Біздің ауыл – жердің түбінде. Біздің ауылдың арғы жағында жер жоқ болуы да мүмкін. Алматыдан Жезқазғанға дейін бір мың үш жүз шақырым болса, Жезқазғаннан «Қоскөлге» дейін үш жүз бірдеңе, Құлжанбай одан әрі қырық шақырым, Аралдың Қарақұмына сұғынып жатыр. Асфальт деген түсіңе де кірмейді. Ырғаңдап жүре бересің, жүре бересің…
Алыс деп ауылыңа бармайсың ба? Барасың. Ақшатаудан бұрылған соң, таныс ауылдар басталады. Мынау – Софы Стамайдың елі, мынау Бекболат пен Қайраттың Жаңаарқасы, анау – Сәкеннің Иманағы мен Қарашілігі, анау – Ақселеудің Байдалы биі, Игілік пен Ғалымның «Жеңісі» деп елеңдеп отырасың. Кешегі Ағыбай мен Кенесары жортқан құба жон, Шоқан жүрген сүрлеулер бар сырын бауырына басып, сені менсінбейтін де секілді. Менсінбесе неғыласың, осы елдің сен де бір түйір дәнісің, туған топырағыңа тәу етпесең тұра алмайтын осалдығың тағы бар.
Бұл жолы ата-бабам жатқан Құйған мен Қурайлыға бір соғып, бала-шағама көрсетейін деген ниетім бар еді. Жол бастаған Көбейсін ағам Бұлантыны жағалата жөнелді. Қурайлы – елсіз-күнсіз жер. Баяғы біздің мұғалім Әлирахман бір отар қоймен мекендеп отыр деп естиміз. Атамның түйе-қорасының, кеңестің сауат ашу мектебінің орны болса керек. Ептеген жын-шайтан да бар дейді. Не көрмей жүрген басымыз, таныс шайтаннан қаймығамыз ба, тарта бердік. Әуе айналып жерге түскендей ыстық. Мәшиненің «аут-сайд» деген тілі 50 градус ыстықты көрсетіп тұр. Әйтеуір тоңазытқыш суға толы – балалар шөлдемейді. Бір ғажабы, Майтөбеден әрі асқан соң, жан-жағың жағалай өрт. Аспан мен жер тұтасып кеткен түтін, ыстың исі. Оны сөндіретін қайран, ешкім де жоқ. Ақыры адастық. Көбейсін көкем баяғы өзі жар жағалаған өзен бойын танымайды. Қайдан танысын – Кеңес өкіметі құлағаннан бері де он бес жыл болды. Әр сайдың басын мекендеп, алдыңнан шауып шыға келетін еркөңіл қойшылар жоқ. Жер тусырап кеткен. Ауылға арналған үш жылдық бағдарлама бұл жаққа шапағатын шаша қоймаған. Кешегі тоқсан мың қойымен мақтанатын Байқоңыр осы өрттің астында, корабль ұшып жатыр ма, ракета құлап жатыр ма, кім білсін?! Біздің ауылда аспаннан жауған гептиль атамыздың асы секілді. Бір жерде менің көлігімнің бауырына от тиіп кетті. Жанған машинадан балалар түсе- түсе қашты. Жабылып отты сөндіріп алып, қыр басындағы қызыл зиратқа қарап аят оқыдық. Бабалар жатқан мекен таптырмады.
