Ертеде Бала хан деген хан болыпты. Қасында Бас уәзірі бар саяхаттап келе жатса, далада қой баққан шалға жолығады. Сәлем беріп, амандасқан соң Бала хан шалға айтады: — Ата, екеуге қалайсың?-дейді. Шал айтады: — Екеуге әлсізбін, үшеуге жақсымын-дейді. Хан айтады: -Ағайынмен қалайсыз?-дейді. Шал айтады: Кейде жақсымын, кейде найзаласып қаламын-дейді. Хан айтыпты: Ақсақал, балаңыз жоқ, табысыңыз кем, қиын екен. Сонда шал айтыпты: -Реті келсе, әкесінің құнын алмай тоқтамас едім-дейді. Хан уәзірімен жүріп кетеді, елге келген соң, мен шалға не дедім, шал маған не деді, түсіндің бе?-дейді. Уәзір: -Жоқ, түсінбедім-дейді. Сонда хан ашуланып, мен сені бас уәзір еттім, сен осы сөздің мағынасын таппасаң, басыңды аламын деп қатуланыпты. Сасқан уәзір үш күнге мұрса сұрап, жалынады. Уәзір анда-мында шапқылап, әркімнен сұрап, жауабын таба алмайды. Уәзір ақыр соңында сол шалдың өзін іздейді. Шалды тауып, сол сөздің мәнін сұрайды. Сонда шал айтады. Ханның екеуге қалайсың дегені, екі аяғыңмен жүруге мықтысың ба дегені. Мен айттым, екі аяққа нашармын, таяқпен жүруге жақсымын дедім. Хан ағайыныңмен қалайсың деп сұрады, ол отыз тісің қалай, бүтін бе дегені. Мен кейде жақсы, кейде найзаласып қаламын дедім. Кейде тісіме ет тұрып қалса, найзалаймын дегенім. Хан айтты балаңыз жоқ, табыс жоқ, қиын екен деді. Мен айттым, реті келсе, әкесінің құнын алмай қоймас дедім. Сол міне, реті келде, мынау маған бергенің әкенің құны емей немене депті шал. Соны естіп, уәзір ханға айтыпты. Хан мұны кім айтты деп қысқанда, уәзір шынын айтыпты. Хан уәзірді орнынан алып, сол шалды уәзір етіпті.
15.05.1966 ж.