Ертеде Қызылжарда бақташы болып отырған Пышқанбай деген кедей кісінің Маймақ деген орысша жақсы білетін баласы болыпты. Сол кезде уезден Мамонтов деген начальник келіп, болыс сайлайтын болыпты. Маймақты тілмәш ретінде ала кетеді. Болыс сайлайын десе, ауылда орысша тіл білетін ешкім табылмайды. Ақырында болысқа Маймақты белгілеп кетіпті. Болыс болған соң Маймақ тез байып, қатын алады. Салтанатымды елден асырамын деп екі киіз үйдің қабаттастырып тігіп, үстіне айлы мұнара орнаттырады. Осы байды жас ақын Ыбырай іздеп келіп, мақтап өлең айтады. Өлеңі байға онша ұнамай, ақынға ештеңе бермейді. Енді мені жаманда деп бай оған 25 сом береді. Ол ақша сол кезде үш аттың құны екен. Бірақ Ыбырай оған сатылмай, намысқа тиген Маймаққа мынаны айтады:
Баласы Пышқанбайдың Маймақ едің,
Өлі жүнің түспеген тайлақ едің.
Әкеңді көрмесем де естуім бар,
Арбаңа жалғыз сиыр байлап едің.
Қызылжар қойын жаяу айдап едің,
Күйген нан қытырлатып шайнап едің.
Бұл күнде Маймақпын деп күпілдейсің
Сол кезде Маймақ болсаң қайда едің.
Осы кезде ақ майды да жей алмайсың,
Сол кезде жылына бір тоймап едің.
Бір қатынға беруге малың жетпей
Отыз беске келгенше бойдақ едің.
Мен сені жамандауды таппаймын ба
Оңбаған кісі өлтірген барнақ едің.
Сәбит Мұқановтың кітабынан жазып алған Секен. 14.2.1967 ж.