– Мынау – Бектастың өткелі, – дейді Көбекең. – Егер анау «Бескесіктің» биігі болса, «Құйған» мына жағыңда болу керек…
Құйған болатын жакқа үш рет шапқылап, болмаған соң «Итауыздың» бөгетіндегі құрт құжынаған тоспа суға бір-бір сүңгіп, жолсызбен Тұрсын байдың ауылына құладық. Бүгінде бай атанып отырған осы Тұрсекең күні кеше ауылдағы аурухананың шопыры еді. Шөп шабу науқанына Қарағандыдан келген Нұрила қызды алып қашып, отау тігіп, одан он бала сүйген ер. Кеңес өкіметі тарағанда бұларға да еншіге отыз қой тиген. Несібесі шығар, екеуі тырбанып жүріп сол отыз қойды көбейтті. Мың қойы барлар екі кір сабынға бір тоқтысын айырбастап жүргенде, бұлар тілін тістеп отырды. Он бала өсті. Еңбек жанып, дәулет тасыды. Кешегі тоқсан мың қой өсірген ауылда шаруа түзеп қалған төрттің бірі – біздің Тұрсекең болды. Қуанышбайда, Қалқаманда береке калды деп естиміз. Ауылға Тұрсынның ұлы Аязби мен келіншегі ие екен. Абылай мен Атымтай деген ұлдары – көмекші. Кешкі ауыл қандай берекелі. Мың қой өрістен құлап келеді. Желі басында екі үйір жылқы. Қымыздың сабасы күмпілдеп тұр. Отызға тарта сиырды келін мен бала үйренген дағдымен лезде сауып алып, май айыра бастады. Ертең Жезқазғанның базарына осы майды алып Нұрила жөнеледі деген сөз. Атымтай атты қаңтарып қойып, мотоциклмен қой қайырып жүр. Еркебұлан шетелдік қызыл автокөлікпен ойқастайды. Шөп шабатын трактор төбешіктің басында тұр. Тұрсекеңнің өзі «УАЗ-бен» базарға мал тасиды. Қаладан балалар үшін екі үй сатып алған. Отыз қой осындай берекеге алып келді.
Ауыл дегенді естігені болмаса, көзімен көрмеген менің немерелерім улап-шулап жүр. Айсана мен Айдана қос түбіндегі боталы түйенің боздағанына мәз болса, Ерасыл мен Қасым-Назар есекке таласады. Жаздай мініс көрмеген көк есек қоңды. Қаланың балаларынан лезде мезі болып, үй айнала қашып, мініп алса, мөңкиді. Шаң қауып қалған екі ұл есекке қайта мінгесіп, кинодан көргенін істеп, таяғын бұлғап, ешкілерді жаудай қуалайды.
– Осы жақта қасқыр көп дейді ғой, – дейді қызым Ардақ қауіп айтып.
– Көп екені рас. Ана жылы Кішкенбайдың Төлеутайының сегізінші оқитын қызын касқыр тамақтап кеткен…
Осындай бір трагедияның болғаны рас еді. Мыңғырған киіктерді мүйізі үшін өзіміз қырып салып, ашыққан қасқыр ауылға кірген кез болған.
– Онда мен вагонға кіріп ұйықтаймын, – дейді қызым. Бір жақсысы, Тұрсекең ақ үйдің қасына көк вагон әкеліп қойған. Іші де қапырық емес. Түнде жаңбыр төге салып еді, біразымыз соған тығылдық.
Баяу сөйлейтін Тұрсекең таңертеңгі қуырдақ үстінде шаруа айта бастады:
– Сенің балаң былтыр жылқышы Ғалымға «УАЗ» әперіпті ғой.
– Өзің де бір «УАЗ-ды» мініп жүрген жоқпысың?
– Бұл ескірді. Осыны балаларға беріп, жаңасын алсам деп едім.
– Жаңа «УАЗ-дың» бағасын білесің бе?
– Бір миллион теңге көрінеді. Биылғы қой төлінің өзі базарға шыққанда бір миллион болады. Маған да алып берсінші! Дарханға тапсыр.
Кешегі күні кеңшардың бастықтары ғана мінетін «УАЗ-ды» бүгін дәулеті барлар тақымға басады. Бұл жақта басқа көліктің реті жоқ.
