“Айтыс” десе – Жүрсiн Ерман, “Жүрсiн Ерман” десе – айтыс еске түседi. Екеуi екi бөлек ұғым болса да, бiрiнен бiрiн ажыратып қарау қиын. Тiптi, бүгiнде жұрт айтысты Жүрсiн Ермансыз елестете алмайды. Сондықтан, айтысты iздесе де, айтысты жоқтаса да, көпшiлiк Жүрсiн ағадан сұрайды. Бiздiң де ақынға қояр алғашқы сауалымыз осы болды.
— Қазақ дейтiн халық ұлттық дәстүрiмiзден, ұлттық менталитетiмiзден ажырап бара жатырмыз деп жиi айтып жүрмiз. Айтыс та — қазақтың ұлттық түп-тамыры. Халықты өзiнiң тамырынан ажырату мүмкiн бе?
– Философиялық сұрақ қойып отырсың. Уақыт орнында тұрмайды. Заман өзгередi. Көзқарастар да өзгередi. Ұстанымдар да өзгередi. Барлық өзгеретiн нәрселер сияқты, қазақ дейтiн халықтың да менталитетi, болмысы, бiтiмi өзгермей, уақытқа қарай бейiмделмей тұра алмайды. Асылық айтпай-ақ қояйық, осыдан жиырма бес жыл бұрынғы қазақтың көзқарасы қазiргi қазақтың көзқарасымен сәйкес келмейдi. 1990 жылдары «Айтыс ХХI ғасырға бара ма?» дегенде, шын сенiмiммен «бармайды» деп есептеп едiм. Өйткенi, өзiң де бiлесiң, сол жылдары тiлiмiз мүлдем өшiп, сөнiп бара жатты ғой. Сол кезде қазақтың табиғатымен бiте қайнасқан айтыс өнерi де бiр күндерi өшедi ғой, сөнедi ғой деп ойлап едiм. Айтыс деген жалғыз қазақта ғана болған өнер емес. Арабтарда да болған. Пайғамбарымыздың тұсында араб жазирасы нағыз жырдың, шешендiк өнердiң кемелiне жетiптi. Құранның өзi өлеңмен жазылған. Басына сәлде салған молдалар құран оқығанда көп мән бере бермеймiз. Мәтiнiне қарасаңыз, құран түгелдей өлеңге құрылған. Өлеңнiң, жырдың, шешендiк өнердiң кемелiне келiп тұрған тұсында осылай сөйлеу, осылай айту, осылай жазу заңдылық та едi. Тiптi, сол елдерде айтыс өнерi де қатты дамыпты. Скандинавия елдерiнде де айтысу салты болған екен.
– Үндi елiнiң фильмдерiн қарап отырсаңыз, олардың әндерiнде де айтыстың кейбiр сарындары бар сияқты.
– Рас. Сол елдердiң бәрi айтысынан айрылып қалған кезде, айтыс — қазақтың несiбесiне бұйырыпты. Кешегi ХХ ғасырдың басында дәуiрлеп кемелiне келген өнер жаңа ғасырға келмейдi деп ойладым. Бұл айтыс ХХI ғасырдың басында тiптi дәуiрледi. Өйткенi, қоғамға қажет болды. Бiздiң қазiргi тәуелсiздiгiмiздi алып, өткенiмiздi түгелдеп, жоғымызды жоқтап жатқан кезде, айтыстан қолайлы өнер болған жоқ деп ойлаймын. Бiр жағынан айтыс — жедел, оперативтi өнер. Театрда спектакль қою үшiн драматург пьесасын жазу керек, режиссер ол пьесаны қою керек, актерлер мәтiндi жаттау керек. Ал, айтыста қолма-қол, жедел, бүгiнгi болып жатқан оқиға бүгiн айтылады. Өте оперативтi, ыңғайлы өнер. Елдегi тiлге деген көзқарас, ұлттың өзiнiң тағдырына деген көзқарас, дiлге, дiнге деген көзқарас өзгерiп, «ел боламыз» деп есiмiздi жиған кезде, айтысқа деген сұраныс күшейдi. Бiз өте күштi пайдаландық бұл өнердi. Сондықтан, қазақтың болмысы өзгермей тұрмайды. Еуропаға төраға болдық деп жатырмыз. Адамның түсiне кiрмейтiн нәрсе. Бұған көп мән бермеймiз. Әйтпесе, кеше Жамбыл мен Әуезовтен басқа, есiмдерiн әлем бiлмейтiн, картадан қай жерде орналасқанын ешкiм бiлмейтiн Қазақстан — ендi аяқастынан Еуропаға төрағалық етiп, биiкке шығып жатса, неге қуанбаймыз?! Қазақтардың да әрнәрсеге көзқарасы өзгердi. Бiз қанша өзiмiздi-өзiмiз кемсiткенiмiзбен, халықаралық абырой дейсiз бе, ұлттық абырой деймiз бе, едәуiр биiкке көтерiлгенбiз. Қазiр Қазақстанды бiлмейтiн адам — сауатсыз, сорлы адам. Кеңестiк кезеңде Қазақстанды ешкiм бiлмейтiн. Өзiм де шет елге шығып жүргенiмде, талай куә болдым. Бiзден «қай елсiңдер?» деп сұрайтын. Сол кездерi «Бiз не сорлап қалған мемлекетпiз, не Еуропаның адамдары ешнәрседен хабарсыз» деп ойлайтын едiм. Олай емес екен. Бiз — ұлы мемлекетпiз. Бүкiл дүниежүзiнде жер көлемi жағынан 9-орында тұрмыз. Елдiң, ұлттың байлығы осы.
– 25 жылдан астам айтысқа еңбек еттiңiз. Айтыста талай дарындардың көзiн ашып, үлкен өнерге жол сiлтегенiңiздi де бiлемiз. Айтыс үшiн талай жүгiрдiңiз, айтыс үшiн талай қиналдыңыз. Сол айтыс сiзге не бердi?
– Айтыс маған бәрiн бердi. Тек, ол менен бiр ғана нәрсенi алып қойды. Мен жаманды-жақсылы өзiң сияқты журналист, әрi өлеңнiң отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген ақын едiм. Айтыс ширек ғасыр менiң уақытымды алды. Таза шығармашылықпен айналысқанымда, тек қана өлеңмен ғана шұғылданар едiм. Сонда мен қазiргiмнен гөрi, мықтылау ақын болар ма едiм, кiм бiледi?! Айтыс деген – менiң саналы ғұмырымның бес пайызын ғана алатын шаруа болу керек едi. Менiң одан басқа да шаруаларым толып жатыр. Шығаратын кiтаптарым — сол айтыстың көлеңкесiнде қалып қойды. Жасаймын десең, iстейтiн тiрлiк толып жатыр. Абайдың iзбасарымыз деп ойлаймыз. Бiрақ, айтысты көтеру үшiн, айтысты iлгерiлету үшiн көп жүгiру қажет болды. Айтыстың да маған бергенi көп. Айтыс — ақындардың аузымен, айтыстың тiлiменен, халықтың iшiндегi шердi шығаруға, мұңын жоқтауға, ұйымдастырушылық қызметiмдi көрсетуге, ұлтқа қызмет етуге көмегiн бердi. Екi ақынды ортаға шығарып қойып, елдiң алдында айтыстырып қою, оңай көрiнгенмен, оның да өзiндiк ньюанстары бар. Айтыстың көзге көрiнбейтiн кемшiлiктерi де жоқ емес. Кейде айтыстың арқасында сөз де естимiн, таяқ та жеймiн. Жаным күйзеледi. Бiр жарым жыл бойы айтыс жабылып қалған кезде, мен де тыпыршыдым, халық та тыпыршыды. Қайда барсам да, сұрақтар алдымнан кесе-көлденең шығып тұратын едi. Бәрiнiң де сұрайтыны бiр-ақ нәрсе: «Айтыс қайда? Неге өтпейдi? Неге жабылып қалды?». Сол сұрақтарға жауап ретiнде, өткенде 20-21 наурыз күндерi айтыс өткiздiк. Сол айтыстан кейiн, қазiр менiң iшiмнен шерiм шыққандай, арқамнан ауыр жүк түскендей, тынышталып отырмын. Өйткенi, елдiң iшiнде қордаланып қалған, жинақталып қалған дүниелердi айтыскердiң аузымен айтқыздық. Кешегi айтыста деңгейi жоғары екi айтыс болды. Мәселен, Айтақын мен баласы Жандарбектiң айтысы. Өте сауатты, деңгейi жоғары айтыс жасады әкелi-балалы екеуi. Мұндай айтыс көп бола бермейдi.
– «Қазақ әдебиетi» газетiне «Айтыспен қоштасу» деп өлең жаздыңыз. Сонда бiржола қоштасқыңыз келдi ме?
– Бiржола қоштаса алмадым ғой. Сол өлең шыққаннан кейiн, кеше 20-21 наурызда айтыс өткiздiм. Бiрақ, бiр жарым жылда айтысқа көзқарас өзгердi. Кешегi айтысты өткiзген кезде қаншама қиындықпен, қаншама қиналыспен өткiздiм. Көбi тiптi бiлмей де қалды. Айтыстың алғашқы жарнамасы Қазақстанда шығатын жетi-сегiз газеттiң барлығына берiлдi. Кiшкентай қып берсе де, үлкен қып берсе де, бәрiне берiлдi. Тек «Қазақ әдебиетi» газетi ғана соңғы сәттерге дейiн жарнамасын берiп отырды. Көп газеттер жарнамалай алмады. Телеарналар түсiрмедi. Сол жолы азаматтық шешiм қабылдайтын кезде кейбiр жiгiттердiң тайқып шыққанына жанымыз күйзелдi.
– «Соңғы айтыс ешқандай телеарналарға түсiрiлмедi» дейсiз. Тым құрығанда, таспаға басылып қалды ма?
– Өзiм архивке түсiрiп алдым. Жеке қалтамыздан қаражат шығарып түсiрiп алған таспаны үйге апарып қойдым.
– Айтысты арнайы бейнетаспалармен таратудың өзге жолы жоқ па?
– Дискiмен таратуға болар едi. Елдiң бәрi құлақтанып қалған. Тiптi, Еуропадағы «Азаттық» радиосы да бейнесайтына сұрап отыр. Қытайдағы бауырларымыз да таспасын сұрап отыр. Оны неге бере алмаймын? Өйткенi, түсiрiлген таспаны монтаждау керек. Оны монтаждау үшiн, арнайы студия қажет. Ал, студия жасау үшiн пәленбай мың ақша керек, бiрiншiден. Екiншiден, дискiсiн шығару үшiн де ақша керек. Ол менде жоқ.
«МЕН ҚАЗАҚПЫН» ДЕГЕН ҰЛТТЫҚ РУХТЫ СIҢIРМЕСЕК, ӘРI-СӘРI КҮЙ КЕШКЕНIМIЗ КЕШКЕН
– Ұзақ жылдар телеарнада журналист болып қызмет атқардыңыз. «Қазақ радиосын» да басқардыңыз. Телеарнада да басшылық қызметтерде болдыңыз. Журналистикаға еңбегi сiңген бiр ағамыз «журналистiң еңбегi еш, тұзы сор» деп едi. Сiздiкi де солай болып қалған жоқ па?
