Етекбай бірде аға сұлтан Ыбырайдікіне келеді. Келсе екі болыс бар екен. Аға сұлтан Ыбырай Етекбайды сондай сыйлайды екен. Орнынан тұра сала Етекбайдың қолын ұстап, сәлем беріп, қарсы алады. Ана екі болыс шалқайып жатқан бойы жата береді. Сонда Етекбай: -Мынау жатқан Алтай ма, хан қасына шалқайма. Хан қасына шалқайған әдепсіздік болмай ма? Екіншісіне айтады:- Мынау жатқан Керей ме,хан қасына серейме. Осы жүрген адамның бәрі сенен кедей ме?-деген екен. Сонда екі болыс орнынан тұрып, Етекбайдың қолын алған екен дейді. Енді жайғасып отыра бергенде екі жігіт даулы болып, сол үйге келеді. Аға сұлтан қолым тимейді, менің биіме бар деп, бидің атын атап, сонда жібереді. Ауылдың шетінде сол бидің үйіне екі жігіт келсе, бидің үй іші жүдеу, кедей адам екен. Бидің өзі үйінде бір шаруашылықпен айналысып жатады. Екі даулы жігіт өзді өзі сөйлесіп, апырай, мына кісі би ме, мынау тұрмысы нашар ғой деп тұрады. Олардың сөзін естіп қалған би айтады:
Арғымақтың құйрығы ессең жібек, сатсаң пұл
Ер жігіттің белгісі түзде мырза,үйде құл-депті. Содан кейін екі жігіттің дауын шешіп, риза еткен екен дейді.
Ел аузынан жазып алған Секен. 13.12.1966 ж.