөледі.

– Жүрсін аға, айтысып отырған ақынның аузына мүлдем сөз түспей қалған кездерге куәгер болдыңыз ба?

Римма,

Саға ауылы, Мұғалжар ауданы,

Ақтөбе облысы

– Сөз таппай отырып қалған ақынды көрмеппін. Айтыс – арнайы оқу бітіруді талап ететін өнер емес. Ол – ақынға табиғаттан келетін қасиет. Рас, ақындардың деңгейі әртүрлі болады. Арнайы дайындалып, тіпті айтатын сөздерін алдын ала жазып, жаттап келетіндер де бар. Бірақ мұны ағаттық деуге болмайды. Айтар ойы мен сөзін жинақтап келу кемшілікке жатпайды ғой. Ақын екенмін деп сахнаға шыға салып, әләуләйлімге баса бермейтін шығар? Екі сөздің басын құрау кез келгеннің қолынан келеді. Алдын ала дайындаса да, ол – өзгенің емес, өзінің сөзі. Сондықтан ақынға сахнаға еш дайындықсыз шықсын деген талап қою – қателік. Дайындықсыз келген ақын қарсыласына оңтайлы жауап бере алмайды. Алдын ала қарсыласын зерттеген ақындардың айтысы өте тартымды әрі қызықты өтеді.

– Айдың-күннің аманында айтыс өнерінің қңыспаққа түскеніне таңым бар. «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясы мен Қазақ радиосында басшылық қызметтен де кеткеніңізден хабардармыз. Қазір қайдасыз?

Әсем,

Алматы

– Адам болған соң, тіршілік етіп, отбасымды асырауым керек қой. Мені түсінген жаны жомарт азаматтар жұмысқа алды. Қазір «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы президентінің кеңесшісімін.

– Жүрсін аға, қазақ ежелден жаз жайлауда, күз күздеуде көшіп-қонып күн кешкен халық қой. Тегіміз ауылдан болғасын аңсарымыздың да сол жаққа ауып тұратыны рас. Қазір ел алдында жүрген танымал азаматтардың дені қалада емес, далада туған. Өзіңіз балалық балғын шағыңыз өткен өңірге жиі барып тұрасыз ба?

Еркін,

Созақ ауданы, ОҚО

– Жұмыстан босай қалсам, ауылға кетіп қаламын. Менің балалық шағым қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданының Байқоңыр кеңшарының алыс түкпірінде орналасқан Құлжанбай деген құмды ауылда өтті. Өкініштісі, қазір бұл ауыл бірте-бірте бытырап, тарап жатыр. Достарымның, балаларымның көмегімен бірер жыл бұрын сол ауылға мешіт салдырған едім. Жақында барып, сол мешітте намаз оқитын адамның қалмағанын көріп, жүрегім ауырды. Ауыл адамдарының көбі көшіп кеткен, 400-дей ғана тұрғын қалған. Сенсеңіз, былтыр мектепті бір-ақ оқушы бітірді! 25 мұғалімнің бәрі жабылып, соған ғана сабақ берді. Есесіне, ол бала керемет білім алып шықты. Ал биыл үш-ақ бала тәмамдапты. Ұстаздар бірінші сыныпқа баратын оқушы таппай әлек. Жалпы, ауыл иесіз қалып барады.

– Сол мектепте өзіңіз де оқыған шығарсыз?

– Иә. Былтыр мектептің 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алғашқы сынып жетекшім – Сапарғали Кентаевпен жақында ғана жолығып келдім. Жасы 70-ке келсе де, әлі тың екен. Ауылда мұғалім жетіспегендіктен, барлық пәннен өзі сабақ беретін. «Мерекелік кештерге үнемі сен қатысатынсың. Тақтаға тапсырманы жазып қойсам, елден бұрын орындап, екі қолыңды партаға қойып отыратын тәртіпті оқушы болдың» деп ұстазым менің оқушылық өмірімді есіне алды. Екеуіміз біраз сырластық…

– «Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді,

Ертегіні тәуір көрем мен тегі.

Осы күні ойлап көрсем, жасымда

Шешем маған айтпапты еш ертегі», – деп жырлайсыз «Ертегі» атты өлеңіңізде. Балалық шағыңыз қалай өтіп еді, аға?

