Баяғыда 90-ға келген бір хан өз қоластындағы бір кедейдің сұлу қызын көріп, ғашық болады. Соған құда түсуге уәзірлерін жібереді. Қыздың әке-шешесі ханнан қорқып, не айтарын білмейді. Сонда қыз шешесіне айтады, мен қалың малымды өзім сұраймын дейді. Құдалардың алдына қыздың барып айтқан сөзі. Менің құным:
Он қозы, жиырма бөрі, отыз нар, қырық ардагер, елу айғыр, алпыс азбан, жетпіс ноқта, сексен шідер, тоқсан дорба деген екен. Осыны естіген құдалар ой, тәйірі-ай, бұл ханға ойыншық деп шаба жөнеледі. Ханға келіп, осы сөзді айтыпты. Мұны естіген хан екі қолымен басын ұстап, бармағын шайнайды. Пәле жетістіріп келген екенсіңдер, құда түскендеріңе болайын депті. Немене осы қалың мал көп пе екен деп таң-тамаша болады құдалыққа барғандар. Сонда хан қыз жұмбағын былай шешкен екен. Он қозысы- адам он жасында секірген қозыдай. Жиырмада- қайтпас қасқырдай. Отыз нары- адам отызында қайыспас нардай. Қырық ардагері- адам қырықта ақыл иесі. Елу айғырың- еркек елуде арқыраған айғырдай. Алпыс азбаны- адам алпыста ат болады дегені. Жетпіс ноқтасы- адам жетпісте ноқталы малдай жетекшіл келеді дегені. Сексен шідері- адам сексенде шідерлі аттай тұсалады, ал тоқсан дорбасы- адам тоқсанда дорбаға салған сүйектей, кебін киген өліктей дегені депті. Сендердің бәріңнің ақылыңды қосқанда бір қыздың ақылына жетпепті деп сөзін аяқтапты хан.