ӘДЕБИ САЗДЫ КЕШ СЦЕНАРИЙІ  

1 — жүргізуші: — Армысыздар, құрметті жиналған қауым! Бүгін біз сіздермен колледжіміздің түлегі,  ақын, қазақ  халқының қара өлеңін құдіретке айналдыруды алға қойған Молдағазы Ұйымбектің «Шаңырақ» атты алғашқы жыр жинағының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Олай болса, «Көкірегінің көзі ашық, көңілі ояу» жыр сүйер қауым, «Шаңырақ» атты  жыр жинақтың тұсаукесеріне қош келдіңіздер!

2 — жүргізуші:

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Молдағазы ақынның саф алтындай поэзиясы болашақта өз бағасын алады деп ойлаймыз.  Ендеше, құрметті жиналған қауым, колледжіміздің түлегі, Молдағазы ақынның «Шаңырақ» атты жыр жинағының тұсау кесеріне арналған әдеби кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

1– жүргізуші: — Алғашқы сөз Көптеген Ұлы ақындардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ғылыми еңбектер мен мақалалар жазып,  ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап жүрген әдебиеттанушы ғалым, Филология Ғылымдарының кандидаты, колледжіміздің директоры Ахат Нұртас Ахатұлына беріледі.

2 — жүргізуші: — Келесі сөз кезегі «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Автопортрет», «Мың бір мұң» атты өлең кітаптарының авторы. Республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері, «Шаңырақ» жыр жинағының алғы сөзін жазған ақын Алмас Темірбайға беріледі.

1 — жүргізуші:

Ән сал, ән сал!

Әніңмен тербет мені

Бір сәтке тынсын, тіршілік жер көктегі!

Молдағазы Ұйымбектің  поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Оның сөзіне жазылған әндер бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айнала бастады. Дәметқазы Жанатқазының орындауында «Отаным әнім» әні. 

2 — жүргізуші:

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Өзіне –өзі орнатып ескерткішті,

Мұра қып, кейінгіге қалдырған кім?

Ерте оянып , ойланып , ержеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құбажан, құрбақан құм, құла қырда,

Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

Молдағазы ақынның болашақта ұрпаққа ұран болар жырларын елі де, ой мен сезім астасқан жырларын жаттаған іні-қарындастары да ешқашан естен шығармайды деп сенеміз. Молдағазы Ұйымбек ағасы секілді колледжіміздің көптеген шәкірттері де тас қияға өрлеп, өлеңнің бесігінде халықты тербетемін деп арманап жүр. Алдарыңызда «Ақ қауырсын» поэзия клубының мүшелері:

Байсерік Аружан «Желтоқсанға»

Мұхамеджан Жанерке «Қысқа ғұмыр-ай»

Темірбек Жұлдыз «Аңсадым»

1 — жүргізуші: — Молдағазы ағамыздың жалынды жыры мәңгі жасайды деп сенеміз. Кешімізді әнмен жалғаймыз. Алдарыңызда «ақын да мен, сал да мен, сері де мен» деп, өлеңді де, әнді де серік қылып жүрген жас таланттардың бірі Тілекбек Бекен!

2 — жүргізуші: —

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол — ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Сөз танитын жас таланттар, «Ақ қауырсын» клубының мүшелері Қайымхан Наздана, Қожахметов Азиз «Аққу Арман», «Сұлулық сыры»

1 — жүргізуші: —

Келесі сөз кезегі баяндамашы, «Ақ қауырсын» поэзия клубының мүшесі — Қуаныш Ақманатқа беріледі.

2 — жүргізуші: —

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылыңта.

Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа.

Құрметті әдебиет сүйер қауым! Өлеңді өмір, өмірді өлең етіп жүрген ақын балаларыңыз, жыр жинақтың авторы, бүгінгі кештің иесі – Молдағазы Ұйымбекті сахнаға шақырамыз!

1 — жүргізуші: —

Жүрекке жыр, кеудеме толтырып ән,

О, поэзия өзің деп толқыды жан.

Ғашық едім мен саған жан-тәніммен,

Азабыңды қаншама тарта білгем.

Қармағымды үмітпен тереңге атып,

Табамын ба деп жүрмін сенен бақыт.

Жазған болса ақын деп маңдайға Аллам,

Кешір менің кезімді әнге айналған.

Бүгінгі әдеби-сазды кешімізді жабық деп жариялаймыз! Қош, сау болыңыздар!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *