Қаржас Шорман мал даулап келіп жатқанда сөйлесуге Тәбітей кіріп, сәлем береді. Сонда Шорман басын көтермей, қолының ұшын ғана беріпті. Тәбітейдің киімі нашар болу керек, Шорман атың кім дейді. Атым Тәбітей депті. Тәбітей емес, тебітей шығарсың депті Шорман. Сонда Тәбітей айтады, өзіңіз сияқты Орта жүздің кісісінің желкесіне сөзім барып қалғанда тебітей деуші еді депті. Онда сыншы, білімпаз болдың ғой, сөз сұраймын депті Шорман. Бай кім, батыр кім, би кім депті Шорман. Тәбітей айтады осы үшеуі де сенде жоқ депті. Себебі мынада дейді. Абылай заманында батырлар ел шапқанда ұл мен қыз әкеледі депті. Әкелген ұлды үйлендіреді, қызды ұзатады, бұларды өсіріп, өндіріп бір ауыл қылады, бұл сенде жоқ. Екінші, бай жоқ дейтінім, Ұлы жүз, Кіші жүз келіп, бай елден қоныстанған ешкім жоқ, сырттан келмек түгіл, өз Қаржасың Омбының сыртында қаңғырып жүр депті. Үшінші, би жоқ дегенім, Шорекең жіберді деп келетін ешкім табылмай, 20 тайдың соңынан өзің келіп отырсың депті. Сонда Шорман айтады, төрт атаның баласы жүйрігіңді ақ айып, ақ қаптал ғып арқасын жолақ қып, құйрығын шолақ қып мінеді екенсіңдер депті.
Тәбітей айтады, оны несін баптасын, бәйгеге қосқан сайын алдынан келе берген соң депті.
Шорман жолдастарына қарап, ай, жігіттер, еттің жақсысын сендер жейсіңдер, сөздің жаманын мен естимін депті. Содан даулап келген малдарын алмай кетіпті.