Шоқан қайтыс болғанда, Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртпек болады. Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінімен жадырай сөйлеп:
— Төре дүниеде не қымбат?-дейді.
— Адам қымбат,- депті Шыңғыс.
— Адамға не қымбат?
— Бала қымбат, егер сүйеніш перзент туса.
— Жансызда не қымбат екен?
— Жансызда гауһар қымбат деуші еді.
— Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
— Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
— Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысын алар еді?- дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, алады» деп, өз санын өзі соғып ты да: «Менің гауһарым Мұххамед- Қанапияға тағдырдың оғы тиген екен ғой»,- деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қалыпты.
Келдібек би тоқтау айтып:
— Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара, — деп кемсендеп төңірегіне көз тастағанда үйдегілердің бәрі еңірепті.
Бүкіл орда қара жамылып қайғырады, жоқтау айтылады. Келген билер жоқтауды қойғызып, тоқтау айтудың амалын таба алмайды. Шыңғыс төсегінен үш күн басын көтермепті. Сол жердегілер ақылдасып, Әділбек биді өксікті басуға шамам жетпей сасып тұрмын, құрдасы едің өзің бір амалын тапшы депті. Әділбек үстіне шығыршықты болат сауытын, басына оқ өтпес, қылыш кеспес дулығасын, шашақты найзасын қолына ұстап, оқ семсерін беліне байлап, Шыңғыс пен Зейнеп жатқан қаралы ордаға кіріп барып:
Тауда болар құрылтай
Дүниеде мұңсыз бір құдай.
Бастарыңды шабам, тұр былай-деп ақыра ұмтылады. Жер бауырлап жатқан Шыңғыс Әділбектің сөзін естіп, құдай болайын деп жатқан жоқ едім, көзімнің нұры кеткенде кім жан күйзелтпес жұбату айтып, тұңғиықтан шығарар екен деп жатыр едім, жұбатуды сенен естідім депті.
Әділбек би де іле қостап:
Қанға деген жылан бар
өзекті шағып өртейтін.
Қайрат деген қыран бар
өлімге күш бермейтін.
Он сегіз мың ғаламда
Бір тәңірдің өзі өлмейтін.
Басқа түссе оның әміріне кім көнбейді
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Шоқан жан ғұлама данышпан емес пе еді, хан ием.
Өткенге өкінбе, жетпесті қума деп жоқтау айтқан екен.