Жансая,

Сарыжаз ауылы, Райымбек ауданы,

Алматы облысы

– Рас, шешемнің бізге ертегі айтуға уақыты болмады. Жеті жасымда әкем өмірден өтті. Сөйтіп, анамның тәрбиесінде өстім. Бізді жеткізу үшін ол кісі затының әйел екеніне қарамастан отын да, су да тасыды, мал да бақты, тіпті мектептің еденіне дейін жуды. Өмірдіңталай қиындығын көріп, тауқыметін тартты. Бала болсам да, оны сезетінмін. Сол күндері «Ең болмаса, жасым жиырмаға келгенше анам тірі жүрсе екен» деп, ол кісіге жақсылық көрсетуді армандайтынмын. Жаратқан Ием тілегімді қабыл алып, шешеме 90 жасқа дейін өмір берді. Ол кісі мен 49-ға келгенде дүниеден өтті. Өмірінің соңғы жылдарында Алматыға әкелдім. Қолын жылы суға малып, дүниенің рахатын көрсеттім. Ешбір айтысты жібермей, көрермендер залының бірінші қатарында отырып тамашалайтын. Бала-шағасының, немерелерінің ортасында әдемі болып, өмірден өтті.

– Әкеден ерте айырылғасын жұмысқа да буыныңыз қатаймай араласқан шығарсыз?

– Иә, жоқшылық бүйірден қысқан соң, жұмыс істеуге тура келді. Еңбек жолымды 15 жасымда аудандық газетте әдеби қызметкер ретінде бастап, 17 жасымда бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Жұмысшы жастардың кешкі мектебін аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа (қазіргі АлМПУ) оқуға қабылдандым. Бір жылдан кейін жазғы демалыста ауылға барсам, әкемнің малшы інісі: «Қандай оқу оқып жатырсың?» – деп сұрады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатынымды айтқанымда, ол кісі: «Сол үшін Алматыға кеттің бе? Сапарғали (ауылдағы мұғалімімді айтып отыр) сырттай оқып-ақ мұғалім болған», – деді кекетіп. Осы сөзден кейін мұғалім болғым келмей, дереу қалаға келдім де, оқудан шығып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне қайта тапсырдым. Сол бала қылығыма әлі өкінемін. Себебі, пединститутта оқыған бір жылда қазақ филологиясы тарихындағы алып тұлғалар – Мәлік Ғабдуллин, Фатима Мұсабекова, Шайқы Кәрібаевтардан сабақ алғанмын. Оқудан бас алмай, бір жылды кітапханада өткіздім. Сол бір жылдық білім ҚазҰУ мен Жоғарғы партия мектебін бітіргенше жетті. III курсқа келгенде журналистикада оқудан да жалыға бастадым. Сөйтіп, сол кездегі Торғай мен Жезқазған облыстарының басшыларына білімімді, тәжірибемді айтып, жұмыс істегім келетінін жеткізіп, хат жаздым. Көп кешікпей Торғай облыстық газеті мен Жезқазған облыстық телеарнасына жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Жезқазғанға баруға келістім, себебі, олар маған үй беретінін айтты. Ол уақытта екі балам бар-тын, әйелім үшінші перзентке жүкті еді. Өзім 17 жасымда үйленгенмін. Сөйтіп, 1971 жылы 20 жасымда телеарнаға аға редактор болып қабылданып, жұмысқа кірістім. Айтқандарындай бір жарым айдан кейін үш бөлмелі пәтер берді. Сол жерде 9 жыл жұмыс істеп, бас редакторлыққа дейін көтерілдім.

– Жүрсін аға, Еркін Нұржановтың орындауында көптің көңілінен шығып жүрген «Жалғыз ұлға» деген әннің сөзін сіз жазған екенсіз. Қазақ «Жаман ырымға балама» деп жатушы еді, сонда да тамаша әнді тыңдай бергің келеді. Әннің шығу тарихы қалай?

Ерлан,

Семей қаласы, ШҚО.