Түске таман Қоскөлге бет алдық. Тұрсекеңнің ескі деген «УАЗ-ы» алдымызда ойқастап, біз мінген қала көліктерін дала шаңына көміп келеді. Әр тұстан малшы ауылдардың нобайы сағыммен оранып, көлбең- көлбең етеді. Әне, Ащысудың бойында ақ боз үйлер көзге шалынады. Балық аулаған қаланың орыстары да жоқ емес. Мынау оң жақта қалып бара жатқан – менің парталас досым Қожамұрат Есеновтың шаруа қожалығы. Кезінде «К-700» тракторын айдап, еңбектің озаты болған Қожа қазір қой бағып, шаруасын күйттеп, көтеріліп келеді. Қой бағып жүріп «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетін», «Известияны» оқитын, саясатты шемішкедей шағатын Қожекеңмен бір сөйлескеннің өзі олжа, оның үстіне, былтырғы соғымым осы ауылдан болғаны есіме түсіп, соғайық десем, қасымдағылар:
– Қожекең қазір қалада жүр. «Орбитаның» базарында қозы сатуда, – деп көнбейді.
«Қоскөлдің» төбесі көрінгенде, менің жүрегім сыздап қоя берді. Балам қашан келер деп, жолға қарап жүретін менің байғұс анам енді анау зиратта жатыр. Жалпы, мен сағынатын аяулы бейнелердің көбі не зираттан, не қаладан қоныс тепкен. Біз мектепте оқып жүргенде, осы ауылда өмір қанбазардай кайнайтын. Шалдар қандай көп еді. Бір сомнан салып бура соғатын Зәбида әкей, Сарбас, Хасен деген майдангерлер енді осы зиратта дамылдап жатыр. Осы ауылдың көшін өрге сүйреген «керой» Әбілқас ағамыз, Жұртшыбай, Сайын, Мүгір, Тапай, Іскендір, Жандарбек, Әбікен ағаларым… Кеңшардың жұмысын опырып-жапырып, ел ризығын тасытып, осы алыс ауылға жол әкелген, шам тартқан, мектеп пен аурухана салған солар еді. Осындайда еске түседі: жеңгелері «шұбар» атаған Нұрпейіс деген ағамыз жаяу қалжыңға есе жібермейтін редактор Ишанбек марқұмның өзін сөзден сүріндіретін ділмар, қалжыңқой кісі болды. Дүкен ұстады. Сауда жасауға келген келіндерінің бірі ауылдағы тели сөйлейтін сөздің салтымен:
– Аға, дамбалыңыз бар ма? – десе:
– Бар ғой, шырағым, – деп күмілжіп, ышқырын сипайтын көрінеді. Аңдамай сөйлеген келіні дүкеннен шыға қашыпты. Қылтамақпен ауырып жатқан Нұрекеңнің көңілін сұрай барғанымда:
– Басқа бір құдай келіп калып, жазып алмаса, мына құдай ауруымнан жазатын түрі жоқ, алып тынатын шығар, – деп, келіп калған ажалының өзімен қалжыңдасып еді-ау!
О жасаған, ат басындай ағалардың бір де біреуі қалмаған. Ауыл көңілсіз. Кешегі озат шопан Мейрам, «опыраулиш» Ахат қалада жан сақтап отыр. Ауылдың ендігі ағасы Сапар алдымыздан шықты.
– Осы ауылдың әкімдері Кеңес өкіметінен қалған бар техниканы бөліп алып, сатқаннан басқаға қолы тимеді. Мынау аулымызды көң басып бара жатыр, – дейді қамығып.
Шынында, тоқсан үйлі Қоскөлдің көшесі малдың қордасынан көрінбейді. Әркім қорасынан шығарып, үйе берген. Тау-тау. От тие қалса, ешкім өшіре алмас.
– Осыны біреу күреп берсе, әр њй бір малын беруге дайын отыр, – дейді Сапекең.
Мен есепке кірісіп кеттім: тоқсан қойдың алпысы техниканың шығынына, еңбектің өтеуіне кетсе, отызы қалады. Отыз қойдан ойсыратып табыс тапқан Тұрсекең – мынау. Ауылға көшіп келіп, осы малға ие болсам, мен де байып кетер ме едім? Отыз жыл баққан өлең сөздің оңдыратын түрі жоқ! Осы ауылға алпысыншы жылдардың басында Қасым Тоғұзақовтың келгені, менің алғашқы өлеңімді тыңдағаны есіме түсті. Содан кейін тірі жазушының келуі – өзім сексенінші жылдары ертіп әкеп, өлең оқытқан Қайрат Жұмағалиев. Ол кездегі мектеп те, мұғалімдер де ажарлы еді. Қайран Ұлданай апай, Роза апай, Ғалиолла ағай, Сапар мұғалім қандай еді!