– Жалпы, менiң көзiмдi ашқалы көргенiм – журналистика. Он бес жасымнан аудандық газетте жұмыс iстедiм. Екi-үш жыл соның қара жұмысын атқардым. Сiздер, қазiр оңай газеттерде, үлкен газеттерде жұмыс iстейсiздер. Бiз қарiптердi қолымызбен теретiн едiк. Ол кездерi басылымды шығару процестерi өте қиын болатын. Бүкiл өмiрiм телевидение мен радиоға кеттi. Облыстық телеарна, облыстық радио, республикалық телевидение, республикалық радионың бәрiнен өттiм ғой. «Еңбегiм еш, тұзым сор» деп, журналист ретiнде өйтiп айта алмаймын. Өйткенi, қабiлетiмiз жеткен жерге дейiн жазам дегендi жаздық, айтам дегендi айттық. Ол жағынан өкпелей алмаймын. Журналист деген – шенеунiк емес. Бiр күнi қызметке келдiм, екiншi күнi кеттiм. Әйтеуiр, қолымнан қаламым түскен жоқ. Сондықтан, “түйе сияқты арқағаланым алтын, жегенiм жантақ” деп айтуға келiңкiремейдi. Тағдырымның қызықтылығы осында.
– Бүгiнгi телеарналарда, радиоларда берiлiп жүрген бағдарламаларға кәнiгi тележурналист ретiнде қандай баға бересiз? Көңiлiңiз толып, риза болатын сәттерiңiз бола ма?
– «Көрмейiн десе көзiм бар» дегендей, әсiресе, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының, «Хабар» телеарнасының жұмыстарын қарамай тұра алмайсың. Көзге бақырайып көрiнiп тұрады. Менi қинайтын, қажытатын нәрсе – қазақша телебағдарламалардың деңгейi өте төмен. Ақпараттық технологиялар жетiлiп, көзқарастар еркiндiгi берiлген кезде, бiздiң ұлттық, қазақы арналарымыздың осыны көрмей отырғандығы қынжылтады. Бiрiншiден, Қазақстанда телеарналардың мамандарын дайындайтын, өндiрiске жақындатылған жоғары оқу орындары жоқ. Екiншiден, көзқарас нашар, қолдау жетпейдi. Үшiншiден, бiздiң электронды ақпарат құралдарының басында отырған адамдардың ұлттық намысы жоқ. Кеңес үкiметiнiң кезiндегiдей емес, қазiр ұлттық арналардың басына кездейсоқ адамдар, ұлттың қамынан гөрi, жеке басының қамын ойлайтын адамдар отыр. Олар, «қайтсем, телеарнаны, радионы халықтың үнiне айналдырам» деген адамдар емес, әйтеуiр, креслосында мықшиып, өзiнiң жағдайын жасайтын адамдар отырған кезде, телевидение мен радио соның зардабын шегедi. Телеарнаның басында Ғалым Доскен отырған кезде әлдеқайда жақсы едi. «Қазақстан» арнасында сол кезде жүрген бағдарламалардың көркемдiк деңгейi нашар болуы мүмкiн, бiрақ, ұлттың сөзiн сөйлейтiн хабарлар болды. Талпыныстар болды. Ойыңды жетелейтiн, қазақ екенiңдi мақтандыратын хабарлар болды. Қазiр содан айрылып қалдық. Ең мықты деген хабарымыз, «Екi жұлдыз» ғой. Не деген сорлылық?! Сол жерде отырған журналистердiң жақсы хабар жасауға ақылы жетпей отыр дейсiз бе? Ұлттық реңкi, ұлттық нақыштағы бағдарламалар жасауға мүмкiндiк берiлмейдi. Бұл менiң өз басымнан өттi. Телевидениеде екi рет директор болдым. Көп уақыт жұмыс iстей алғам жоқ. Жұмыс iстетпедi. 1995 жылы «Хабарда» директор болып жұмыс атқардым. Екi-үш ай ғана отырдым. Бастықтар ауысып, аласапыран болып жатты. Ешнәрсе iстей алмадым. Осыдан екi жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасына келгем. Ол жолы да жұмыс iстеткен жоқ. Сосын арызымды жазып, өзiм шығып кеттiм. Тек ғана “ақша-ақша” деп отырған, телевидениенiң иiсi мұрнына бармайтын адамдар жұмыс iстеп отырған кезде, ештеңе iстей алмайды екенсiң. Бiреудiң қас-қабағына қарап отыру – менiң мiнезiме келмейдi. Не жұмыс iстеу керек, не кету керек болды, сосын кеттiм. Қаншама жоспарларды жасаған едiм. Қаншама қазақтың қыз-жiгiттерiн жинадым. Сол қыздар мен жiгiттердiң кейбiрi қазiр эфирге шығып жүр. Айтатын сөзi бар, «қазақ» деп көрсететiн қыз-жiгiттер бар, елдiң арасында… Соларды жинағым келген.