– Бұл өлеңді жалғыз ұлым Дарханға арнап жазғанмын. 2006 жылы «Құдіретке жүгіну» деген кітабым шыққан. Сазгер Жарылқасын Дәулет кітаптан осы өлеңді көріп, оған әуен жазыпты. Екеуміз ақылдасып, әнді Тұңғышбай Жаманқұловқа бергенбіз. Сол жылы ол жеке ән кешін беруге дайындалып жүрген-ді. Әнді жаздырып біткеннен кейін, аяқ астынан Тұңғышбай ойланып, оны орындаудан бас тартты. Жаман ырымға баласа керек. Сосын Жарылқасын оны Еркінге беріпті. Еркін нақышына келтіріп, жүрегімен орындап жүр. Елдің көңілінен шықты. Бірде Жезқазғанға бара жатып, жол-жөнекей балаларым шомылайық деген соң Балқаш көліне тоқтағанбыз. Сонда қасыма бір кісі жүгіріп келіп: «Жүке, көлігімнің ішінде сіздің әніңіз бар. Менің де Дархан деген жалғыз ұлым бар. Әнді бірге отырып тыңдайықшы», – деп, «Өзімнің өлеңім ғой, оны несіне тыңдай беремін» дегеніме қарамастан, ертіп апарды. Біздің халық «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» деген ғой. Қарап отырсаңыз, бұл үлкен – трагедия.

– Жүрсін аға, сіз әзіл-сықақ театрларының назарына жиі ілінесіз. Сізге үнемі пародия жасап жатады. Бұған ренжімейсіз бе?

Еркебұлан,

Шымкент

– Керісінше, Олжас Сыдықбеков маған пародия жасап, мазақтаса екен деп отырамын. Олжас Максим Галкиннен еш кем түспейді. Максимнің сайқымазағынан гөрі Олжастың мағыналы әзілдері қазаққа әлдеқайда пайдалы. Қайбір жылы Республика сарайында Евгений Петросянның шығармашылық кеші болды. Сонда сахнаның артында Петросяннан сұхбат алғысы келіп жүрген Көпен Әмірбекке «Көпен, Петросян сенен сұхбат алсын, сен одан да мықтысың» дегенмін.

– Жүрсін аға, тәуелсіз Қазақ мемлекетінде тек қазақ тілінде сөйлейтін

жлғыз ғана радиоарнаның жұмыс істейтіні жанға батады. Біраз уақыт осы мекемеде басшы болдыңыз ғой, пікіріңізді білейін деп едім?..

Ерлан Қабатай,

Семей қаласы, ШҚО.

– Тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін арна жоқ. Сен айтып отырған Қазақ радиосы 83 пайыз ғана қазақша сөйлейді, қалған 17 пайызы өзге 8 тілге бөлінген. Бұл біздің елге аздық етеді. Әлі күнге дейін еліміздің Ресеймен шектесетін аймақтары Қазақ радиосының үнін өшіріп қойып, орыс радиоарналарын тыңдап келеді. Осы мәселені көтеріп, Қазақ радиосында өзім жұмыс істеген жылдары сол өңірдің басшыларына хат жолдадым. Телеарналардың да 50/50 дегендері жәй көзбояушылық. Қазақтіліндегі дүниелерді тек түнде береді. Ол уақытта кім тұрып теледидар қарайды? Қазақ телерадиоарналарының кәсіби деңгейін көтеру үшін оның басшылығына сол саланың мамандарын әкелуіміз керек. Әйтпесе, қазір оны тек креслода отырып, ақша табуды ғана көздеген экономист, бухгалтерлер басқарып кетті. Керісінше, сол саланың мамандарының көбі жұмыссыз жүр. Өзіңіз айтыңызшы, қазір эстрада мен шоу-сымаққа құрылған жеңіл-желпі бағдарламалар көбейіп кеткен жоқ па? Елдің келешегін ойлауға шақыратын, кәсіби негіздегі, қызыға көретін дүние жоқ. Бізде техника жетерлік, бірақ оны пайдалана білетін мамандар кем. Радиоарналардың тарау кеңістігі тар. Осыдан-ақ тіліміздің тағдыры әлі қыл үстінде тұрғанын байқауға болады.

– Болашақта журналист болғым келеді. Бұл маман иелерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Жансәуле,

Талдықорған

– Кәсіби біліміңмен бірге ұлттың ертеңін ойлайтын, елге жаның ашитын адам болсаң, сенен мықты журналист шығуы мүмкін. Қазір «қазақ журналистерінің деңгейі төмен» деген пікір бар. Бекер сөз. Біздің журналистер ешкімнен кем емес. Керісінше, орыстілділерден артық, ой-өрісі әлдеқайда кең. Себебі, екі тілді де біледі. Оларға тек жұмыс істеуге мүмкіндік жасап, қолдарына билік, қиялына еркіндік беру керек.

Жазып алған Анар ӘЛДИБЕКОВА

ЕНДІ АЙТЫСТЫҢ МАҢЫНАН ЖҮРМЕСПІН

– «Есейтті, есейтті ғой өмір бізді,

Өткіздік басымыздан небір күзді»,– деп жырлайсыз. Балалық шағыңыз ауыр болды ма? Екінші сұрағым, Жүрсіннің қазіргі жағдайын жылдың қай мезгіліне балаған болар едіңіз?

Әмина, Шиелі ауданы, Қызылорда облысы

– 1951 жылы әлі жұрт соғыстан ес жия алмай жатқанда дүниеге келдім. Кейін сол күндердің естелігі ретінде «Шықпаған кез елдің әлі бүйірі, Ең тәуір ас жүгерінің түйірі…» деп басталатын өлеңімді жаздым. Балалық шағым қандай болса да, неғұрлым егде тартқан сайын сол балалық шағыма қайта оралғым келе береді. Бұл – Аралдың Қарағұмына сұғына түсіп жатқан Құлжанбай деген шағын ауылда өткізген, жасым 13-ке дейінгі жылдарым ғой. 1- сыныпта оқып жүргенімде әкем қайтыс болып, шешемнің қолында, ағайын-туыстың арасында өскен жоқ-жітік жылдар осы «болған – толған» шағымнан гөрі бақыттырақ сияқты. Бұйығы ауыл, керек — жарағың қандай аз болса, армандарым сондай көп аңғал күндер, ешкім мені алдамаған, өзім де ешкімнің көңілін қалдырмаған кезім… Соғысқа барып келген әкелерім де, «Молдаштың кенжесі ғой» деп арқамнан қағып айналып толғанатын аналарым да көп, менен үміт күтетін Әбсат, Мейрам, Ашубай, Әбілқас, Ахат, Танай, Іскендір, Мүгір секілді көкелерім де қалың, алаңсыз шағым, «Бәйге күрең» деген жүйрік атыма тақымым тисе жетімдігімді де, жоқ – жітікті де ұмытып кететін алаңғасар күндерге орала алмайтыным өкінішті – ақ.

Қазіргі жағдайымды жылдың қай мезгіліне балаған болар едім? Әйтеуір, оның қыс емес, шыбынсыз жаз да емес, сірә, ертелеу түскен күз шығар деп ойлаймын…

– Күнде не ойлайсыз?

Шолпан, Алматы

– Менің ойламайтыным жоқ. Нені ойламаймын?! Қоғамдағы барлық болып

жатқан жағдайды жүрегімнен өткіземін. Адамды қартайтып жіберетін де – осы ой. Кейінгі кезде шаршап жүргенімді жасырмаймын…

Аға, ренжімеңіз, Ринат Зайытовпен араларыңыз не болды? «Ер шекіспей, бекіспейді» деуші еді… Ринат айтысқа қайта оралды ма?

Айнара, Торғай ауылы, ШҚО

– Неше рет қайталап айтамын, Ринат менің балаларымнан да кіші, өзім Семейден тауып әкелген дарынды бала. Ептеп «Жұлдыз ауруына» шалдыққанын да өзі мойындаған. Қытайдағы қандастарымыздың ішінен шыққан айтыс ақындары Астанаға келгенде, солармен айтыспаймын, олармен «келісіп» айтысу мүмкін емес дегені үшін менің «кәріме» ұшыраған кезі болған. Одан бері қанша уақыт өтіп кетті, одан бері Ринат менің қанша айтысыма қатысты. Айнара қарағым, ай қарап жүрмісің?

– Айтыс туралы шығаратын газетіңіздің жайы не болып жатыр?

Дархан, студент, Алматы

– Айтыс туралы шығарамын деген газеттің мерзімі енді туды – ау деймін. Тіркетіп алдық. Ептеп қаржы таптық. Ұзамай жарық көріп қалар.

– Біраз жыл бұрын «Парламентке барып халықтың сөзін сөйлеймін, жоғын жоқтаймын, ақиқатты айтамын» дегенім пендешілік екен» деп сұхбат беріп едіңіз. Халқыңыз қолдап-қуаттаса сайлауға қазір түсер ме едіңіз? Бірақ, аға, депутат болсаңыз «бұзылып» кететін сияқтысыз, соның қажеті қанша?!

Ернар, Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы

– Екі рет, 1994-1999 жылдары депутат болуға талпынып көрдім. Енді сайлау атаулының маңынан жүрмеймін деген сертім бар. Біріншіден сайлау деген аты болмаса, шындығы жоқ сайқымазақ қана. Екіншіден, осы қазіргі парламентке ел сөзін сөйлейтін ер бар ма. Олардың санын көбейтіп не опа табарсың?

– Жұрт арасында «Жүрсін айтыс арқылы өз иммиджін қалыптастырды, қалтасын қалыңдатты» керісінше «Жүрсін ешкімнен атақ-абырой сұраған жоқ. Айтыс Жүрсінді емес, Жүрсін айтыстың атағын шығарды»деген пікірлер бар. Бұған қандай уәж айтасыз?

Мөлдір, Қосшағыл ауылы, Жылыой ауданы, Атырау облысы

Айтысты Жүрсін көтерсе, Жүрсінді Айтыс көтерді. Екеуі де ақиқат. Кімнің қалтасын кім қалыңдатты? Қалыңдатты ма? Бұл да бір анықтайтын мәселе. Отыз жыл айтыспен айналыстым. Дәл бүгін, Астанада «Ел. Елбасы. Астана» атты айтыстың жұртында отырып, ақындарды еліне аттандырып, не билікке жақпай, не ақын бауырларымның жағдайын жасай алмай, қарыздың орынын қалай толтырамын деп уайым басып отырған сәтімде, «енді айтыстың маңынан жүрмеспін » деп баріп отырған уәдемді орындамасам, өзім де кемақыл адам шығармын!

Сәлеметсіз бе, Жүке! Қазір балаларымызды әскерге жіберуге қорқатын заман. «Молодойларды» «дедтер» төмпештеп ұрады» дегенді жиі естіп, зәрем ұшады. Тіпті баламды жіберуге қорқамын. Жалпы, әскерде болғандарыңызда да мұндай әлімжеттік бар ма еді?

– Әскерде болғаным жоқ.

– Айтысқа жаңа леп әкелетін жас буындар бар ма? Және олар кімдер?

Арман, Шәуілдір ауылы, ОҚО

– Қазіргі айтыс – жан – жақтан құйылатын бұлақтарды қосып алып жатқан ағысты дария. Жаңа дарындар жыл сайын ашылып жатыр. Үш ақ күн бұрын Айнабек, Ершат деген жас ақындарды тауып, қуанып қалдым. Соңғы бірер жылда Аспанбек, Қанат, Жақсылық деген ақындар да осындай жолмен қатарға қосылған. Кеше жүлде алған Мейірбек Сұлтанхан мен Сырым Әуезхан күні ертең ешкімді іздетпейтін жүйріктер.

– «Жұрттар Жүрсіннің пошымын, бет әлпетін көріп шошиды, өйткені ешкім бетіне тура келе алмайтындай сұсты, айбатты жігіт. Бірақ оның бергі жағы бетпақ болғанымен, арғы жағы – аппақ. Мұның бетпақтығы да, аппақтығы да бірдей. Бірақ бетпақтығы бетінде тұрады да, аппақтығы жүрегінде тұрады…» деп Көпен аға айтып еді, мінезіңіз бүк пе, шік пе?

Гүлдәурен Сақова, Шымкент, журналист

– Жастау, қайраттылау кезімде Құлжанбайдан көрген таза қазақи тәрбиемнің арқасында, ешбір қиянатқа төзбей, «арс» ете қалушы едім. Қазір өзімнен басқаның бәрін төбеме көтеретін жалпақ шешеймін. Мінез деген сол емес пе?!

– Жарыңыз Бақытжамал апай диктор екен. Ол кісімен қалай бас қосып жүрсіз?

Сәуле, Сарыкемер ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы

– Еске түсірейік… Бақытжамалмен 1966 жылы Ұлытау ауданының Боздақ деген ауылында таныстым. 1968 жылы жұмысшы жастардың кешкі мектебінің 11-сыныбын бітіргелі жүріп үйленіп тындым.

Ей, ардақты анасы үш баламның,

Есіңде ме беліңнен ұстаған күн?

Қараң қалған күн болып көрінетін,

Маған сені сүймеген, құшпаған күн!

Менде орыны толмаған бір өкініш болса, ол – осы әйелдің бағын аша алмағаным. Ол бұдан гөрі бақытты, бақуатты болуға лайық еді. Бар өмірін мені аялауға, мәпелеуге, бағып – күтуге, баптауға арнады. Өз дарынын елеусіз қалдырды. Айтысқа менімен бірге қызмет етті. Осы күнгі «мен диктор едім» деп жүргендердің барлығы жиылып Бақытжамалдың қолына су құя алмайды. 25 жыл диктор болып, редактор болып келіп, менің көлеңкемде қалды. Енді немерелерімнің тәрбиесі үшін прәруана болып жүр.

«Бәлкім маған талай қыз болды зәру,

Менің мәңгі сүйгенім – жалғыз ару!»

– Дулат Исабеков екеуіңіздің араларыңызда қандай келіспеушіліктер бар? Бұл жайында өз аузыңыздан естісем деп едім…

Манас, Боралдай ауылы, Іле ауданы, Алматы облысы

– Қазақтың айтыс секілді атамұра өнерін жоққа шығарып, арпалысып жүрген Исабеков секілді кісінің жазушылығына да күмәнім бар. Бекарыс Шойбековтың сөзімен айтсақ,

«Кластағы баланың сөзін айтып,

Классик болып жүрген осы ғана!»

– Жеке шығармашылығыңызға түбегейлі бет бұратын ойыңыз бар ма? Сіздің ақындығыңыз көп ақынға қарағанда көшілгері ғой, аға.

Шынар, Екібастұз

– Бүгін өзіме «Енді қалған ғұмырымды жеке шығармашылығыма арнаймын» деп уәде бердім. Бірер айдың ішінде «Анарыс» баспасынан бір томдығым жарыққа шығуы керек. Сонымен әуремін.

– Қиналған, ашуланған кезде өзіңізге қалай басу айтасыз?

Дәулет, Төңкеріс ауылы, Шиелі ауданы, Қызылорда облысы

– Абай «Бәрі өтпелі болса, жаманшылық неге тұрақтап қалады деп ойлайсың?» деген. Абайдан барлық нәрсенің шешімін табуға болады.

– Заманауи адамсыз ба, аға? Смс туралы жазғаныңызды оқып, «Бұл кісі де смс жазады екен ғой» деп таңғалғанмын…

Зейнет Шолақова, Ақтау

– (Күлді). Заманға қарай бейімделген дұрыс қой… Смс жазудың ұстасымын. «Күлтөбеден» оқығансың ғой: Ұялы телефонның хат жазу мүмкіндігін кеңінен пайдаланып жүргендердің бірі мен шығармын. Бір ғажабы, біреулердің маған жазған хаттары да, менің біреуге жазған хаттарым да арнайы өшіріп отырмасаң, телефонның жадында жиналып тұра береді екен. Қайталап оқысаң, өткен өмірің есіңе түсіп, санаңда жаңғырып, сол сәттерді қайтадан басыңнан кешкендей боласың. Тағы бір қызығы, хаттарды өлеңмен жазғанға ештеңе жетпейді. Әсіресе, таңы өлеңмен атып, күні өлеңмен бататын, айналасын ақындар қоршаған мен сияқты кісіге өлең-хаттардың қадірі бөлек». Қарындасым, жасың ұлғайған сайын дүниеде болып жатқанның бәрі жүрегіңе әсер ете береді…

– Тағы бір сұрақ. Кейінгі қазақ киноөндірісінде бірде датталып, бірде мақталып жүрген кинорежиссер Ермек Тұрсынов «мен қазақ жазушыларын оқымаймын, оқитын түк жоқ. Ақындардан Жүрсін Ерманның өлеңдерін оқимын» дегенін оқып, таңқалдық. Ол кісінің шығармашылығына көзқарасыңыз қалай, өзі?

Ермек Тұрсынов осыдан жиырма жылдай бұрын менің жыр кітабымды менімен келіспей ақ орысшаға аударып әкеп берген еді (жариялаған жоқпын). Қазір қазақ киносында құбылыс тудырып жүрген бұл талантты адамның ең үлкен айыбы – асығыстық. Өйткені, қазақ қоғамы Ермектің ойларының биігіне шығуға әлі дайын емес. Ол – креативті ойдың адамы. Әлі бағасын алады.

«Қай жерде, мейлі қай елде,

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң, оныңды,

Әйелге барып дәлелде!

…Әйелсіз қонды бақ қашан?

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң!» – деген өлеңіңізді отырыстарда жиі оқып беремін. Өзіңіз әйеліңіздің қадіріне жеткен ер-азаматсыз ба? Бір бағдарламада «отбасында әйел бастық қой» деп күліп едіңіз…

Шалқар, Шымкент

– Дұрыс, айналайын. Осы «Әйелге ода» деген өлеңге жақында бір шумақ қостым.:

Қазақтың жөнсіз нақылы,

Болсаң да әлем ақыны.

Жетеді билеп – төстеуге

Әйелдің қысқа ақылы.

Оған қосарым: Қасым Аманжоловтың мерейтойындағы мүшайрада

ынталандыру жүлдесін алған «Қасымның жары» деген өлеңімде мынадай жолдар бар:

Торғын деп киіп ескі көйлекті,

Қасыммен бірге кешті бейнетті.

Тарпаңдау ақын тарыққан жардың

Кейіген сөзін естімей кетті.

Қосылып үні егіз бұлақтың,

Жемісін халал жегізді бақтың.

Сегіз жыл бірге кешірді ғұмыр,

Салтанатындай сегіз жұмақтың.

Сөзбенен сомдап таза сымбатын,

Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.

Ақылман әйел – ақынның бағы,

Ақынның соры – мазасыз қатын!

– Мен сіздің жерлесіңізбін, аға. Сізді мақтан тұтамын. Айтысқа араша болып жүрген жанашырлығыңызға тәнтімін. Айтыстың тағдыры не болды, аға?

Кәусар, Ұлытау ауданы, Қарағанды облысы

– Рахмет, Кәусар! Айтыстың тағдыры бұдан әрі не болатынына менің көзім жетпейді. Кеше аяқталған «Ел. Елбасы. Астана» атты айтысқа ешкім қол созбай, ақын бауырларымның алдаспан сөздері аяқ асты болған соң, мен де өз жөніме кеткенді жөн көрдім. Ел іші ғой, біреу болмаса біреу бұл істі әрі жалғастырар. Мен қажыдым.

– Жүрсін аға, Еркін Нұржановтың орындауында Сіздің өлеңіңізге жазылған:

Сен сенгенім,

Сенсіз жерде түседі еңсем менің.

Қапияда көз жазып қалам ба деп,

Көтере алмай еңсемді кемсеңдедім, – деп басталатын тамаш бір әні бар, ұлыңыздың жалғыздығы жаныңызға батпай ма? Перзенттеріңіз туралы…

Зере, Алматы

– Бұрынғылар «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, Екі ұлы бардың өкпе-бауыр жалы бар, Үш ұлы бардың Самарқан мен Бұхарада малы бар, Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар» деп бекер айтпаған. Жалғыз ұлы бар әкенің жүрегі басқаларға қарағанда бөлектеу, шырағым. Қайтсем соны жетілдіремін деп шыбын жанын шүберекке түйіп, аман болса екен, қиналғанын Алла көрсетпесін деп тілінген жүректің, бақытты болуын сұрап, Жаратқанға артқан тілектің өлшемін қандай таразы өлшей алардейсің?! Перзенттерім қарапайым, әрқайсысы әупіріпдеп өз шаруасын атқарып жүр. Бір қызым режиссерлік қызметін атқарады. Екінші қызым тіл мен әдебиет маманы. Қазір шағын кәсіппен айналысады. Жалғыз ұлымның мамандығы – дипломат. Қазір өзінің біліктілігінің арқасында үлкен бір мекемені басқарып отыр. Жалғыз болса да еркелеп, атымды пайдаланып, маған сөз келтірген жоқ. Шүкір, немере сүйдіріп, ата атандырып отыр. Бетіме қарсы келген емес. Құдай жалғызсыратпасын!

Сұхбатты жүргізген

Әлия Құдайбергенова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *