Халқымыздың сан ғасырлық тарихында белгісіз ақтаңдақ жағдайлардың көп екендігі баршамызға белгілі. Өз уақытында халқымыздың ірі тұлғасы ретінде, бойындағы табиғат берген ақыл-парасат, шешендік қасиеттің арқасында танылған Орта жүз-дің Қоңырат тайпасының Жандар руынан шыққан,шамамен 1730-1800 жылдар арасында өмір сүрген Күлен би туралы да бірқатар белгісіз жағдайлар баршылық.
Ол кісінің кейінгі ұрпақтары — біздерге Күлен бабамыздың өмірі туралы мәліметтерді толықтыру мақсат болып отыр. Күлен бабамыз өзінің өмір жолында қазақ халқының даңқты ұлдарымен тағдырлас болып, сол қиын-қыстау кезеңдерін бірге өткізген екен. Атап айтсақ, ол кісі Абылай ханның қасында болған көрінеді.Осының дәләлі ретінде, мынадай бір жайды айта кеткен жөн сияқты. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің ғылыми қызметкері Кенжехан Ісләмханұлы өзінің «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты 1996 жылы «Ана тілі»баспасында бастырып шығарған кітабында мынадай жағдайды келтіреді (147 бет)
Абылай ханның бір ұлы қайтыс болып, жер-жерден ол кісіге көңіл айтуға игі жақсылар келіп жатады. Қайғының ауыр салмағын Абылай хан бас көтермей жатып алған кезі екен. Сонда Орта жүзден бір бала келген екен, сол бала айтыпты:«Ей, аталар, бұл Абылай үш жүздің баласының ақылын тапқан хан еді, бір ойлап жатқан сөзі бар шығар» депті. Сонда жұрт:«Білсең сен айтып, тұрғыз», — депті. Сонда бала: Ей, Абылай ,басыңды көтер Абылай, алтын шірімейді, үш жүздің баласы ағып жатқан үш өзен емес пе еді, үш өзеннің кұйған жеріне сен біткен бәйтерек емес пе едің,Абылай. Алтын бәйтеректің мың бұтағы бар емес пе еді, мың бұтақтың сан жапырағы бар емес пе еді,Абылай. Мың бұтақтың бірі сынбастай, сан жапырақтың бірі ұшып түспестей Құдайдың сен несі едің, Абылай? Ол ұядан ұшқан сұңқар емес пе еді, Абылай! Сары азамат Сардарбек келгенде сыйламайтын, сөздерін ескермейтін өзіңе не жазып едік, Абылай! Мен өзім тууымды білгенде, өлуімді де білем,- дегенде, Абылай хан басын көтеріп балаға қарап айтқан екен: Жарайсың балам , ақыл оқуым бол, ат арқандайтын қазығым бол, оң тізем орның болсын – депті. Сонда отырған жұрт баладан «сен кімсің »,- деп сұрағанда, бала «Руым — Қоңырат», атым — Күлен еді, — депті. (Абылайхан орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорынан 1076 бума № 37 1781 жыл)Содан соң, Күлен бабамыз Абылай ханның жанында Сары-арқада, Абылай ханның сарбаздарының бірі болып , бірнеше жылдар қызмет еткен көрінеді. Сол кезде үйлендіріп, балалы-шағалы болған, байтақ еліміздің басқа өңірлерінде Күлен бабамыздан тараған ұрпақ бар дегенді Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында тұрған,1989 жылы 93 жасында дүниеден өткен Бектұрған Боранбайұлы, 1980 жылдың басында дүниеден өткен Арысбай бидің баласы Шақабай деген шежіреші ақсақалдарымыз айтып отыратын. Ауызша шежіре ғана емес, тарихи деректер де Абылай әскерімен көп қазақтың Көкшетау жеріне қоныстанғанынан мәліметтер береді. Бәрін ескере келе Күлен бидің ұрпақтары бүгінде Көкшетау өңірінен табылып қалар деген ойға келдік. Күлен бабамыздың өмір жолдарының тарихын толықтыруға сол ұрпақтарынан да көптеген мағлұмат түсер деген үмітіміз бар.
Күлен бабамыздың Сары-арқада өмір сүргеніне , Көкшетау өңірінде туып өскен (Тілеуке Құлекеұлы 1748-1819 ж) Шал ақынның Күлен шешенге деген өлеңі де дәлел деп ойлаймыз. Ол кісінің өлеңінде:
«Төрт ауылдың бір биі Күлен Қозған
Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған»
(« Бес ғасыр жырлайды» , «Жазушы» 1989 ж 117 бет)
Абылай хан хан ордасын Түркістанға көшірген соң, ол кісі Оңтүстік өңірде өмірінің соңына дейін Абылай хан мен бірге болған. Өте дарынды, ел ішінде абыройлы, турашыл би болған деседі. Кезінде Сыр бойында өмір сүрген Сұлтанқожаұлы Майлықожа ақын (1835-1898) Жандардың Қара баласы ұрпақтары туралы бір үлкен жиында былай деген екен:
Жандар-жандар болғанда, дарыған билік Қараға
Қараның ұлы Құдайқұл, мирас болған балаға
Әбдісүгір би өтті, өрнекті болып далаға
Әйменбет би, Қүлен би, Сары би мен Шүрен би
Жеті атаға билігі, үзілмей келді-ау арада, — деп үлкен бір елдің, әулеттің бағасын бергендей болған екен.
Ол кісінің өмір жолы туралы әңгімені қорытар болсақ, Күлен би 1800 жылдары дүниеден өтіп, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген.
Өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге болатын, халқымызда дана бабаларымыз өте көп болған, оны біз мақтаныш тұтамыз, ол біздің тарихымыздың бай қазынасы.
Құрметті Солтүстік өңірдегі, Көкшетау аймағындағы бауырлар, осы Күлен би бабамыз туралы білетін мағлұматтарыңыз болса, мына мекен-жайға хабарласуларыңызды сұраймыз:
Оңтүстік Қазақстан облысы,Шымкент қаласы
Тельман бөлімшесі, Арал көшесі 40 үй. Инд. 160015.
Телефондар: 8 7252 55 37 50, 8 701 351 7191
Электронды поштаjandar13@mail.ru
Күлен би ұрпақтары атынан
Анарбек Мәнібекұлы.
Түркістан обылысы,Ордабасы ауданы Мәдениет ауылында Күлен би ұрпақтары тұрады.