Сол мен жинаған қыз-жiгiттердiң көбiсiн «Менiң кадрым» деп есептеп, мен кеткеннен кейiн теледидар мен радиодан қуып жiбердi. Бұл сорақылық емес пе? «Қазақстан» арнасының таңғы тiкелей эфир бағдарламасын жүргiзетiн қыз-жiгiттерге қараңызшы. Сөздiң бабын бiлетiн, айтар ойын орнықты жеткiзе алатын, көрсе – көз, тыңдаса – көңiл толатын ибалы жастардың орнында кiмдер отыр? Базарда сауда жасап отырған делдалды еске түсiретiн, жан-жағына жайылып кеткен бiр қарындасты көрген сайын өз-өзiмнен қысылып, басқа арнаға ауысып кетемiн. Ұлттың бетiн танытатын көк жәшiкке таныстықпен адам алу – бар сорақылықтың басы. Менi осы күйiндiредi.
– Сiз жасаған бағдарламалар… Қазiр қайда? Архивiңiзде жатыр ма?
– Осында. Мәселен, бiр ғана хабарды айтайын. «Есiл жұрт» деген хабар дайындай бастадық. Оның айтатын ойы қалай едi? Бiз шекарамызды бекiттiк. Шекараның сыртында қаншама қазақ жерi қалып қойды. Жақында мен Новосiбiрге барып қайттым. Сонда қаншама қандастарымыз бар. Орынбор – кеше астанамыз едi ғой. Айрылып қалдық. Ташкентте де қаншама қандастарымыз бар. Осылардың барлығы бiздiң жерiмiз деп дауласпасақ та, «мында бiздiң пәлен батырымыздың басы қалған, денесi жатыр» дегендi көрсету арқылы, «Қайран, бiздiң Есiл жұрт» дегiмiз келген. Хабарды жоспарлап, түсiрiп келуге адам жiбертiп те қойып едiк. Бiрақ, бәрi қалып қойды. Мұндай хабарлар толып жатыр. Бiздiң ұлттық мүдделерiмiз, ұлттық идеяларымыз күнделiктi санамызға сiңiрiлiп отырмай, ел болып қалыптаса алмаймыз. Тiптi, балалардың санасына ұлттық рухты сiңiретiн қандай бағдарламалар бар бiзде. Ең мықты хабарлар қазақтың балаларына арналып жасалу керек. Мұстафа Ататүрiк: «Мен түрiкпiн» деп мақтанам деп айтпақшы, «Мен қазақпын» деп мақтанатын рухты сiңiрмесек, әрi-сәрi күй кешетiнiмiз айқын. Қазiр билiктiң жоғары эшолонында жүрген, кешегi кеңестiң тәрбиесiн алған, коммунистiк идеямен милары суарылған адамдар кетедi ғой, сол кезде жаңа буын, сапалы ұрпақ келу керек. Ең құрығанда, сол сапалы буынды қазақы етiп, тәрбиелеп кетуiмiз қажет ғой. Ол үшiн ең өтiмдi құрал – теледидар, радио, баспасөз. Соның басында ұлттық қаны бар, рухы мықты адамдар отыруы қажет. Ұлттық рухты көтеретiн бағдарламалар күнделiктi жүрiп отырмаса, келешек ұрпағымыз кiм болады? «Шөре-шөре» болады.
