Бұқар жырау сөзі

 

 

  Абылай хан бір күні ат үстінде келе жатып: Асанқайғы, алдымызда қилы-қилы заман болар депті. Осы не сөз?- деп сұрайды. Сонда Бұқар айтады:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Бабалардың дәуірі тәмәм болар.

Ол күнде қарындастан қайыр кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұл-қызың орысқа бейім болып,

Қайран ел есіл-жұртым сонда не етер?

Бұқардан бұл сөзді естіген соң Абылай хан қайғы ойлап, қамшысын бүйіріне таянып, беті ауған жаққа кетіп қалып, аздан соң қайта қосылыпты. Сонда Бұқар тағы да:

Ханға жауап бермесем,

Ханның көңілі қалады.

Қайтара жауап сөйлесем,

Ей, Абылай, Абылай,

Мұндай жаман хабарды сұрамасаң нетеді.

Сұраған соң айтпасам кісілігім кетеді.

Енді айтайын тыңдасаң,

Маған қонар қылмасаң,

Қарға шудан қашып, шөлге шыққан бір дарақы,

Шортан шөлге шыдамсыз, балықтан шыққан бір дарақы.

Ойлама шортан ұшпас деп, қарға шықпас деп.

Құбыладан келер бір кәпір,

Аузы –басы жүн кәпір

Құдайдан білер діні жоқ.

Жамандықтан міні жоқ.

Күн шығысқа қарайды.

Шашын алмай тарайды.

Жаяулап келіп жұртыңа,

Бал май жағар мұртыңа.

Ел қамын айтқан жақсы ны

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Қара қалпақ кигізіп,

Түрегелтіп сигізіп,

Құлдар менен қатынның

Басына билік тигізіп,

Есеп алар пұлыңнан,

Солдат алар ұлыңнан.

Күндердің бір күнінде

Абылай естірсің бұл заңды есіктегі құлыңнан.

Халқың кетер әртарапқа.

Астңдағы хан сұлтаннан тағың кетер,

Қолыңнан күш, басыңнан бағың кетер,

Барар жерің тұрақты болмаған соң

Қайран ел, есіл жұртым, сонда не етер?

Даласын Сарыарқаның орыс кеулеп.

Қара топырақ өріс қылар

Айрылып мал мен жерден.

Осы қазақ шұбырса тұрақтай алмай

Әуре етер.

Аққан су, айдын шалқар көл суалар,

Көкорай, шалғын шөп ол қуарар.

Жылқышы ата, Шопан ата теріс айналып ол қуарар.

Орнына май мен сары қымыз, сары қазы

Картоп жеп, қатын, бала ол қуарар.

Залымдар мазлымға ғашық болып,

Ақырып арыстандай айбат қылар.

Момындар қой орнына құрбан болып,

Көз жасы көкірегіне қайғы толар.

Осы айтқаным Абылай болмай қалмас,

Сұраған соң естідің мына сөзді

Бұқар –сынды қартыңнан- деген екен.                                            

             Құлмағамбет қарттан жазып алған Секен.   7.02.1967 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *