Біздағы Орта жүздің Арғынымыз,
Ата тек Ұлы жүзден Шанышқылымыз.
Кең жайлап Сахараны еркін өскен,
Түбіміз бір қазақтан барлығымыз.
Жауармен араласқан қонысымыз,
Етекбай ортақ болған болысымыз.
Жақсысы ағайын деп бір санаса,
Кір ме дер шала қазақ орысымыз.
Шанышқылы руымыз Ұлы жүздің,
Бәріміз бір қазақпыз түбімізден.
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада,
Біздағы қосылыппыз Орта жүзбен.
Даласы Сарыарқаның туған жерім,
Ішінде қалың арғын өскен елім.
Тарайды сол арғыннан Жеті момын,
Соның бірі Қарауыл қазіргі елім.
Қарауыл атанады Сегіз Ата,
Сөзімнің дәлелінде болмас қата.
Кей надан өз атасын білмей тұрып,
Біреуді тексереді қасақана.
Шанышқылы қаңылыдан бөлінеді,
Арғы атасы қатаған көрінеді.
1723-тің нәубетінде,
Жеріне Сарыарқаның келіп еді.
Қызылсу, Қоңырсуды мекен еткен,
Аржақтан босқын болып келген беттен.
Ғаділдік бір Алладан деген сөзі,
Сол кездегі атасы Тілеуметтен.
Тілеумет, Мәмбет, Үммет бабаларым,
Бұрынғы ертеде өткен аталарым.
Қол жайып дұға қылса еске алады,
Кейінгі қалған ұрпақ бабаларың.
Мәмбет-Үммет Тілеуметтен енші алады,
Қонысқа шырайлы деп шолады.
Қазаққа қайда жүрсе малдың қамы,
Ұнатып Алдайсорға кеп қонады.
Қарауыл Жауар елі бұл жаққа бұрын келген,
Қалмақтан сол заманда қуғын көрген.
Ақтабан шұбырындыда Сібір өтіп,
Еш жиған соң жер тауып мекен еткен.
Жауармен араласқан қонысымыз,
Етекбай ортақ болған болысымыз.
Би болған Шаңышқылда Барша деген,
Ел-намысын қорғау әрине борышымыз.
Қарауыл қоныс еттік Жауар елін,
Шаңышқылы Қаңлыдан ата тегім.
Арғы атамыз Ұлы жүз болсадағы,
Орта жүз туып өскен Арғын елім.
Осылай шаңышқылының шежіресі,
Жауармен араласқан ел іргесі.
Жақсысы ағайын деп бірі санаса,
Наданы ұнатпаса дер кірмесі.
Кейбіреу өзін-өзі зор санайды,
Кемітіп басқаларды қор санайды.
Көзі жоқ көкірегінде надандардан,
Күндестік ел ішінде сөз тарайды.
Секен шешен