Елубайдың үйінде енді шайға кірісе бергенде, Өміртайдың баласы деген бір мұғалім үстімізге кірді. Сүр мас екен. Жалаң аяқ. Киімінің мөрі көрінбейді. Шатып-бұтып сөйлеп, мазамызды алды.
– Мынадан сабақ алған бала кім болып шығады? – десем, ауыл ағалары көзімен жер шұқиды.
Осы ауылда мектептен өзге жұмыс көзі жоқ. Азғантай айлықтың бірін алып отырған мұғалімнің түрі – мынау. Жұмыс табу – ақырет. Менің Алпыс деген құрдасым биыл қыста Алматыдағы маған қайта-қайта телефон шалды:
– Ауылға аңшылық инспекторының орны беріліп жатыр, – дейді алыстан айқайлап. – Менің құжаттарымды Алматыдағы Черкашин деген біреу алты ай ұстап отыр. Сол орыстың тілін тауып, маған осы жұмысты алып бер!
– Ауылдағы күллі киікті, қасқыр мен түлкіні Иманбек досың екеуің қырып бітірдіндер, – деймін мен де телефонға айқайлап. – Қыста аэрошанамен, жазда «Нивамен» қуып аттыңдар. Енді не бетіңмен аң қорғайтын инспектор болмақсың?
– Әй, сен де қайдағыны айтасың. Киікті құртқан Иманбек пен Аманбай ғой. Әлгі жұмысты әпермесең, тілімізді тістеп отырмыз. Мал жоқ, мал жоқ болған соң, ақша да жоқ.
– Онда Алматыға кел. Әлгі Черкашинге бірге барып жалынайық.
– Ойбай, Алматының қайда екенін мен білмеймін, тауып бара алмаймын. Сол жақтан бірдеңе етіп… Мені орналастыр. Бір туысыңның мәселесін шеше алмасаң, Алматыда отыз жыл не бітіріп жүрсің? – дейді Алпекең алқымнан алып.
Ауылға барғанда амандасуға жарамай, арқасын көрсететін Алпекеңнің маған туыс екені рас. Үш атадан қосыламыз. Бірақ, Черкашин бізге үш атадан қосылмайды екен. Содан бері Алпекеңмен амандығымыз тағы үзіліп қалды. Есесіне, ауылға барған сайын Алпекеңнің ағасы Тәлһаға сәлем беру – салтымыз. Қырық жыл дүкен ұстаған Тәкең қазір ауылдағы бас имам. Аятты заулатады. Жаназаның бәрін өзі атқарады. Бір қызығы, біздің ауылда мешіт жоқ. Монша да жоқ-ау деймін. Қоскөлдегі ең ауқатты деген кісі – бұрынғы ауылкеңес Доскен болса, қалаға автобус жүргізіп отырғанмен, оның да қолы қысқа. Былтыр келгенімде, құм ішіндегі әкемнің зиратына, Зәбида қақпан құрған, Молдаш құс атқан, Көжекбай мен Түсіпбек шал жылқы баққан бұйрат арасына жүрдек мәшинесімен апарып келіп еді, биыл қозғала қоймады.
– Өз туыстарың бар ғой, – дей салды. Өз туысым дегенде, ет жақыным – Әбсат көкем елуге келгенде туған Елубай ғана. Көкем кайтқан соң, алты ұлдың бесеуі қалаға жылжып кеткен. Бірі – шахтада, бірі – зауытта. Шаңыраққа ие болып қалған Елубай мен келінде жұмыс жоқ. Биыл төртінші қызы туған Елубай ауылда балық аулайды. «Жыңғылдыөзекке» су түскелі бері, балығы бірге келген. Ақбалығы, алабұғасы қалың. Су тартылған сайын балық та қалыңдайды екен. Сол балықты аумен сүзіп алып, Елекең оны тұздап, ыстайды. Ыстаудың әдісін өзі тапқан, ешкімге айта қоймайды.
– Өзіміздің ноу-хау, – деп қояды әзілкеш Дәнияхан жеңгеме тартқан әзілкеш, әнші інім.
Ыстамаған балығын түнімен қамысқа орап, суытып, таң ата Жезқазғанға жетіп, базарға шығарады. Аптасына бір рет. Келісі – жүз теңгеден. Екі жүз келі балық апарса, жиырма мың теңге табыс түседі. Оның сегіз мыңын жалданған мәшинеге төлейді. Қалған он екі мыңын Сақташтың баласы екеуі тең бөледі. Екеуі – әріптес. Осылай шай-суын айырады. Биыл көктемде су түспесе, бұл кәсіптері де тоқтайды.
Азғантай су ашып, тартылып барады. Ауылдағы елдің күні осы. Жұрттың бәрінің баласы қалада. Қолы жеткені жұмыс істейді. Жұмыс таппағаны көше кезіп, арақ ішіп, бұзақылық жасайды. Тұрсынның бір баласының көзін Аманғазының баласы шығарған. Аманғазының баласының көзін де біреу ойып жіберген. Біздің Нариман да төбелестің арқасында түрмеде отыр. Темір тордың ар жағындағы інім маған анда-санда телефон шалып тұрады. Біздің ауыл осындай.
Ауылдан аттанарда тағы да зиратқа соқтық. Аштықты, соғысты бастан өткеріп, колхоздың бейнетін кешірген қайран анам, аналарым мәңгі ұйықтап жатыр. Маржангүл апам, Әуеш әжем, Күнжан әжем… Жеңгелерім…
Қимастарым жатқан бейітке қарай-қарай ауылдан ұзап кеттім.
Алматыға келген соң, бір тойда жолыққан Қайрат Байбосынов:
– Сенің апаңа арнаған бір өлеңіңді 1991 жылдан бері сақтап келемін, – деді. – Ән шығарсам деп едім. Бір шумағын өзіңе оқып берейін:
Сен өмірдің тауқыметін көп тарттың,
Көп тарттым деп, кімге бірақ өкпе арттың.
Бар сырыңды бүгіп, апа, ішіңе,
Қатарында келе жатсың көп қарттың…
Қайрекеңнің сүзі қамшы болып, әнін өзім шығарам ба десем, қанша ыңылдағанмен, әуен деген де бір ғайыптың құсы тәрізді, дерексіз нәрсе екен. Әуре болып жүрмін.
Баяғыда бір көрпенің астында өскен Тұрсекең ауылда қой бағады, мен Алматы мен Астанада сөз бағамын.
Қайсымыздың мұратымыз ғасыл болары бір Аллаға ғана аян.
Р.S. Осы жолдарды жазып болып, алыстағы ауылымды аяушылық сезіммен еске алып отырғанымда, ел жақтан тағы бір суыт хабар келіп қалды. Кезінде облыстың бетке ұстар озат шопаны болып, Лениннің атымен әспеттелген орденді омырауына тағып, кейінгі жылдары қаладан кәсіп іздеген екі ұлды сағалап, Жезқазғанға келіп жан бағып отырған, бүкіл ауылдың тағдырын қамыға ойлайтын сұңғыла қарт Мейрам Жақайұлы өмірден озып кетіпті.
Тұрсынның, Алпыстың, менің ағамыз еді, Кожамұраттың қайынатасы еді. Бір бәйтерек құлап түсті, бір қабырғамыз қирап қалды. Соғыстың соңғы сарбазына топырақ салу үшін екі баламды ертіп, тағы да жолға шығып барамын.
Алдымызда – мың жарым шақырымдық ұзақ жол…
Алматы – Қоскөл – Құлжанбай – Алматы.
ЖҮРСІН ЕРМАН