– Кеңестiк идеологияның мақсаты не болғанын жақсы бiлемiз?! Ал, бүгiнгi тәуелсiздiктiң идеологиясы не болуы қажет?
– Батыс Еуропа елдерiнде, дамыған мемлекеттерде идеология жоқ деп айтамыз. Идеология олардың тұрмысына сiңiп кеткен. Кез келген әрекетiнен, қимылынан, елiн мақтан ету, намысын жырту, сол елдiң абыройын ойлау байқалып тұрады. Осы бiздiң миымызға сiңiп жатыр ма? Бiзде ақшасы бар азаматтар аз емес. Олардың көздегенi ақша табу. Ақшасы барлар неге шетке қашып кетедi? Ертеңгi күнiне сенiмi жоқ болғаннан кейiн, қонышына басып, қойнына салуды ойлайды. Басына бұлт үйiрiледi, тайып тұрады. Мәселен, Әблязов туралы мың құбылтып айтып жатыр. Қазақстаннан 11 миллиард долларды шығарып алып кету деген сұмдық емес пе? «Керемет iскер, мықты» деп, он жерден мақтаса да, мен оған сенбеймiн. Қазақстанның қамын емес, қара басының қамын ойлаған адамнан қауiптену керек. Ұлттың мүддесi, халықтың мүддесi қайда?! Басқаны айтпағанның өзiнде, ұлттық өнер, айтысымызға келгенде қолұшын созатын оппозиционерлер жоқ. Бәрiне де айттым. Газеттiң бетiнде де айттым. Олардың есiл-дерттерi билiкке жету, креслоға отыру. Шын оппозиция болса, олардың бағдарламаларында ұлттың қамын ойлаған позициялар неге жоқ? Қазiргi оппозициялардың ешқайсының бағдарламасында Абылайдың идеясы жоқ. «Халықты отырықшы етсем екен, қала салдырсам екен, ұлт ретiнде мықты мемлекет жасасам екен» деген идея жоқ. Бәрiнiкi қу басының тiршiлiгi ғана…
«БIР ӨЛЕҢ – БIР ӘЛЕМ» ЖЫР МҮШӘЙРАСЫН КӨРУГЕ ҚАЛАМГЕРЛЕРIМIЗ КЕЛГЕН ЖОҚ
– Жүрсiн аға, әнебiр жылдары ақындардың мерейiн көтерем деп, «Бiр өлең — бiр әлем» деген жыр мүшәйрасын бастап едiңiздер. Ол неге жалғасын таппай қалды?
– Өткiздiм ғой. Қалай жалғасын табады? Бұған Қазақстан Жазушылар одағы пәлендей мән бермедi. Бiр жылда әр ай сайын 10 мың доллардан, жылына 120 мың долларға дейiн берiлетiн арнайы жоба болатын. Байлардың ақшасын әкелiп, әдебиетке бұрып, «еңсесi түсiп қалған қазақ өлеңiн көтерейiн, ақындарды жебейiн, демейiн» деген нәрсе едi. Тоғыз айға тоқсан мың алып, жұмсадым ғой. Қай бай сөйтiп жатыр едi? Ұйымдастыру жұмысына ешкiм мән бере қойған жоқ. Ермановтың шаруасы деп ғана қарады. 90 мың бөлдiрiп едiм, соңында сол жыр мүшәйрасына бәйге алатын ақындар ғана қатысатын жағдайға ұшырадық. Өзiне бәйге тимейтiнiн бiлiп алады да, келмейдi. Төрт-бес ақын келедi, қалғанын оқушылармен, студенттермен толтыратын болдық. Ермегияев пен Сәрсенов жүлде тапсыруға барып отырғанда, қазақтың ең болмаса, соны көруге бес ақыны келмедi ғой. Жыл қорытындысында солай деп жаздым да. Әйтпесе, жалғаса беретiн дүние едi. Бұл бiздiң өзiмiздi өзiмiз құрметтемегенiмiз. Сосын амалсыз тоқтаттық. Теледидарды шақырып, әкеле алмадық. Телевидениеден түсiрiп кетуге ықылас болмады. Бiрақ, мықты, жақсы өлеңдер туды. Қазақтың «мен ақынмын» деп жүрген қаламгерлерi, Қазақстанның Халық жазушысына дейiн жақсы өлеңдерi үшiн жүлде алды.
– Өлеңдер арнайы бiр тақырыптың аясында жазылды ма?
– «Бiр өлең – бiр әлемнiң» шартында – ақын кез келген тақырыпқа бiр ғана өлең ұсына алады. Екiншi шарты – «араға адам салмаңыздар, сақалдарыңызды бұлдамаңыздар, тек талантты өлеңге бәйге берiлсiн» делiнген.
– Ал, ондай оқиғалар болды ма? Араға адам салу деген сияқты…
– Әр ай сайын осыны айтып отырдым. Айтып отырсақ та, осыған керiсiнше жасап жаттық қой. Бiр ақын досым: «Өте күштi талап қойғансың. Бiрақ, бұл жолы маған бересiң ғой, бәйгенi» дедi. Кейде бiреулермен шәт-шәлекей болған кезiмiз де болды. Көңiлжықпастыққа салсақ, жыр мүшәйрасынан ештеңе шықпас едi. Жақсы өлең жазған ақындардың бәрiне бәйге бердiк. Ақындарымыздың, қаламгерлерiмiздiң құлықсыздығынан жалғасын таппай қалды. Әйтпесе, бiраз жерге баратын едi.
– Мүшәйраға қатысқан өлеңдердiң тағдыры не болды? Арнайы жинақ болып шықты ма?
– Мүшәйраға қатысқан өлеңдер жинақ болып терiлiп, дайын тұр. «Бiр өлең — бiр әлем» деген атаумен кiтап шығару ойымызда бар. «Қазақпарат» баспасы шығарып беремiз деген едi, Құдай бұйыртса, жарық көрiп қалар.
КЕЗIНДЕ АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРIН БАСТЫРУҒА МҮМКIНДIГI БОЛҒАН ЖОҚ
– Жыр мүшәйрасының да, айтыстың өтуiне де мұрындық болып жүресiз. Өз шығармашылығыңыз ше? «Айтыс уақытымды алып қойды» деп жатырсыз. Өкiнiшiңiз басым сияқты…
– Осыны ойлаған кезде шырт ұйқымнан оянам. Бiрақ, бәрiбiр жасаймын деген дүниенi жасайсың. Өйткенi, ол – хобби сияқты, қоғамдық жұмыс сияқты нәрсе. Шығармашылық – дерт сияқты, өзiңмен бiрге өлгенде ғана өшетiн от ғой.
– Жалпы, жазамын дегенiңiздi жазып, айтам дегенiңiздi айттыңыз ба?
– Дәл осы жерге ешкiмнiң кiнәсi жоқ. Оған кiнәлi өзiң ғана болуың керек. Әсiресе, соңғы он бес жылдың көлемiнде, өзiм жақсы жаздым деп ойлаймын. Айтарымды айтып жатырмын деп ойлаймын. Бiрақ, оған ешкiмнiң бөгетi жоқ. Құдайдың берген талантың, дарының кемiс болуы мүмкiн, өзiңнiң жалқаулығың себепкер болуы мүмкiн. Бiрақ, соңғы есейген, егделенген тұста бiраз нәрсе жаздым деп ойлаймын. «Қазақ әдебиетiнде» бiраз өлеңдерiм шықты. Сол өлеңдерiме қаламгер достарым жылы пiкiрлерiн бiлдiрдi. Тiптi, бiрi телефон шалып: «Сенiң өлеңдерiң менi қамшылап жатыр» дедi. Қуандым. Менiң өлеңдерiм туралы бiрқатар жылы пiкiрлер де жазылды. Серiк Қирабаевтың бiр бет мақаласы шықты. Ол мақалалардың бәрi тапсырыспен жазылды деп ойламаймын. Шын мәнiнде ой салғаннан кейiн, ойға қалдырғаннан кейiн жазылған шығар. Шығармашылықта қоғамның, үкiметтiң айыбы жоқ, оның тоқырауына адамның өзiнiң кiнәсi болуы мүмкiн. Қалай болғанда да, жақсы дәуiрде өмiр сүрiп отырмыз. Кезiнде Абайдың керемет ұлы өлеңдерiн бастыруға мүмкiндiгi болған жоқ. Өзi үшiн ғана жазылды. Кеше Кәкiтай барып, Петербордан кiтабын шығармағанда, молла Мұрсейiт өлеңдерiн жинап, ұсынбағанда, Абайдың көп өлеңi iз-түззiс кетер едi.
– Демек, қаржысы бар адамға мүмкiндiк бар дейсiз ғой. Ал, ақшасы жоқтар не iстейдi?
– Ақшасы жоқ екен деп кiтабын шығармай жүрген ақынды көрген жоқпын. Иманғали Тасмағамбетов жүз ақынның жүз кiтабын шығарып бердi. Соның iшiнде мен де бар едiм. Ол кезде жағдайым дұрыс болған соң, «өзiм шығарып алам, менi алып тастаңдар. Менiң орныма басқа бiреуi шықсын» дедiм. Қызылорда облысы жүз автордың кiтабын шығаруда. Керемет нәрсе. Гогольдiң, Чеховтың томдары сияқты әдемi безендiрiлген кiтаптар шығып жатыр. Тек, халықтың қолына жетпейтiнi ғана қарныңды аштырады. Қарағанды облысы да өз облысынан шыққан авторлардың кiтаптарын шығарамыз деп жатыр. Қай ақынның кiтабы шықпай жатыр, айтыңызшы?! Кеңестiк кезде де кiтабыңды шығару үшiн екi-үш жыл күтетiнсiң.
– Қаламақының аздығы шығар бүгiнгi қаламгердi қиналтып жүрген. Қалай ойлайсыз?
– Кеңестiк кезеңде шыққан бiр жапырақ кiтабым үшiн төрт мың рубль алдым. Ол ақша түсiмiзге кiрмеген қаржы болатын. Бiрақ, ол заман келмеске кеттi. Қазiр, кiтабыңнан ондай ақша түспейдi. Басқа елдердiң барлығында үкiмет ақша төлемейдi. Кiтабың керемет болса, оқырман өзi сатып алады. Қазiр бiз осыған бейiмделе алмай жатырмыз. Нарық заманында шын талантты адамдар шығады. Немесе, әккiлер мен пысықтар шығатын шығар. Тек, бiр нәрсе ақиқат, рухани өлмейтiн мұра жасағың келсе, ол ақшамен жасалмайды.
– Суырып салма өнерi барлар, айтысқа икемi барлар Жүрсiн Ерманды жағалаушы едi. Өзiңiз де ауылдарда жүрген кейбiр дарындарды айтыс аламанына алып шықтыңыз. Олардың айтыссыз тағдыры ендi не болады?
– Соңғы айтыста елдiң арасында жүрген, шыға алмай жүрген дарындарды шығарайын деп, Баянауылдан бiр баланы алып келiп, айтысқа шығардым. Қытайдан бiр баланы шақырдым. Мүмкiндiгiнше, соларға жол ашқымыз келедi. Айтыстың туын көтерген Әселхан, Әсия, Қонысбайлар қазiр жасы егде тартқаннан кейiн, олардың орнын басар, жас дарындар шығып келедi. Ресми емес деректерге сүйенсек, жуырда, маусым айында «арнайы айтыс өткiзу керек» деген хабарлар жеттi маған. Демек, басымызды бәйгеге тiккен айтысымыз әрi қарай жалғасады деген сөз.
– Қазiр не жазып жүрсiз?
– Өлең жазып жүрмiн.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА